Студопедия — ТАРАУ. ТАМЫРЖЕМІСТЕР. ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫ
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

ТАРАУ. ТАМЫРЖЕМІСТЕР. ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫ






Халық шаруашылығындағы маңызы. Қант қызылшасы бағалы техникалық дақыл. Республикада қантты негізінен қант қызылшасынан алады, өйткені оның тамыржемісі көмірсуларға бай, құрамында 13-20% сахароза болады, сондықтан ол қант өнеркәсібінде шикізат болып саналады.

Қантты сонымен қатар қант қамысынан (балқурай) өндіреді. Балқурай – тропикалық және субтропикалық белдеулердің көпжылдық өсімдігі, оны жер шарының 70-тен аса елдері өсіреді. Балқурай қантының үлесі әлем өндірісінің 60%-дан астамын құрайды. Балқурай қантының шығымдылығы қант қызылшасынан екі есеге жуықтай төмен.

Қанттың тамаша дәмдік қасиеті бар, ол кең таралған және ағза тез сіңіретін қуат көзі. Қатты шаршағанда қан құрамында қант мөлшері азаятыны белгілі. Қантты тағамдарды пайдалану – адам ағзасының жұмыс қабілетін, физикалық күш пен ой қуатын сақтау мен оны тез қалпына келтіретін негізгі факторлардың бірі.

Қант қызылшасын өнеркәсіптік өңдеудегі қосымша өнімдер- жапырақтар, сығынды және сірнелердің құндылығы жоғары. Қант қызылшасының жапырақтары, тамыр салмағының үштен бірінен- жартысына дейінгі бөлігін құрайды және малазықтық құндылығы бойынша екпе шөптер көк балаусасынан кем түспейді: 5 кг ақуызбен жақсы қамтамасыз етілген (110г) жапырақтары бір малазықтық өлшемге тең. Қант қызылшасының 1 гектардағы 250-300 ц/га жемісі тамыр өнімінде, оның тек жапырақтары шамамен 2000 малазықтық өлшем береді.

Қант қызылшасын зауытта өңдеуден алынатын сығынды мен сірненің малазықтық маңызы зор. Қантсызданған қызылша жаңқасы болатын сығындыда 15% құрғақ заттар, оның ішінде 1,3% шикі протеин және 10% жуық көмірсулар болады; 1ц шикі сығындының малазықтық құндылығы 8 азықтық өлшемге тең; сығынды шығымы тамыр массасының 80% құрайды.

Малазықтық сірнеде 60% дейін қант болады және оның малазықтық құндылығы дәнге жақындайды, себебі оның 1 кг-да 0,77 малазықтық өлшем және 45 г қорытылатын протеин бар. Сонымен қатар сірне кондитер және тағам өндірісіне шикізат та болады.

Қант қызылшасы 1 гектардан 250-300 ц тамыр мен 100-150 ц жапырақ өнімін бергенде алынатын барлық қосымша өнімдердің (жапырақтар, сығынды, сірнелер) малазықтық құндылығы 5000-ға жуық малазықтық өлшемді құрайды.

Дефекациялық лас қалдықтар (қызылша қантын өндірудегі қалдықтар) тыңайтқыш ретінде пайдаланылады.

100 ц тамыржемісті өңдегенде 13-16 ц қант, 83-90 ц сығынды және 3,5-4 ц сірне алынады.

Қант қызылшасы тамыржемісінің шамамен 40-50% малға азық болса, оны арнайы малазық ретінде де өсіруге болады.

Демек, біздің елімізде қант қызылшасы техникалық дақыл ғана емес, маңызды малазықтық дақыл. Малазықтық құндылығы бойынша қант қызылшасы малазықтық қызылшадан екі еседен артыққа асып түседі: оның бір кг-да 0,26 малазықтық өлшем, 12 г қорытылатын протеин, 0,5 кальций және 0,5 г фосфор болады. Басқа тамыржемістерге қарағанда қант қызылшасы біршама жақсы сақталады.

Қант қызылшасының агротехникалық маңызы да зор. Ауыспалы егістерге оны енгізуден егіншілік мәдениеті артады. Қант қызылшасының топырағын терең өңдеу мен өсіп-жетілу кезеңіндегі жүргізілетін күтіп-баптау шараларының арқасында, танап келесі егілетін дақылдар үшін арамшөптерден тазартылады және онда ылғал жиналады. Демек, қант қызылшасы көптеген ауылшаруашылық дақылдарына құнды алғы дақыл және ауыспалы егістердің жалпы өнімділігін көтереді.

Қант қызылшасын жер шарында 9,5 млн гектарға өсіреді, оның жартысына жуығы ТМД мемлекеттерінің үлесіне тиеді (Украина, Ресей, Молдавия, Беларуссия).

Қант қызылшасы Республиканың оңтүстік шығысында (Алматы және Жамбыл облыстары) суармалы жерлерде өсіріледі.

Егер 1991 жылға дейін Қазақстандағы қант қызылшасының егіс ауданы 57 мың гектар құраса, соңғы жылдары дақыл 20 мыңдай гектар жерге ғана егіліп жүр. Республикада 7 қант зауыты бар, қант қызылшасы шикізатының аздығынан олар балқурайдан қант өндіруге қайта жабдықталған. Қант қызылшасы тамыр жемісінің орташа өнімділігі 210-230 ц/га құрайды.

Морфологиялық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері, сорттары. Қант қызылшасы (Beta vulgaris L. V. Saccharifera) – Алабұталар тұқымдасы (Chenopodiaceae) қызылша туысының (Beta L.) малазықтық (v. Crassa), жапырақты (v. Cicla) және асханалық (v. Escultnta) түр тармақтары кіретін түрдің – екіжылдық өсімдігі. Мәдени екіжылдық қызылша б.э.д. 2000-1500 жылдардан әрі Алғы Азияда өсіре бастаған жабайы біржылдықтан (Beta vulgaris) шықты. Өсірілетін өсімдіктердің ішінде қант қызылшасының шығу тегі салаыстырмалы беріректе болуымен ерекшеленеді және ол толығымен адамның араласуымен жасалынған жалғыз ауыл шаруашылығы дақылы. Қант қызылшасының бірінші жылы жертаған жапырақтары мен тамыржемістері, екінші жылы – гүл түзіп, тұқым беретін өркендері өсіп жетіледі (Сурет 44).

 

. Сурет 44. Қант қызылшасы. 1, 2 – егін көгі және нағыз қос жапырақ кезеңдеріндегі өсімдіктер; 3, 4 – эккендорфская желтая малазықтық қызылшасының І-бірінші жылғы өсіп-даму кезеңіндегі өсімдігі және тамыржемісінің көлденең қимасы; 5, 6 – қант қызылшасының өсіп-дамуының бірінші жылғы өсімдігі және тамыржемісінің көлденең қимасы; 7 – гүлді сабақтың бір бөлігі; 9 – көпөскінді және бірөскінді қызылша жемісшесі; 10 – тұқымы.

 

Қант қызылшасының ұзын жіңішке тамыршалары бар олар жан жағына 40-50 см тарайды, ал негізгі кіндік тамыры 2-2,5 м топырақ тереңдігіне дейін енуге қабілетті. Оның орталық тамыры өсіп, толысып тамыржеміске айналады. Жетілген өсімдігінің тамыржеміс массасы 500-800 г және одан да жоғары болады.

Тамыржемісінің пішіні – конус тәрізді, құрылысы: басы, мойны және нағыз тамырдан тұрады. Басы – тамыржемістің үстіңгі бөлігі, түрі өзгерген сабақ, онда жапырақтар орналасады. Басында тамыржемістің басқа бөлігіне қарағанда қанттың мөлшері аз. Мойын-тамыржемістің басы мен нағыз тамырдың арасында орналасады. Онда жапырақтар мен тамыршалар болмайды. Тамырдың өзі – тамыржемістің төменгі конус тәрізді бөлігі. Тамырдың ұзына бойындағы жырықшаларынан көп жанама тамыршалар тарайды. Қанттың көп мөлшері (19-20%) тамыр жемістің ортаңғы бөлігінде болады.

Пісіп-жетілген тамыржемісте шамамен - 75% су, 25% құрғақ заттар (сорты мен өсіп-жетілу жағдайына қарай 16-24% қант) болады. Қанттылығына жоғары агротехника көп әсер етеді.

Қант қызылшасының жапырақтары ірі, бүтін, жүрек тәрізді, сағақты. Пішіндері жасына қарай өзгереді: жас жапырақтарының сағақтары қысқа және тақтасы дөңгелек, ал үлкейгендерінің сағақтары ұзарады да жүрек тәрізденеді. Жапырақ тақтасының толқынды, ойықты немесе тегіс болуы сорттық белгі мен өсіру жағдайына байланысты. Жеке жапырақтың ұзындығы 50-70 см дейін. Бірінші жылы өсімдік 60-қа таяу жапырақтар түзеді.

Қант қызылшасы тұқымды тіршілігінің екінші жылы – қыста сақталған тамыржемісті көктемде топыраққа отырғызғанда гүлді өркендер пайда болғаннан кейін барып береді.

Гүлдері – қосжынысты, гүлсеріктері жасылдау. Гүлденуі 20-40 күнге созылады. Қант қызылшасы айқас тозаңданады. Тозаңдануы жел мен насекомдар арқылы жүреді.

Жемісі – жаңғақша. Көп тұқымды қант қызылшасының жемістері 2-5 тұқыммен тізбектеліп шоғырланған. 1000 тұқымның массасы 20-дан 50г дейін. Біртұқымды қант қызылшасының жемістері бір жаңғақшадан тұрады, сондықтан механикалық себуге ыңғайлы.

Тұқымның сыртында бурыл жылтыр қабықша болады. Тұқымның ұрығы перисперманың (қоректік заттар орналасқан жер) айнала сақина тәрізді қоршап тұрады, ол екі тұқым жарнағынан, орталарында орналасқан бүйрекшеден және ұрық тамыршаларынан тұрады.

Биологиялық ерекшеліктері. Сорттары. Қант қызылшасы басқадай мәдени тамыржемістілер сияқты екі жылдық өсімдік.

Қант қызылшасының бірінші жылындағы вегетациялық кезең ұзақтығы 150-170, ал екінші жылы – 100-130 күн. Алғашқы 50-60 күнде негізінен жапырақ өседі, келесі 50-60 күнде – тамыр, ал соңғы 50-60 күнде тамыржемісіне қанттар жиналады.

Қант қызылшасының тұқымы 3-4°C өніп шыға бастайды. Тұқымның бөртуі үшін құрғақ тұқым массасымен салыстырғанда 130-150% ылғал қажет.

Қант қызылшасы тұқым жарнағын топырақтың бетіне шығаратындықтан, тұқым себер алдында топырақты өңдеулер мұқият жүргізіліп, өсімдік көгінің уақытында пайда болуына кедергі келтіретін топырақ қабыршақтары жойылу керек.

Тұқым жарнағының топырақ бетіне шығуы мен оның жасылдануы «қосқұлақтану» кезеңі деп аталады. Тұқымы өніп шыққаннан 8-10 күн өткеннен кейін, нағыз жапырақтардың бірінші жұбы пайда болады. Әрі қарай әр 2-3 күннен кейін үш жұпқа дейін жаңа жұп жапырақтар, сонан соң дара жапырақтар шығады. Барлығы 60-80, кейде одан да көп жапырақтар түзіледі.

Қант қызылшасы өсу жағдайына өте жоғары талап қояды. Қант қызылшасы тамырында жиналатын қанттың мөлшері жарық қарқынына тікелей байланысты болуынан, жауын шашынды бұлыңғыр ауа райында тамыржеміс өнімділігі мен оның қанттылығы төмен болады.

Қант қызылшасы ұзақ күннің өсімдігі. Күн жарығының ұзақтығы мен қарқыны қызылшаның өсіп-жетілуіне, сондай-ақ қант, көмірсулар түзуіне көп әсер етеді. Жарық жақсы түскен сайын, көмірсулардың синтезделу үрдісі жақсы өтеді. Жарықтың жетіспеуінен қант қызылшасының өнімі мен қанттылығы күрт төмендейді.

Дақылдың жылуға талабы орташа. Вегетациялық кезеңіне қажетті белсенді температура жиынтығы – 2400°C. Өсіп-жетілуіне оңтайлы температура – 20-22 °C.

Қосқұлақтану кезеңіндегі өскіндер – 3-4°C үсікті көтермейді, бірақ екі нағыз жапырақты кезеңде – 6-7°C үсікке шыдамды.

Қант қызылшасы ылғалды көп қажет етеді. Оның транспирациялық коэффициенті 240-400 аралығында болғанмен, құралатын органикалық массасының жалпы мөлшері көп болғандықтан, жоғары өнім алу үшін топырақта ылғал жеткілікті болу керек. Өсімдіктің ылғалды көп қажет етуі жапырақтар мен тамырларының қарқынды өсу кезеңінде болады. Сонымен қатар, қант қызылшасы өзінің мықты тамыр жүйесінің арқасында топырақтың терең қабатынан өсімдіктерді ылғалмен қамтамасыз етуіне байланысты, құрғақшылыққа да төзімді өсімдікке жатады.

Қант қызылшасы жоғары өнімді жақсы жарық пен ылғал мол жағдайларда береді.

Бұл дақыл топырақ аэрациясына жоғары талап қояды. Ауа тұқымның өніп-өсуі мен тамыржемістер қалыптасуының барлық кезеңдерінде қажет. Ауыр, нашар өңделген топырақтарда ауаның жеткіліксіз болуынан тамыржемістердің өсіп-жетілуі нашарлап, өнім төмендеп кетеді.

Топырақ қышқылдығына қант қызылшасы сезімтал. Оған топырақ ортасының реакциясы бейтарап және әлсіз сілтілі болуы өте қолайлы (рН 6,5-7,5).

Қант қызылшасы қоректік заттарға бай қара, қара-қоңыр топырақты жерлерде мол өнім береді.

Республикада қант қызылшасы негізінен Алматы және Жамбыл облыстарында кәдімгі сұр топырақты жерлерде өсіріледі. Елімізде оның 28 сорты өсіруге рұқсат етілген және кең тарағандары – Ялтушковская односемянная, Ялтушковская односемянная 30, Рекорд, Ризор, Роксанг, Амели, Венера, Георгина, Ленора және будандардан ЦКАЗМС-44, КазМС-19, КазСИБ-14 ж.б.

Қант қызылшасы тамыржемісінің (бірінші жылғы) өсіру технологиясы. Ауыспалы егістегі орны және жақсы алғы дақылдары. Қант қызылшасы тәтті түбірінің өнімділігін және сапасын жоғарылатуда арнайы ауыспалы егісте дақылдың аурулары мен зиянкестерімен тиімді күресуге мүмкіндік туады. Қазақтың егіншілік ғылыми зерттеу институты қызылша өсіретін аудандарға 7-8 танапты (жоңышқа қызылшалы) арнайы ауыспалы егіс кескіндерін ұсынған болатын.

Қазіргі жағдайда фермерлік шаруашылықтарға арналып, екі үш танапты ауыспалы егістер енгізілуде (Байоразов А., 2006). Мұндай қысқа ротациялы ауыспалы егісте қант қызылшасына жақсы алғы дақыл ретінде майбұршақ, картоп және мақсары ұсынылады.

Әрине,қант қызылшасынан жоғары өнім алу үшін оны арамшөптерден таза, ылғал мен қоректік заттар жеткілікті танаптарға орналастыру керек.

Қант қызылшасы топырақтан көп мөлшерде қоректік заттар пайдаланатындықтан және оның тамырында көптеген зиянды ұсақ ағзалар орналасуынан қайталама егісті нашар көтереді. Қайта егісте қант қызылшасы зиянкестер мен аурулардан көп зардап шегеді, әсіресе тозған жерлерде.

Қант қызылшасын бәрінен бұрын жақсы өңделген, тыңайтылған ерте екпе сүрі жерден кейін орналастырған дұрыс. Егер күздіктер таза сүрі жерге себілген болса, онда ол танапты бірінші кезекте қант қызылшасына пайдалану қажет.

Ылғал жеткілікті аймақтарда қант қызылшасына, әдетте таза сүрі жерден кейін себілген күздіктер жақсы алғы дақыл болады. Бұршақ дақылдарынан кейін себілсе де қант қызылшасы жақсы өнім береді.

Суармалы жерлерде қант қызылшасының тамаша алғы дақылы жоңышқадан және сүрлемдік жүгеріден кейін себілген күздіктер болып есептелінеді. Бұл жерлерде сүрлемдік жүгері, картоп және көкөніс дақылдары да жаман алғы дақыл болмайды.

Қант қызылшасынан кейін жаздық дәнді және бұршақты дақылдар жақсы өнім береді.

Топырақ өңдеу жүйесі. Қант қызылша танабы тереңге жыртылу тиіс, өйткені өсімдік қуатты тамыр жүйесін қалыптастыруы және микробиологиялық үрдістердің белсенді жүруі, ылғал мен қоректік заттар қорының жиналуы топырақты өңдеуге тікелей байланысты.

Қант қызылшасы танабының топырағын өңдеу – негізгі (сүдігер) және тұқым себер алды өңдеулерден тұрады. Сүдігер жырту алғы дақылдар мен топырақ климат жағдайларына байланысты Ол негізінен танапты арамшөптерден тазартуға және топырақта ылғал мен қоректік заттар жинауға бағытталуы тиіс.

Топырақты негізгі өңдеу – аңызды сыдыра жыртқыштармен өңдеу және тереңге сүдігер жыртудан тұрады. Аңызды мүмкіндігінше ерте сыдыра жыртқыштармен өңдеу үшін қант қызылшасын себуге арналған танаптағы сабандарды жиналған астықтармен бірге алып кету керек.

Сыдыра өңдеуді 10-12 см тереңдікке дискілі немесе түренді сыдыра жыртқыштармен, сүдігер жыртуды – мүмкіндігінше ерте, 30-32 см тереңдікке шолақ түренді соқамен атқарады. Ерте жырту топырақта ылғал мен қоректік заттардың мол жиналуына септігін тигізеді, құрғақ ауа райында топырақты соқамен жырту тығыздаумен бірге (шығыршықты таптауышпен бір агрегатта) атқарылады. Ол ылғалдың жақсы сақталуы мен арамшөптердің өсіп шығуына жағдай жасайды.

Жинаудан кейін жылы ауа райы ұзақ болатын жағдайда жақсартылған топырақты жартылай сүрілеп өңдеу жүйесін пайдалануға болады. Күздік бидайды жинағаннан кейін, дискілі сыдыра жыртқыштармен топырақты 7-8 см тереңдікке өңдейді, 10-12 күннен кейін түренді сыдыражыртқыштармен 14-16 см тереңдікке екінші рет өңдейді, немесе 18-20 см тереңдікке топырақтың жағдайына байланысты тісті тырма немесе шығыршықты таптауыштарды бір агрегатта пайдаланып, соқамен қайта таяз жырту. Сонан соң арамшөптердің шығуына қарай топырақты тырмалайды немесе қопсытады. Терең жыртуды (30-32 см) қыркүйек айында жүргізеді.

Мұндай топырақты өңдеу жүйесі арамшөптермен тиімді күресуді және топырақта көп ылғал мен қоректік заттардың жинақталуын қамтамасыз етеді.

Суармалы жерлерде алғы дақылдар өнімін жинағаннан кейін танаптарға жеңіл түрде тегістеу жүргізеді, сонан соң гектарына 1000-1200 м3 мөлшерде жырту алдында суарады.

Егер қант қызылшасын дәнді дақылдардан кейін себетін болса, оларды жинағаннан кейін артынша суару жүргізіледі. Аңызды 7-10 см, содан соң 12-14 см тереңдікке сыдыра жыртып тыңайтқыштарды топыраққа сіңіреді. Сүдігерді 28-30 см тереңдікке жыртады.

Тұқымды себу алдындағы өңдеу – сүйреткісі бар тісті тырмамен (екі ізбен) тырмалау және 5-6 см тереңдікке себу алдындағы қопсыту мен тырмалаудан тұрады. Арамшөптермен ластанған топырақтарда екі қопсыту тырмалаумен бірге қолданылады: біріншісі – 7-8 немесе 9-10 см тереңдікке, екіншісі – себу алдындағы тұқым себу тереңдігіне тығыздаумен бірге жүргізіледі. Топырақты себу алдындағы дайындауда гектарына 4 кг мөлшерінде эптам гербициді қолданылады.

Тыңайтқыштар жүйесі. Қант қызылшасы егісіне тыңайтқыштар қолданудың негізі, өсімдікке иқажетті қоректік заттардың басым бөлігі оның өсіп дамуының қарқынды кезеңінде берілуі қажет. Сондықтан қант қызылшасы танаптарында органикалық және минералдық тыңайтқыштарды күзде сүдігерді тартарда беру, ал минералдық тыңайтқыштардың қалған бөлігін тұқыммен бірге және үстеме қоректендіру.

Қант қызылшасы топырақтан қоректік заттарды басқа дақылдарға қарағанда көп пайдаланады, сондықтан оның егісін өте құнарлы топырақтарға орналастырады.

300ц тамыржеміс өніміне қызылша дақылы топырақтан гектарына 150-200 кг азот, 45-80 – фосфор, 180-240 кг калий сіңіреді, демек бұл дақыл көп тыңайтқыш бергенді қажет етеді. Тыңайтқыштарды бірнеше мерзімде қолданады: негізгі өңдеуде, тұқым себуде және өсіп даму кезеңінде – үстеп қоректендіруде. Негізгі өңдеуде органикалық және минералдық тыңайтқыштар пайдаланылады. Органикалық тыңайтқыштарды алғы дақылдар немесе жергілікті жердің жағдайына қарай, қант қызылшасына арнап күзде (гектарына 10-30т көң) береді. Минералдық тыңайтқыштарды топырақ климат жағдайларына байланысты гектарына: азот 40-90кг, фосфорды – 30-90, ал калийді 45-100 кг шамасында береді.

Әрине, тыңайтқыштар түрлері мен мөлшері топырақ картограммасына сәйкес бағдарламаланған өнімге есептеліп енгізіледі. Тыңайтқыштардың қант қызылшасына қатарға берудегі қажет мөлшері: азот пен калий – 10-15 кг, ал фосфор 15-20 кг. Топырағы сортаң жерлерге тек қана азот пен фосфор тыңайтқыштарын берген тиімді.

Тыңайтқыштармен үстеп қоректендіруді бірнеше рет жүргізеді, үстеп қоректендіру қатарарлықтарды өңдеумен бірге беріледі. Өсімдіктерді сиретуден кейін бірінші үстеп қоректендіруде 1гектарға 10-15 кг азот, 15-30 кг фосфор және 15-20 кг калий қолданады. Екінші және үшіншіде – 15-25 кг фосфор мен 20-30 кг калий, ал азотты аз мөлшерде (7-10 кг) пайдаланады.

Қант қызылшасын үстеп қоректендіруде минералдық тыңайтқыштармен бірге микроэлементтері де (бор, мырыш, марганец) енгізіледі.

Суармалы жерлерде үстеп қоректендіруді суарудың алдында жүргізеді.

Тұқымды себуге дайындау және себу. Егістік материалы ретінде қант қызылшасының өңірде себуге рұқсат етілген сорттары мен будандары пайдаланылады. Олар өздерінің егістік сапа көрсеткіштері бойынша стандарт талаптарына сәйкес болу керек.

Қант қызылшасы тұқымын егіске қант зауытында даярлайды, онда оларды іріктейді және фракцияларға – 3,5-4,5 мм және 4,5-5,5 мм – бөледі.

Тұқымның сусып түсуін жоғарылату үшін оны жылтырлатады, яғни жеміс серігінен айырады.

Тұқымды дражирлеу – сыртына арнайы дражирлегіш массасы бар қабықша «жапсыру». Тұқымды дражирлеуге көң, минералды және бактериалды тыңайтқыштар, микроэлементтер қоспалары пайдаланылады.

Қант зауытында тұқымдық материалды ТМТД 80% препаратымен мөлшері 4-6 л/т дәрілейді.

Қант қызылшасының себетін тұқымының өнгіштігі мен өну энергиясын арттыру үшін оны жылы ауамен өңдейді. Жылумен өңдеу қызылшаның өнімі мен қанттылығын және тамыр жегісі ауруына төзімділігін де арттырады.

Қант қызылшасының өнімділігіне оңтайлы себу мерзімінің үлкен әсері бар. Себуді кешеуілдетуге болмайды, себебі тұқымның өнуі нашарлайды, әсіресе құрғақшылық жылдары. Одан басқа, кеш себуден өсіп-жетілу кезеңі қысқарып өнім төмендеп кетеді.

Қант қызылшасы тұқымын себуді ерте дәнді дақылдарды сепкеннен 5-6 күннен кейін, топырақтың 10 см тереңдігінде температура 5-6°C жылынғанда бастай беруге болады.

Тұқым себу тереңдігі ауа райы мен топырақтың механикалық құрамына байланысты өзгереді. Көбінесе тұқымды 3-4 см тереңдікке сіңіреді. Жеңіл топырақ пен құрғақшылықты жағдайда себу 5-6 см-ге дейін тереңдетіледі.

Себу тәсілі – кең қатарлы (қатараралықтары 45 см). Суармалы жерлерде қатараралықтар 60-70 см. Көптұқымды қант қызылшасы сорттарын себу мөлшері 1 гектарға – 30-32 кг, ал бірөскінді сорттарда -10-12 кг.

Қант қызылшасын арнайы ССТ-12А, ССТ-12Б және ССТ-8А сепкіштерінің бірімен себеді.

Қант қызылшасы себілетін танап арамшөптермен қатты ластанған жағдайда қатардағы 1 ұзындық метрге (п.м.) – 35-38 дана тұқым себіледі немесе 10-12 кг/га ал арамшөптері аз, егіншілік мәдениеті жоғары жерлерде 23-25 дана тұқым жеткілікті, ондай жағдайда қатардың 1 ұзындық метрінде 12-14 өскін қамтамасыз етіледі.

Егістікті күтіп-баптау. Қант қызылшасының топырағы борпас және арамшөптерден таза болуы керек. Тұқымды сепкеннен кейін 3-4 күннен кейін арамшөптер және топырақ қабыршақтарымен күресу үшін жеңіл тырмаға шынжырлы сүйретпені тіркеп көк шыққанға дейінгі тырмалауды жүргізеді. Шынжырлы сүйретпе тырмалағандағы пайда болған жалдарды тегістеп өтеді. Топырақ қабыршағын бұзуға ротациялық шабықтауыш қолданады.

Қызылшаның көгі пайда болғаннан кейін қатараралықтар топырағын қопсыту, арамшөптерді жою үшін (4-5 см) өңдеу – шабықтау жүргізеді. Нағыз жапырақтың бірінші жұбы пайда болғанда өскіндер қатарына көлденең бағытта қопсытқыш салып оларды сиретеді. Қопсытқыштың табан пышақтары қатарды (20-23 см ені) қиып өтіп, ұзындығы 23-25 см болып келетін жеке шоқтар қалдырады. Бірнеше күннен кейін шоқтарды қайта тексеріп, қате қалдырылған және жаңадан пайда болған өсімдіктер мен арамшөптерді жұлып тастайды. Сөйтіп 1 метр қатарда 5-6 өсімдіктен қалдырады. Жинау қарсаңында қант қызылшасы егістігінің жиілігі әр гектарға 90-100 мың дана болғаны дұрыс.

Еліміздің қант қызылшасын өндіретін негізгі аймақтарында үлкен алқаптарға арнап еңбек шығынын азайтатын өсіру мен жинаудың жаңа технологиясын қолдануда. Жаңа технологияның ерекшелігі арнайы тұқым сепкішпен бірөскінді, іріктелген, өнгіштігі жоғары тұқымды нүктелеп себу. Сонымен қатар өсімдіктерді сирету толық механизмнің көмегімен атқарылады. Бірөскінді сорттарды нүктелеп сепкенде тұқым қатарға бірдей арақашықтықта себіледі. (1м қатарға 25-35 тұқымнан). Себумен бірге тыңайтқыш беріліп, топырақ тығыздалады.

Толық «қосқұлақ» кезеңінде нағыз жапырақтырдың екінші жұбы томпайып біліне бастағанда өскіндерді сирету мақсатында қатарға көлденең торлы тырмамен немесе қатарды бойлай УСМП – 5,4К өскін сиреткішін қолданып жаппай қопсытады, бұл жағдайда қолмен сирету болмайды, ал арамшөптерді отау аракідік жасалынады.

Бірінші сиретуде – қатардың 1м ұзындығына 7-8 өсімдік қалдырылады. Қажет жағдайда 4-5 күн өткеннен кейін осы агрегаттармен қатарға 45° бұрышпен екінші тырмалауды жүргізеді, сонан соң қатардағы өсімдіктердің орналасуын бір тексеріп, арамшөптердің қалғанын қолмен жұлып тастайды.

Қант қызылшасының өсіп-жетілу кезеңдерінде қатараралықтарды 3-4 рет қопсытып, үстеп қоректендіреді және биік арамшөптерді бір екі рет отайды. Қызылша жинайтын комбайндардың жұмысын жақсарту мақсатында жинау алдында қатараралықтарды қопсытуға болады.

Қант қызылшасын суармалы жерлерде өсіргенде сиретуден кейін үстеп қоректендірумен бірге суаратын арықша тартып барып суарады. Оны өсіп-жетілу кезеңінде 6-7 рет суарып, артынша қопсыту жүргізеді, әр суару мөлшері – 700-900 м3/га.

Егіс алқабында зиянкестер мен аурулар байқалысымен улы химикаттармен (40 % БИ-58, 25% Арриво және т.б.) өңдеу жұмыстарын жүргізеді.

Тамыржемісті жинау. Қант қызылшасының тамыржемісінің техникалық пісуі басталғанда жинай бастайды, ол кезде тамыржеміс клетка нәрі ағарып, қызылша қатарлары ашылады, жапырақтар түссізденеді. Төменгі жапырақтар сарғаяды. Тамыржемістің өсуі баяулайды және қанттылығы азаяды.

Республиканың оңтүстік шығысында қант қызылшасын жинауды қыркүйек айының бірінші онкүндігінде бастайды.

Қант қызылшасы тамыржемісін жинауда лекті және танап шетіне үйіп жинау тәсілдерін қолданады. Осы тәсілдер көмегімен жинау операцияларын толықтай немесе жартылай механикаландыруға болады. Лекті әдіс – ең прогрессивті тәсіл, онда қол күшімен істелетін жұмыстарды және шығындарды азайтуға мүмкіндік жасалады. Қант қызылша тамыржемісін лекті әдіспен жинағанда комбайнмен қазылған тамыр жеміс іле машина қорабына салынып бірден зауытқа жөнелтіледі, ал үйіп жинау тәсілімен жиналған тамыр жеміс пен танап жанында жасалынған уақытша қырманға төгіліп, содан соң мүмкіндігіне қарай зауытқа тасымалданады.

Тұқымдық қызылша өсіру. Бірінші жылы өсірілген және тұқым алу үшін сақтауға қойылған тамыржемістер аналықтар немесе тұқымдықтар деп аталады.

Тұқымдық қызылша өсірудің негізгі тәсілдері фабрикалық (зауыттың) қызылша өсіру технологиясына жақын. Тұқымдық қызылша егістерін фабрикалық ауыспалы егістің сәйкес танаптарындағы құнары жоғары учаскелерге орналастырады.

Өсіру жағдайлары тамыржеміс өнімінің артуына ғана емес, оның тұқымдық өнімділігі мен алынатын тұқымның өнімдік сапасына үлкен әсер етеді.

Тұқымдық қызылшаны қатараралықтары 45,30 см етіп оңтайлы агротехникалық мерзімдерде отырғызады.

Тұқымдық қызылша өсірудің басты ерекшелігі өсімдіктерді өте жиі - әр гектарға кемінде 140-160 мың аналық тамыржеміс өсімдік орналастырылады. Оған қатарда өсімдіктерді жақын орналастырумен жетеді.

Тұқымдық қызылшаны жинау мерзімінің маңызы зор.

Ыстық мерзімде ерте жиналған тамырлар тез солып қалады және шоқалап сақтауда зең басып кетеді. Ерте жинауда «қыңырлар» саны көбейеді. Сондықтан тұқымдық қызылшаны мүмкүндігінше тәуліктік орташа температура 6-8°C дейін төмендеп тұрақты салқын түскенде, бірақ үсік ұруға дейін жиналған дұрыс.

Тұқымдық қызылшаны жинау үшін пышағы алынған қызылша комбайнын пайдаланған дұрыс. Онда қызылшаны қазу мен жерден таңдап алу толық механикаландырылады. Қазып алынған тамыржемістерді топырақтан тазартады және бүршіктерін зақымдамай жапырақтарды кесіп тастайды. Тек орталық бүршікті ғана қалдырады.

Тазалау кезінде ауру, бұтақтанған және зақымданған тамырларды алып тастайды. Тазаланған тамырларды уақытша жауып қояды да жалпы өнімді жинауды бітірісімен қыста сақтайтын жерге алып кетеді. Тамыржемістерді шоқалап немесе ені 70 см (екі тамыр ұзындығы), тереңдігі 75-90 см, ұзындығы өз ыңғайына қарай қазылған жерде сақтайды. Шоқада тамыржемістерді қабатпен, тегіс қатарлап қояды. Тамырлар өзара жанаспас үшін тамырдың әр қатарын 3-4 см қалыңдықта топырақпен жабады. Шоқаның үстін қатып қалудан сақтау үшін топырақпен жауып тастайды; қыста қар жетіспейтін жағдайда шоқаны қосымша көңмен жабады. Жақсы сақталу үшін қажет температура 3-4ºC.

Қызылшаның тұқым өнімі топырақтың құнарлығына тікелей байланысты. Сондықтан тұқымдық тамыржемісті жақсы алғы дақылдардан кейін орналастырады, органикалық және минералдық тыңайтқыштар береді. Оған ең жақсы алғы алғы дақыл – тыңайтылған сүрі жерден кейінгі күздіктер мен дәндібұршақ дақылдары.

Көктемде аналықтарды отырғызғанда жергілікті органикалық минералдық тыңайтқыштарды әр гектарға мынадай мөлшерде береді: көң 5-6 т, азот – 15-20 кг, фосфор – 30-40, калий – 10-15 кг. Одан басқа жертаған жапырақтанғанда гүлсидам пайда болар алдында 20-30-кг-нан толық минералдық (NPK) тыңайтқыштармен өсімдіктерді үстеп қоректендіреді.

Тамыржемістерді отырғызуға дайындауға –алдынала (5-6 күн бұрын) шоқадан оларды аршып алу, шіріген, ауру және мүрік тамырларды алып тастау, үйіндіде олардың көктеуін жеделдету мақсатында жылы ауамен өңдеулер жатады.

Тамыржемістерді дала жұмыстарының бірінші аптасында отырғызады.тұқымдықтарды отырғызуды кешіктіруге болмайды: 10-14 күнге кешігуден тұқым өнімі 25% төмендейді. Аналық тамырларды алдын ала белгіленген танап жерлеріне топырақ бетінен 2-3 см төменгі тігінен отырғызады; тұқымдықтың қоректену алаңы 4900см2 (70*70) болғанда 1 га алаңға 20,4 мың тамыржеміс орналасады.

Егістікті күтіп-баптаудағы бірнеше мәрте кесе-көлденең қопсытулардан басқа, гүлдену алдында гүлсидам өркендердің бас және бүйір бұтақтарын қырқудың топырақты борпас және таза күйде ұстап тұрудың маңызы зор. Жаппай гүлдену кезеңінде өсімдіктерді қосымша тозаңдандырудың да атқаратын рөлі ерекше.

Қант қызылшасы тұқымының пісуі, гүлденуі сияқты әркелкі. Ал мұның өзі тұқымдық егісті жинауды қиындатады, онымен қоймай піскен тұқымдар тез шашылады. Піскен бұтақтарды таңдап жинау көп қол еңбегін қажет етеді. Бірақ тұқым орылған бұтада да пісіп жетілетіндіктен тұқымдық егісті жаппай оруды ерте мерзімде, барлық тұқымның үштен бірі піскенде лафетті және аспалы дестелегішпен жүргізуге мүмкіндік туады. Тұқымның піскендігінің белгілеріне тұқым тізбесінің қоңырлануы, тұқым жарнағының ұн сияқты болуы жатады.

Тұқымдықтың орылған бұталарын 30 см қалыңдықта бостау баулайды да қатарлап қойып кептіреді.

Соңғы кездері тұқымдықты дестелеу тәсілімен жинау қолданыла бастады.

Тұқымдықтарды жинау алдында кейбір химиялық заттардың (магний хлораты, натрий хлораты, кальций цианамиді) әлсіз ерітінділерімен жапырақтарды түсіру (дефоляция) және тамырмен тұрған өсімдікті кептіру (десикация) үшін егісті өңдейді. Бұл тұқымдық егісті комбайнмен жинауға мүмкіндік береді.

Тұқымдық қант қызылшасын қайта отырғызбай өсіру. Қазіргі кезде қолданылатын екіжылдық көшіріп отырғызу тәсілімен қант қызылшасы тұқымын өсіру салыстырмалы көп еңбек және қаражат шығынын қажет етеді: көптеген үрдістер (аналық тамыржемістер отырғызу, тұқымдықты жинау) осы кезге дейін толық механикаландырылмаған. Бірақ бұл тәсіл Орта Азия елдері мен Ресейдің Краснодар өлкесінде кеңінен қолданылады. Оның Солтүстік Кавказдың тау етегі аудандары, Закавказье, Украинаның оңтүстігі, Молдавия, Прибалтика аймақтары үшін болашағы зор.

Қант қызылшасы тұқымын көшірмей отырғызумен алу тәсілі АҚШ, Венгрия, Болгария, Турцияда таралған.

Көшірмей қант қызылшасы тұқымын алудың табиғи жағдайлардан басқа маңызды жайы – қант қызылшасы тамыржемісінің қысқа төзімділігін







Дата добавления: 2015-09-04; просмотров: 12646. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Аальтернативная стоимость. Кривая производственных возможностей В экономике Буридании есть 100 ед. труда с производительностью 4 м ткани или 2 кг мяса...

Вычисление основной дактилоскопической формулы Вычислением основной дактоформулы обычно занимается следователь. Для этого все десять пальцев разбиваются на пять пар...

Расчетные и графические задания Равновесный объем - это объем, определяемый равенством спроса и предложения...

Кардиналистский и ординалистский подходы Кардиналистский (количественный подход) к анализу полезности основан на представлении о возможности измерения различных благ в условных единицах полезности...

ТЕОРИЯ ЗАЩИТНЫХ МЕХАНИЗМОВ ЛИЧНОСТИ В современной психологической литературе встречаются различные термины, касающиеся феноменов защиты...

Этические проблемы проведения экспериментов на человеке и животных В настоящее время четко определены новые подходы и требования к биомедицинским исследованиям...

Классификация потерь населения в очагах поражения в военное время Ядерное, химическое и бактериологическое (биологическое) оружие является оружием массового поражения...

Случайной величины Плотностью распределения вероятностей непрерывной случайной величины Х называют функцию f(x) – первую производную от функции распределения F(x): Понятие плотность распределения вероятностей случайной величины Х для дискретной величины неприменима...

Схема рефлекторной дуги условного слюноотделительного рефлекса При неоднократном сочетании действия предупреждающего сигнала и безусловного пищевого раздражителя формируются...

Уравнение волны. Уравнение плоской гармонической волны. Волновое уравнение. Уравнение сферической волны Уравнением упругой волны называют функцию , которая определяет смещение любой частицы среды с координатами относительно своего положения равновесия в произвольный момент времени t...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.026 сек.) русская версия | украинская версия