Студопедия — Ақан сері Қорамсаұлы
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Ақан сері Қорамсаұлы






(1843-1913)

Ақан сері Қорамсаұлы 1843 жылы Қоскөл (қазіргі Көкшетау облысының Айыртау ауданы) деген жерде дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты Ақжігіт болғанмен, әке-шешесі еркелетіп Ақан деп атап кеткен. Күнту деген молдадан мұсылманша хат таныған Ақан он үш жасқа толған соң Қызылжарға (қазіргі Петропавл қаласы) келіп, Уәлидің медресесінде үш жылдай білім алады. Осылай жүріп ол шығыс поэзиясына көңіл бөліп өнер-білімге ден қоя бастайды.

16 жасынан бастап суырыпсалмалық пен ақындық өнерге біржола ден қоя бастайды. Алғашында халық әндерін нақышына келтіре орындаумен көпшіліктің ықыласына бөленген ол ендігі жерде өз әндерін де орындап көзге түсе бастайды. Осылайша өлең, ән шығарып, оны шебер орындауы арқылы Ақанның серілік өмірі басталады. Жүрген жерінде ел мұңын мұңдап, жуандарды шенеп жүрген ол Балуан шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иман Жүсіп, Құлтума сынды атақты сал-серілермен жақын қарым-қатынаста болған. Ақындық, әншілік, композиторлық өнерді бойына жинақтап, оны терең игергендіктен, ендігі жерде Ақан сері атанады. Ақан сері Қормасаұлы – ақындық, әншілік, композиторлық өнерді тең игерген қазақ халқының біртуар тума таланты.

Ол халық әндерін шебер орындаумен бірге өзінің төл тумаларымен көпке таныла бастайды. Ақынның көп қырлы, сан салалы тақырыптарының ішінен үлкен орын алатыны – әйелдер образын арқау еткен шығармалар. Осылардың ішінде сүйген жары Бәтимаға арналған «Бәтима қызға», «Перизат» пен ол дүниеден өткен соң жазылған «Сүйген жардан айрылдым» өлеңдері. Ақын соңғы өлеңінде:

 

Айрылдым тағдыр айдап бұлбұл құстан,

Тарттым мен қасірет-қайғы бала жастан.

Қондырған бақыт құмай көлеңкесін,

«Сары алтын – сабыр түбі» асып-саспан,

 

– деп, бақыт құсынан айрылған қасірет шерін өлең жолдарына түсіреді. Ақын өлеңдерінің бірсыпырасы «Мақпал», «Перизат», «Ақсаусақ», «Бәтима», «Жамал қыз», «Балқадиша» сынды әйел аттарымен аталады. Ол сүйген қызы Ақтоқтыға арнап «Ақтоқты», «Ақ көйлек», «Сұлу қызға», «Ақиық пен ақ түлкі», «Алтыбасар» сынды бірсыпыра әндер жазса, «Сырымбет», «Тер қатқан», «Үш тоты құс», «Ай, көке», «Майда қоңыр», «Шәмшиқамар», «Ақ көйлек», «Қыз сипаты», «Жайықтың ақ түлкісі аралдағы», «Сүйген қалқа», «Көңіл сыры», «Ұрқияға айтқан аужары», «Әйел сипаты», «Торыны таң асырып мінген қандай», т.б. сұлу қыз бен көрікті әйелдерге арналған сезім күйін шертетін шығармалар. Сүйген ғашығына ынтық жігіттің көңіл-күйі арқау болған «Торыны таң асырып мінген қандай» өлеңінде ақын:

 

Ауылы қыз қалқаның қайда екен деп,

Жүгіріп сайлау жермен келген қандай.

Атыңды бір тасаға байлап тастап,

Тұсына ақ боз үйдің төнген қандай.

Сөз салып қалқажанға жеңгесінен,

Құрбыңмен сыпайы ойнап, күлген қандай,

 

– деп қызды ауылды іздеп келіп түскен жігіттің тасыған көтеріңкі көңілін көркем бейнелей білген. «Біздің көңіл қайда жатыр» деген өлеңінде ақын өмірден іздеген ынтық заттарын жоғары көңіл күймен жеткізе жырлаған. Ол үшін мың теңгелік арғымақты таңдап міну мен сүйген қызына қол жеткізу арман. Қызды ауылдың сыртында сүйгенін күтіп жатқан жігіттің жабырқау көңілін «Қиядан торға түскен ақсұңқардай, Көңілім қапаланған жарда жатыр» деген жолдардан көрсек, сүйгеніне деген ынтық сезімін ақын былайша жеткізеді:

 

Сымбатың жас жүректі жандырғандай,

Бриллиант-гауһар жүзің сонда жатыр.

Аузыңнан шыққан сөзің тәтті балдай,

Ойласам әрбір қарпі менде жатыр.

 

Сүйген қалқасын баға жетпес асыл етіп көрсете білген ақын оны өзі білетін жауһарларға теңеуде жетістікке жеткен.

«Ұзатылайын деп жатқан қызға» деген өлеңінде қазақ халқының қызды ерекше құрметтейтінін, қонақ ретінде күтетінін жеткізе жырлаған ақын оның келін болып түскеннен кейінгі күйін де әдемі бейнелеген. Мәселен, «Әлпештеп өсіреді ата-анасы, кей қыздың ұлдан артық дәрежесі» деген жолдардан әке-шеше алдында бұла өскен қыз баланың ешқандай қиыншылық көрмейтінін аңғарсақ, олардың ескі салт бойынша атастырылып қойю, күйеу келген соң еріксіз кете баруы – өмір шындығы.

 

Сыланар тоты құстай қыз оң жақта,

Лайық не қылса да ол уақытта.

Көрсе де қанша қызық ол елінде,

Кеткен соң әркім-ақ би ол бейбаққа,

 

– деген жолдарынан қыз баланың өз жұрты мен қайын жұртындағы екі түрлі өмірі қатар суреттелген. Ақын бұл өлеңде қыз ғұмырдың қысқа екенін салыстыру арқылы жеткізе білген.

Ақанның «Қыз сипаты», «Әйелдер сипаты», «Айтамын замандасқа біраз кеңес», «Жігіт сипаты» өлеңдерінде адам бойындағы мінездер жете сөз болады. Жақсы мен жаманды қатар суреттеуде ақын жастарға жаманнан жиреніп, жақсыдан үйрену керек екендігін ескертеді. Адам бойындағы бір-біріне кереғар мінездердің қатар суреттелуі арқылы олардың қыр-сыры ашыла түскен. Мәселен, қыздардың бәрі сырт көзге әдемі көрінгенмен, олардың мінездері мен жаратылысы біріне-бірі тіпті де ұқсамайды. Ақша маңдай қыздың ісі ел жақтағандай болып келуі оның дана туғандығынан болса, келесі жұмақтың хор қызына ұқсаған келісті қыздың тілі жорға болуы да ықтимал.

 

Үшінші бір қыз келер қара шашты,

Күлім көз, оймақ ауыз, қиғаш қасты.

Шомылған айдын көлдің аққуындай,

Отырар ағажан деп кәрі-жасы,

 

– деп келетін қыз сипатына келесі қыз қарсы суреттелген. Ол – ар жолынан аттап арын сатып жүрсе де, елді сөз етіп, өзгеге күліп жүретін арсыз. Қыздардың бәрі де біз ойлағандай мінсіз болмайтынын ақын олардың істеген істерімен аша түскен. Бірі нәпсіқұмар, екіншісі салақ болып келетінін айтқан ақын осындайларға кездескен жігіттің қашанда соры арылмайтындығын ескере отырып, жігіттерге жар таңдауда қателеспеу керектігін баса айтады. Сырты сұлудың бәрі сұлу болмайтынын, адамның сұлулығы оның жан дүниесінде екендігін байқаған ақын олардың көркем бейнесін нақышына келтіре суреттеді. «Әйелдер сипатында» да әйелдер қауымының әртүрлі мінездері ашық бейнеленген. Әйел затының бойындағы сан-алуан қасиеттерді жете жырлаған ақын жігіттерді жаман мінезділерден сақтандыра білген:

 

Үй ішін жаман әйел тұмандатар,

Домалап әрбір жерде құман жатар.

Тазалық бұл әйелде болмаған соң

Күнәға жігіт адам содан батар.

 

Осындағы ақынның ақылды әйел кездессе маңдайыңның жанғаны, көңілі ашық әйелге жігіт ғашық, сайқалсыған әйелден аулақ жүр, қабаған ит секілді қырсықтар мен салақ әйелдерге ұшыраса көрме деген ақыл-кеңесінің жігіттерге қаратыла айтылғандығы анық. Оның көркіне ақылы сай «Гүл жүзді, сырлы сөзді жақсы қатын» мен үсті-басы сатпақ-сатпақ, кір-қожалақ болып жүретін, «Сыртына шөмішінің балшық жағып, Салады қазанына шаймай ғана» салақ қатындары – бір-біріне кереғар кейіпкерлер. Ақын көрікті мен сұрықсызды, ақылды мен ақымақты, пысық пен салақты, шайпыауыз бен сабырлы жандарды қатар суреттеу арқылы олардың шынайы бейнелерін сомдай білген. Ол тек әйел затының ғана емес, жігіттердің де бойындағы осындай мінез-құлықтарды жеткізе бейнеледі. «Айтамын замандасқа біраз кеңесте» жігіттердің он үш түрлі мінезіне кездесеміз. Бірі дана, дарқан мінезді болса, екіншісі баулыған құстай көздегенін алып түсетін өткір. Сол секілді бірі атақ-даңқы жер жарып тұрса да, сабырлы қарапайым болып келсе, екіншісі «Білімін бір жігіттің білсе дағы» елге пайдасы жоқ. Осылайша ақын жігіттер бойындағы сабырлылық, батырлық, төзімділік, қайраттылыққа қарсы қулық, көрсеқызарлық, берекесіздік, бәтуасыздық, сөз қуушылық, кербездік, жылпостық сынды мінездерді қарсы қоя суреттеді. Осындай әртүрлі мінездерді сипаттай отырып, жігіттердің сегіз қырлы, бір сырлы болуын талап еткен ақын оларға жақсы мінездерді үлгі етіп, солардан үйренуге шақырады. Оны «Жігіт сипаты» өлеңіндегі мына жолдардан байқауға болады:

 

Наркескен қайрылмайтын қылыш болса,

Мінезі, ақыл, өнері дұрыс болса.

Бір сырлы, сегіз қырлы болса жігіт,

Жорғадай тілі майда жүріс болса.

Ақылды, сабырлы ер деп соны айтамыз,

Еткені берекелі жұмыс болса.

 

Жаны жайсаң асыл жігіттердің бойындағы жақсы мінездерді ақын гауһар тастай асылға, наркескен қайрылмайтын қылышқа, шамшырақтай фонарға, бәйгеден озған жүйрікке, ақ тұйғынға, бауулы құсқа, майыспайтын алмасқа теңесе, жаман мінездерді айлакер түлкіге, бау аспаған қыранға, баянсыз ұшпа бұлтқа, шана тартқан өгізге, семіз мәстекке теңеу арқылы олардың жарқын бейнесін сомдады.

Ақанның «Жастық шақтар», «Кәрілік» өлеңдері адамның жас ерекшелігіне арналған. Біріншісіне отызға дейінгі ғұмыр арқау болса, екіншісінде кәрілік туралы ой өрілген. Өмірді бірде сауысқанға, енді бірде бұлаңдаған қызыл түлкіге теңеген ақын:

 

Бір қалыпта тұрсаң нетеді?

Кетесің шығып уыстан.

Ақырында кісіні,

Шал етесің құрысқан, – дейді.

 

«Жастық шақтарда» анадан туғаннан бастап екі, үш жылдағы ерекшеліктер атала келіп, «тоғызда толықсыған туған айдай» болсаң, он екіде жүйрік аттай, он төртте алтын тудай айқындала түсесің деген ақын отызға дейінгі әр жастың өзіне тән ерекшелігін бейнелі образбен бере білген.

«Достарыма», «Жігіттерге» өлеңдерінде ақын өмірден түйгені жөнінде тұжырым жасап, оны жігіттерге тәрбие-тағылым болар деген ниетпен айтады:

 

Жиырма бестен артық жас бар ма?

Ұйқыдан жаман қас бар ма?

Еріншектен жаман нас бар ма?

Ойлаңдаршы, ағалар,

Шын жарыңнан артық дос бар ма?

Шын жолдасың ондайда

Жауға сені тастар ма?

 

Өмір жайындағы осындай философиялық толғамдар ақын шығармашылығының бір қырын аша түседі. Ол «Жігіттерге» деген өлеңінде де осындай толғамдарды ұсына білген.

Оның туындыларының бір саласы махаббат, саятшылық, аңшылыққа арналса, екінші саласы сол тұстағы өмірдің әділетсіздігін әшкере етуге арналған. Даңғойлық, сараңдық, надандық, зұлымдық, көрсоқырлық, екі жүзділік, мансапқорлық, еріншектік, арсыздық сынды мінездерден елді сақтандырғысы келген ақын кертартпа мінездерді сынға алады. «Заманға қарап» – сол тұстағы ел өмірінен хабар берер туынды. Мұнда ақын қарынның тойғанына мәз болған жандарға ақыл-кеңес береді. Сахараның хайуандарынша қаперсіз шөп шайнап, өзді-өздерің қырылысып жатқанша, ертеңгі күнді ойлау қажеттігін ақын баса айтады. Кең сахарада еріншектікпен ұйқыға бой алдырып, кәсіпсіз қарап жатқанша ертеңіңді ойлап, бой түзе деген ақын би-болыстардың бір қарынның қамын ойлаудан аспай жатқандығын уытты тілмен шенейді.

Сал-серілерге тән қасиеттің бірі – аңшылық-саятшылық болса, Ақан бұл кәсіптің де қыры мен сырын терең игерген жан еді. «Мылтық пен мергеншілік» өлеңінде саятшылық жасау үшін мылтық пен мергеннің бір-біріне сай болу керектігін баса айтқан ақын аңшылықтың қыр-сырын аша түскен. Құлагер атты шаң жұқпас сәйгүлігінің жүйріктігімен алты алашқа танылған оның Қараторғай атты бүркіті мен Базаралы деген тазысы болған. Ақан өмірінің соңғы шақтары қасіретке толы. Ол Құлагердей жүйрігінен, Базаралы мен Қараторғайдан айрылған соң, өмірден баз кешіп елден жырақ жалғыз өзі кетіп қалады. Ақанды сөзден тосылта алмаған жуан күш иелері оны бар асылы Құлагерден айырып, өмірінің соңғы жылдарын адам айтқысыз азапқа айналдырды. «Құлагер» – ақын шығармашылығының шарықтау шегі. Ақынның адамға айырбастамас жүйрігін жоқтаған жоқтауын атүсті оқу мүмкін емес. «Біліп ем өлеріңді Құлагерім, Шыңғырған түсімдегі дауысыңнан» деп зарлаған ақын жүйрігінің бойындағы бар қасиетін жырға қосып жоқтады. Әрбір тармақта Ақанның көз жасы мен мұңды шері тұрғандығы оның әрбір сөзінен аңғарылады:

 

...Құлагер, айналайын, тұлпарым-ай,

Бір көрмей тұра алмаймын сұңқарым-ай.

Даңқыңа бүкіл адам ғашық болып,

Бір көрсек деп тұратын іңкәрім-ай...

 

...Құлагерді өлтіргендей алдым несін,

Әркімнің тәңірім берген несібесін.

Қас қылған жануарым Құлагерге,

Жауызға бар тілегім өлім берсін.

 

Атақ, даңқ қуған Батыраш сынды көрсоқыр, сезімсіз хайуан Құлагерді өлтіру арқылы Ақанның да өміріне балта шапты. Ол Құлагер өлімінен кейін өмірден баз кешіп, адам атаулыдан жиреніп, бойын аулақ салып кетті.

Дүлей күш иелері ақынның сағын сындырғанмен, өнеріне балта шаба алмады. Оның лирикалық поэзиясы мен музыкалық туындылары атадан-балаға мирас болып келе жатыр. Ақан серінің сом тұлғасы қазақ әдебиетінің әр түрлі жанрларында көркем бейнеленді. Оған Ғ.Мүсірепов «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясын, С.Жүнісов «Ақан сері» романын, С.Мұхамеджанов «Ақан сері – Ақтоқты» операсы мен «Балқадиша» әнінің тақырыбы бойынша вариациялар жазды. Е.Г.Брусиловскийдің «Жалбыр» атты поэмасында «Құлагер» мен «Балқадишаны» пайдаланылуы – Ақан әндерінің ғұмырлы екендігіне мысал. Әдебиеттанушы ғалымдар ақынның лирикалық өлеңдерін, музыкатанушылар ән өлеңдерін үздіксіз зерттеуі – туындыларының ұлттық рухани қазынамыздың алтын қорына енгендігі.

Ақан сері Қорамсаұлы – ХІХ қасырдағы қазақ ақындарының ішіндегі орны бөлек тұлға. Ол – ақындық, әншілік, композиторлықпен бірге саятшылықтың қыр-сырын терең меңгерген сегіз қырлы, бір сырлы жан. Сондықтан да ол қазақ әдебитеті мен музыкасы тарихынан үлкен орын алмақ.

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 3013. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Шрифт зодчего Шрифт зодчего состоит из прописных (заглавных), строчных букв и цифр...

Картограммы и картодиаграммы Картограммы и картодиаграммы применяются для изображения географической характеристики изучаемых явлений...

Практические расчеты на срез и смятие При изучении темы обратите внимание на основные расчетные предпосылки и условности расчета...

Функция спроса населения на данный товар Функция спроса населения на данный товар: Qd=7-Р. Функция предложения: Qs= -5+2Р,где...

ЛЕКАРСТВЕННЫЕ ФОРМЫ ДЛЯ ИНЪЕКЦИЙ К лекарственным формам для инъекций относятся водные, спиртовые и масляные растворы, суспензии, эмульсии, ново­галеновые препараты, жидкие органопрепараты и жидкие экс­тракты, а также порошки и таблетки для имплантации...

Тема 5. Организационная структура управления гостиницей 1. Виды организационно – управленческих структур. 2. Организационно – управленческая структура современного ТГК...

Методы прогнозирования национальной экономики, их особенности, классификация В настоящее время по оценке специалистов насчитывается свыше 150 различных методов прогнозирования, но на практике, в качестве основных используется около 20 методов...

Что такое пропорции? Это соотношение частей целого между собой. Что может являться частями в образе или в луке...

Растягивание костей и хрящей. Данные способы применимы в случае закрытых зон роста. Врачи-хирурги выяснили...

ФАКТОРЫ, ВЛИЯЮЩИЕ НА ИЗНОС ДЕТАЛЕЙ, И МЕТОДЫ СНИЖЕНИИ СКОРОСТИ ИЗНАШИВАНИЯ Кроме названных причин разрушений и износов, знание которых можно использовать в системе технического обслуживания и ремонта машин для повышения их долговечности, немаловажное значение имеют знания о причинах разрушения деталей в результате старения...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.01 сек.) русская версия | украинская версия