Студопедия — МАҚСАРЫ
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

МАҚСАРЫ






Халық шаруашылығындағы маңызы. Археологиялық қазбалардың және әдебиет көздерінің куәлендірулерінше мақсары өте көне дақылдар қатарына жатады. Себебі, мақсары дақылының гүлінен жасалған бояулармен мысыр елінде оралатын маталар боялған. 2100 жылдан астам тарихы бар мәдениленген дақыл. П.П.Вавиловтың (1979) деректері бойынша, мақсары дақылы ертеректе Үндістанда, Египетте, Ауғанстанда, Орталық Азияда және Кавказ мемлекеттерінде белгілі болған. Аталған елдерде мақсарыны бояғыш және әсемдік зат ретінде пайдаланған. Оның латынша Cartamus атауы арабтың carton –бояу деген сөзінен шыққан, өйткені мақсары гүлдерінде картамин пигменті бар. Бұл пигменттің ерекшелігі – суда сары түске, ал спиртте – қызыл түске боялады.

Орта Азия елдерінде мақсары ертеде белгілі болған. Бұл өңірде мақта шаруашылығына дейін жергілікті тұрғындар мақсары тұқымын тағамдық майға және пілте шамға пайдаланған.

Алғашқыда мақсарыны бояғыш зат ретінде қолданған, кейіннен химиялық жолмен арзан және жоғары сапалы бояулардың алынуына орай, дақылдың бояу ретіндегі өндірістік маңызы жойылып, оны өсімдік майын алуға, дәрі – дәрмек жасауға және мал азығына өсірген.

Мақсары тұқымшасындағы жалпы май мөлшері 25-37%, ал ядросына 50-56% дейін ақшыл сары түсті бағалы сұйық майы болады.Өсімдік майының дәмділігі және жұғымдылығы күнбағыс майына пара-пар, ал тек қана ядросынан сығылған майдың сапасы зәйтүн майынан кем түспейді.

Халықтық медицинада мақсары жапырақтары, гүлдері және майынан әр түрлі дәрі дәрмектер жасалады, сонымен қатар, өсімдік майын сыр-бояу, линолеум, сұйық сабын өндірісінде т.б. техникалық мақсаттарда пайдаланады. Мақсары тұқымы құстардың азығы, әсіресе оны тауыққа берсе, қыс айларында жұмыртқалағыштық мүмкіндігі артады. Дәнін құрама жемге қосып сауын сиырларды азықтандырса, онда сүттің майлылығы жоғарылайды. Қабығы аршылған мақсары тұқымынан алынған күнжарасы – бағалы мал азығы. Қабықта және ядросының жұқа пергамент қабықшасында ащы заттардың болуы қабығын аршымай сығылған май күнжарасының сапасын төмендететін ащы дәм береді, бірақта оны басқа азық түрлеріне қосып, малдарды азықтандыруға болады. Мақсары күнжарасы құрамында орта есеппен 20,4% протеин бар, 1 кг күнжарасының қоректілігі 0,75 азықтық өлшемге тең. Соңғы кезде, көптеген елдерде мақсары мал азықтық дақыл ретінде танылуда. Себебі, оның көк балаусасының пішенінің және сүрлемінің қоректік қасиеттері жоғары. Мақсарының 100кг жасыл балаусасында 22,7 азықтық өлшем және 2,91 кг қорытылатын протеин болса, осындай мөлшерлі сүрлемінде олар тиісінше 15 а.ө. және 1,3 кг. С.Н. Прянишников (1963) деректері бойынша, мақсары пішенінің құрамында 16,5% шикі протеин және 48-50 азықтық өлшем болады.

Мақсарының дүниежүзіндегі егіс көлемі 2,0 млн гектарға жуық. Ең көп егісі Үнді, Мексика, АҚШ, Қытайда. Қазақстан Республикасы мақсары егісі ауданы жағынан ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші орын алады. Егер, 1930 жылы Республикада мақсарының егіс ауданы 6,6 мың га болса, 2004 жылы 106 мың га, ал 2009 жылы ол көрсеткіш 170 мың гектарға жетті. Тұқым өнімділігі 6-7 ц/га құрайды. Мақсары дақылы негізінен еліміздің оңтүстік өңірінде тәлімі жерлерде (Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда және Жамбыл облыстары) өсіріледі. Соңғы жылдары ол Қазақстанның солтүстігінде және батысында да өсіріле бастады.

Морфологиялық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері, сорттары. П.М.Жуковскийдің (1964) жүйелеуі бойынша мақсарының 19 түрі белгілі, олардың ішіндегі егіске пайдаланып жүрген мәдени түрі (Cartamus tinctorius L.) – астра тұқымдасына (Asteraceae) жататын біржылдық қосжарнақты өсімдік. Ол 6 типті біріктіреді және республикада өсірілетін мақсары сорттары Түркістан типіне жатады. Дақылдың тамыр жүйесі жақсы дамыған (Сурет 36). Негізгі кіндік тамыр

жүйесінің ұзындығы 2-3 м дейін жетеді және жанама тамырлары негізгі тамырдан 60-90 см дейінгі қашықтықта орналасады. Мақсары тамырының тереңге бойлауы өсу жылдамдығы және топырақ қабатында бөліну сипаты ондағы ылғал мен қоректік заттардың орналасуына тікелей байланысты. Дақыл топырақтың төменгі қабатынан ылғал мен қоректік заттарды сіңіре алады, сондықтан құрғақшылыққа төзімділігімен ерекшеленеді (Арыстанкулов С.С., 2008).

Мақсары сабағы тік өседі, цилиндр пішінді, сырты жылтыр, әрі түксіз, түсі солғын ақшылт-жасыл.сабағының биіктігі сортына және климат жағдайына байланысты 50-100 см аралығында ауытқиды. Сабағы төменнен жоғары қарай жіңішкере береді және төменгі бөлігінің диаметрі 3-12 см аралығында. Биіктігі сортына байланысты өзгереді.

 

 

 
 

Сурет 36, Мақсары. 1, 2 – егін көгі мен ересек өсімдігі; 3 – сабақтың жоғарғы бөлігі (жапырақ, гүл шоғырымен); 4 – алғашқы нағыз жапырақтары; 5 – себет; 6 – шекілдеуігі.

 

Мақсары жапырақтары – отырмалы, сағақсыз, жалаңаш, етті, ланцетті пішінді және сабақта бір біріне қарама қарсы орналасады. Жапырағының шеттері тісті, түрлеріне қарай өткір тікенді немесе тікенсіз болады. Сабақтың ортасындағы жапырақтары ірі, ал жоғары жағындағылардың аумағы кішірейіп, гүл шоғыры орамына айналады. Толық жетілген жапырақтарының ұзындығы 9-25 см, ені 3-8 см. Бір өсімдікте 80-200 дана әртүрлі көлемді жапырақтар қалыптасады.

Мақсарының гүл шоғыры – диаметрі 1,5-3,5 см тостағанша. Гүлдері түтікті, бес бөлікті күлтешелерден тұрады, сары немесе қызғылт түсті, оның құрамында бояғыш зат картамин болады, жатыны бір ұялы және бағаналы. Дақыл көбінесе жәндіктер арқылы айқас тозаңданады. Жемісі ақ түсті тұқымша, жалаңаш, жылтыр, төрт қырлы. Бір өсімдікте 5-50 тостағанша, оның әрқайсысында 25-60 дана тұқымша болады. 1000 тұқымшаның массасы 25-52 г. Аралығында ауытқиды. Қауыздылығы тұқым массасының 40-60% құрайды, қабығы қатты, панцирлі. Піскен кезде тұқымы шашылмайды, өйткені орамының ішкі жапырақшалары тығыз қабысып тұрады.

Мақсары – жылу сүйгіш, қуаңшылыққа төзімді, қысқа күннің өсімдігі және құрғақ континентальді климатқа жақсы бейімделген. Жылуға талабы ерекше, әсіресе гүлдену және тұқымының пісуі кезеңдерінде оны өте қажетсінеді. Құрғақшылыққа қарағанда осы кезеңдердегі жауынды күндерді қаламайды, өйткені жауынды күндері өсімдік нашар тозаңданады және шіру қаупі туындайды. Мақсары тұқымы +1-2°C өне бастайды, +4-5°C жеткенде толығымен өнеді. Егер топырақтың тұқым сіңіру қабатындағы температура +5 °C болса, онда өскін – 16 тәулікте, 9°C – 9 тәулікте, ал 15°C – 4 тәулікте пайда болады. Мақсарының өсіп жетілуі үшін қажетті 5°C жоғары температура жиынтығы – 2000-2900°C, ал 15°C жоғары – 1500-2400°C. Мақсары өніп- өсу барысында тұқым жарнағын жер бетіне шығарады. Өскіні пайда болғаннан кейін 60-70 тәуліктен кейін гүлдейді, гүлдену кезеңі 25-30 күнге созылады. Алдымен негізгі сабақтағы орталық тостағаншалар гүлдей бастайды, содан кейін бұтақтағы тостағаншалар гүлдейді. Гүлдену тұқымның пісуі кезең аралық ұзақтығы 30-40 күндер құрайды.

Мақсарының вегетациялық кезеңінің ұзақтығы себу мерзіміне және өсіру жағдайына байланысты кең ауқымда өзгереді. Дақылдың көктемгі егісінде вегетация кезеңі 110-115 күнге созылса, ал күзде себілген мақсары 200 күнде піседі. Қазақстанның оңтүстігінде дақылдың вегетация кезеңінің ұзақтығы 109-116 тәулікке тең (Арыстанғұлов С.С., 2003).

Мақсары – жарық сүйгіш өсімдік. Жарықтың жақсы түсуі дақыл тамырының тереңге бойлауына, жапырағының мол болуына, ерте гүлденуіне септігін тигізеді және тозаңдануы жақсарады.

Мақсары қуаңшылыққа төзімділігі жоғары бола тұра, ылғалды да қажетсінеді. Дақыл тұқымы топырақтан өз массасынан 30-40%-дан ылғал сіңіргеннен кейін өне бастайды. Ылғалға барынша қажетсіну кезеңі шашақтану гүлдену, осы кезеңде ылғалдың молдығы өсімдік қуаттылығы мен өнімділігін арттырады, ал аз болуы бұтақтануды азайтады, жапырақ көлемін кішірейтеді және өнімділікті төмендетеді.

Топырақ типі мен қоректік заттарға талаптары. Көптеген ғалымдардың тұжырымы бойынша мақсары топырақ талғамайды, құнарлылығы төмен жерлерде де тәп тәуір өнім қалыптастырады.

Қазақ ұлттық аграрлық университеті ғалымдарының (С.С. Арыстанқұлов, 2008) зертханалық тәжірибелерінде мақсары тұқымы ас тұзының әртүрлі концентрацияларында сыналған (NаCL – 0,25-1,0%) тұз мөлшерінің жоғарлауына қарамастан зертханалық өнгіштік 60-70% - дан төмендемеген. Тұзға төзімділік жергілікті жағдайға бейімделіп өскен тұқымдарда сырттан әкелінгенге қарағанда 10-15% жоғары болған.

Мақсарының жақсы өсіп дамуы үшін топырақ реакциясы рН 5-8 аралығында болғаны дұрыс.

Мақсарының топырақтан сіңіретін қоректік заттарының мөлшері дақылдың сортына, вегетация кезеңінің ұзақтығына, жапырағының ассимиляциялық белсенділігіне, топырақ және ауа – райы жағдайына, ылғал қабылдау мүмкіндігіне, топырақ құнарлығына және өсіру технологиясына байланысты өзгереді. Мақсары дақылы азот, фосфор және калий элементтерін өсіп дамуының барлық кезеңдерінде қажетсінеді, алайда өсімдіктің қоректік заттарды ең көп қажет етуі шашақтану- гүлдену кезең аралығына сәйкес келеді. Бұл мезгілде топырақтан азоттың барлық қажетті мөлшерінің 60%, фосфор қышқылының – 80% және калийдің – 90% шығындайды.

Өсіру технологиясы. Ауыспалы егістегі орны. Егістік дақылдардан жоғары және тұрақты өнім жинауды тек қана ғылыми негіздегі ауыспалы егісті дұрыс пайдалану арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Д.С. Васильев, Н.Г. Потеха (1986) пікірлерінше, жаздық және күздік астық дақылдары, дәндік және сүрлемдік жүгері мақсарыға жақсы алғы дақыл болып табылады. Я.Н. Момот (1956) тәжірибе деректеріне сүйене отыра, мақсары оңтүстіктің ыстығына және қуаңшылығына төзімді дақыл болғандықтан алғы егіс таңдамайды деп есептейді, сондықтан оны әртүрлі алғы дақылдардан кейін орналасыра беруге болады. Алайда, ауыспалы егісте астық дақылдарынан кейін өсіру тиімді, кейбір жағдайда монодақыл есебінде бір орында бірнеше жыл өсірілуі мүмкін. Ван Жау Му (1993) ұйғарымынша, мақсарыға жақсы алғы дақылдар – бұршақ, картоп, жүгері және бидай. Мақсарының өзі де астық дақылдарына жақсы алғы егіс болып саналады.

Тыңайтқыш. Мақсары танаптарына қолданылатын тыңайтқыштар жүйесі сүдігерге сіңірілетін негізгі тыңайтқыштардан, тұқыммен бірге берілетін және үстеп қоректендіруден тұрады.

Мақсары танаптарына органо- минералды тыңайтқыштар беру өнімділікті және тұқымша сапасын жақсартады. Ван Жау Му (1993) ҚХР жағдайында мақсары танаптарына 30 т/га көң шашуды ұсынған, көптеген зерттеушілер мақсары егісіне 40-60 кг мөлшерінде азот, фосфор және калий тыңайтқыштарын беруді ұсынады. Кейбір ізденушілер пікірінше, минералды тыңайтқыштарды негізгі тыңайтқыш ретінде беруден гөрі, үстеп қоректендіру пайдалы деген тұжырымға келеді.

Республиканың ылғалмен қамтамасыз етілген аудандарында мақсары танаптарына азот 40-60 кг, фосфор – 60кг және 30кг мөлшерінде калий тыңайтқышын беру өнімділікті және дән майлылығын көтеруге әсерін тигізеді. Фосфордың жарты мөлшері мен калий толықтай сүдігер жыртар алдында азот пен фосфор тұқыммен бірге, қалған мөлшерді бірінші культивациямен бірге енгізеді.

Топырақ өңдеу жүйесі. Мақсары танаптарында жүргізілетін негізгі топырақ өңдеу жүйесіне аңызды сыдыра жырту және күздік сүдігер тарту жатады. Республиканың оңтүстінде масақты астық дақылдарын жинап алғаннан кейін күзде танап 6-8 см тереңдікке сыдыра жыртылып, содан кейін 1-2 аптадан соң 20-22 см тереңдікке соқамен аударылып жыртылады.

Қытай Халық Республикасының Қазақстанмен шектес аймақтарында мақсары танаптары күзде 25-27 см тереңдікке жыртылады, себебі өсімдіктің тамыр жүйесі тереңге бойлайды. (Ван Жау Му, 1993).

Ерте көктемде сүдігер тырмаланып, қажетінше 1-2 рет культивацияланады. Себер алдындағы культивацияға дейін арамшөптерге тқарсы топырақ гербициді бүріккіш құралмен бүркіліп (ПОУ) іле тырмамен жабылады. Көпжылдық және біржылдық қосжарнақты арамшөптерге қарсы торфи (2,0-2,5 л/га), трефлан (4-10 л/га), астық тұқымдас арамшөптермен күресу үшін фюзилад супер (1-2 кг/га біржылдық және 2-4 кг/га көпжылдық арамшөптерге қарсы) қолданылады.

Тұқымды себуге дайындау. Мақсары тұқымы себу кондициясына жеткізіліп, тұқымға арналған үлгіқалып (стандарт) талаптарына сай келуі керек. Тұқым құрамындағы негізгі дақыл үлесі 95-98 % кем емес және зертханалық өнгіштік 85-95% болуы керек. Себу алдында ауруларға қарсы тұқымды 200 ФФ, 34% 3-4 кг/т; ТМТД 80% - 2-3л/т; фундазол -3кг/т улы химикаттарының бірімен дәрілейді (ПС-10 немесе басқа құрылымда).

Себу мерзімі. Мақсары ерте себілетін дақылдар қатарына жатады. Топырақтың 10 см қабаты 6-80С жылынған кезде себеді, себу мерзімін кешіктіру өнімділікті төмендетеді және зиянкестермен зақымдану қаупін күшейтеді.

Қазақстанның оңтүстік шығысының тау бөктері аймақтарында мақсарыны сәуір айының бірінші онкүндігінің аяғында, ал осы өңірдің шөлді-далалы аймағында наурыздың аяғы – сәуірдің басында себу ұсынылады (Т.Н. Нұрғасенов және т.б.,2003).

Қазақстанның оңтүстігінде наурыздың 2-ші онкүндігінде, ал солтүстігінде және батысында сәуірдің аяғы – мамырдың бірінші онкүндігінде сепкен дұрыс. Республиканың оңтүстік шығысының қары аз, көктемгі егістегі ылғалы жеткіліксіз шөлді-далалы аймағында мақсарыны қыс түсер алдында себу қарастырылады, яғни қараша айының бірінші онкүндігінде. Аталған жағдайдағы мақсары өнімділігі көктемгі мерзімде себілген дақылдан кем түспейді (С.С. Арыстанғұлов, 2009).

Себу тәсілі. Мақсарыны тұқымға өсіруде оны кең қатарлы тәсілмен (45-60 см) себу ұсынылады. Отамалы дақыл ретінде мақсарыны кең қатармен себу арамшөптермен күресуде тиімді. Ылғалмен қамтамасыз етілген жерлерде және суармалы егіншілікте дақылды жаппай қатардағы (15 см) тәсілмен себуге болады.

Респуликаның оңтүстік шығысында мақсарыны тұқымға екі ізді таспалы тәсілмен (60х15х15) себу мүмкіндігі қарастырылуда. Дақылды таспалы тәсілмен себу, кең қатарға қарағанда өнімділікті 10-15% жоғарылатады.

Себу мөлшері. Кең қатарлап (45-60см) себуде гектарына 200-300 мың дана өнгіш тұқым немесе 8-12 кг себіледі, екі ізді таспалы тәсілмен-12-14 кг/га, жаппай қатардағы тәсілде -20-24 кг/га тұқым себіледі.

Тұқым сіңіру тереңдігі 5-6 см, ылғал төмен жерлерде – 7-8 см.

Егістікті күтіп-баптау шаралары. Танапты тырмалаудан (егін көгі шыққанға дейін және шыққаннан соң) және қатараралықты (2-3 рет) өңдеуден тұрады. Кең қатармен себілген мақсары егісі КРН 4,2 немесе КРН 5,6 культиваторларымен қатараралықтары өңделеді. Бірінші рет культивациялау 6-8 см тереңдікте, екіншісі 8-10 см, ал үшіншісі 6-8 см-ге жүргізіледі. Бірінші культивациямен бірге өсімдік минералды тыңайтқыштармен үстеп қоректендіріледі.

Суармалы егіншілікте мақсарыны 2-3 рет суару ұсынылады. Әрбір суару мөлшері 600-800 м3/га.

Республиканың оңтүстігінде және оңтүстік шығысында мақсары егісі 30 аса зиянкестермен зақымдалады. Олардың ішіндегі кең тараған түрлері: кіші және үлкен мақсары бізтұмсықтары, мақсары шыбыны, жидек кенесі және т.б. Күресу шаралары: егер бізтұмсықтар саны 1 шаршы метрде 2-3 данадан асса, онда 5 % каратэ немесе кинмикс 2,5% препараттарының бірімен 0,15-0,20 л/га мөлшерінде (жұмысшы ерітінді – 200-250 л/га) егістік бүркіледі.

Мақсары ауруларына қарсы (тат жапырақтың қоңыр дағы т.б.) алдын алу шарасы ретінде тұқым дәріленеді (жоғарыда жазылған).

Мақсарыны жинау. Мақсары тұқымын толық піскенде астық комбайндарымен тікелей орып бастырады. Мақсары тұқымдары біркелкі піседі және шашылмайды, сондықтан оны кешірек те жинауға болады.

АРЫШ

 

Арыш тұқымында 40-60 % дейін кебетін май бар, ол негізінен техникалық мақсатқа – лак пен сыр, сабын қайнату т.б. өнеркәсіп салаларында – пайдаланылады. Тағамдық сапасы күнбағыс, зығыр майларынан анағұрлым төмен, сондықтан аз қолданылады. Арыш күнжарасы – құнарландырылған мал азығы, оның 100 кг қоректілігі жағынан 115 азықтық өлшемге тең, алайда малға көп беруге болмайды, өйткені оның құрамында улы зат – гликозид – болады. Сонымен қатар арыштың басқа майлы дақылдарға қарағанда айтарлықтай артықшылықтары да бар: ерте және біркелкі піседі. Сақтандыру және шабылмалы дақылдар ретінде пайдалануға да болады. Бұл сапасы арышты вегетация кезеңі қысқа Солтүстік Қазақстан жағдайында өсіруге мүмкіндік береді. Ол Шығыс Қазақстан облысында кеңірек тараған, орташа тұқым өнімі 10-12 ц/га дейін жетеді.

Арыш өсірілетін аймақтардың шаруашылықтарында арыштың екі түрі өсіріледі – күздік және жаздық формалары. Егістікте жаздық арыш кеңірек тараған.

Жаздық немесе егістік арыш (Camelina sativa) қырыққабат тұқымдасына жатады. Бұл кіндік тамыр жүйесі бар бір жылдық шөптесін өсімдік, жіңішке бұтақты, биіктігі 50-60 см. Жапырақтары – қарапайым, сағақты, қатты және қысқа түктермен қапталған. Гүл шоғыры – шоқгүл. Гүлдері ұсақ, өңсіз – сары түсті. Жемісі – алмұрт пішінді бұршаққын, піскенде жарылып кетеді. Тұқымдары ұсақ (1,5-2,0 мм), ұзынша-сопақ, қызыл-күрең түсті, ылғалданғанда жылпылдағыш болып келеді. 1000 тұқымның массасы – 1,0-1,5 г (Сурет 37).

Сурет 37. Арыш

 

Биологиялық ерекшеліктері. Жаздық арыш өсіру жағдайларына жоғары талап қоймайды. Тұқымдары 1-20 жылылықта өне бастайды, ал ең қолайлы өну температурасы +12-140. Егін көгі – 10-120 дейінгі қысқа мерзімді үсікті көтере алады. Орташа мерзімде пісетін сорттардың толық вегетациясы үшін 1500-17000 белсенді температурада жиынтығы жеткілікті.

Жаздық арыш ылғалды тиімді пайдаланады және қуаңшылықты жеңіл көтереді. Ылғалға барынша көп қажетсінуі-гүлдену мен тұқымның толысу кезеңдері. Транспирациялық коэффициенті 350-380 бірлікке тең. Топыраққа қоятын талаптары айтарлықтай жоғары емес және құмдақ жеңіл сәл сортаңдау топырақтарда өсе алады.

Орташа мезгілде пісетін сорттарының өсіп-даму кезеңі – 70-90 күн. Қазақстан Республикасының Шығыс, Батыс облыстарында және СҚО-да ерте, орташа мерзімде пісетін Омский местный, Киргизский 1 сорттарын өсіруге рұқсат етілген.

Өсіру технологиясы. Жаздық арышты арамшөппен шамалы ластанған алғы дақылдан кейін – таза сүр жер, сүріден кейінгі екінші дақыл, отамалы дақылдар – орналастырылады. Өте ұсақ тұқымды өсімдік ретінде арыш топырақтың тыңғылықты өңделгенін қалайды, топырақты тығыздау жүргізіледі.

Жаздық арыш ерте себілетін дақыл болғанымен біздің аймақ жағдайында ең қолайлы себу мезгілі 15-20 мамыр болып табылады. Ерте себілгенде арыштың көктеуі кешігеді де егін көгі арамшөппен тұншықтырады. Оған қоса, өсіп-даму кезеңі қысқа болғандықтан арыш салыстырмалы кеш себілгенде де пісіп үлгереді. Шөп себетін сепкіштермен жаппай қатардағы әдіспен сепкен дұрыс. Себу мөлшері – 6-8 кг/га (4-5 млн/га өнгіш тұқым), тұқым сіңіру тереңдігі 2-3 см. Егістікті баптап-күту себілгеннен кейін топырақ тығыздау (әсіресе топырақтың беткі қабаты кеуіп кеткенде), зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарын біріктіреді.

Арыш біркелкі піседі және механикалық әдіспен жинауға жарамды. Төменгі бұршаққын қоңырлана бастағанда егін жинауға кіріседі, ал тұқым ылғалдылығы 14-150 жеткенде дестелерді жинап үгітуге кіріседі. Ол үшін қайта жабдықталған астық комбайндарын пайдаланады.







Дата добавления: 2015-09-04; просмотров: 6880. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Картограммы и картодиаграммы Картограммы и картодиаграммы применяются для изображения географической характеристики изучаемых явлений...

Практические расчеты на срез и смятие При изучении темы обратите внимание на основные расчетные предпосылки и условности расчета...

Функция спроса населения на данный товар Функция спроса населения на данный товар: Qd=7-Р. Функция предложения: Qs= -5+2Р,где...

Аальтернативная стоимость. Кривая производственных возможностей В экономике Буридании есть 100 ед. труда с производительностью 4 м ткани или 2 кг мяса...

Предпосылки, условия и движущие силы психического развития Предпосылки –это факторы. Факторы психического развития –это ведущие детерминанты развития чел. К ним относят: среду...

Анализ микросреды предприятия Анализ микросреды направлен на анализ состояния тех со­ставляющих внешней среды, с которыми предприятие нахо­дится в непосредственном взаимодействии...

Типы конфликтных личностей (Дж. Скотт) Дж. Г. Скотт опирается на типологию Р. М. Брансом, но дополняет её. Они убеждены в своей абсолютной правоте и хотят, чтобы...

Дизартрии у детей Выделение клинических форм дизартрии у детей является в большой степени условным, так как у них крайне редко бывают локальные поражения мозга, с которыми связаны четко определенные синдромы двигательных нарушений...

Педагогическая структура процесса социализации Характеризуя социализацию как педагогический процессе, следует рассмотреть ее основные компоненты: цель, содержание, средства, функции субъекта и объекта...

Типовые ситуационные задачи. Задача 1. Больной К., 38 лет, шахтер по профессии, во время планового медицинского осмотра предъявил жалобы на появление одышки при значительной физической   Задача 1. Больной К., 38 лет, шахтер по профессии, во время планового медицинского осмотра предъявил жалобы на появление одышки при значительной физической нагрузке. Из медицинской книжки установлено, что он страдает врожденным пороком сердца....

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.012 сек.) русская версия | украинская версия