Студопедия — Тайыр Жароков
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Тайыр Жароков






(1908-1965)

Қазақтың белгілі ақыны Тайыр Жароков 1908 жылы 26-қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында, Нарын құмының бойында дүниеге келген. Туып-өскен ортасы – кедей шаруа, бірақ қара сөзге шешен, суырып салып өлең айта беретін адамдар болған. Үлкен әкесі – Малтахан, өз әкесі – Жарок, онымен бірге туысқан Ғалым, Сапақ деген кісілер өлең тілімен бірін-бірі қағытып, әзіл-қалжың айтысып отырады екен. Бұл – жас Тайырға әсер етіп, жасынан ол да Сапақтың әзіліне өлеңмен жауап беріп үйренген.

Талапты Тайыр білім жолындағы ізденісін 1920 жылы өз ауылындағы орысша-қазақша мектептен бастайды да, 1923 жылы сол кездегі Қазақстан астанасы Орынборға барып, қазақтың халық ағарту институтында жалғастырады. Онда 1927 жылға дейін оқып, орта мектеп көлемінде білім алады. Содан кейін 1928 жылы Алматыда ашылған қазақтың тұңғыш жоғарғы оқу орны – университетке түседі. Кейін қазақтың Абай атындағы педагогикалық институты болып қайта құрылған бұл оқу орнын 1931 жылы бітіреді.

Тайырдың ақындық жолға түсуі осы институт қабырғасында басталады. 1927 жылдан бастап оның өлеңдері қазақ баспасөзінің бетінде жарық көреді. Институттан соң Жазушылар одағында, баспасөз маңында қызмет істеген Тайыр 1934-1935 жылдары Ленинград қаласындағы тарих, философия және әдебиет институтының (Лифли) аспирантурасында оқиды. Оны 1936 жылы бітіріп қайтқан Тайырдың кейінгі өмірі «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Қазақтың көркем әдебиет баспасы», Жазушылар одағы сияқты шығармашылық өнерге жақын мекемелерде өтеді, оларда біраз уақыт басшылық қызметтерде болады.

Бұл жылдары Тайыр лирика мен эпикалық поэмалар жазған көрнекті ақындар қатарынан орын алады. Үздіксіз іздену, әлемдік классикадан талмай үйрену арқылы ол қазақтың мойны озық, талантты ақындарының тобына кіреді. Қазақтың жаңа әдебиетін 20-60 жылдар аралығында жетілдіріп, толықтыруға айрықша үлес қосады.

«Ақын өз жерінің, өз заманының азаматы. Ол заман проблемасынан тыс қала алмайды», – деген В.Г.Белинский. Кеңес дәуірінде өмір сүрген басқа да қаламгерлер сияқты, Тайыр да өз дәуірінің ақыны болды. Ол да өз заманының шындығын, ондағы өзгерістерді, жаңа адам бойындағы игі қасиеттерді жырлады. Жаңа қоғамның жасалуына өз жырымен қатысты. Жаны таза, адал ойлы ақын өз заманына сенді. Сенгендіктен, беріле жырлады. Сол сенім ақталмаса, бәрі де алдамшы, өткінші болса, оған ол кінәлі емес. Сонымен бірге Тайыр қаламынан туған, заманмен бірге ысырып тастауға келмейтін, туған елін, Отанын, Қазақстанын, оның адамдарын, табиғатын жырлаған азаматтық-патриоттық жырлар мол. Олардан бүгінгі республика келбетінің, оның кешегісі мен бүгінінің, адамдары мен табиғаты байлығының көркем бейнесін тануға әбден болады.

 

Талай ақын сәулетіңді толғаған,

Жыр жұлдызы болдың, Қазақстаным!

Жүректе ел қуанышы ойнаған

Еркін Отан туын бірге ұстадың.

Қай қырыңа, қай шоқыңа шықсам да,

Еркелетіп, мені есімде құшқаның.

Аймағыңның қай шетінде жатсам да

Жырыма арқау болдың, Қазақстаным! –

 

деп келетін елге деген сезімге толы жырлар мен оның байлығын, ел ырысын толғаған («Мұнай», «Теміртау», «Қазыналы Қазақстан», т.б.) өлең жолдары бұған дәлел. Махамбеттің отты жырларынан сусындаған асқақ үнді ақын сөзі шындықты биік пафоспен көтере жырлауымен, суреттерінің жарқындығымен, түйдек-түйдек төгілетін жігерлі өлең жолдарымен ерекшеленеді. Тайыр өз заманының отты ақындарының бірі болды. Оның өлең-поэмаларының пафосы әрқашан биік еді. «Пафос – адам жанында белгілі бір идея туғызып, жалындатқан құштарлық, ол үнемі сол идеяға құлдық ұрады», – деген Белинский сөзінің шындығын Тайыр жырларынан тану қиын емес. Оның жырларын көтеріп тұратын биік сезім құштарлықтан туады. Ол өмірге де, өлеңге де енжар қарай алмады.

 

Тас кескен оғы да оқ, сөзі де оқ.

Жауына болды атылған өзі де оқ.

Бетпе-бет ханмен қарсы қағысқанда,

Оқтай бір атылмаған сөзі де жоқ, –

 

деп келетін «Махамбет туралы аңыз» да осындай биік өлең үлгісі. Ақынның «Ана», «Жастық оты», «Жастық шақ» сияқты өлеңдері анаға деген махаббат пен жастық сезімді әдемі суреттейді. Ол жырлаған табиғат та көркемдігімен, жарқын суреттерімен көз тартады. Қысқы түнде қалтырап тұрғандай елестейтін айды («Тоңған ай») жігітін тосып тоңған қыз (қызын тосқан жігіт емес) бейнесінде алып көрсету, сондай-ақ:

 

Ай астында айнадай

Айдын көлің, Ақманай.

Толқыныңа ай қарап,

Аймалап таң атты арай,

 

- деп келетін «Ақманай» суреттері де әдемі. Ол қыстың, көктемнің, күздің бейнесін жасаған жаңа өлеңдер жазды. Ол Абай жазған жыл мезгілі емес, Тайырдың өз заманының көктемі, қысы, күзі. Әрқайсысы өз қарбалас тіршілігімен, өзіне лайық көркімен жарқын берілген. Ақынның «Кавказ жырларынан» да, «Днепр дәптерінен» де, қырғыз, башқұрт, Мәскеу жырларынан да табиғаттың, ел өмірінің әсем көріністерін табуға болады. «Тау көтерген найзадай, қалт етпестен қақшиып» тұрған Эльбурс та, «Толқыны көшіп бара жатқан» теңіз де, оның «мың бұралып, шегініп кеп бас салатын жолбарыстай, көбігін үстіңе төге салатын» толқындары да, «Суға түскен алтын шұғыладай» теңіз шағалалары да, «Көктен құйылған Қазбектің көз жасындай» Рица көлі де бейнелілігінің ашықтығымен көз алдында қалады.

 

Көрсе көзің тоя ма,

Алматыда түн қызық.

Тұрғандай сәл ауада,

Бір ғажайып үн жүзіп.

Сымдай тартқан арықта

Сыңғыр-сыңғыр су күліп.

Сыйласқан бір қалыпта

Сұлуларды сырды ұғып,

 

- деп келетін «Алматы түні» де қандай тамаша!

Ақын өлеңді ардақтап өтті.

 

Өлең шіркін ұялшақ кейде қыздай,

Кейде қоймас жүректен күйді ағызбай,

Жансыз өлең сезімді суытқандай,

Басылады жүрекке кейде мұздай.

Өлең бірде назданған ғашық жардай,

Бірде лаулап, бірде сұлқ басылғандай.

Бірде бұлтты сөккендей жарқ-жарқ етіп,

Нажағайша қуатын асырғандай.

Өлең кейде сәбидей талпынады.

Кейде ананың жанындай балқымалы.

Кейде долы теңіздің толқынындай,

Мінезі бар тентектің шалқымалы,

 

деп, өлең мінезін айнытпай суреттейді. Оның өлеңі ойымен бағалы. Сол ойын ол өз заманына арнады.

«Ақын мен бұлбұл» өлеңінде осы екеуін салыстырып, ақынның ойшылдығын биік бағалады.

 

Ойды оятар бұлбұл дейді сайрағыш.

Сонда ақыннан болған ба ол ойлағыш.

Бұлбұл – гүлдің, ақын – елдің еркесі,

Ақын болсаң, жан толқыта самғай ұш!

 

Сұлу сазы секілді әсем гүлдің жыр,

Сыр қозғағыш сиқыры бар жырдың бір.

Дүр сілкінте сайрап тұрған сияқты.

Әр ақынның жүрегінде мың бұлбұл.

 

Бұл – Тайырдың ойшыл ақын жайындағы, өлең мен бұлбұл туралы көзқарасы, ой түйіндісі. Бұл да өлең тілімен көркем, әсем бояумен, сиқырымен суретке айналған ой мен жыр туралы ақын сыры.

Әдемі лириктігіне қоса, Тайыр үлкен эпик ақын еді. Оның қаламынан жалпы саны жиырмаға жуық поэмалар туды. Олардың бәрін тізбелемей-ақ, ақынның шығармашылық жолында қадау-қадау тұрған заманына ескерткіш болардай үлгілерін атасақ, еске «Күн тіл қатты» мен «Тасқын», «Жапанды орман жаңғыртты» мен «Қырда туған құрыш», «Құмдағы дауыл» мен «Тасқынға тосқын» поэмалары түседі. «Күн тіл қатты» адамның космосты игеруге арналған талабын алғаш жырлаған шабытты шығарма есебінде бағалы. Әрине, ол кезде, поэма жазылған тұста, космосты игеру деген ұғым болған жоқ. Поэма 1934 жылы стратостатпен 22 мың метр биіктікке көтерілген ұшқыштардың ерлігін негізге алып жазылған. Алайда, ақын қиялы болған оқиға шеңберінен шығып, әлем кеңістігін игерген жаңа адамның асқақ, өр бейнесін жасауға көтеріледі. Ол адамның әлемді, табиғат құбылыстарын өз еркіне бағындыруға ұмтылған жігерлі құдіретін үлкен шабытпен жырлады, өмір фактілерінен туындаған шындықты, қиялмен шарықтата білді. Сондықтан онда реализм мен романтика әдемі үйлесім тапты. Ақынның әлем кеңістігіне көтерілген адамды күнмен тілдестіруінің өзінде жаңа адамның өр тұлғасын ашарлық сыр бар еді. Ол асау күн мен ұшқыш қыран диалогынан айқын көрінеді. Ақын «желді желектей желпіп», «жерді желқомдай жыртып», «бұлтты түбіттей түтіп», «толқынды таспадай тіліп» жатқан миллиондардың ұлы күшін өзіне арқа тұтты. Поэманы қайта оқи отырып, бүгін біз ақынның болжағыш сезімінің алданбағанын көреміз. Юрий Гагарин космосқа ұшқан күні ақын жаңа өлең жазып:

 

Ширек ғасыр бұрын мен

Өзгеше бір үніммен

«Күн тіл қатты» деп жазсам,

Қайталап айтам бүгін мен,

 

– деп алғашқы поэмасын еске алды.

Табиғатты игеріп, сол арқылы оның байлығын адам игілігіне жарату жолындағы сол кездегі қажырлы еңбек Тайырдың қуатты жырларына нәр берген тақырып болды. Мұның бір мысалын біз «Жапанды орман жаңғыртты» поэмасынан да көреміз. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру, өркендету жоспарында қуаңшылыққа қарсы күресу, шөл далаға су әкелу, орман алқаптарын егу сияқты шаралар да бар болатын. Ақын осы идеядан нәр алып, Нарын құмы аудандарында егілген жаңа орман фактілерінен қуаттанды. Сол арқылы адам еңбегінің ұлы күшін мадақтайды. Даланың қуаң табиғаты мен жайқалған орманды өз өлкесінің салыстырма суреттері арқылы ашып, заман шындығын көркем бейнеге көтереді. «Орманның генералындай қасқая қарап тұрған емен» сол табиғатты жаңғырту идеясына қойылған ескерткіш сияқты елестейді.

Заманның тарихи шындығына сүйену, соны сол қалпында ала салмай, ақын қиялынан өткізе отырып, сол дәуірдің бейнесін биік көркемдікке жеткізе ашу Тайырдың реализмге беріктігін айқын танытады. Ол қай тақырыпты жырласа да, тарих шындығына жүгінеді, тарихи фактіге сүйенеді. Осы тұрғыдан оны заман тарихшысы деп атауға әбден болады. Тарихи оқиғаларды осылай қорыту мен көркемдік жинақтау шеберлігін ақын «Құмдағы дауыл» атты әдемі поэмасында да, «Қырда туған құрышта» да таныта білді. Алғашқы поэма Батыс Қазақстанда, Нарын құмы бойында өткен революция оқиғалары мен оның жетекшісі, қазақтың батыр ұлы Бисен (Поэмада Бейсекеш) Жәнікешев туралы ақындық толғау мен дәуірдің қайшылықты оқиғаларын драматизм арқылы эпикалық кеңдікпен бейнелеген туынды болса, «Қырда туған құрыш» поэмасында бұрынғы марғау далада Қазақстан магниткасы сияқты алып өндірістің ашылуы, кешегі қойшы қазақтың ұрпағы Алтынбек Дәрібаевтың (поэмада Темірбек) құрыш құюшы мамандығын игеруі суреттеледі. Осы арқылы ақын өзгерген Қазақстанды, өскен замандастарын мақтан тұтты, жырға қосты.

Тайырдың эпикалық туындылары ішінде «Тасқын», «Тасқынға тосқын» атты поэмаларының да орны ерекше. Алғашқы поэмасын ол отызыншы жылдары жазған еді. Оған 1921 жылғы Алматыда өткен тасқын оқиғаларын негіз етіп, сонда ата-анасы қаза тауып, жетім қалған Жамал мен Қайсардың жаңа заманның қамқорлығы арқасында оқып, адам болғанын суреттейді. Поэма сюжетіне 1937 жылдың оқиғаларын кіріктіріп, автор жаңа өсіп келе жатқан жас мамандарға қастандық ойлаған «халық жауы» Ордабаевты «әшкерелейді». Бұл сияқты жасанды тартысы болмаса, поэма жаңа адамдардың өсу жолын әп-әдемі бейнелеген шығарма болып қалар еді. Онда Алматы табиғаты, тасқын суреті, адамның ой-сезімін ашатын, ақынның суреткерлігін танытатын жолдар мол. Ал, «Тасқынға тосқынды» Тайыр партияның ХХ съезінен кейін, жеке адамға табыну фактілері сыналғаннан соң жазды. Онда Ордабаевтың артынан өзі де «халық жауы» атанып, жазықсыз жер ауған Қайсардың елге қайтып оралуы, оның орындалмай қалған арманын іске асырып, Алматыдағы «Тұйық су» тасқынының жолын бөгеуге қатысуы сөз болады. Сол жылдары Есік өзенінде болған тасқын суреттерін бере отырып, ақын «тасқынға тосқын» қойған жаңа адамдардың отаншылдық еңбегін жырлайды. Қайсардың осы жолдағы ісін жас құрылысшы Арман жалғастырады. Жазықсыз қуғынға ұшыраған Қайсардың қоғам дамуының қайшылықты сырлары жайлы толғамдары мен Отанын көркейту жолындағы ой-сезімдері оның бейнесін жап-жақсы ашуға көмектескен.

Тайыр поэмаларының елеулі табысы – олардың тарихи-әлеуметтік, тақырыптық маңызында ғана емес, көркемдік шешімінде. Олардағы оқиғалар нақты, образдары жарқын келеді де, ақындық суреттері мен бейнелеулер әдемі үйлесім табады. Шындықты асқақ үнмен, заманына деген ризашылық сезіммен көрсеткен ақын жігерлі өлең мен суреттерді түйдек-түйдегімен төгіп, көз алдыңа жайып тастайды. Ой мен образдың, бейнелі сөздің жымдасқан қосындысы ақынның өзі құйған құрыштай әсер қалдырады.

Мұның бәрі Тайырдың біздің заманымыздың үлкен, ірі ақыны болғанын көрсетеді. Ол өлеңді зор дауыспен, шабытпен оқитын. Бұл Тайыр өлеңінің екпін күші, тегеуріні болатын. Ол Махамбет жырларынан сусындады. Махамбет жырларының жарқылдаған алмастай көпқырлылығы, өткірлігі, қайраттылығы, қызу үнділігі Тайырдан мол табылады.

Қазақ өлеңіне 40 жылға жуық еңбек сіңірген Тайыр оны тың бояулармен көркейтті. Оның қаламынан отыздан артық кітап туды. Оның ішінде кешегі заманмен бірге кеткен өткіншілері де бар. Ал, тұтастай алғанда, ол – өмір сүрген қоғамның белсенді жыршысы болды. Оның өлең-поэмалары отызыншы жылдардан бастап орыс тіліне аударылып, орыс оқырмандарына, сол арқылы басқа да халықтарға кең танылды. Ақын өзі сол халықтар ақындарының шығармаларын қазақ тіліне аударылып, қазақтың рухани өмірін байытуға, өзінің ақындық ізденісін жетілдіруге мол қызмет етті. Тайыр аудармалары арқылы қазақтар Пушкин мен Лермонтовтың, Некрасов пен Маяковскийдің, Шота Руставели мен Шевченко жырларын оқуға мүмкіндік алды. Ол прозаға, драматургияға да аздап қалам сілтеп көрді. Бірақ өзін ең алдымен ақын сезінген Тайыр поэзиямен бірге қалды. Қырық жыл бойы оны үздіксіз ұштап, жалықпай, ерінбей ізденіп, жетілдірді.

Тайыр өмірден тым ерте озды. Небәрі 57-ақ жыл жасады. Өлгенше өлең жазды. Сондай бір өлеңінде:

 

Адамзат өсіп-өніп, түрге енеді,

Ағаш та көктем түсе бүрленеді.

Аяймын тек азғана өмір сүріп,

Гүл неге, семер болса, гүлденеді? –

 

депті. Күні таяп келе жатқанын сезген болар, ол өлеңін ажалдан қорғауға ұмтылды.

Қолымда болса менің, мың ажалға,

Бермес ем жақсы жазған бір өлеңді, –

 

деп жазды.

 

Бұзар ем ерік берсең тәртібіңді,

Өшіріп өлім атты неменеңді, –

 

деп ажалға айбат шекті. Алайда ажал дегенін істеді. Бірақ ақынның тегеурінді үнін өшіре алған жоқ. Тайыр әрқашан халқымен бірге жасайды.

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 3019. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Картограммы и картодиаграммы Картограммы и картодиаграммы применяются для изображения географической характеристики изучаемых явлений...

Практические расчеты на срез и смятие При изучении темы обратите внимание на основные расчетные предпосылки и условности расчета...

Функция спроса населения на данный товар Функция спроса населения на данный товар: Qd=7-Р. Функция предложения: Qs= -5+2Р,где...

Аальтернативная стоимость. Кривая производственных возможностей В экономике Буридании есть 100 ед. труда с производительностью 4 м ткани или 2 кг мяса...

Роль органов чувств в ориентировке слепых Процесс ориентации протекает на основе совместной, интегративной деятельности сохранных анализаторов, каждый из которых при определенных объективных условиях может выступать как ведущий...

Лечебно-охранительный режим, его элементы и значение.   Терапевтическое воздействие на пациента подразумевает не только использование всех видов лечения, но и применение лечебно-охранительного режима – соблюдение условий поведения, способствующих выздоровлению...

Тема: Кинематика поступательного и вращательного движения. 1. Твердое тело начинает вращаться вокруг оси Z с угловой скоростью, проекция которой изменяется со временем 1. Твердое тело начинает вращаться вокруг оси Z с угловой скоростью...

Меры безопасности при обращении с оружием и боеприпасами 64. Получение (сдача) оружия и боеприпасов для проведения стрельб осуществляется в установленном порядке[1]. 65. Безопасность при проведении стрельб обеспечивается...

Весы настольные циферблатные Весы настольные циферблатные РН-10Ц13 (рис.3.1) выпускаются с наибольшими пределами взвешивания 2...

Хронометражно-табличная методика определения суточного расхода энергии студента Цель: познакомиться с хронометражно-табличным методом опреде­ления суточного расхода энергии...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.012 сек.) русская версия | украинская версия