Студопедия — Мырзабеков Кеңшілік
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Мырзабеков Кеңшілік






(1946-1989 жж.)

Кеңшілік Мырзабеков 1946 жылы 6-маусымда Торғай облысы қазіргі Қостанай облысы) Жангелдин ауданының Ақшығанақ ауылында (қазіргі Жәнібек тархан ауылы) дүниеге келген. 1964 жылы Ақшығанақ ауылындағы С.М.Киров атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін туған ауылында еңбек жолын бастады. Оның қаламынан туған тырнақалды өлеңдері мен мақалалары мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ аудандық газеттерде жариялана бастайды.

Өзінің жазушылық және журналистік өмір жолын 1966 жылы Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газетінде әдеби қызметкер болып бастады. 1967 жылы шілдеден бастап республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде жұмысқа ауысады. Оның өлеңдерінің «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінде және басқа республикалық газет-журналдарда үзбей жарияланып тұрады. Ал 1969 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан жас ақындардың жинағына топтама өлеңдері енді.

1976 жылы С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) Қазақтың Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, кәсіби маман болып шыққан ол қазақ әдебиеті мен журналистикасына көп еңбек сіңірді.

1969-1970 жылдары «Жаңа фильм» журналында әдеби қызметкер, 1971-1986 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде тілші болып қызмет атқарады. 1983 жылы «Жазушы» баспасының аударма бөлімінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарды, сол жылдың қараша айында «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысты. 1988 жылдың мамыр айынан 1989 жылдың 30-қаңтарына дейін, яғни, өмірінің соңғы күніне дейін «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

Баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары үшін «Қазақ әдебиеті» (1986), «Жетісу» (1987) газеттері байқауларының лауреаты, жеңімпазы атанып, Құрмет грамотасымен наградталды. 1987 жылы «Балалық шақ балладалары» атты жинағы үшін Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.

Қазақ поэзиясына жетпісінші жылдары келген – Кеңшілік Мырзабековтің қаламынан туған «Іңкәр дүние» (1972), «Дүбірлі дәурен» (1976), «Көктем көкжиегі» (1978), «Революция перзенттері» (1980), «Сәруар» (1980), «Замандас сыры» (1982), «Ауыл мен астана» (1984), «Қасиетті қас-қағым» (1985), «Балалық шақ балладалары» (1986), «Дәуір дастан» (1988), «Жолға салдым көшімді» (2002), «Менің мұңым – махаббат» (2003) атты жыр жинақтары мен «Тың туралы толғау» (1987) очерктер жинағы ұлттық әдебиеттің қоржынына келіп қосылды.

Сонымен бірге ол орыс ақыны Евгений Евтушенконың «Менің шешем және нейтрон бомбасы», «Фуку» атты көлемді поэмаларын қазақ тілінде сөйлетті, бұл аудармалар ақын қайтыс болған, соң 1989 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді.

«Іңкәр дүние» атты тұңғыш жинағына енген «Аманкелді қабірі», «Әкемді сағынамын», «Апа, сен қартайма», «Шалғында», «Балта», «Анар» сияқты өлеңдерінде шағын детальға көп мағына сыйғыза білетіндігін байқатты. «Анардағы» «Дар ете түсті әлдене, Күн қаққан жағаң нәтінде...» деген жолдардағы тозығы жеткен көйлектен соғыстан кейінгі жылдардағы халықтың әлеуметтік жағдайының титықтап тұрғанын танысақ, «Апа, сен қартаймадағы» «Тағдырдың көрдің тәйкесін, Бүгін де көрдің, шігін де» деген жолдардан асық ойнақ өскен баланың дерексізді деректі затпен образды бейнелеуі байқалады. Поэзиядағы алғаш қадамының өзінде туған жерін «Шоқысын сонау күн сүйіп, «Қарсақ» шың маңғаз – бір Талғар. Қарт «Қараой» жатыр күрсініп, Тәтті ойлар баурап бұл таңдар» деп жырға қосқан ақын бейнелі образ жасай алатындығын танытты. Ақын шығармасынан табиғат лирикасы үлкен орын алады. Оның табиғат лирикасына тән бір ерекшелік – табиғатқа жан бітіруі. Оның «Шалғында шашырап жылаған Жетім шық та жоқ. Бейбіт бір күнге Сүйінші сұраған баладай, Сәскеде сағым жүгірді, Сіңірдей созылған қайың, қарағай...», «Бір найзағай келе жатты тұтанып, Көк аспанның көк етін бір жыртуға...», «Жазыққа тіреп табанын Шымырлап ағар толқыны...» деген жолдардағы «жылаған шық», «жүгірген сағым», «сіңірі созылған қарағай, қайың» ақынның кейіптеуді ғана емес, образды сурет жасаудың шебері екендігін де байқатады. Алғашқы жинағына енген:

 

Сағымды көкжиекке дала күрмеп,

Жапырақ жанданады самал үрлеп.

Жапырақ шайқалған саусағымен

Шертеді шабытымның шанағын кеп,

 

– деген шумақтарының өзі-ақ оның болашағынан мол үміт күттірді. Осындағы шабыты келгенде ақтарылатын ақынды шанағынан күй төгілетін домбырамен салыстыра суреттеу арқылы этнографияға ерекше мән берген жас ақынның кейінгі жылдары жазылған шығармаларының бәрінің дерлік ұлттық бояуы қанық.

Ақын шығармаларының ішінен махаббат лирикасын ерекше атауға болады. Осы топтағы жырларының ішінен ақынның балғын шағынан хабар беретін «Анарда», «Бар ма екен сенің есіңде, Балқаймақ күндер шайқаусыз» деген жолдарға ақын Анарға деген ынтық та ыстық, кіршіксіз пәк сезімін сыйғызса, енді бірде Мағжан ақынша:

 

Сонда да сүйем,

Сонда да сүйе беремін.

Бәріңді сүйем...

Бәріңді иеленемін.

Сүйе беремін,

Сүйе де сүйе шаршасам,

Махаббатыма маңдайымды сүйеп өлемін,

 

– деп, сезім күйіне ерік береді. Он алты жасар ақынның махаббат туралы «Алқынған жүрек сырын сеземісің, Махаббат мазағына төземісің? Әлде сен жүрегімді жүйкелетіп, Жат кеуде жалтырында жүземісің?» деген жолдарының өзі-ақ оның қазақ поэзиясындағы махаббат лирикасын бір саты биікке көтеріп тастағанына мысал.

Қазақ поэзиясындағы азаматтық лириканы ақын шығармалары да толықтырады. Қазан төңкерісі, Отан, партия, ел мен тарихтың тағдыры, тың жерді игеру, табиғат экологиясы туралы өлеңдері ақынның шабытына шабыт қосты. «Отаныңа қызмет ет!», «Боз бие», «Киіз үй», «Прометей», «Өзен», т.б. азаматтық лириканың жақсы үлгілері. Туған жер мен Отанын бәрінен жоғары қоя білген ақын «Туған жерді мен сияқты түк қалдырмай арала, Бара алмасаң, бармай-ақ қой, мен бармадым шетелге» деп ұрпағын өз туған жерін қадірлей білуге үндейді. «Отаныңа қызмет ет!» дейтін ақынның патриоттық рухтағы лирикалық жырлары болашақ ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге қызмет етеді. Тың туралы ойын автор боз биенің «Қара оттың өті жарылды ғой деп келгенде, Тілімізді бір тұншықтырмағаны қалай бұл?..» деген сөзімен шебер жеткізген. «Аударылып қалған тың жерге Ащы көденің шықпай қалуы» мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы үшін трагедияның бастауы екендігін ақын осылайша емеурінмен байқатты.

Ақынның шағын оқиғаға құрылған «Құмдағы аршалар», «Тал бесік туралы баллада», «Ақ көйлек», «Төлеутайдың төрт қызы», «Ұя», «Боз бие», «Көшу», «Тай бәйге», «Анар», «Туысқан туралы баллада», «Әубәкір туралы эллегия», «Мұхтар мен Қаныш», «Жамбыл мен Мұхтар», «Мұхтар мен Күләш», т.б. қазақ поэзиясындағы баллада жанрына қосылған елеулі үлес. Қазақ ауылдарының шынайы қалпын, бар болмысын көз алдымыға елестеткен ақын қазақ көшін:

 

Қол созым қоға көлдер құстар қонған –

Күршектің күпшегіндей ысталмаған.

Жағадан апыл-құпыл көшкенде ауыл,

Омырауы алқа-салқа қыстау қалған,

 

– деп, жанды суретке түсіріп жырлайды. Бұл сурет өзіне дейінгі қазақ көштерінің бірін де қайталамайтындығы анық.

Ұлы Отан соғысына ер азаматтар түгел аттанғанда бар жұмыстың жесірлер мен жетімдерге қарап қалғаны, қаршадай балалардың жұмысқа ерте жегілгені, ел өмірінің ауыр тұрмысы, майданға кеткен жарлары мен ағаларының жолын тосқан жесірлер мен жетімдер, ұрпақсыз қалған қариялар тағдыры сынды кешегі қазақ ауылының жанды бейнесін жасаған ақын жеке кейіпкерлерін типтік деңгейге көтере білді. Ақын «Күйеулерім соғысқа Берді, берсе аяқ-қолын – намыс па? Ал әйтпесе жігіттердің сұлтаны» деген Төлеутайдың сөзі арқылы қол шолақ, аяқ молақ, не ақсақ сынды жарымжандардың қолын не аяғын Отан үшін бергендігін мақтан етеді. «Әубәкір туралы элегиясының» «Ер-тұрман жасап, тарамыс тартып, таспа өріп, сырға соғатын», «Кереге көктеп, уық пен шаңырақ қашайтын», ою ойып, өрнек салатын ісмер де шебер ұстаның артынан көрігін ұстайтын перзентінің болмай, құсауызы мен қышқашының әр үйде қалуы – ескіге топырақ шашқан кеңестік дәуірдің ұлттық этнографиямызды керексіз етуін ойға түсірері де даусыз. «Ақ көйлектегі» «Жамауы да жоқ, жасауы да жоқ құраусыз» көйлек киген балғынның шексіз қуанышынан елдің соғыстан кейін, ұзақ уақыттан соң есін жиғанын байқауға болады. Оның «Айтсын ұрпақ атынан» деген фрагментіндегі бес жыл бойы қайғы мен қан жұтқан халықтың жаны сірі екендігін, әкесіз ұлдардың дүниеге келгендігін, соғыстан тек жарымжандардың қайтқандығын, «жүдеу иін, жыртық иық жамиғаттың» мойнына соғыстың салған күйігі мен жарасын нақты мысалдармен көрсете отырып:

 

Біз – сол ұрпақ өртеңге өскен көк құрақ,

Соғыс көрмей, көргеніміз көп бірақ.

Зіл-заласы соңындағы соғыстың

Санамызға батты біздің қаттырақ,

 

– деп ұрпақ атынан сөйлейді.

Жоғарыда аталған балладалардың бәріне ортақ жетістік – ұлттық бояуының қанықтығы. Қазақтың салт-дәстүрін жақсы білген ақын кейіпкерлерінің бәрі де ұлттық мақам мен қазақи сөз саптасымен ерекшеленеді. Сондықтан да оның шығармаларының бірқатарын этнографиялық жырлары қамтиды.

Кеңшілік қазақ поэзиясын соны образбен, тың тіркеспен түрлендірген ақын оның «Табаның басып тұрды ма, қапшықпен апаң қи терген, Кебісі тозған үйкелген, үр жаңа жап-жас қырды да» немесе «Қос ұл қайда, қараға қосып ең ғой, Бөліп беріп текемет, алашаңды», «Қазаннан қаспақ қырған қара кемпір», т.б. жолдарынан қазақы болмыс аңғарылса, оның қаламынан туған тіркестер ұлттық бояуының қанық екендігін танытады. «Омырауы алқа-салқа қыстауы», «тулақтай кепкен топырағы», «жонынан жаздай алған таспасы», «тарақ табанды тракторы», «қызылшақа қиялы», «сынық айы», «төбенің түбіт көдесі», «сыбызғыдай сидиған сары қамысы», «ақ шаңдай артта шұбап қалған жылдары», «жауыр болған қыры», «көк аспанның көк еті», «бұйдасыз бұлты», «сіңірдей созылған қайың, қарағайы», «сүт аспаны», «өруге жүрген елігі», «тұлымын күн сүйуі», «тұсауын жел кесуі», «арда жердің иіуі» сынды тіркестерінің бәрі де ұлттық нақышты айшықтайтын образды теңеулер мен кейіптеулер. Кеңшілік қазақ поэзиясын мазмұн жағынан ғана емес, жаңа образдармен де толықтырды.

Шағын өлеңдерін оқиғаға құра білген кең құлашты эпикалық поэмалар да жазды. Оның «Біржан сал. Қоянды жәрмеңкесі», «Иманжүсіп», «Дүние дәнекерлері», «Дәуір – дастан», «Дүрбелең», «Сарыөзек сағыныш», «ФЗО-ға кеткен жеңешем» поэмалары – қазақ халқының тарихынан сыр шертетін дүниелер. Ақын Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ тарихын Біржан сал, Аманкелді, Иманжүсіп сынды тарихи тұлғалардың қайраткерлігімен, күрескерлігімен сабақтастыра отырып, төңкерістен кейінгі күнді ұрпақ жалғастымен байланыстыра білген. Біржан сал мен Иманжүсіп туралы поэмаларында ақын олар туралы өзіне дейін жазылғандардың ешқайсысын қайталамай, өзінше өрнек салды. Авторлық ұстанымын Иманжүсіптің «Сөзім азат, өзім азат» деген сөзіне сыйғыза отырып, сұлулыққа жаны құмар ақын өнер адамдарының қиын тағдырларын шебер бейнелеу арқылы зұлымдық атаулыға лағнет айтса, Торғай топырағынан туған ақын жырларының бірсыпырасы Аманкелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс сарбаздарының ерен ерлігін жырлауға арналған. Боздақтары азаттық үшін күрескен Торғай өлкесіне тың игеру жылдары түрен түсуі де ақын поэзиясынан орын алған. Тарихи оқиғаға құрылған шығармалардағы соғыс трагедиясы, таныс, бейтаныс кейіпкерлердің тағдыры ащы болса да өмір шындығы еді. Өмірді ешқандай боямасыз шынайы қалпында бейнелеген ақын қазақ өмірінен үлкен орын алған соғыстан кейінгі сүрең де сұрғылт жылдардың бар сыры мен мұңын «Жеңгесінің жәудіреген көзіне» сыйғызса, олардың ердің жүгін көтерген ерен еңбегін «Бір әскер қолдай сезіледі оның біреуі» деген бір тармақпен жеткізген. Сонымен бірге ол «Отаудан» «Отанды» биік қоя білді.

 

Сені ме сені, сені ме сені,

сенбеймін саған, сұм жалған,

Бір күні мені жалғыз тамшыдай –

жылт еткізесің жылғаңнан.

Сені ме сені, сені ме сені,

сенбеймін саған, сұм жалған,

Білемін, білем,

бір күні мені таралған шөптей

тастай саласың тырмаңнан,

 

– дейтін ақын өмір мен өлім туралы да философиялық ойлар ұсынды.

Кез келген ақынның өз заманының өмір шындығын жырлайтыны секілді Кеңшіліктің де негізгі кейіпкерлері – соғыстан кейінгі жылдардағы ашқұрсақ балалар мен қайғының қамытын киіп тұрмыстың ауыр тақсіретін көтерген жандар. «Соңындағы зіл-заласы соғыстың Санамызға батты біздің қаттырақ» дейтін ақынның өлеңдерінен қазақ ауылдарының қайғылы хәлі мен жұтаң тұрмысы мен мұндалайды:

 

Оқ пен оттың лаулағанын көрмедім,

Жерімді жау жаулағанын көрмедім...

Көрдім бірақ... көп мүгедек-кәріпті,

Көре-көре, оларға көз қанықты.

Ести-ести жетім-жесір жоқтауын,

Жырымда да содан салқын қалыпты.

 

«Жазған өмірбаяным – бәріңе аян», «Өртеңге өскен күлі ащы гүл секілді» дейтін Кеңшілік ақын «Жолбарыстай ыңыранып, өзі жалап, Қайран халық жатты емдеп өз жарасын» деп ХХ ғасырдағы тарихи оқиғалардың бәріне жан бітіріп, өз заманының жанды картинасын жасады. Ғасыр басындағы ұлт-азаттық көтеріліс, Ұлы Отан соғысы, халық шаруашылығын қалпына келтіру, тың жерді игеру, 1957 жылғы қарашада «халық жауларының» ресми ақталуы, т.б. оқиғалардың бәрі де ақын шығармаларынан орын алды. Ұлттық поэзиямызды жаңа мазмұн, жаңа образбен байытқандықтан ақынның қазақ әдебиетіндегі орны ерекше.

 

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 1773. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Кардиналистский и ординалистский подходы Кардиналистский (количественный подход) к анализу полезности основан на представлении о возможности измерения различных благ в условных единицах полезности...

Обзор компонентов Multisim Компоненты – это основа любой схемы, это все элементы, из которых она состоит. Multisim оперирует с двумя категориями...

Композиция из абстрактных геометрических фигур Данная композиция состоит из линий, штриховки, абстрактных геометрических форм...

Важнейшие способы обработки и анализа рядов динамики Не во всех случаях эмпирические данные рядов динамики позволяют определить тенденцию изменения явления во времени...

Тема: Составление цепи питания Цель: расширить знания о биотических факторах среды. Оборудование:гербарные растения...

В эволюции растений и животных. Цель: выявить ароморфозы и идиоадаптации у растений Цель: выявить ароморфозы и идиоадаптации у растений. Оборудование: гербарные растения, чучела хордовых (рыб, земноводных, птиц, пресмыкающихся, млекопитающих), коллекции насекомых, влажные препараты паразитических червей, мох, хвощ, папоротник...

Типовые примеры и методы их решения. Пример 2.5.1. На вклад начисляются сложные проценты: а) ежегодно; б) ежеквартально; в) ежемесячно Пример 2.5.1. На вклад начисляются сложные проценты: а) ежегодно; б) ежеквартально; в) ежемесячно. Какова должна быть годовая номинальная процентная ставка...

Субъективные признаки контрабанды огнестрельного оружия или его основных частей   Переходя к рассмотрению субъективной стороны контрабанды, остановимся на теоретическом понятии субъективной стороны состава преступления...

ЛЕЧЕБНО-ПРОФИЛАКТИЧЕСКОЙ ПОМОЩИ НАСЕЛЕНИЮ В УСЛОВИЯХ ОМС 001. Основными путями развития поликлинической помощи взрослому населению в новых экономических условиях являются все...

МЕТОДИКА ИЗУЧЕНИЯ МОРФЕМНОГО СОСТАВА СЛОВА В НАЧАЛЬНЫХ КЛАССАХ В практике речевого общения широко известен следующий факт: как взрослые...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.012 сек.) русская версия | украинская версия