Ылымның дамуыXX ғасырдың 30 жылдарында Қазақстан ғылымы қалыптасып, дами бастады. Қазақстанды ғылыми тұрғыдан зерттеу ісіне 1920 жылы құрылған «Қазақстанды зерттеу» қоғамы көп үлес қосты. Бұл қоғамда Қ. Жұбанов, С. Аспандияров, Ж. Аймауытов, А. В. Затаевич, А. Байтұрсынов, Ә. Диваев, А. П. Чулошников сияқты ғалымдар еңбек етті. 1926 жылы М. Е. Массон Тараз қаласының орнында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Н. Г. Кассин, С. С. Неустроев, М. П. Русаков, А. Е. Ферсман, Р. А. Барунайов сияқты геолог ғалымдар қазақ жерінің табиғи ресурстарын зерттеуде ірі табыстарға жетті. Қарағанды, Екібастұз көмір қорлары, Ембі мұнай қоры анықталды. 1932 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақстандық базасы құрылды. Бұл базаның құрамында 1935 жылы тарих және геология секторы, Қазақ ұлттық өнер ғылыми-зерттеу институты құрылды. 1935 жылы КСРО Ғылым академиясы Кенді Алтай түсті металын, Жезқазған мысын, Орал-Ембі мұнайын зерттеуге арналған сессия өткізді. Зерттеу нәтижесінде Қазақстанның одақ көлемінде көмір қоры жөнінен бірінші орын алатыны анықталды. 1935 жылы профессор С. Аспандияровтың еліміздің тарихы жөнінде «Қазақстанның көне заманнан бергі тарихы» атты ғылыми еңбегі жарық көрді. А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Сейфулин, С. Мұқанов бастаған әдебиеттанушылар лингвистика, тіл білімі және әдеби зерттеулер бойынша ғылыми еңбектер жазды. Қазақ КСР-де ғылымды дамыту жолында С. М. Вавилов, В. Л. Камаров, А. Н. Смаилович (түрколог), А. Д. Архангельский (геолог) есімді академиктер мол үлес қосты. 1940 жылы Қазақстанда 57 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеді. Бұларда 1700-ге жуық қызметкер еңбек етті. 1939 жылы елімізде ғылыми істерге жұмсалатын күрделі қаржы 14,4 миллион сомға жуық болды. Соғыс қарсаңында КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалы құрылды.
|