Студопедия — Дихан Әбілев
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Дихан Әбілев






(1907 - 2003)

 

Дихан Әбілев 1907 жылы 25-желтоқсанда қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы (бұрынғы Шідерті болысының екінші ауылында) Мойылды деген жерде дүниеге келді. Баян қаласындағы 4 кластық орыс мектебінен сауат ашқан ол білімін ары қарай тереңдете түсті. 1925-1927 жылдары Семейдің ауылшаруашылық техникумында оқыды. 1928-1931 жылдары Баянауыл ауданының Шідерті болыстық атқару комитетінің хатшысы қызметін атқарғаннан кейін мұғалім, мектеп-интернаттың директоры болып жүріп, балаларға дәріс берді. 1927-1934 жылдары халық ағарту, баспасөз қызметтерінде болған ол Баянауыл аудандық «Ленин туы» (1931-1932), атты Қарағанды облыстық “Ленин туы” (1932-1934) газеттерінде жауапты редактордың орынбасары, республикалық “Қазақ әдебиеті” газетінің жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Еңбек жолын осылай бастаған ақын кейін Алматыдағы Коммунистік Журналистер институтын (1937) бітіріп, білімін жетілдіреді. 1937-1939 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болған ақын 1939-1941 жылдары Абай атындағы Қазақтың Мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы аспирантурасының аспиранты болады. Майданға осы аспирантурадан аттанған ол – 1942-1946 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, елді жаудан қорғаған майдангер. 1961-62 жылдары “Көркем әдебиет” баспасының бас редакторы болып істеді.

Оның тұңғыш өлеңі 1925 жылы Семейдегі “Қазақ тілі” газетінде жарияланды. Ол қазақ халқының ұлттық рухани мұрасын “Шалқыма” (1937), “Бармақ” (1937), “Қуат” (1937), “Сүйемін” (1939), “Мұңсыз Мәрия” (1940), “Москва түбінде” (1942), “Майданбек” (1943), “Жүректен” (1943), “Дала солдаты” (1945), “Жұлдызды жігіт” (1945), “Тұлға” (1947), “Жас азамат” (1948) “Бибінұр” (1949), “Алтай жырлары” (1950), “Алтай жүрегі” (1953),“Таудағы ту” (1957), Таңдамалы. Өлеңдер (1958), “Жыл мезгілдері” (1958), “Көкжиек” (1960), “Алтай асулары” (1962), “Ақын арманы” (1964), “Уақытпен сырласу” (1966), “Арман жолында” (1968), “Миллиард жыры” (1974), “Баянауыл баурайында” (1975), Шығармаларының екі томдығы (1977,1984), “Толғаныс толқындары” (1979), “Сұлтанмахмұт” (Роман-трилогия, 1980), “Дала солдаты” (1981), “Көңіл гүлдері” (1987), “Майданбектің монологі” (1990), “Махаббат құдіреті” (1991), “Өткен күнде белгі бар” (Естеліктер, 1997), “Жолаушы өмір” (2001) кітаптарымен байытты.

Драматургия жанрында “Қарулас достар” (1948), “Майра” (1954), “Біржан сал мен ақын Сара” сынды туындылар жазды.

Сонымен бірге ол – қазақ аудармасына да біршама үлес қосқан тәржімашы. А.П.Чеховтың “Шие бағы” пьесасын, Н.А.Некрасовтың “Русьте кім жақсы тұрадысын”, “Қызыл шұнақ аязын”, Т.Г.Шевченконың өлеңдерін, Низамидің “Ләйлі – Мәжнүнін”, Назым Хикметтің “Петроград 1917”, “Таранта Бабу” поэмаларын, П.Тычинаның, М.Рыльскийдің, М.Бажанның өлеңдерін, қырғыздың “Манасын” аударып, қазақ тәржімасын байытты.

Дихан Әбілевтың тұңғыш өлеңі Семей ауылшаруашылық техникумында оқып жүргенде жарық көреді. “Қызыл әскерге” өлеңін ұстазы Сәбит Дөнентаевтың сынынан өткізіп алған соң сол жердегі “Қазақ тілі” (1927) газетіне жариялайды. Көп ұзамай “Әдебиет майданы” журналында “Сырлы шкафтың сыры” әңгімесін көпшілік оқырманға ұсынады. Бұл әңгімені Бейімбет Майлиннің көмегімен жариялағанын ақынның өзі мақтанышпен айтады. Поэзия жанрында Сәбит Дөнентаевты, проза жанрында Бейімбет Майлинді ұстаз еткен жас талапкер өзінің бағын екі жанрда қатар сынап көреді. Кейін де ол осы екі жанрды қатар алып жүргенін шығармашылық жолынан көруге болады.

Алғашқы өлеңдері 1927-1928 жылдары жарық көргенмен, ол – ақын шығармашылығындағы үйрену, өсу жолы еді. Оның қаламы төселіп, құлашын кеңге жайып, сермей бастауы 1934 жылдардан бергі кезең. “Қуат” (1937), “Шалқыма” (1938), “Сүйемін” (1939) атты жыр жинақтары жеке-жеке кітап болып оқырман қолына тиді. Ақынның өзіндік тіл кестесін, ой өрнегін таныта түсетін көркем туындылары әр жылдарда шығып отырды.

 

Өмірден үлесіме көп беріпті,

Сыбағама өлең-жыр дөп келіпті.

Мен келгелі өмірге өршіл жылдар,

Бақытты, қасіретті де өткеріпті,

 

- деп, ақын айтса айтқандай, бір ғасырда ел басынан өткен ауыртпалықтар да аз емес, олар атап айтқанда: Қазан төңкерісі, Азамат соғысы, елді индустрияландыру мен жеделдете ұжымдастыру, “Кіші Октябрь”, “Сталиндік зұлмат”, Ұлы Отан соғысы, шаруашылықты қалпына келтіру, тоқырау жылдары, қайта құру, тәуелсіздік сынды айтулы кезеңдер, ұлы оқиғалар. ХХ ғасырдағы қазақ халқының басынан өткен неше алуан зобалаңға, елінің қуанышы мен қайғысына куә болған ақын шығармашылығы халық тарихымен біте қайнасып жатыр. Оның “Кооператив”, “Әулетбай мен Дәмеш”, “Сол керек оған” сынды алғашқы өлеңдерінде көркемдік тұрғыдан азды-көпті кемшіліктер кездесетіні рас. Сондай-ақ бұл шақтағы өлеңдерінде ақын Қазан төңкерісінен кейінгі кооператив, конфиске, егін шаруашылығына көшу, шахта жұмысы сынды жаңа өмірдің алып келген жаңалықтары оның “Қайла”, “Өрбі енді”, “Электр туралы сөз” өлеңдеріне арқау болды. “Ойыма бүгін сол түсті”, “Жарасам деп әжетке”, “Оянып кетпегенде”, “Үш сай бөрік”, “Ызақор еді Серекең” сынды өлеңдерінде ақын поэзияны оқиғаға құра білетінін байқатты. Мұндай ерекшелік оның кейінгі жылдардағы шағын өлеңдеріне де тән.

Д.Әбілевтің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы лирикалық өлеңдерінің басты тақырыбы – ерлік. Лирикалық кейіпкер – жауынгер ұлы. Қан майданда жүрген әрбір жауынгердің көкірегінде Отанға деген махаббат үстем. Олар тынышын бұзып, елі мен жеріне ойран салған неміс басқыншыларына кекті, тісі қайраулы. Сондықтан да ақын өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер:

 

Жазықсыз төккен жас үшін,

Жау көзі оқтан ағарар,

Дандайсыған дұшпанның

Көрген күні суалар,

Өлігіне жер таппай,

Сүйектері қуарар,.. – дейді.

 

Бұл жылдардағы ақын өлеңдерінде бейнелілік, нақтылық, суреттілік сынды көркемдік жетістіктермен қатар, фольклор жанрында қалыптасқан дәстүрдің кейбір элементтерінен таза арылмау сынды кемшілік те бар. Мәселен, техникамен қаруланған жауға көк берен, желекті сынды қарумен қарсы шығу – ақылға сыйымсыз, нанымсыз. Ақын өлеңдеріндегі тұрақты тіркеске айналған бейнелі жолдар – батырлық эпостардың сарыны.

Ақынның ерлік жырларымен бірге елге, анаға, бауырға, бөбегіне деген сағыныш сезімі де қоса жүреді. Оның лирикалық кейіпкері – қайсарлық, батырлықпен қатар қуаныш-қайғысы, бақыты мен мұңы қатар жүретін, Отан үшін қан кешкен ел азаматы. Осы жылдардағы “Отан”, “Бәрінен Отан, сен қымбат”, “Туған елге”, “Сағыныш” өлеңдері – Отан – Ана, туған жер туралы сыршыл лирика.

Соғыстан кейінгі жылдары ақын өмірдің әр алуан тақырыптарын көтерді. Бұл жылдары ол “Заманның жыршы солдаты” деп өзі айтқандай, замана жырын жыр етті. Ақын қашан да өзі өмір сүрген заманының жыршысы екені рас. Оны кез келген ақынның шығармашылығынан табуға болады. Бұл жылдары ол қазақ поэзиясында қалыптасқан туған жер, еңбек, жыл мезгілдері сынды тақырыптарға көңіл бөлді. Қазақ әдебиетінің қай кезеңін, қай жанрын алсаңыз да еңбек тақырыбын жырлау басым. Дәстүрлі тақырыпқа Дихан ақын да өз үлесін қосты. Өз заманындағы бейбіт өмірдің еңбегін, сол еңбекті жасаушы еңбеккерді өз болмысымен поэзияға арқау етті. Бұл тұстағы еңбекшінің жаңа түйсік, жаңа сезімін поэзияда бейнелеуде ақын едәуір жетістікке жетті.

Туған жер туралы ақынның өлеңдері жалқыдан жалпыға ауысып, бүкіл қазақ жері бір тұтастыққа айналды. Ол жекелеген жерлерді, қалаларды емес, республиканың батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі сынды төрт бұрышын түгелдей жырға қосты:

 

Мыс көлі мына жатқан Балқаш айдын,

Аралым – алтын балық бір зор айбын.

Ақ мақта, асыл қазына Сырдың бойы,

Батысым – бас теңізі май мұнайдың!

 

Табиғат лирикасын жырлауда да ақынның көркемдік табыстарын атауға болады. Мұндай өлеңдерінде бейнелеу, кейіптеу, параллелизм, нақтылық, шендестіру сынды көркемдік тәсілдерді шебер пайдалана білді. Қаңтарды: “демі – аяз, Таңдайы – мұз, ақ кірпік” деп кейіптесе, ақпанды:

 

Қаһарсыды келген бетте бұл-дағы,

Мұз тұмсығын онда-мұнда сұққылап.

Терезені тырнап, ұлып, жылады,

Болғаннан соң ел іргесі мықтырақ!

 

– деп бейнеледі. Ақ қар, көк мұзды қысты ақ сақалды шалға теңеу Абайдың қазақ поэзиясына енгізген жаңалығы болса, Дихан ақын сұлу көктемді мың бұралған бикешке, жазды сұлу қызға, оның ыстығын қыз ернінің деміне теңеуде табиғат лирикасын жырлаудағы көркемдік ізденістерін байқатты.

Ұлы оқиғалар мен ұлы адамдарды жырға қосу – әлем әдебиетінен үлкен орын алған, ертеден келе жатқан қалыпты дәстүр. Бұл Кеңес поэзиясына да тән. Бұл жылдардағы ақын өлеңдерінің біразына ұлы оқиғалар мен ұлы адамдар өмірі арқау болды. Кеңес поэзиясындағы бұл дәстүрді Д.Әбілев те аттап кете алмады.

Ақынның соңғы жылдардағы лирикалық өлеңдерінде мұң, философиялық ой басым. Ол өз өмірінен көргенін таразылай отырып, болашаққа өсиет боларлық нақыл қалдыра білді. “Нақыл сөзде” халықтың тұрмыс-тіршілігінен, өмір заңынан түйіндегендерін шағын лирикамен жеткізе білді. “Күншілдік” өлеңінде адам баласының бойынан кездесер жаман қасиеттерден ақын жаны жиренеді. Ақын шығармашылығынан көзге түсетін тіл туралы шоғырлы өлеңдерінің мәні зор. Жырды мұхит тереңіне, өлеңді сол тереңдегі меруертке теңеген ақын поэзия құдіретін өз жырларымен таныта білді.

Шағын лирикада өз өрнегін сала білген ақын қаламынан туған поэмалар қазақ поэмасының қалыптасып, дамуын көрсетері анық. Отызыншы жылдары бүкіл Кеңес әдебиетіне ықпал еткен ода, мақтау, асыра бояу сынды “культ” әсері Д.Әбілев өлеңдерінен де аңғарылады. Ақын осы тұста сондай схематизмнен аулақ болу үшін эпикалық туындылар жазуға көп көңіл бөлген тәрізді. Ол “Бармақ”, “Қуат”, “Испан қызы – Ремедиос”, “Мариям”, “Шалқыма” сынды бір-біріне ұқсамайтын әр түрлі тақырыптағы поэмаларды жазды. Д.Әбілев 1916 жылдың қанды оқиғасын “Бармақ” поэмасында өзінше жырлады. Бармағын шапқаны үшін Зілқара тұтқынға алынады да, сол жерде ауыр азаппен қаза табады. Поэма тақырыбы – 1916 жылдың қанды оқиғасы болғанмен, идеясы – ездікке қарсы ерлікті уағыздау.

Д.Әбілев шығармаларының шарықтап биікке көтерілуі, ақындық жолдағы талмай ізденуі 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы тұсындағы поэзиясынан айқын көрінеді. Бұл жылдары ақын шығармашылығынан лирикамен қатар эпикалық шығармалар да елеулі орын алды. Қырқыншы жылдардағы ақын өлеңдерінің көбі неміс басқыншыларынан Отанды қорғау, жерін, елін аман алып қалу тақырыбына жазылды. Қан майданның қақ ортасында от кешіп жүрген жауынгер ақынның жан тебіренісі ғана сұрапыл соғыс шындығын шынайы бейнелей алатындығын оның поэзиясынан көруге болады. Соғыс даласын көрген ақын ғана:

 

Түскенде снарядтар үстен қырқып,

Тас біткен шыңғырынып аспанға ыршып.

Бауырдай отқа күйген жер бырысып,

Өксиді өзен суы қыздай сыңсып,

 

– деп нанымды да әсерлі бейнелемек.

Осы жылдары Дихан ақын майданда жүрген Майданбегін қазақ поэзиясына алып келді. “Майданбекке” өлеңінің лирикалық кейіпкері – солдат ұлы. Осы бүлдіршін кейін “Жұлдызды жігіт” өлеңінде биікке ұшқан қыран болып көрінеді. Майданбек туралы шоғырлы өлеңдерінің жиынтығы ретінде оның “Майданбек” поэмасын атауға болады. Ақын “Майданбек” (1943) поэмасын кейін “Дала солдаты” (1981) деп толықтырып қайта жазды.

Ақын Москваны қорғаудағы Панфиловшылар ерлігін өлеңнен кейін эпикалық поэмаға арқау етті. “Москва түбінде” поэмасында 28 қаһарманның эпикалық тұлғасын сомдады. Астананы қорғаудағы батырлардың қайтпас қайсарлығын, ересен ерлігін бірде тарихи шындыққа сай, енді бірде көтеріңкі леппен әсірелей жырлады. Тұтастай алғанда поэма көркемдік мұратқа сай.

Елуінші жылдардағы ақын шығармашылығында да эпикалық поэзия басым. Бұл тұста ол “Алтай жүрегі”, “Таудағы ту”, “Махаббат тағдыры”, “Отты толқындар”, “Тасбұлақ”, “Шолпан” атты поэмалар жазды. Ақын поэмаларының бір ерекшелігі – өмір сырын, тарихи оқиғалардың мәнін, адамдардың өмір жолын өлеңмен баяндауында.

“Алтай асулары” – Дихан Әбілевті эпик ақын ретінде танытқан, өлеңмен жазылған роман. Бұл – ақын шығармашылығының Алтайы секілді поэма. Шығарма идеялық концепциясы мен көркемдік жүйесі өте тығыз үш кітап-поэмадан, атап айтқанда; “Алтай жүрегі – Кремльде” (1953), “Отты толқындар” (1955), “Таудағы ту” (1957) атты туындылардан тұрады. Кезінде бұл шығарманы М.Әуезов: “Роман күрделі күреске, елеулі оқиғаға, кейіпкерлердің қажырлы қарекет, өнімді қимылдарына толы, мәйегі тоқ”, –деп бағалаған болатын.

Ал, “Жасыбай батыр”, “Бүркітбайдың Мұстафасы” поэмалары тарихтан сыр шертеді. “Жасыбай батыр” поэмасына 1600-1630 жылдар аралығында қалмақ шапқыншылығының Шойынды көлдегі қырғыны арқау болса, “Бүркітбайдың Мұстафасы” – өнер тақырыбына жазылған тарихи поэма.

Оның проза жанрындағы кесек дүниесі – “Сұлтанмахмұт” атты үш томдық трилогиясы. Бұл – қазақтың ағартушы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмір тарихына арналған роман. Ол – қазақ қоғамының аумалы-төкпелі заманында басынан әр алуан қиыншылықтарды өткізген қазақ қаламгерлерінің ішіндегі күрделі де ірі тұлғаның бірі. Бұл – қазақ әдебиетінде М.Әуезовтің “Абай жолы” тарихи эпопеясының ізімен жазылған өнер адамының өмір, өнер жолын тарихи фактілерге сүйене бейнелеген тарихи биографиялық шығарма.

Дегенмен, Сұлтанмахмұт сынды ақынның жан дүниесі, рухани әлемі шығармада психологиялық жағынан ашылмай, көркемдік мотивировкасы жетісіңкіремей жатқандығын жасыруға болмайды. Осы көркемдік дәлелдің жетіспеушілігі негізінен психологизмнің осалдығымен өзектес. Қысқа ғұмырын халық болашағына арнап, Ресей қалаларында оқу іздеп, сол ауыр жолда өкпе ауруына шалдығып, төңкерістен кейін бұған дейін теріс бағаланып келген алаш орда мүшелерімен идеялас болуы, кеңес өкіметін дұрыс қабылдау жолындағы кейіпкер бейнесін сомдауда көркемдік дәлел мен психологизмнің жетіспей жатқаны шындық. Ақынның өмір деректері жеке бастық және әлеуметтік әр алуан тартыста психологизм талаптарына сай суреттеуді талап етері анық. Көп жағдайда Сұлтанмахмұт характерінің ішкі сыры ашылмай көмескі күйінде қалған.

Бойында осындай кемшіліктері бола тұра “Ақын арманы” (1965), “Арман жолында” (1968), “Баянауыл баурайында” (1975) атты үш кітаптан тұратын “Сұлтанмахмұт” трилогиясы – әдебиетімізге өзіндік үлес қосқан шығарма. Алғашқы екі кітабында алған асуынан, көтерілген шығармашылық биігінен трилогияның соңғы кітабында төмендемеу жолында автордың одан әрі іздене түскені “Баянауыл баурайынданың” идеялық мазмұнынан, көркемдік құрылымынан, бүкіл болмыс-бітімінен білінеді. Бұл – Дихан Әбілевтің проза жанрындағы негізгі шығармашылық табысы.

Д.Әбілевтің осыдан кейін “Ой толғауы” (1981), “Өткен күнде белгі бар” (1997) атты естеліктер жинағы жарық көрді. Ақын бірінші кітапта қазақ әдебиетінің іргесін қалап, оның өсіп-өркендеуіне көп үлес қосқан аға буын өкілдерінің ізгілікті істерін еске алады.

1991 жылы оның “Махаббат құдіреті” атты повестер мен әңгімелер жинағы дүниеге келді. Автор бұл жинақта поэзиядағы шығармашылығын проза жанрына алып келген сыңайлы.

Қазақ прозаның әңгіме, эссе, естелік, повесть, роман сынды үлкенді-кішілі жанрларына үлес қосқан оның алғашқы қадамы екі жанрда қатар басталса, оның соңғы жылдарда жазған “Махаббат құдіреті” повесі мен деректі әңгімелері ақынның екі жанрды қатар алып жүргендігіне мысал. Проза жанрындағы оның сүбелі еңбегі – “Сұлтанмахмұт” трилогиясы. Дихан Әбілев – жаңа заман рухын, жаңа адамдардың бейнесін поэзия мен прозада шама-шарқынша суреттеп, идеялық мазмұны мен көркемдік сапасы жоғары бірсыпыра шығармалар жазып, қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан қаламгердің бірі. Сыршыл лирикасы қоғамның өзекті мәселелерінен сыр шертсе, қазақ поэмасының қалыптасуы мен дамуы да ақын есімімен тікелей байланысты. Шағын өлеңдерді сюжетке құратындығымен көзге түскен ақын шығармашылығының негізін оның поэмалары құрайды. Қазақ поэмасының туу, қалыптасу дәуірінде бірін-бірі қайталамайтын алуан түрлі тақырыптарды көтере білді. Сюжеттік желіге құрылған эпикалық шығармаларында тарихи шындықты көркем шындыққа айналдырумен қатар қазақтың ұлттық поэзиясын лирикамен де, эпикамен де байыта түсті.

Ол – қазақ халқының бір ғасырлық тарихын поэзия, проза жанрларында көркем бейнелеуде табысқа жеткен қаламгер. Көркем аудармаға қосқан үлесі де өз алдына бір төбе. Олай болса, Дихан Әбілев – қазақ әдебиетінің майталман жауынгері бола білген ақын

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 2796. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Картограммы и картодиаграммы Картограммы и картодиаграммы применяются для изображения географической характеристики изучаемых явлений...

Практические расчеты на срез и смятие При изучении темы обратите внимание на основные расчетные предпосылки и условности расчета...

Функция спроса населения на данный товар Функция спроса населения на данный товар: Qd=7-Р. Функция предложения: Qs= -5+2Р,где...

Аальтернативная стоимость. Кривая производственных возможностей В экономике Буридании есть 100 ед. труда с производительностью 4 м ткани или 2 кг мяса...

Ситуация 26. ПРОВЕРЕНО МИНЗДРАВОМ   Станислав Свердлов закончил российско-американский факультет менеджмента Томского государственного университета...

Различия в философии античности, средневековья и Возрождения ♦Венцом античной философии было: Единое Благо, Мировой Ум, Мировая Душа, Космос...

Характерные черты немецкой классической философии 1. Особое понимание роли философии в истории человечества, в развитии мировой культуры. Классические немецкие философы полагали, что философия призвана быть критической совестью культуры, «душой» культуры. 2. Исследовались не только человеческая...

Образование соседних чисел Фрагмент: Программная задача: показать образование числа 4 и числа 3 друг из друга...

Шрифт зодчего Шрифт зодчего состоит из прописных (заглавных), строчных букв и цифр...

Краткая психологическая характеристика возрастных периодов.Первый критический период развития ребенка — период новорожденности Психоаналитики говорят, что это первая травма, которую переживает ребенок, и она настолько сильна, что вся последую­щая жизнь проходит под знаком этой травмы...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.01 сек.) русская версия | украинская версия