Студопедия — Марова Шәрбану
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Марова Шәрбану






(1936 жылы туған)

Қазақ прозашысы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (1999), «Құрмет» орденінің иегері Шәрбану Құмарова 1936 жылы, 13-мамырда Алматы облысының Есік қаласында туған. 1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тіл-әдебиеті факультетін бітірген.

«Мәдениет және тұрмыс» («Парасат»), «Қазақстан әйелдері» журналдарына қызмет еткен.

1961 жылы шыққан «Қыз сыры» атты тұңғыш әңгімелер жинағынан бастап, «Терезелер», «Қос шынар», «Сәуірдің ақ таңы», «Қазбауыр бұлттар», «Қызыл қайың», «Өмірім менің – өнерім», «Әйел шырағы», «Жердің тұзы», «Құлжа жолы», «Сезім патшалығы» атты прозалық шығармалармен қатар бірсыпыра драмалық туындылар берді. Оның «Кімнің тойы», «Бір бойдақтың хикаясы», «Қара сандық», «Күләш-Шара» сынды туындылары қазақ театрларымен бірге басқа да халықтардың театрларының репартуарынан орын алды.

«Терезелер» атты жинағына енген әңгімелерінде замандастары жайында сыр шерткен жазушының негізгі кейіпкерлері – болашаққа батыл қадам жасаған озық ойлы, өршіл рухты Кеңес жастары болса, «Қос шынар» жинағынан ауылдың әсем суретімен бірге еңбек адамдарының жан сұлулығын көруге болады. Автордың қыз-келіншектердің сезім сырларын ашу жолындағы ізденістері оның психологизмді игергенін байқатты. «Замандастар» жинағының негізгі кейіпкерлері де – еңбекшілер. Күрішші, шопан, ғалым, композитор және тағы басқа маман иелері туралы әңгімелер жастардың болашақ мамандығын таңдауға өз септігін тигізері даусыз.

«Көк жұлдыз», «Самал», «Сәуірдің ақ таңы», «Ең сұлу қыз», «Сергелдең», «Бастық», «Ауылнай әкеңнің баласы», «Әуеде ұшқан көкқұтан», «Қызыл қайың» атты повестеріне адамгершілік, махаббат, отбасы мәселелері арқау болса, «Жердің тұзы» атты үш таған повесінде автор қилы-қилы үш кезең оқиғасын арқау еткен. Ләззат, Нұрсұлу, Кенжегүл сынды кейіпкерлердің тақсіретті тағдыры арқылы 1937 жылдың нәубеті ашылса, Айбану, Айна, Сұңғат кешкен өмір өткелдерінен кешегі сұм соғыстың ызғары еседі. «Жыңғыл бүр жарғанда» повесі кешегі тоқырау кезеңінің көріністері – адам жанының рухани жағынан жұтаңдауын, ойдың таяздануын, дүниеқоңыздық пен табансыздық секілді жат қылықтардың бой алуын ар талқысына салатын көркем туынды.

«Қазбауыр бұлттар» жинағына енген «Сәуірдің ақ таңы», «Биші», «Көк жұлдыз» повестері мен «Келін боп түскен жылы», «Хатшы», «Бозқырау», «Адамға адам керек» әңгімелерінде бүгінгі замандастардың жан дүниесін әр қырынан бейнелей отырып, олардың тұрмыс-тіршілігі, мұрат-мүддесі хақында өрнекті ой түйеді. Жинаққа енген «Ханым қыз» атты роман-толғау оның бұл уақытқа дейін жазып жүрген әйел-ана, отбасы, махаббат туралы шығармаларының жиынтығы десе де болғандай. Себебі, жазушы бұл шығармасына өзі өмірден көрген жайттардан түйін жасауға тырысқан. «Махаббатта да майдандағы сияқты әркімнің өз тағдыры бар» деген Теодор Драйзердің пікірін негізге ала отырып, махаббат туралы сыр шертеді. Жазушы бір-біріне ғашық болған Ұлан мен Кербез сынды екі балғын оқиғасы арқылы сонау ХХ ғасыр басындағы кезеңді көз алдыға келтіреді. Хиуаның қызы Кербез бен 1918 жылы әкесінен бір жасында қалған Керімбаланың ұлы Ұланның бір-бірін жоғалтып алған бауырлардың табысуына септігі тиеді. Жазушы Мырзатай мен Ақжолтай, Кербез бен Сәлімгерей, Бұхарбай мен Мәнтай, Қамқанай мен Әмірәлі, Қамқанай мен Ораз линиялары арқылы махаббаттың тылсым сырларынан сыр шертеді. Арғы-бергі тарихқа шолу жасаған автор кеше мен бүгінді салыстыра отырып, ой түйеді. Жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы нәубетті еске ала отырып, сол жылдардың салған жарасын нақты мысалдармен тұжырымдайды. Мәселен, отызыншы жылдардың құрбаны болған Дулаттың артында қалған балаларының араға көп жыл салып кездесуі – кешегі қуғын-сүргін жылдарының зардабын аңғартса, соғыс жылдарының салған жан жарасы да бірнеше ұрпаққа әсерін тигізіп баққаны рас. Ал, роман басындағы Мырзатайдың жұбайы Ақжолтайды бір қызымен тастап кетуі өмірге деген салғырттықты, жауапсыздықты аңғартса, Қамқанайдың құдай қосқан жарының өмірден ерте озуы адам бар жерде өлім бар екенін еске салады. Ақжолтай кешегі қырыққа жетпей кемпір болған жандардың жиынтық бейнесі болса, одан туған Қамқанай тағдыр тәлкегіне ұшырап денсаулығынан айрылған ана. Ал, Қамқанайдың қызы Гүлқадиша – нәубет жылдарының қуғын-сүргінін көрмеген, соғыстың зардабын тартпаған бүгінгі заман жастарының жиынтық бейнесі. Олардың басынан өткен оқиғалардан жазушы мынадай тұжырым жасайды: «Күйеуі тастаған әйелдің қайғысын ол көрген – онысы Ақжолтай. Ал күйеуі өлгеннің күйігі одан да қиын ба деп қалды: біріншісі – ұзақ та жіңішке ауру сияқты, ішті үңгіп өле-өлгенше жеп тынатын; екіншісі – бір-ақ әкететін опат ауру секілді». Жазушы осылайша әйелдердің жан сырын түсініп қана қоймай, оны көркем деп жеткізе білді.

«Әйел шырағы» атты романда автор әйел бақыты не деген сауалға жауап беруге тырысқан. Оны екі-үш кейіпкер бойындағы ерекшелік пен олардың тағдыр тауқыметі арқылы аша білген. Тек әйел-ана ғана сезінер шынайы сезім иірімдері шығармада әдемі өріліп отырады. Әйел затына ғана тән махаббат атты ынтық та ыстық сезім шарпуын жеткізуде автор жетістікке жеткен. Нәзік сезім иелері бойындағы сырлы да сыршыл сезімдерге үңілу, әйел жазушылардың ғана қолынан келер артықшылық болса керек. Романның негізгі жетістігі де – оның сыршылдығы мен сыншылдығында. Автор тек әйел затына ғана тән физиологиялық өзгерістер мен адам жанындағы тебіреністерге жан бітіре білген. Шығарманың үлкен табысы – оның лиризмі. Бұл – жазушының нәзік көңіл-күйімен, сезім әсерімен суарылған эпикалық шығарма.

Ш.Құмарова «әйел бақыты неде?» деген сауалға бір-біріне кереғар бейнелерді қатар ала отырып, жауап бере білген. Әйел бақыты – нәресте сүйіп ана болу, шаңырақтың шайқалмауын, береке-бірлікті сақтау екендігін Торта, Ақтеңге, Шамшынұр, Пәризат бейнелері арқылы бейнелеген. Торта – өмірден көргені көп, балаларының ынтымағын, отбасының берекесін ойлаған ана. Ол – баласы Алмастың сөзін қимай, өзінің қара орманын тастап, қартайғанда қалаға келіп, сырласар абысын-ажынын сағынған кейуана. Шамшынұр – үйі де, күйі де болғанымен, бір перзентке зар әйел. Ақтеңге – қолда барын бағалай білмеген, отбасының берекесін қызғаншақтықпен, көрсеқызарлықпен кетірген, бір сәттік сезім үшін бар бақытынан айрылған берекесіз пенде. Пәризат – өмір атты теңізден жиғаны мен тергені көп, сезімді ақылға билеткен саналы да сабырлы, көпті көрген, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйреніп өскен жан. Әйел затының көрер бақыты да жақұты да бала екендігін автор роман соңында Пәризаттың толғатуымен нақтылай түскен.

«Шылым» атты алғашқы әңгімелерінен бастап ана туралы сыр шерткен жазушы қырқыншы жылғы келіншектердің қасіретті тағдырын бар шығармасына арқау етті деп айтуға да болады. Соның нақты мысалы – «Ханым күз» роман-толғауы. Бұл – алғашқы әңгімелерінен бастап кейінгі жылдары жазылған үлкенді-кішілі шығармаларына арқау болған ана туралы оқиғалардың заңды жалғасы. Романның негізгі идеясы жазушының оқырманмен сырласқан толғауынан-ақ аңғарылады. «Қырыққа келмей жатып, қартайған апам туралы айтпақпын сіздерге. Иә, қырыққа келмеген кемпірлер туралы. Әйел қасіретін әйел түсінбегенде, кім түсінер. Менің апам қырыққа келмей, қартайса, ал біз қырыққа келсек те, өз жасымыздан жастау көрінеміз бе?... Апамды уақыт қартайтты. Біз де... жоқ, біз қайта жасаңғырап барамыз, ал біздің аналарымыз біздің жасымызда қандай кәрі еді!», – деп толғанған автор сол бір алапат жылдарға шегініс жасайды. Иә, бүгінгі қырқында қылшылдап тұрған келіншектерді көріп жүрген жандар қырқында кемпір болғандардың қандай болғанын қайдан білсін? Осылайша, оқырманға үлкен ой салумен басталған роман оқиғасы сонау қырқыншы жылдарға барып тіреледі. Осындағы «Қойныңа алмадың» – деп, талай қыз-келіншекті сабаған Әли де, Солтүстік Кавказдан Қазақстанға эвакуацияланған Әзиз де, анасы шейіт болған жас нәрестені бауырына басқан Омекең де, тағдыр тауқіметін тартқан Ақжолтай да сол тұстағы типтік бейнелер. Жазушы қазақ романын мазмұнымен ғана емес, түрі жағынан да байытты. Роман-толғау арқылы өзінің өмір жайындағы түйіндерін жеткізе білген ол «Адал еңбек бәрін де жеңбек» деген тұжырым жасайды.

Жазушы «Сезім патшалығы» атты романында махаббат тақырыбына және оралды. Ол махаббаттың ешқандай заңға бағынбайтын өз алдына бір патшалық екенін, тіпті ақыл-парасаттың өзі оны тежей алмайтынын негізгі кейіпкерлер бойына жинақтай білген. Оны араларында жиырма үш жас айырмашылық бар Гүлмира мен Жәнібектің арасындағы махаббаттан көруге болады.

Ш.Құмарова шығармаларының негізгі ерекшелігі ауыл өмірінің әсем бейнесін жасаудан, еңбек адамдарының жан сұлулығын бейнелеуден, қыз-келіншектердің қат-қабат сезім сырларын ашудан байқалады. Сондықтан да оның ұсақ әңгімелерінен бастап, кеңқұлашты эпикалық романдарына адамгершілік, махаббат, отбасы, еңбек мәселелері арқау болған.

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 1610. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Картограммы и картодиаграммы Картограммы и картодиаграммы применяются для изображения географической характеристики изучаемых явлений...

Практические расчеты на срез и смятие При изучении темы обратите внимание на основные расчетные предпосылки и условности расчета...

Функция спроса населения на данный товар Функция спроса населения на данный товар: Qd=7-Р. Функция предложения: Qs= -5+2Р,где...

Аальтернативная стоимость. Кривая производственных возможностей В экономике Буридании есть 100 ед. труда с производительностью 4 м ткани или 2 кг мяса...

Особенности массовой коммуникации Развитие средств связи и информации привело к возникновению явления массовой коммуникации...

Тема: Изучение приспособленности организмов к среде обитания Цель:выяснить механизм образования приспособлений к среде обитания и их относительный характер, сделать вывод о том, что приспособленность – результат действия естественного отбора...

Тема: Изучение фенотипов местных сортов растений Цель: расширить знания о задачах современной селекции. Оборудование:пакетики семян различных сортов томатов...

В теории государства и права выделяют два пути возникновения государства: восточный и западный Восточный путь возникновения государства представляет собой плавный переход, перерастание первобытного общества в государство...

Закон Гука при растяжении и сжатии   Напряжения и деформации при растяжении и сжатии связаны между собой зависимостью, которая называется законом Гука, по имени установившего этот закон английского физика Роберта Гука в 1678 году...

Характерные черты официально-делового стиля Наиболее характерными чертами официально-делового стиля являются: • лаконичность...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.013 сек.) русская версия | украинская версия