Студопедия — ЕСЕНҒАЛИ РАУШАНОВ
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

ЕСЕНҒАЛИ РАУШАНОВ






(1957 жылы туылған)

Қазақтың лирик ақыны. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты – Есенғали Раушанов 1990 жылы Қазақстан Комсомолы сыйлығын алса, 1992 жылы Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері фестивалінің тұңғыш лауреаты. Қазақстанның он жылдығы медалімен марапатталған.

Е.Раушанов 1957 жылдың қазан айының 10-жұлдызында Қарақалпақстанның Хожелі ауданында дүниеге келген. 1973-1975 жылдары Кеңес әскері қатарында қызмет істеген. ҚазҰУ-ды 1980 жылы бітіргеннен кейін, аудандық газетте, теледидар жүйесінде, баспа саласында қызмет еткен. 1983-1987 жылдары «Жалын» және «Арай-Заря» журналдарында жауапты хатшы, 1988-1995 жылдары «Зерде» (бұрынғы «Білім және еңбек») журналдарында бас редакторы қызметтерін атқарған. 1995 жылы «Жазушы» баспасының директоры болған.

Ақынның алғашқы жинағы «Бастау» 1980 жылы жарық көрді. Өлеңі өзінен ересектеу көрінген 23 жастағы жігіттің жырлары қалыптасып үлгерген кәнігі қалам иесінің мәнер-нақышындай әсер қалдырды. Жинақтағы балладалар жас ақынның эпика мен лиризмге қатар құлаш сермер қарымы барын байқатты. «Жыр дәптерін оқытты далам маған» деп жырлаған ақынның албырт туындылары ұлттық бояуының қанықтығымен, көркемдік құнарының молдығымен, бейнелі ойға бейімдігімен ерекшеленді.

1984 жылы жарыққа шыққан екінші жинағы – «Келінтөбе» Е.Раушановтың өзіне тән дара ақындық қолтаңбасының қалыптасуы маңызды бір белеске көтерілгенін аңдатты. Ақынның автопсихологиялық типтегі лирикалық қаһарманының «Періште секілді еді, назырқанса, Аққудай айдынынан ұшып кеткен» тұп-тұнық келбеті жинақтың беташар өлеңінде сомдалды:

 

Көрсе де ауыр күнді, қиын жылды,

Саудаға салмай өсті сүйіп жырды.

Келтіріп көз алдына қиын күнді

Өмірде ол осылай биік жүрді.

 

Сол ақын, беу Алматы, келді саған,

Ол бүгін кереметтей сенгіш адам.

Өмірді үйретіңдер оған енді,

Өмірді үйреніңдер енді содан.

 

Жинақтың негізгі тақырыбы – ақынға етене таныс ауыл өмірі. Е.Раушанов сомдаған ауыл адамдарының әрқайсысы өзіндік бітім-болмысымен, жарқыраған жан дүниесімен, қайталанбас кескін-кейпімен, боямасыз мінездерімен бой көтерді. Әдебиет зерттеушісі Т.Шапаев жазғандай, ақын «ауыл адамдары образынан шағын галерея жасаған».

«Шолпан жұлдыз туғанша» – 1988 жылы жарыққа шыққан ақынның кезекті жинағы осылай аталды. Бұл кітап ақынның өзіндік бет-бағыты қалыптасып, өр дауысы айқындалған шабытты шағының жемісі:

 

Талқан болды жолыңдағы талай шың,

Жаңа үшін жаның салдың, жарайсың!

Бәрін, бәрін сынап алдың, ал енді,

Сенің өзің сыналуға қалайсың?

...Біздің ұрпақ, мінбеге шық, сөзіңді айт!

 

Астанаға келіп, дүбірлі ортамен бірге тыныстай бастаған ақын өлеңдерінде астарлы оймен әдіптелген әлеуметтік сарын күшейген. Желтоқсан көтерілісінің көркем түйіндеулері іспетті «Қара бауыр қасқалдақ», «Биылғы қыс» өлеңдері сол тұста-ақ осы жинақтан орын алды. Ақынның көркемдік арсеналы кеңіп, ол сомдаған кейіпкерлердің ішкі психологизмі тереңдей түскен. Тұспалдау, шендестіру, кейіптеу ақынның дара қолтаңбасын танытар негізгі шығармашылық әдістер ретінде қалыптасқан.

Жинаққа ақынның «Біз – Гагарин қаласынанбыз», «Бердәулет пен Жоламан», «Сарыөзен» атты үш поэмасы енді.

Шығарма атауынан алғашқы поэманың («Біз – Гагарин қаласынанбыз») пафосы социалистік сарындарды еске түсіргендей көрінгенімен, автордың көнермес рухани құндылықтарды, алғаусыз әсемдік әлемін бағдарға алып отырғаны алғашқы шумақтардан-ақ аңғарылады. Тұрмыстың тоғайғанына шүкірлік ете жүрсе де ақынның алаң көңіл кейіпкерлері сыналап кіріп жатқан жербауыр сезім, жат мінездерге жаны сыздайды, аңсаулардан жаралған аппақ әлемге сызат түсіріп алмауға тырысады, адам жанындағы ізгілікті қызғыштай қориды. «Ана да – Жер, Жер де – Ана, Олар жетім болмайды!» деп жанұшырады ақын-кейіпкер. «Қарлығашың бар сенің, ала көрме үркітіп!» деп аяқталады поэма... Кеңестік кезеңнің айғайшыл ұранының ешбіріне елітпеген туындыгердің ақаусыз әлемі өзі таныған шындықтан түзілген.

Ақынның эпикалық жанрдағы алғашқы аяқ алысы болып танылатын шығармада өзіндік мәнер-машық айқындалып үлгерген: жеті буынды жыр өлшемімен басталған поэмада сезімдер ширығу шегіне жеткенде шарт үзіліп, тосын мәтінді қарасөзге кезек берілетін, саябыр тапқан сезімдердің өз өрнегімен қайта жалғасатын сәттері, оқиға желісі өзгеріп, көңіл-күйдің құбыла ауытқитын тұсында ұйқастың да байырқалап сала беретін кездері бар. Бір ерекшелігі, поэмадағы ұйқас жеті буыннан өзімен іргелес дағдылы он бір буынға емес, арасы алшақтау он үш буынға ауытқып отырған. Ақын суреттеген байыпты оқиға, парасатты сезімдер желдірмелі он бір буынды емес, байсалды он үш буынды талап еткен тәрізді.

Ақынның «Бердәулет пен Жоламан» атты кезекті поэмасы Маңқыстаудағы ұлт-азаттық көтерілісінің бір үзік көрінісін қамтиды. Кеңестік кезеңде хатқа түскеніне қарамастан шығарманың ішкі мазмұны жалаң айқай, жат ұраннан аулақ. Саясат салқыны соңғысөз (эпилог) орнына берілген бірер бет түйіндеуде аңғарылса, мұның өзі тарихи оқиғаны арқау ете отырып, сол дәуір адамдарының сенген шындығын боямасыз бейнелеуден туған. Шығармада автор стиліне тән ерекшеліктер – оқиғалардың шынайы себебіне үңілу, әрбір кейіпкер характерін өзіне ғана тән қырынан ашуға тырысу, туындыға негіз етіп алынған мезгіл мен мекенді, тарихи тұлғаларға қатысты мәліметтерді жете зерттеп барып, көркем шындыққа көшіру дағдылары айқындала түскен. Ақынның аталмыш поэманы даралап тұратын басты стильдік қолданысы ретінде интертекст – аралық мәтіндерді ұтымды пайдалану шеберлігін айтуға болады.

«Сарыөзен» – төл әдебиетіміздегі тарихи тақырыпқа жазылған шығармалардың ішінде елеулі орын алатын дара бітімді поэма. Әр өлеңіне алғашқы және соңғы туындысындай жауапкершілікпен әрі сүйіспеншілікпен қарайтын ақын бұл поэмада да таптаурын соқпақты шиырлаудан аулақ. Шеберлігі шыңдалып үлгерген автор көркем параллельдерді еркін қиюластыра біледі. Тарих қойнауында қалған кезеңдерде сармат ауылдарына Батразд салған қанды қырғыннан пайда болған қара оба сол қырғынды түсінде көріп жатып, оянып кетеді. Қара обаның үстімен даланың дара перзенттеріне жасалатын келесі қастандықтың құрбаны – Салық Бабажанұлы келе жатады. Батразд пен сармат көсемінің арасындағы диалог генерал-губернатор Крыжановский мен сотник Салықтың сұхбатының көне күндерде қалған сілемі іспетті әсер қалдырады. «Біздің Дала ашылып келгенге – алақан, жұмылып келгенге – жұдырық... Арам ниеттілер менің жерімнен өтпейді» – кешегі сармат көсемінің сөзі – бүгінгі Салықтың да ой-түйіні. Қара құрым сармат ауылын қырып сап, қара қорым – қара обаға айналдырған Батраздтың қылмысы ашылмасына кепілдік болар демеуі – «бұлардың салтында моланы ашуға да, жаңғыртуға да болмайды». «Қазақта қарғыс атқыр тағы бір ұл, Қағынып туған екен жатырынан» деп, тісін қайрап жүріп, Салықты у беріп өлтірткен генерал-губернатордың адьютанты да: «Өлікті тексерту де, қайта ашу да Бұл елдің салтында жоқ» дейді миығынан күліп...

Орынды әрі тың детальдар – бақсы ойыны мен тас мүсін хикаясы поэманы мазмұндық тұрғыдан байытып қана қоймайды, бас қаһарман бейнесін тұлғаландыра түсуге, кейіпкерлер характерін жан-жақты ашуға қызмет етеді. Қысқа диалогтар, жалқы тіркестер, қос тармақ түйіндер ішінде дертті даланың бүкіл болмысы бейнесін тауып жатады. Сыршылдық та, әңгімешілдік те поэмада орнын тауып қиюласқан.

1991 жылы “Жазушы” баспасынан ақынның “Ғайша бибі” атты жыр жинағы жарық көрді. Жинаққа ақынның жүзден аса өлеңдері, “Қызық емес оқиға” атты балладасы мен “Ғайша бибі” поэмасы енді. Аталмыш жинақ ақынды қазақ поэзиясының классигі тұғырына берік орнықтырған топтама болды деуге негіз бар. Есенғали Раушановтың ешкімге ұқсамайтын ерекше әлемі, қайталанбас қолтаңбасы біржола айқындалып, айшықты жыры қазақ өлеңінің қазынасын молайтқан олжалы кезеңі осы тұс болатын.

Жаңа кітаптың ең елеулі жаңалығы “Ғайша бибі” поэмасы болды. Ақын санасында сан жылдар қорытылып келген күрделі де кең өрісті поэманы Е.Раушанов шығармашылығының шоқтығы биік туындысы деуге негіз бар.

«Ғайша-бибі» туындысының сюжеті – қағанат тарихының көркем көшірмесі емес, сол дәуірге тән атрибуттарды негізге ала отырып, шартты уақыт пен шартты кеңістікте ұйымдастырылған оқиғалардың – ақынның көркемдік қиялы мен шығармашылық ізденістерінің жемісі. Бір-бірімен жіксіз жалғасып, үзіліссіз ұштасып жататын “Жыландар жыры”, “Майхана”, “Күлтегін мен қаған”, “Ғайша мен Мұхаммед пайғамбар” секілді туынды бөлімдерінде көне дәуір көріністері қайта жаңғыртылып жырланған; сол көне сілемдер астарында бүгінгі күннің шындығы да, заманалармен замандас мәңгілік шындық та көрініс тапқан. Шығармадағы бөліністердің өзін біршама шартты, кейіпкерлер арасындағы диалогтардың мәнін айқындай түсу, сол арқылы әсерлілікті күшейту үшін жасалған әдіс ретінде қабылдауға болады.

Поэма композициясында елеулі орын алған детальдардың бірі – айтыс. Поэмада айтыс әрі баяндау бірсарындылығын өзгертіп, сюжет құрылымын жандандыратын көркемдік әдіс ретінде, әрі көне түркі дәуірінен тамыр тартқан далалық дәстүрдің – ақиқатқа апарар сөз сайысының көркем көрінісі ретінде кірістірілген. Ғайша мен Қағанның айтысы дәстүрлі сөз қағыстыруға көбірек ұқсаса, Күлтегін мен Қағанның, Ғайша мен Мұхаммед пайғамбардың диалог-айтыстары – сырласу мәнеріндегі сөз сайысы. Соңғысында монолог іспетті толғаулардың аралас келуі айтыс өлеңнің арнасын кеңейтіп, айтылар ойды алғаусыз ақтару мақсатында автор қолданған өзіндік әдісті аңғартады.

Поэманың басты кейіпкері ретінде ақын таңдаған Ғайша бибі Қарахан әулеті билеушілерінің бірі Әулие ата – Қараханның сүйген жары ретінде есімімен тікелей байланыстырылатын аңыздық тұлға. Дегенмен ақын Есенғали Раушанов сомдаған Ғайша бибі бейнесі – аңыздағыдан өзгеше арнада өрбіген, тың идеяның жүгін көтеріп тұрған ғұмыры – тартысқа, санасы қайшылыққа толы күрескер тұлға, қағанаттағы жылан даусын еститін, яғни обал-сауапты, киені ұмытпаған жалғыз жан. Поэмада ақылдың азабын арқалаған тағы бір тұлға бар, ол – Ғайшамен іштей сырлас, сырттай салқын ел иесі – Қаған. Қара нәпсі зобалаңына қарсы тұрар күш таппай қалжыраған Қағанның жан азабы Ғайшаның күйзелістерімен қатар өріліп, қатар беріліп жатады. «Ғайша бибі» поэмасында қағанат тағдырымен біте қайнасып, қоса өрілген жыландар тағдыры бар. Таластың бойын тел жайлаған жылан ордасын адамдар өртеген күн – алтынға тоймас адамзат нәпсісінің – қара нәпсінің шектен шыққан күні болды. Жылан жұртынан көшті, қағанат халқы рухани азғындыққа түсті. Қаған халқын ойлап күңіренді, ал Ғайшаны адам мен жылан тағдыры бірдей алаңдатты. Бірін құтқаруға жанталасып жүріп, екіншісінің қолынан ажал тапты.

Күрделі де кең өрісті, бай мазмұнды поэма ақынның ұзақ жылғы іргелі ізденістерінің жемісі екені даусыз. Оқиға ұйымдастыру шеберлігі, баяндау-суреттеу ерекшелігі, лирикалық поэмаларға тән сыршылдығы, қайталанбас композициялық құрылымы, идеялық мазмұнының көнермес құндылықтарға негізделуі жөнінен «Ғайша-бибі» поэмасы қазақ поэзиясының бірегей туындыларының бірі болып табылады.

«Ғайша-бибі» кітабынан кейін әр жылдарда Е.Раушановтың «Қара бауыр қасқалдақ» (1995 ж.), «Періштелер мен құстар» (2005 ж.), «Бозаңға біткен боз жусан» (2006 ж.) секілді жинақтары жарық көрді. Жазғаны көп болғанымен, жариялағаны аз жауапкершілікті ақынның аталмыш жинақтары «Жаңа дәптерден» алынған жырларымен ерекшеленді. Ақын Есенғали Раушанов сонымен қатар «Мұхаммед пайғамбардың хадистері», «Әмір Темір түзіктері» секілді аударма еңбектердің, «Нұрдан жаралған» атты романның, табиғат тақырыбына арналған көптеген танымдық зерттеулердің, әдеби-сын мақалалар мен эсселердің авторы.

Есенғали Раушановтың кең өрісті, бай мазмұнды шығармашылығы әдебиеттанулық және философиялық тұрғыдағы бірқатар зерттеулердің арқауына айналып үлгерді. Жаңа ғасырдағы қазақ қаламгерлерінің алдыңғы сапынан көрініп келе жатқан төл әдебиетіміздің тарихында елеулі орны бар тұлғаның ақындық әлемі жайлы айтылар сөз арнасы әлі де ортаймақ емес.

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 3809. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Композиция из абстрактных геометрических фигур Данная композиция состоит из линий, штриховки, абстрактных геометрических форм...

Важнейшие способы обработки и анализа рядов динамики Не во всех случаях эмпирические данные рядов динамики позволяют определить тенденцию изменения явления во времени...

ТЕОРЕТИЧЕСКАЯ МЕХАНИКА Статика является частью теоретической механики, изучающей условия, при ко­торых тело находится под действием заданной системы сил...

Теория усилителей. Схема Основная масса современных аналоговых и аналого-цифровых электронных устройств выполняется на специализированных микросхемах...

Этические проблемы проведения экспериментов на человеке и животных В настоящее время четко определены новые подходы и требования к биомедицинским исследованиям...

Классификация потерь населения в очагах поражения в военное время Ядерное, химическое и бактериологическое (биологическое) оружие является оружием массового поражения...

Факторы, влияющие на степень электролитической диссоциации Степень диссоциации зависит от природы электролита и растворителя, концентрации раствора, температуры, присутствия одноименного иона и других факторов...

ФАКТОРЫ, ВЛИЯЮЩИЕ НА ИЗНОС ДЕТАЛЕЙ, И МЕТОДЫ СНИЖЕНИИ СКОРОСТИ ИЗНАШИВАНИЯ Кроме названных причин разрушений и износов, знание которых можно использовать в системе технического обслуживания и ремонта машин для повышения их долговечности, немаловажное значение имеют знания о причинах разрушения деталей в результате старения...

Различие эмпиризма и рационализма Родоначальником эмпиризма стал английский философ Ф. Бэкон. Основной тезис эмпиризма гласит: в разуме нет ничего такого...

Индекс гингивита (PMA) (Schour, Massler, 1948) Для оценки тяжести гингивита (а в последующем и ре­гистрации динамики процесса) используют папиллярно-маргинально-альвеолярный индекс (РМА)...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.013 сек.) русская версия | украинская версия