Студопедия — Мағжан Жұмабаев
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Мағжан Жұмабаев






(1893-1938)

Мағжан Жұмабаев 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облсы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген.

Төрт жасынан ауыл молдасынан хат таныған Мағжан 1905 жылы Қызылжардағы медресеге оқуға түседі. Онда араб, парсы, түрік тілдерін терең меңгеріп, медресені 1910 жылы жақсы үлгеріммен бітіріп шығады. Одан кейін білімін жетілдіруді көздеген талапкер 1910-1913 жылдар арасында Уфадағы «Медресе-Ғалияда» оқиды. Абайдың өлеңдерімен, татардың ақын-жазушыларының шығармаларымен танысып, араб, парсы, түрік тілдерін тереңірек меңгеріп, шығыс поэзиясына ден қоя бастайды. Әкесі Бекен оның 1913 жылы медреседегі оқуын жалғастыруға үзілді-кесілді қарсы болады. Білім нәрімен сусындап, ғылымға ден қоя бастаған шәкіртке бұл қатаң жаза еді.

1912 жылы Қазақ қаласында ақынның «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көреді. Сол кезден бастап өлең жаза бастаған бала шәкірттің сол тұстағы көңіл-күйін оның «Мен сорлы» өлеңінен аңғаруға болады:

Талайсыз, бақсыз мен сорлы,

Бір ісім оңға бармаған.

Мен не жаздым о ғұрлы,

Тәңірі мұнша қарғаған?..

 

...Білім іздеп сусаған

Жылайды пендең алдыңда.

Мейірі кең, жасаған,

Құралақан қалдым ба?..

 

Толыққанды білім алуды мақсат еткен ол 1913-1917 жылдары Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияны алтын медальмен үздік бітіріп шығады. Осы жылдары Омбыда оқыған қазақ жастарының ұйымдастыруымен «Бірлік» атты әдеби үйірме ашып, оның «Балапан» атты журналын редакциялап шығаруға көмектеседі. Ақыннның «Балапан қанат қақты» деген қара сөзбен жазылған өлеңі осы «Балапан» журналына арналған. 1917-1923 жылдары «Бостандық туы», «Ақжол», «Шолпан» сынды газет-журналдарды шығаруға белсене араласқан ол 1923-1926 жылдары Мәскеудегі Жоғары көркем-әдебиет институтында оқып, білімін тереңдетеді. Бұған дейін Шығыс поэзиясын терең меңгерген ақын ендігі кезекте Батыс поэзиясына ден қоя бастайды. Оны Гете, Гейне, Шиллер, Байрон, Пушкин, Лермонтов, Фет, Гоголь, Крылов, Короленко, Мамин-Сибиряк, Мережковский, Бальмонт, Есенин, Клюев, Брюсов есімдерінің ақын шығармаларында жиі ұшырауынан көруге болады. Шығыс пен Батыстың озық туындыларынан үлгі алған ақын қаламынан бұған дейін қазақ поэзиясында болмаған жаңа туындылар шықты. Осылардың қатарында үлкен орын алатын – оның махаббат тақырыбындағы өлеңдері. Осы тұста оның махаббат тақырыбында жазылған «Шолпы», «Төгілген шашы», «Сүйгенім анық», «Батқан күн, атқан таңның жыры», «Сен сұлу», «Алдамшы өмір», «Жұлдызды жүзік, айды алқа қып берейін», «Сүй, жан сәулем», «Жан жарымды бір сүйейін түсімде», «Ой», «Тірілдім», «Айрылғанда», «Махаббат не?» сынды өлеңдерімен бірге жекелеген адамдарға арналған «М-ға», «Г…ге», «Ж…ға», «Ф…ға», «Д…ға», «Р… альбомына», «З…ға», «Р…ға» сынды туындыларын атауға болады. Мағжанға дейінгі шығыс пен қазақ поэзиясында қыздарға арналған өлеңдер болды, бірақ оларда адамның жан дүниесіндегі тылсым күш иірімдері ашық жырланбайтын. Батыс поэзиясынан нәр алған ақын қазақ поэзиясына махаббат ләззатын жыр еткен жаңа леп алып келді. Мағжанның «Төгілген шашы» өлеңіндегі:

 

Төгілген шашы,

Қиылған қасы,

Керілген маңдай да.

Тістері меруерт,

Бейне қар – мамық ет

Кез келсең мұндайға…

 

– деген сықылды қыз бойындағы мінсіз сұлулықты ең жақсы заттарға балау, оған теңеу Абай поэзиясында болса, Мағжан осы қалыптасқан дәстүрді жаңа қырынан байытты. Ендігі жерде ол сырт келбетті ғана өлеңге қосудың үстіне адамның жан-дүниесіндегі табиғи құбылыстарға үңіліп, оның сырын ашуға тырысты.

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы, тәтті у тарады қаныма.

Бұл ләзатттың бір минутын бермеймін

Патша тағы, бүкіл дүние малына

 

– деп жырлаған ақын махаббат әлеміндегі күйініш пен сүйініш, қуаныш пен қайғы, құштарлық пен ынтызарлық, бақыт пен бақытсыздық сынды кереғар сезімдердің табиғи заңдылықтарын ашық та шынайы бейнелей білді. Адам бойындағы ішкі иірімдерге үңілу, оның көңіл-күй сезіміне ерекше мән беру – Мағжанның қазақ поэзиясына алып келген жаңалығы.

Ақын туындыларының ішінде үлкен орын алатын – туған жер туралы өлеңдер. Өзінің туып-өскен мекенінің сұлулығын жырға қосу қазақ поэзиясында бұған дейін де болды. Ақын осы қалыптасқан дәстүрді жаңа өрнекпен байытуға тырысты. Ол кіндік қаны тамған жерінің сұлулығы мен байлығын паш етуге арналған «Туған жер», «Туған жерім – Сасықкөл» сынды өлеңдерінде: «Жаратылдым топырағыңнан, сен – түбім, Жалғаны жоқ, бәрі сенен жан-тәнім. Сенен басқа жерде маған қараңғы, Жарық болар Шолпан, айым, сен – Күнім» деп туған жерінің бар қасиетін жеріне жеткізе жырлады. Туған жер сұлулығын танытуда бар сөз маржанын тізген ақын «Сырдағы алашқа», «Алатау», «Еділде», «Еділдің сағасында» сынды өлеңдерінде Қазақстанның басқа да жерлерін тілге тиек етті. Оның «Орал», «Орал тауы», «Көкшетау» сынды өлеңдеріне қазақтың кешегі өткен тарихына үңіле отырып қазақ жерінің тұтастығын аңсаған жанның жан сыры арқау болған. Міне, осылайша ақынның туған жер туралы өлеңдерінің географиясы кеңи түсті.

Ақын табиғат құбылыстары мен жыл мезгілдерін арқау еткен өлеңдерінде адам мен табиғатты тұтас бірлікте алып қарады. Оның «Жазғы түнде», «Күзді күні», «Жазғытұры», «Жазғытұрым», «Жаз келеді», «Жаз келеді», «Жел», «Қысқы жолда», «Жазғы жолда», «Қайың», «Орман», «Сең», «Жазғы таң», «Алдамшы өмір», «Ой», «Айға», «Толқын» сынды өлеңдерінде жел, аспан, бұлт, қайың, жол, орман, сең, толқын, дала – бәріне де жан бітіріп, адаммен сырластырады. Адам мен табиғат тұтас бірлікте қаралады.

 

Үй сілкініп, құлағандай болады,

«Жіберші!» – деп сұрағандай болады.

Қуат кеміп, қажыған соң жүйрік жел,

Өксіп-өксіп жылағандай болады

 

– деп жансызға жан бітіріп, кейіптеуде ақын табысқа жетті.

Ақынның бір топ өлеңдерінен сол тұстағы өмір шындығы мен мұндалайды. «Шын сорлы» өлеңінде жарлы-жақыбайға тізесін батырған бай әрекетін ақын:

Күн суық, қатты аяз, шыдар емес,

Қар борап, соққан желмен қылып егес.

Кедейлер үсіп-тоңып дір қалтырар,

Жылы үйде байлар жатар, уайым жемес…

 

Дәрмен жоқ, көзі тұнып, тұр балбырап,

«Жасаған, жарылқа!» - деп, жәрдем сұрап.

Қар борап, дүрілдеп жел соққан шақта,

Кетеді сорлы Оразкен дір қалтырап,

 

– деп сол тұстағы өмір шындығының жанды картинасын жасаған. Өмір шындығын бейнелеуде ақын қазақ поэзиясындағы Абай қалыптастырған сыншыл реализмді дамыта отырып, оны жаңа өрнекпен байытты.

Ақынның шағын лирикалық өлеңдеріне сан-алуан тақырыптар арқау болды. Оның поэзиясынан үлкен орын алатын тағы бір мәселе – түркілік тұтастық. Ол түркі халықтарының тұтастығын, бірлігін көксеген ақын: «Қазақ тілі» өлеңінде: «Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен – тілім, Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім. Таралған түрік балаларын баурыңа Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!» деп қазақ тілінің құдіретіне жүгіне отырып, түркілік бірлікті аңсайды. «Сорлы қазақ», «Қазағым» өлеңдерінде сол тұстағы отаршылдықты қатты сынға алып, қазақ халқының жерден айрылған мүшкіл халін: «Жер, мал кетіп, бос қалды біздің қойын» немесе «бар жерді күннен-күнге алып жатыр, хохолдар алып қала салып жатыр» деп ашық бейнелейді. Шығыс перзенті Шығысты мақтан ете отырып, Батысқа күдіктене қарайды.

Ол бірде жастарға сенім артып, «Мен жастарға сенемін» десе, «Пайғамбар», «Күншығыс», «Жер жүзін топан басса екен», «Бостандық» өлеңдеріне үлкен әлеуметтік мәселелерді арқау етті. Қазақ халқының бас бостандығын, тәуелсіздігін аңсаған ақын сол тұстағы өмір шындығын былайша жырға қосты:

 

Жер жүзін қан басқанда,

Көбігі шығып аспанға,

Жын жолдас боп адамға,

Туралық, теңдік ұмытылып,

Інжіл, Құран жыртылып,

Жатқанда жерде - табанда

 

Ақын поэзиясынан үлкен орын алатын – эпикалық туындылары. Ол жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдебиетін «Ертегі», «Қанышбай қыссасы», «Тоқсанның тобы», «Толғау», «Батыр Баян», «Қорқыт», «Жүсіпхан» сынды кең құлашты эпикалық поэмалармен байытты. «Ертегі» поэмасы (1922) «Ертек, ертек, ертек, ертек – ерте екен, Ерте күнде ешкі жүні бөрте екен» деп ертегі формасымен басталғанмен, шын мәнісінде ХХ ғасыр басындағы жағдайдан хабар береді. Қазақ халқының болашағын ойлаған жап-жас Сыздық ел үшін атқа қонады. Бірақ оның артынан «көп соққы жеп, сүле болған сорлы алаштан» ешкімнің ере алмағанын ақын:

 

Сыздық батыр тұлпар атын

ерттеген,

«Алты алашым, енді маған ер!»

деген.

Көп соққы жеп, сүле болған сорлы

алаш!

Алты алаштан алты адам да

ермеген

 

– деп нанымды бейнелеген. «Жатып өлмей, жортып жүріп өлем деп» Сыздық атқа қонады. Ақын поэманы ертегі сюжетіне ұқсатып, Сыздықты жезтырнаққа кездестіреді. Сұлу келіншек кейпіне еніп, сылқ-сылқ күліп келген жезтырнақтың әзәзіліне ермей, оны садақпен атып түсіреді. Кездескен дию, перілерді жеңетін ертегі кейіпкерлеріндей Сыздық та кездескен жауын жеңе біледі. «Алаш елі, сары сайран жері үші, жапанда емес, жау қолында өлуді» көздеген Сыздық атқа қайта қонады.

«Мысық пен ет», «Көбелек», «Көк теке» сынды аллегориялық өлеңдерінде әртүрлі мінез-құлықтарды сынға алған ақын кейін «Ертегі» поэмасын жазды (1926). Аллегориялық сипатта жазылған поэманың мазмұны қызғылықты. Мысықтар мен тышқандар арасындағы бітпейтін соғыстарды арқау еткен поэма қызғылықты сюжетке құрылған. Ұйымдасқан көп тышқанның мысықты тақтан құлатуы 1917 жылғы қазақ төңкерісін мегзеп тұрғандай еді.

«Қанышбай қыссасына» Қаныш байдың өмірі арқау болған. Оны таяқтан өлген тоқалының рухы қара құрт болып келіп шағып өлтіреді. Тоқалдың көз-жасынан мезгілсіз дүние салғанын сезген бай еліне «тоқал алмаңдар» деген аманат айтып дүниеден өтеді. Бұл поэмада ақын ғасыр басындағы әйел теңдігі мәселесін көтере білген. Авторлық ұстаным Қаныш өлімі мен оның көпке арнап айтқан аманатынан анық аңғарылады.

«Тоқсанның тобы» атты поэмасына ақынның сол тұстағы ұстанымы арқау болған. Ол жүздіктің онын ұлық, болыс, би, ауылнай, бай, ишан сынды халықты қанаған пысықайлар мен сұмдар деп түйеді де қалған тоқсанын бұқара халық деп түсіндіреді. Тоқсанның ішінде жарлы мен сорлы, кедей мен еңбекші, аш жалаң ғарыптар, жалшы мен малшы, қойшы мен сауыншы, жетім мен жесір сынды «итаяқтан ас ішкен, ас ішпеген, жас ішкен» сормаңдайлардың ғана бар екенін ескеткен ақын: «Тоқсаннан сонау он аулақ, Сонау оннан мен аулақ» деп алдағы уақытта осы қалың бұқарамен болатындығын мақтана жырға қосты.

«Алдамшы өмір», «Өмір», «Мені де, өлім, әлдиле» өлеңдерінде өмір мен өлім туралы толғанған ақын олардың екеуін де табиғи қалпында қабылдайды.

 

Өлім күйі – тәтті күй.

Балқиды жаным бұл күйге.

Мені де, өлім, әлдиле...

Әлдиле, өлім, әлдиле!..

 

- деп келетін ақын ұғымындағы өлім туралы ой «Қорқыт» поэмасында:

 

Өмірде арманым жоқ – Қорқытқа ерсем,

Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем,

Жас төгіп, сұм өмірде зарлап-сарнап,

Құшақтап қобызымды көрге кірсем,

 

- деп өз жалғасын тапты. Өмір мен өлімнің егіз екенін ұққан ақын бұл поэмасында өмір мен өлім туралы философиялық ұғым түсінікті уағыздады.

Ақын поэмаларының ішіндегі шоқтығы биігі – «Батыр Баян». Поэмаға қалмақ пен қазақ арасындағы жаугершілік замандағы оқиға арқау болған. Абылайдың үш жүздің басын қосқан жиында Көкше арыстаны Баянды күтеміз деуіне қарағанда бұл поэманың тарихилық сыпаты басым. Поэмадағы негізгі оқиға қол бастаушы батыр Баян мен қалмақ қызы, кіші бауыры Ноян төңірегінде өрбиді. Баянның қалмақтан алып келген жас қызы өзіне ыңғай бермей, інісі Ноянмен көңіл қосып, сүйіскен екі жас аға ризалығын алмай, қаша жөнеледі. Ағалы-інілі екі бауырдың бір қызға бірдей ғашық болуын қалмақ қызының қор қызындай сұлу болуымен түсіндіруге болады:

Сол сұлу, сұлу екен атқан таңдай,

Бір соған бар сұлулық жиылғандай.

Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт,

Сөздері су сылдырлап құйылғандай.

 

Шағын лирикалық өлеңдерінде махаббат мәселесін жеріне жеткізе жырлаған ақын негізгі кейіпкерлерінің жан дүниесіне үңіле білген. Ақын Ноян бойындағы кіршіксіз албырт сезімді:

 

Жас Ноян қызды көріп от боп кетті

Көздері қызыл жалын шоқ боп кетті.

Жер мен көк, ай, жұлдызды тұман басып,

Бір қыздан басқа нәрсе жоқ боп кетті,

 

- деп бар шынайылығымен көркем бейнелеген. Поэмада табиғат суреттеріне ерекше көңіл бөлген ақын адам мен табиғатты тұтас бірлікте жырлай білген. Ноян мен қалмақ қызы арасындағы ынтық сезімді қоршаған табиғаттың сұлу көркі толықтыра түссе, қайғылы халді найзағай ойнап, күн күркіреуімен әдемі ұштастыра білген. Адам мен табиғат арасындағы байланыс осындай параллелизм арқылы ашыла түскен. Батыр Баян ел мен жалғыз бауыр арасында үлкен сынға түседі. Алты алашқа ғана емес, қарсылас дұшпанына да мәшһүр болған батыр Баянға бауырының қалмақ қызымен қашып кетуі – өліммен тең күй еді. Інісінің сезім алдындағы осалдығын кешіре алмаған батыр ашу үстінде інісін де оның сүйген сүйіктісін де жер жастандырады:

 

Екі жас аттарынан ұшып түсті,

Түскенде бірін-бірі құшып түсті...

Қомағай қара топырақ бүлкіл қағып,

Асығып екі жастың қанын ішті.

 

Екі жас арасындағы үлкен махаббат сезімін бар шынайылығымен жырлаған ақын оған қосыла алмайтын кереғар күшті қатар суреттеуде үлкен жетістікке жетті. Кіршіксіз махаббат пен пәк сезімнің ыза мен кектің, ашудың құрбаны болғандығын ақын бар шынайылығымен жеткізе бейнеледі. «Ашу – дұспан, ақыл – дос» деген халық даналығын Баянның ашу үстінде жасаған шешімі арқылы бейнелей білді. Сүйіскен жастардың тосын кедергілер мен қара дүлей күштерге ұшырап, қосыла алмауы ғашықтық дастандар мен шығыс шайырларында молынан кездессе, Мағжан ғашықтықтың құрбаны болған жастардың қайғылы өлімін тарихи оқиғамен ұштастыра білді. Ноян мен қалмақ қызының қосыла алмауына негізгі себеп – Баянның ар намысын жоғары қоюы. Асқақ романтикаға құрылған поэма негізінде кино түсіріліп, көпшілік көрерменге ұсынылды.

Мағжан Мамин-Сибиряктың «Ақбозат», П.Дороховтың «Большевик баласы» әңгімелерін қазақ тіліне тәржімалап, «Педагогика» (1922, 1923), «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» (1925) сынды зерттеу еңбектер жазды. Рубинштейн, Скворцов, Смирнов сынды ғалымдардың педагогика саласындағы еңбектеріне сүйене отырып, қазақ тілінде жазылған бұл еңбек – аталған ғылым саласындағы тұңғыш қарлығаш еді.

Отаршылдықтың зардаптарын бірде ашық, бірде аллегориялық сыпатпен бейнелегендіктен, ақын туындылары сол тұстағы идеологияға жақпады. Сондықтан да оның мұрасын оқып-білуге кеңестік дәуір тұсында тиым салынды. Тек қана 1988 жылы ақын мұрасы ресми ақталған соң ғана оны насихаттауға мүмкіндік туды. Мағжан Жұмабаевтың мұрасын көпшілік оқырманға тұңғыш ұсынған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қазіргі қазақ әдебиеті бөлімінің қызметкерлері. Б.Дәрімбетовтің құрастырып, М.Базарбаевтың жауапты редакторлығымен Мағжан Жұмабаевтың «Таңдамалы» шығармалар жинағы (1992) мен «Мағжан Жұмабаев» шығармаларының 3 томдық жинағы қолға тиді (1995). «Мағжан Жұмабаев» деген монографиялық тарау 10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» 7-томына М.Базарбаевтың авторлығымен енді.

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 2299. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Вычисление основной дактилоскопической формулы Вычислением основной дактоформулы обычно занимается следователь. Для этого все десять пальцев разбиваются на пять пар...

Расчетные и графические задания Равновесный объем - это объем, определяемый равенством спроса и предложения...

Кардиналистский и ординалистский подходы Кардиналистский (количественный подход) к анализу полезности основан на представлении о возможности измерения различных благ в условных единицах полезности...

Обзор компонентов Multisim Компоненты – это основа любой схемы, это все элементы, из которых она состоит. Multisim оперирует с двумя категориями...

Классификация ИС по признаку структурированности задач Так как основное назначение ИС – автоматизировать информационные процессы для решения определенных задач, то одна из основных классификаций – это классификация ИС по степени структурированности задач...

Внешняя политика России 1894- 1917 гг. Внешнюю политику Николая II и первый период его царствования определяли, по меньшей мере три важных фактора...

Оценка качества Анализ документации. Имеющийся рецепт, паспорт письменного контроля и номер лекарственной формы соответствуют друг другу. Ингредиенты совместимы, расчеты сделаны верно, паспорт письменного контроля выписан верно. Правильность упаковки и оформления....

Механизм действия гормонов а) Цитозольный механизм действия гормонов. По цитозольному механизму действуют гормоны 1 группы...

Алгоритм выполнения манипуляции Приемы наружного акушерского исследования. Приемы Леопольда – Левицкого. Цель...

ИГРЫ НА ТАКТИЛЬНОЕ ВЗАИМОДЕЙСТВИЕ Методические рекомендации по проведению игр на тактильное взаимодействие...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.009 сек.) русская версия | украинская версия