Алдын ала сұрақтың терминологиялық жағына тоқталамыз. «Функция» түсінігі ғылымда және тәжірибеде кең түрде қолданылады. «Функция» латынша. «functio» «атқару», «жүзеге асыру» деген мағананы білдіреді. Философиялық сөздікте «функцияның» анықтамасы былайша беріледі: «Берілген қатыныстар жүйесіндегі қандай да бір объекті қасиеттерінің сыртқы көрінісі. Мысалы, сезім органдарының функциялары, ақшаның функциялары, мемлекеттің функциялары және т.б.» Жаратылыстану ғылымында функция деп қасиет, жүмыс,тәуелділікті түсіндіріледі.
Күнделікті тұрмыста функция әрекет ретінде анықталады.
Экономикалық теорияда функция деп құндық категориялар мәнінің көрінісі түсіндіріледі. Демек, несиенің функциясы деп оның мәнінің ерекше көрінісін түсіну орынды, алайда несиенің функциясы — оның мәні емес, тек осы мәнінің көрінісі. Біз қарастыратын несиенің кез келген көрініс оның функциясы ретінде ерекше.
Несиенің функцияларын қарастыру үшін келесідей ғылыми амалдар орынды. Біріншіден, бәрінен бұрын функция да несиенің мәні сияқты объективті сипатта. Функция кредитор мен қарыз алушы арасында несиелік қатынасқа түсе отырып орындайтын белгілі бір «жұмыстың» көрінісін сипаттайды. Екіншіден, несиенің функциясын талдау кезінде тағы да бір жағдайды ескеру керек: несие өзінің қозғалыс процесінің әрбір кезеңінде барлық функцияларымен емес, олардың біреуімен немесе бірнешеуімен өз мәнін көрсетеді. Демек, әрбір кезенде несие өзінің қозғалысының белгілі бір сатысында болады, сондықтан өзінің мәнді көріністерінің барлық жиынтығын бірден көрсете алмайды. Мысалы, ақша төлем құралы функциясында бір мезгілде айналыс құралы функциясын немесе қор жинау функциясын атқара алмайды. Несие де сол сияқты.