Студопедия — Абай Құнанбайұлы
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Абай Құнанбайұлы






(1845-1904)

Абай (Ибраһим) Құнанбаев – қазақтың ұлы ақыны, философы, ағартушысы және композиторы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданына қарасты Қасқабұлақ жайлауында өмірге келген.

Әкесі Құнанбай баласы Ибраһимнің (Абай) алғырлығын байқап, 10 жасқа толған соң оны Семейдегі Ахмет Риза медресесіне береді. Онда 3 жыл білім алғаннан кейін Абай қаладағы “Приходская школа” аталатын орыс мектебіне қосымша түсіп, онда 3 ай орысша оқиды.

Абай өлеңді ерте, он екі жасынан шығара бастаған. Оның осынау балаң кезде шығарғандарының көпшілігі кейінгі заманға жеткен жоқ. Абайдың жас кезіндегі өлеңдерінің кейбіреулерінің бірқатары ұмытылған, болмаса жоғалып кеткен. Ішінара жеке шығармаларының аттары ғана сақталған.

Есейген шақта шығарған “Иузи-Рәушән”, “Физули, Шамси” атты өлеңдерін қағаз бетіне 1880 жылдардың ортасында түсірген. Осы шамада қағазға түскен өлеңдері “Сап, сап, көңілім”, “Шәріпке”, “Абыралыға”, “Жақсылыққа”, “Кең жайлау” және т.б. Нағыз ақындық талантын танытқан шығармасы – “Қансонарда” 1882 жылы жазылған. Шын мәнінде Абайды ақын ретінде танытқан алғашқы классикалық туындысы осы деуге болады.

Көп уақытқа дейін Абай өз өлеңдерін жас әріптестерінің атынан таратады. 1886 жылы, қырық жастан асқан кезде барып жазған “Жаз” деген атақты өлеңінен бастап шығармаларына өз атын қояды.

Абайдың ұлылығын білдіретін өлеңдері осыдан кейін бірінен соң бірі туа берген. Соның бірі – “Өлсе өлер табиғат, адам өлмес”. Осы өлеңнің бастапқы тармағындағы сөздердің мәнісіне үңілсек, “табиғат” сөзін өз мағынасында ала отырып, ақын аспан мен жер, күн мен ай жайында жырлайтын. Олардың өмірі адам өмірінен ұзақ екені талассыз. Ескі философиялық еңбектерде табиғат өлсе де, адам өлмейді деп, осы екеуін бір-біріне қарама-қарсы қою үрдісі бұрын да кездескен. Бірақ, Абай бұл алып отырған тақырыбына ерекше терең қараған, өлең шумақтарын астарлы ойға құра білген.

Абайдың өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылар мол. Кейде тіпті оларды бөле-жарып атау да қиын. “Сегіз аяқ”, “Сен мені не етесің”, “Қансонарда бүркітші шығады аңға”, “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым”, “Жаз”, “Желсіз түнде жарық ай”, “Болыс болдым, мінеки”, “Қызарып, сұрланып”, “Келдік талай жерге”, “Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?”, “Көк тұман – алдыңдағы келер заман” секілді өлеңдерінің қай-қайсысын алсақ та, өз кезеңі үшін мүлде тың дүние, шығармашылық жаңалық. Осындай көркемдігі қуатты шығармаларының қатарында “Ем таба алмай”, “Ата-анаға көз қуаныш”, “Сағаттың шықылдағы емес ермек”, “Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен”, “Ауру жүрек ақырын соғады жай”, “Өлсе өлер табиғат, адам өлмес” сияқты өлеңдері жатады.

Аударма өлеңдерінің де көркемдігі жоғары. Мысалы, “Жалғыз жалау жалтылдап”, “Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз”, “Қанжар”, “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын” сияқты шығармалары төлтума өлеңдерден бір де кем емес. Абай өлеңдерінің қай-қайсысы да жазылу стилі, жанрлық сипаты поэзиялық көркемдігі жағынан мейлінше жетілген. Көркемдік деңгейіне қарап белгілі бір топқа жатқызуға болады деген туындыларын жіктеп, бөліп алудың өзі өте қиын.

Табиғи ақындық таланты мен жинаған мол білімін сәтті ұштастырған ақын өлеңдерінің барлығы дерлік – мызғымас сом дүниелер. Абайдың сарқылмас шығармашылық тапқырлығы – көркемдік бітімі жағынан барлық өлеңдерінің де кемеліне келген мүлтіксіз дүние болып келетіні. Және олардың әрқайсысы бір-бірін қайталамайды әр шығармасында бір тың ой айтылып отырады.

Озық ойлы ағартушы дегенде, Абай болса қазақ халқын келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол – орыс және қазақ мәдениетінің жақындасуы деп санады. Халықтардың туысқандығы мен достығы ол үшін қашанда қымбат қазына еді. Өзінің өлеңдерінде ол қарапайым орыс халқын патша отаршыларынан айыра білу керектігін сездірді. Орыс мәдениетінің прогрессшіл үлгісін терең ұға отырып, ең ұлы классиктердің еңбектерімен жете танысады. А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, т.б. ақындардың шығармаларын шеберлікпен аудара білген Абай қазақ әдебиетін жаңа көркемдік үлгілермен байытты. Пушкиннің “Евгений Онегинінен” бірнеше тарауларын таңдап алып, “Татьянаның хаты”, “Ленскийдің сөзі” атты тұстарының қазақша нұсқаларын жасады. М.Лермонтовтың “Ой”, “Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз”, “Қанжар”, “Теректің сыйы”, “Асау той, тентек жиын, опыр-топыр”, “Жартас”, “Өзіңе сенбе, жас ойшыл”, “Альбомға” өлеңдерінің мағынасына бойлап, қазақтың төл туындысынша сөйлетті. Бұл шығармаларды аударма деу қиын, Абайдың ой көрігінде қайта қорытылып, жаңадан дүниеге келген туындылар дегеніміз дұрыс.

Ақын еңбектері көп жылдар бойғы толғаныстары мен тебіреністерінің үлкен нәтижесі екендігі сөзсіз. Олардағы көркемдік-философиялық ойлар қазақ халқының рухани мәдениетінің жиынтығы деуге сияды. Абайды қазақ халқының рухани әкесіне, бас ақынына теңеу орынды екені сөзсіз. Туған халқының өткендегі ауызша, жазбаша ескерткіштерде сақталған ақындық мұрасына терең бойлаған Абай үнемі сол мөлдір бұлақтан нәр алып отырды, өз шығармаларын поэзия қазынасына айналдырды.

Көптеген халықтарға тән сюжеті ортақ мысалдарды жазуға да ат салысқан. Мысалы, “Қарға мен түлкі” (Эзоп, Федр, Бабрий, Крылов, Абай, Ыбырай, Әлихан, Ахмет, т.б.) “Құмырсқа мен шегіртке” (Эзоп, Федр, А.Құрманбаев, Абай, Әлихан, т.б.) тәрізді шығармалар.

Абайдың “Масғұт”, “Ескендір”, “Әзім” поэмалары да көркемдік деңгейінің биіктігімен ерекшеленеді. Олардың үшеуі де шығыс халқына ортақ сюжетке құрылған. Бұларға қоса, ол Лермонтовтың “Вадим” атты көлемді прозалық шығармасын және “Демон” поэмасын өлеңмен аударған. Бірақ олар толық сақталмаған. Бұл екі аудармасы мен “Әзім” поэмасы бізге тұтас қалпында жетпегендіктен, олар жайында нақтылы байлам жасау қиын. Ал, “Масғұт” пен “Ескендір” туралы айтсақ, олардың өзгешелігі, бұрынғы осы сюжетке жазылған поэма-дастандар ізін қумай, басқа қалыпта жазылуы поэмаларға даралық сипат берген.

Поэма жанрындағы ақынның шығармашылық ізденістері де мол. Орыстың ұлы классиктері қалдырған мұра оған дейін қазақ халқына мүлде белгісіз болып келді. Ерекше дарынды, кемел ойлы Абай ұлты үшін бейтаныс жаңа мәдениетті дұрыс қабылдап, өз бойына сіңіре білді. Бұндай рухани құбылыс ақынның суреткер ретінде кемелденуіне әсер еткені сөзсіз. Қазақ халқы әлі меңгеріп жетпеген мәдениетке талпынғанда, ақын шығармашылығы жаңа көркемдік суреттеу құралдарымен де молықты. Өзінің көркем байлығы жөнінен Пушкин сияқты, Абай да қалың қазаққа ортақ, бүкіл болмысымен ұлттық, халықтық ақын.

Абайдың көптеген өлеңдерінде (“Қартайдық, қайғы ойладық...”, “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым”, “Күлембайға”, “Көжекбайға” т.б.) надандық, даукестік, парақорлық, арамтамақтық, қазақ халқын билеп-төстеушілердің рухани бишаралығы өлтіре сыналады. Қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет жаңа көзқарас соншама айқын әрі соншама моральдық тереңдікпен жеткізілген. Халық дастандары мен тұрмыс-салт жырларында суреттелетін шығыс әйелдерінің қайғылы, бақытсыз халі Абай өлеңдерінде жаңа мағынада көрінеді. Өз поэзиясында Абай әйелдің жан-жүйесін көрсетеді, ал бұл жөнінде бұрынғы поэмалар мен жырларда аз айтылатын да, әйелдің қасіретті тағдырына сырттай ғана көңіл бөлінетін. Сүйген адамын өзі қалаған әйелдің махаббаты қаншалықты жан тебірентерлік, кіршіксіз, таза, терең, болатынын, оның қиыншылықпен қолы жеткен бақыты үшін күресте қажырлы, берік екенін Абай ұтқыр бейнелейді. Қазақ әйелін, ананы отбасының тірегі ретінде жырлай отырып, Абай оның жанқиярлығын, даналығын, шын көңілмен берілген достыққа беріктігін, адалдығын көркем суреттейді.

Зерттеушілер Абай шығармалары нәр алған негізгі үш қайнар көзді атап айтады. Қазақ елінің ұлттық рухы мен менталитетін, оның көкейтесті арманы мен даналық ойларын көрегенділікпен кестелеген кезде Абай қазақ ауыз әдебиетінен үйренді. Сондай-ақ Абайдың жүйелі ойларының үлкен бір арнасының қалыптасуына Шығыстың рухани қазынасының да ықпалы тигені сөзсіз. Өйткені ол күллі араб, парсы әдебиетін, Шығыстың атағы жер жүзіне мәшһүр классик ақындарын, сондай-ақ логика ғылымының негіздері мен Ислам тіректерін, Шығыстың шариғат қағидаларын ұғындыратын ғұламалар еңбектерін де түпнұсқадан талдап оқыған.

Араб әдебиетіндегі атақты “Мың бір түнді”, парсы мен түріктің халық ертегілерін, халық эпосын Абай терең түсінген. Шығыстан келген “Шаһнама”, “Ләйлі-Мәжнүн”, “Көроғлы” поэмалары қыр еліне Абайдың әңгімелеуі арқылы кең таралды. Таяу шығыс мәдениетін, тарихын зерттей жүріп, ол ат-Табари, Рабгузи, Рашид Эддин, Бабыр, Әбілғазы Баһадур хан және басқаларының еңбектерімен танысты, Ислам дінінің негіздерін ғылыми тұрғыдан талдай білді. Ақынның бұл бағыттағы ғұламалығы, әсіресе, “Қара сөздерінен” анық көрінеді. Абай Таяу Шығыстың ежелгі мәдениеті ғана емес, сонымен бірге өз заманындағы мәдениетімен де жақсы таныс болатын. Ол татардың тұңғыш ағартушыларының да еңбектерін білетін.

Араб, парсы, түркі тілдеріндегі білім көздеріне Абай ерекше көңіл аударады. Айрықша қабілетінің арқасында, араб, парсы тілдерін өз бетімен жүйелі түрде оқып, игерді.

Науаи, Низами, Фзули Қожа-Ахмет Яссауи шығармалары да Абай үшін үлкен мектеп еді. Оның мистикалық әдебиетке қатынасын қадағалай отырып айыру қажет. Алғашқылары Абайды өздерінің биік шеберлігімен, гуманистік ойлармен, ішінара, эстетикалық көзқарастарымен тартты.

Жалпы, философиялық, көркемдік, әлеуметтік, гуманистік және дінге көзқарастары терең бейнеленген Абай шығармашылығының бір саласы – қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) – ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық туындылары. Жалпы саны қырық алты бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан.

Бұл қара сөздердегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың қара сөздері, сондай-ақ, жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды.

Қазақтың ән, сөз өнерін ерекше бағалаған Абай сонымен бірге оны терең білген, жете бағалаған музыкант болды. Ол өнердің бұл саласында да мол мұра қалдырып, қазақтың музыка өнерін дамытты. Қазіргі уақытта Абай шығарған 27 әнінің 36 нұсқасы нотаға түсірілген. Әндердің сөзін өзі жазып, сазын өзі шығарып отырған. Ол бірқатар сөз әуендерін шығарды. Олардың көбі, негізінен, оның қазақ поэзиясына жаңалық енгізген өлеңдеріне (“Сегіз аяқ”, “Алтыаяқ”, т.б.) арналған еді. Ол өзінің “Евгений Онегиннен” жасаған үзінді аудармаларына да осындай әуендер шығарған. 1887-1889 жылдарда орыстың ұлы ақыны Пушкин есімі және оның Онегин мен Татьяна сияқты кейіпкерлерінің есімдері сол әндермен бірге бүкіл далаға кең таралды. Қазақ халқы үшін қазақ ақындары мен қазақ эпикалық поэмаларының геройларындай сүйікті, жақын болып кетті.

Қазақтың халық музыкасының тарихында ерекше орын алатын саланың бірі ол – Абай әндері. “Сегіз аяқ”, “Қор болды жаным”, “Айттым сәлем, Қаламқас”, “Ата-анаға көз қуаныш”, “Сұрғылт тұман”, “Желсіз түнде жарық ай”, “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын”, “Амал жоқ, қайттым білдірмей” (“Татьянаның хаты”), “Қараңғы түнде тау қалғып”, “Ішім өлген сыртым сау”, т.б. әндері арқылы ол халықтың ән өнерін одан әрі дамытты. Абай қазақ әуендерін сан жағынан байытып қана қойған жоқ, музыкалық ырғағы, әуені жағынан да кеңейтіп, дамыта түсті.

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 2232. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Расчетные и графические задания Равновесный объем - это объем, определяемый равенством спроса и предложения...

Кардиналистский и ординалистский подходы Кардиналистский (количественный подход) к анализу полезности основан на представлении о возможности измерения различных благ в условных единицах полезности...

Обзор компонентов Multisim Компоненты – это основа любой схемы, это все элементы, из которых она состоит. Multisim оперирует с двумя категориями...

Композиция из абстрактных геометрических фигур Данная композиция состоит из линий, штриховки, абстрактных геометрических форм...

Решение Постоянные издержки (FC) не зависят от изменения объёма производства, существуют постоянно...

ТРАНСПОРТНАЯ ИММОБИЛИЗАЦИЯ   Под транспортной иммобилизацией понимают мероприятия, направленные на обеспечение покоя в поврежденном участке тела и близлежащих к нему суставах на период перевозки пострадавшего в лечебное учреждение...

Кишечный шов (Ламбера, Альберта, Шмидена, Матешука) Кишечный шов– это способ соединения кишечной стенки. В основе кишечного шва лежит принцип футлярного строения кишечной стенки...

ТЕХНИКА ПОСЕВА, МЕТОДЫ ВЫДЕЛЕНИЯ ЧИСТЫХ КУЛЬТУР И КУЛЬТУРАЛЬНЫЕ СВОЙСТВА МИКРООРГАНИЗМОВ. ОПРЕДЕЛЕНИЕ КОЛИЧЕСТВА БАКТЕРИЙ Цель занятия. Освоить технику посева микроорганизмов на плотные и жидкие питательные среды и методы выделения чис­тых бактериальных культур. Ознакомить студентов с основными культуральными характеристиками микроорганизмов и методами определения...

САНИТАРНО-МИКРОБИОЛОГИЧЕСКОЕ ИССЛЕДОВАНИЕ ВОДЫ, ВОЗДУХА И ПОЧВЫ Цель занятия.Ознакомить студентов с основными методами и показателями...

Меры безопасности при обращении с оружием и боеприпасами 64. Получение (сдача) оружия и боеприпасов для проведения стрельб осуществляется в установленном порядке[1]. 65. Безопасность при проведении стрельб обеспечивается...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.013 сек.) русская версия | украинская версия