лекция. Жаңа уақыт мәдениетіндегі батысеуропалық философия. ХІХ ғ. мәдениетіндегі батысеуропалық философия
1. Жаңа дәуір филсофиясындағы рационалистік және эмпиристік бағыт талаптары. 2. Ф.Бэкон, Р.Декарт, Д.Локк, Т.Гоббстің философиялары. 3. Субстанция мәселесі және Б.Спинозаның пантеизмі. 4. Д.Беркли және Д.Юмның субъективтік философиясы. 5. ХУІІІ ғасырдағы француз материализмі. XVII - XIII ғасырларда Батыс Европа елдерінде өндірістік тәсіл мен құралдар жедел қарқынмен дами бастады. Өндірістік тәсіл мен құралдардың жедел қарқынмен дамуына байланысты, қалыптаса бастаған қоғамның жаңа талап, сұраныстарын қамтамасыз етуге ескі схоластикалық ілім мен діни көзқарастар кедергі болды. Жаңа дәуір философиясы белгілі бір әлеуметтік - экономикалық, саяси -қоғамдық көзқарастардың жемісі болатын. Өйткені, Батыс Европада капиталистік қүрылыстың пайда болуы орта ғасырлық діни идеологияға қарсы күресті үдете түсті. Тауарлы - ақшалы шаруашылықтың дамуы орта ғасырлардағы тұйық қоғамның жемісі болған барлық әлеуметтік, саяси - идеологиялық қатынастарды талқандауға экеліп соқты. Жаңа заман, яғни капитализм дәуірі құлдық пен феодалдық - өндірістік қатынастардың формаларын түбірінен жаңғыртып, қайтадан заттық - тауарлық қатынастарды қалпына келтірді. Адам ендігі жерде сатып алатын, сатылатын тауарларға бағынышты болды. Оны өлтіруге, сатуға жэне сатып алуға болмайды. Бірақ, адамның жұмысшы күші сатылады, өйткені, ол қосымша құн тудырады. Бүкіл байлық - капитал осы процесс арқылы дүниеге келеді. Жаңа философияның қалыптасуымен қатар жаңа заманға жаңа ғылыми жаңалықтар, жаңаша дүниетанымдық көзқарастар керек еді. Осы себептен ғылымның пайдалы деп танылған жаңа салалары тез дами бастады. Гидростатика, механика, геометрия тағы басқа ғылымдар саласында қол жеткен табиғаттану, философия ғылымдарына үлкен әсер етіп, философияда механистік қөзқарасты жэне метофизикалық ойлау тәсілі қалыптастырды. Тіпті қоғамдық өмірді де, адам табиғатын механика тұрғысынан қарастыру әдетке айналды. Фрэнсис Бэкон (1561-1626ж). Негізгі еңбектері: «Ғылымдар табысы», «Жаңа органон», «Жаңа Атлантида» т.б. Бэконның ілімінше, адамдардың негізгі мақсатын табиғат күштерін игеру. Табиғаттың сырын, заңдылықтарын білген адам оларды өз қажеттілігіне жарата алады, ал табиғатты материяны қарастыру арқылы түсіндіруге болады. Бэкон «Білім – күш», «Күш - білімде деген қағидаларды насихаттады. Оның пікірінше дүниені дұрыс танып, жалған пікірлерден азат болу үшін төрттелестерден құтылу қажет. Олар: 1) адам табиғатына тән елес; 2) әркімнің жеке басына тән елес; 3) нарық (базар) елесі; 4) театр елесі. Олардан құтылу дың басты жолы – тәжірбие жасау, нақты зерттеу, қалыптасқан ұғымдарды сол күйінде алмай, тексере білу. Томас Гоббс (1588-1679ж.) Бэконның ілімін жалғастырушы жэне бір жүйеге түсіруші. Ол механикалық тәсіл арқылы әлемдік құбылыстар мен қатар таным процесінде, қоғамдық құбылыстарды да қарастырып, жүйеленген механикалық әдістерінің негізін қалады. Негізгі еңбегі: «Левиафан - материя, фория, мемлекеттік, діни және азаматтық билік». Гоббстың пікірінше, объективтік шындық дегеніміз денелер жиынтығы. Материя мен дене синонимдер. Бейзаттық құбылыстар болмайды. Джон Локк (1632-1704жж.) ағылшын философы, психологы, педагогі. Негізгі еңбектері: «Адамдардың ақыл - ойы туралы тәжірибе» т.б. Таным концепциясын психологиялық теория тұрғысынан негіздеп, психологияның ғылым ретінде қалыптасуына жол ашты. Егер Бэкон білім - тәжірибеден шығады десе, Локк оған қосымша тәжірибенің өзі сезімдік түйсінулер арқылы қалыптасқан деді. Локтың таным теориясы негізінен үш қағидадан тұрады: адамдарда «туа біткен идеялардың» болуы мүмкін емес, себебі идеялардың өзі тәжірибе арқылы пайда болады; адамның дүниеге келген кездегі ақыл - ойы ештеңе жазылмаған таза тақта, немесе «ақ қағаз» сияқты, ол тек тәжрибе арқылы мазмұнға толады; ақыл - ойда тек сезімдік түйсіктер арқылы қабылданған мэліметтерден басқа ештеңе жоқ, себебі дүниеге шығатын терезе -түйсік. Егер ағылшын философтары білімді тек сезімдік түйсіну арқылы алуға болады деп есептесе, француз ғалымы және философы Рене Декарт (1596-1650ж.ж.) ақыл - ойды таным процесінде бірінші орынға қойып, тәжірибенің ролін сол ақыл - ойдың мәліметтерімен тексеретін қарапайым практикаға дейін түсіреді. Негізгі еңбектері: «Тәсіл туралы ойлар», «Бірінші философия туралы метафизикалық ойлар», «Философия бастамасы» т.б. Спиноза Бенедикт (1632-1677) нидерланд философы. Негізгі еңбектері: «Діни - саяси толғау», «Декарт философияның қағидалары», «Этика» т.б. Спинозаның ілімі бойынша, барлық материалдық денелер мен құбылыстарды біріктіретін үғым ол - субстанция (түпнегіз). Құдай, табиғат, әлем, түпнегіз біртектес, бір реттегі түсініктер, синонимдер. Түпнегізге сансыз көп атрибуттар (ең басты қасиеттер) тән. Солардың ішіндегі ең маңыздылары кеңістікте көсілу мен ойлау. Түпнегіздің ойлау атрибутының модустары (тіршілік, рух, жан) барлық жек денелер мен құбылыстарды қамтиды. Джордж Беркли (1685 – 1753 ж.ж.) Шығармалары: «Ой өрісінің жаңа теориясының тәжірибесі», «Адам білімнің принциптері туралы трактат» (1710ж), «Гилас пен Филонус арасындағы үш әңгіме» (1713) ж. Беркли материалисттерге қарсы соққы беріп, олардың материалистік ұғымдарына қарсы шықты. Оның жазуы бойынша «мен барлық уақытта материяның өмір сүрмейтіндігіне сенемін, оның өмір сүретіндігі, ақылсыздық, маған құдай куә». Олай болса не өмір сүреді. Давид Юм. /1711-1776/ Берклидің ілімін әрі қарай жалғастырған тарихшы, дипломат, философ,. Негізгі еңбектері: «Адамның ақыл-ойы туралы зерттеулер», «Діннің табиғи тарихы», «Табиғи дін туралы пікірлер», т.б. Д.Юмның айтуынша, біз таным процесінде сезім мүшелерімізге ғана сүйенсек, одан тыс тұрған дүниенің бар екеніне көз жеткізе алмасақ, онда себеп-салдарлы байланыстарда жоққа шығады. XVIII ғасырдың орта шенінен бастап әсіресе Францияда буржуазиялық революцияны идеологиялық жағынан әзірлеуде материалистер Дени Дидро /1713-1784/, Жюльен Офре Ламетри /1709-1751/, Поль Анри Дитрих Гольбах /1723-1789/, Клод Анри Гельвеций /1715-1771/ аса маңызды рөл атқарды. Олар сол кездегі Франциядағы саяси-әлеуметтік құрылыспен аяусыз күресті. Бұл материализм XVII ғасырдағы ағылшын материализмі сияқты механикалық, метафизикалық материализмге жатады. Сондықтан негізгі сипаттары ортақ. Әрине, одан бір ғасыр кейін және Франция жағ-дайында дүниеге келгендіктен айырмашылықтары да бар. Француз материалистері көпшілікке тікелей әсер ету үшін философиялық ой-пікірлерін әртүрлі көпшілік жерлерде айтып, ой тартыстарын тудырып, энциклопедиялық еңбектер жазып, ауызша да жазбаша түрде де кең таратты. Негізінде олар дінді, оның уағыздаушыларын қатты сынға алды, сатиралық сөздермен мазақ етті. Бірақ қоғамдық құрылысты түсіндіруде олар идеалистік шеңберден шыға алмады. XVIII ғасырдағы Француз материализмі – материалистік философияның дамуындағы жаңа бір тарихи саты, жоғары формасы болып табылады. Француз материалистері тәжірибе, түйсік – танымның негізі, білімнің барлық формалары әуелі тәжірибеде, түйсікте бейнеленіп, содан соң дамудың, кейінгі жоғары сатысында ойлаудың, пайымдаудың формаларына айналады деп санады. Олар дінге халықты қанау, езудің рухани құралы деп қарады. Адамдарды дін мен жоққа сенушіліктен арылтудың жолы – ағарту ісі деп білді. Бұл жерде олар атеизм принциптеріне және қоғамды революциялық жолмен қайта құру қажеттігін түсіндіруге жуықтап келеді, егер адам, оның жеке басының сапалары қоршаған ортаға байланысты болса, деді олар, онда оның кемшіліктері де сол ортаның әсерінен болғаны. Сондықтан адамның кемшіліктерін жойып, оны өзгерту үшін, қоршаған ортаны және ең алдымен қоғамдық ортаны қайта құру қажет. Ал қоршаған орта адамдарға байланысты деді. Иммануиль Кант (1724-1804) неміс классикалық философиясының ғұлама ғалымы. И.Канттың пікірінше, философиялық талдау ойлауға, идеяға, ақыл зердеге субъектіге бағынады және солардан келіп шығады деді. Ұлы ойшыл адам баласының таным қабілетін,- сезімдік, пайым және зерде деп үшке бөледі. Кант ең алдымен математиканы, жаратылыстануды, метафизиканы априорлы синтетикалық тұжырым арқылы талдай келіп, таным процесінің қалыптасуы мен белгілі бір сатылардан өту жағдайын көрсетті. (априорлы – лат.тілінен тәжірбиеден тыс пайда болған ұғым, ой идея). Осыдан математика – сезімділікке, жаратылыстанут – пайымға, метафизика яғни философия зердеге қатысты екені анықталды. Кант философиясын «сыни кезеңге дейін» және сыни кезең» деп екіге бөліп қарастырады. Сыни кезеңге дейінгі Канттың Күн жүйесінің аса зор газ тектес тұмандықтан пайда болғандығы туралы идеясы тек астрономияға қосқан үлес емес, жалпы дүниетанымдық методологиялық маңызы бар жаңалық болды. Сыни кезеңдегі Канттың пікірінше философияның болмыс, әдептілік және дін мәселелерін қарастырмастан бұрын, адамның танып білу мүмкіндігінің шекарасын белгілеп алу керек дейді. Таным процесі күнделікті тәжірбиеден, сезімдік түйсінуден басталады. Бірақ олар бізге «Өзіндік заттар» туралы емес, олардың көріністері туралы деректер береді. Г.В.Ф. Гегель. Философия тарихында пайым мен зерденің әлеуметтік мәнін ашуға ұмтылып, оны ғылыми әрі диалектикалық негізде дамытқан классикалық неміс философиясының ірі өкілі Г.В.Ф.Гегель болатын. Ол өзінің алғашқы философиялық шығармаларында қоғам өміріне, әсіресе дін мен саясат мәселелеріне айрықша назар аударды. Философияның негізгі мәселесін Г.В.Ф.Гегель объективті идеализм тұрғысынан шешеді. Дүниенің түп негізі – объективті рух. Ол мәңгі, адамның санасынан тыс және оған тәуелсіз өмір сүреді. Ал табиғат болса осы рухтың туындысы. Объективті рух кейде абсолюттік идея, кейде құдіретті сана деп те аталады. Ол абсолюттік идеяны, абсолюттік рухты дүниенің негізгі тірегі деп анықтады.Гегель дүниеде өмір сүретін барлық нәрсені негізгі ұғымдардың қозғалысы – абсолюттік идеяның дамуы деп санады. Гегельдің философиясы – сана, рух алғашқы, бірінші, ал материя, табиғат екінші, туынды, тәуелді деп дәлелдейтін объективтің идеялизмнің айқын түрі болып табылады. Гегельдің пікірінше, философия дегеніміз ой қозғалысы, бір ұғымнан екінші ұғым туатын, бір ұғым екінші ұғымға айналатын ұғымдар системасы. Г.В.Ф.Гегельдің философиялық жүйесі үш бөлімнен тұрады: 1. Логика. 2. Табиғат философиясы. 3. Рух философиясы. Гегель философиясында антропологияға да ерекше мән берілген. Ең алдымен ол жеке адамның, индивидтің сана-сезімін зерттеумен айналысады. Субъективті рухты адам рухы деп қарастырады. Субъективті рух жөніндегі ілім – антропология. Л.Фейербах. Неміс классикалық философияның соңғы өкілі Л.Фейербах (1804-1872) болды. Негізгі еңбектері: «Христиан дінінің мәні», «Дінінің мәні», «Гегельге қарсы сын» және т.б Фейербах классикалық неміс философиясының ақырғы буыны еді. Ол өз жүйесін И.Кант қалыптастырған жолдан тайып, жаңадан философиялық жүйе жасады. Ол өзінің философиясын «болашақтың философиясы» деп атады. Оның ойынша, философиялық ойлар мен рухтар жүйесінен шығып, жаңа патшалыққа қарай, яғни адамдардың қайғы қасіреті қабаттаса қорланған дүниеге қарай бет бұруы тиіс еді. Философия ендігі жерде өзінің ойларын таза зерденің ықпалынан адамға, антропологияға қарай алып шығуы тиіс. Ол өзінің «Болашақ философиясының негізгі қағидалары» деген еңбегінде құдай туралы, яғни теологиялық ілімнен шығып, адам туралы ілімді тудыру керек дейді. Осындай жаңа ілімді тудыру үшін ол классикалық неміс философиясында қалыптасып қалған ілімдерге қарсы шықты. Бұл философияның тарихи қажеттігі мен ақтаудың негізі, оның сынаумен байланысты болды.
8-лекция. ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басындағы ресейлік мәдениеті контексіндегі орыс философиясы. 1. Күрескер демократтардың материализмі. 2. Орыстың идеалистік философиясы
ХІХ ғ. ортасында Ресейде буржуазиялық-демократиялық қозғалыс үдей түседі. 1861 ж. Басыбайлылық құқықтың жойылуына байланысты бұл қозғалыстың буыны бекіп, ол қанатын кең жая бастайды да, оның басына орыс қоғамының зиялылары келеді. Ол кезде Ресейде капиталистік қоғамдық қатынастар дами бастаған болатын. Орыс мәдениеті, қоғамдық ой мен философия жаңа бағытқа бет алған еді. 1850 ж. бастап, Ресейде революциялық ситуация етек алады. Осында орыстың күрескер демократтарының матриалистік философиясы дүниеге келеді. Оның көрнекті өкілдері: Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов, т.б. болды. В.Белинскийдің философиялық көзқарастары ағартушылық сипатта болды. Неміс классикалық философиясының әсерінде қалып, ол Ресейдің негізгі үш тірегіне шабуыл жасай бастайды: басыбайлылық, самодержавие және шіркеу. Гносеологияда Белинский агностицизм мен кертартпалыққа қарсы шықты да, ақиқаттың тарихи сипатын, сезімдік таным мен ақыл-ойдың ажырамас бірлігін уағыздады. ХІХ ғ. Ресейдегі идеалистк философия Киреевский, Хомяков және т.б. славянофилдердің аттарымен тығыз байланысты болды. Солардың негізінде бірінші христиан философиясының құрылымын жасаған Соловьев болды. Оның ізбасарлары – князь Трубецкой, Федоров, Булгаков, Лоссуий, Арсеньев, Бердяев, т.б. В.И.Ленин – маркстік философияны жалғастырушы және дамытушы. ХХ ғ. аяғында капитализм өзінің дамуының ең жоғарғы сатысы – империализм атты сатысына көтерілді. Қоғамдық таптар күресі шиеленісіп, адам санасында жаңаша ойлау кезеңі басталады. 1890 ж. Ленин жаңа дәуір талаптарына сай диалектикалық және тарихи материализмді дамыту ісін қолға алды. Сөйтіп маркстік философияның дамуының жаңа кезеңі – лениндік кезеңі басталады. Орыс совет философиясының өкілдері – Деборин, Луппол, Вернадский, Кедров, Ойзерман, т.б. атауға болады. Орыс ғалымдарының айтуынша, философиялық ой кешу үрдістері Ресейде насрани діні жайыла бастаған кезеңде, яғни 11 ғ. қалыптасады. Осы кезеңде Киев метрополиті Илларион «Заң және сенім туралы сөз» деген атышулы еңбегін жазып, орыс жерінің ұлылылғын, адамдарының құдай нұры мен шапағатқа бөленгендігін дәріптеген. Одан кейінгі аралықта православиелік шіркеудің ықпалындағы Ресейдің әлемдік өркениетке қосар үлесі тарапынан діни-философиялық ойлар айтылып келген болатын. Осы сынды ой толғаулар ХҮІ-ХҮІІ ғ.ғ. жалғасты. Олардың мазмұны орыс елінің қайталанбас рухани болмысын, орыс елінің қайыспас батырлығын дәріптеуге саяды. Аталмыш ойлау дәстүрінің екінші қанатына батысшылдар жатады. Олар Ресейді еуропалық мәдениетке телуді жақтайды. Теориялық және саяси-теориялық тұрғыдан қалыптасқан елеулі бағыттардың бірі – славяншылдық ХІХ ғ. 40-60 ж. жедел өрістей бастады. Оның өзекті мәселесі орыс халқының ұйысу /соборность/ сынды қағидаларға негізделген болатын. Бұл бағыт «славяншылдық» деген атқа ие болды. Мұндай ой саналық философиялық ағымның негізін қалаушылар А.С.Хомяков /1804-1860 ж.ж./ пен Ю.Ф.Самарин /1819-1866 ж.ж./ дегендер еді. 9-лекция. Қазақ философиясы. 1. Қазақ философиясы қалыптасуының әлеуметтік-мәдени алғы шарттары. 2. Қазақ ағартушылық философиясы және оның ерекшеліктері. 3. ХХ ғасырдың басындағы қазақ филсофиясы. Ежелгі рухани мұра жүйесінде қазақтың ертедегі философиялық ойлау элементтерінен бастап, қазіргі замандағы толысқан философиялық теориясын түгелдей қамтитын ұзақ та жемісті философия тарихы мол орын алды. Оның негізгі бағыттары ретінде тұрпайы диалектикалық ойларды, дүниеге шынайы түрдегі көзқарасты, дінді тану және басқа да еркін ойлау процестерін, моральдық мәселелер мен адам туралы ілімдерді, күш көрсетпеу идеясы және оның күш көрсету саясатына қарсы бағыттарды насихаттауы және т.б. мәселелері болды. Ақындар мен жыраулар, саясаткерлер мен батырлар, хандар мен қолбасшылар, билер мен серілер – бәрі де өздері өмір сүрген заманнның объективті құбылыстарын тілге тиек, ойға өрнек етіп, әр түрлі деңгейде, бірақ жалпы алғанда жартылай даму тенденциясы шеңберінде қазақ халықының қоғамдық саяси, мәдени, сайып келгенде, философиялық ойлау жүйесінің құрылымын жасады. Қазақ философиялық ойының тағы да бір ерекшелігі деп оның шынайы патриотизмін, халқына сүйіспеншілігін, оның бақыты, мүддесі және болашағы үшін күресуге дайын және оған жету жолдарын өз қадерінше анық, жан-жақты көрсете білуі еді. Халқымыздың өмірін бейнелеген, адамдардың түйсігін, ойларын, өскелең талабын көрсете білген фольклорда объективті шындықтың элементтері бар. Шоқан Уәлиханов.( 1835-1866). Демократиялық үлттық мәдениеттің көрнекті екілі. Энцеклопедист-ғалым, саяхатшы, пуплицист, қоғам қайраткері Шоқан Уалиханов өз бойында Еуропа білімділікпен Шығыс халықтарының мәдениеті жайлы терең түсінікті үйлестірді.Ол география, тарих, этнография, лингвистика, салт-дәстүр, этнос, тайпалар мен халықтардың тарихы, туыстығы, тамырластығы жөнінде, сондай-ақ қоғамның әлеуметтік құрылымы туралы көптеген ғылыми еңбектер жазды. Шоқанды өз халқының тарихы, қоғамдық құрылым, саяси өмірі, білімі,кәсібі, имандылық қасиеттері толғандырды. Шоқан бүкіл адамзат жасаған рухани байлықты, оның баға жетпес ортақ қазынасын өз халқының игілігіне айналдыру үшін қажымай еңбек етуді өзінің мақсаттарының бірі деп санады Қазақ ағартушылығының көрнекті өкілі, педагог-жаңашыл және жазушы Ыбырай Алтынсарин (1871-1889) болды. Ол өзі туған қазақ қоғамының жай-күйін зерттеп, оның дүниежүзілік алдыңғы қатарлы өркениеттен артта қалауының басты себебі қазақ арасында оқу-білімнің тарамағандығынан деп түйіндеді. Сондықтан да ол бар күш-жігері мен мен уақытын жас түлектерді оқутыға жұмсады. Ыбырай мектептерде оқып, білім алған қазақ балалары қараңғылықтан шығудың жолын түсінед, өз халқын өркениеттілік жолға нұсқайтын болады деп сенді. Ыбырай дүниетанымы қалыптасуына тұған ел халық ауыз әдебиеті, прогрессивті орыс мәдениеті мен Еуропа ойшылдарының еңбектері өз әсерін тигізді. Уәлиханов секілді Алтынсаринда өз халқының арта қалушылығын жою ағартушылықта деп сенді.Ы. Алтынсарин арнайы философиялық тақырыпта еңбек жазбаған, деген мен ағарту және қоғам мәселелерін талқылауға арналған шығармаларында дүниеге көзқарастық пікірлер қалыптастырған. Революцияға дейінгі қазақ мәдениет тарихындағы ең ірі тұлға қазақтың ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін салушы, ағартушы, кемеңгер ойшыл – философ Абай Құнанбаев- (1845- 1405) болды. Абайдың әділеттілігі, адалдығы халық арасында оның даңқын бұрынғыдан да арттыра түсті. Бұрын теңдік ала аламай, есере қолы жетпей, зорлық-зомбылықтың тақсіретін тартып жүрген нашарлар мен кедейлер ағылып Абайға келіп, мұң-мұқтажын шаға бастады. Қалың қазақ қамын ойлаған Абай феодалдық, байшылдық, рушылдық салтына қарсы күресті, тайсалмай ашықтан-ашық жүргізумен болды.Абайдың есімімен қазақтың мәдениеті мен әлеуметтік-философиялық ойлары тарихындағы сапалы жаңа кезең байланысты. Қазақ ағартушысы қазақ өмірін жан-жақты бейнелейтін екі жүзден астам өлеңдер, үш философиялық - этикалық поэмалар және қырық бес қара сөздерден тұратын өсиет жанрындағы терең философиялық ой толғаулар жазып қалдырды. Абай – дүниеге көзқарасы әбден қалыптасқан ғұлама, оның шығармалары өзіндік философиялық түйіндерге толы. 10-лекция. ХХғ. мен ХХІ ғ. қарсаңы мәдениеті контексіндегі батыстық философия 1. ХХ ғасырдағы батыс философиясының мәні және негізгі бағыттары. 2. Позитивизм және оның тарихи түрлері. 3. Экзистенциализмнің негізгі ұғымдары.
Әр дәуірдің өзіне тән философиясы болады. Буржуазиялық қоғамда философияның толып жатқан ағымдары бар. Олар бірінен –бірі сырт көрінісі жағынан айырылады, мазмұны жағынан біріне-бірі жақын. Осы ағымдардың негізі идеализм. Бұл ағымдар қоғамның үстемдік етуші тобына қызмет етеді, оның әлеуметтік саяси мүддесін негіздейді. Бұл ағымдардың өзінде қарама-қарсы бағыттар бар. Батыстың философиялық білімнің саясаттануына және идеология-лануына капитал елдерінде тап күресінің шиеленісуі, дамыған елдер мен тәуелді елдер арасындағы қайшылықтардың тереңдей түсуі, қазіргі ғылы-ми-техникалық революциядан туған дүниежүзілік проблемалар зор әсерін тигізуде. Сондықтан Батыс философиясында көптеген ағымдар мен бағыттар бар. Қазіргі батыстық философияда мына ағымдарды атап айтуға болады: позитивизмнің қазіргі түрі – неопозитивизмнің қазіргі түрі – неопо-зитивизмнің тармақтары; экзистенциализм және иррационализмнің түрлері; діни философияның түрлері – неотомизм, персонализм т.б. Сонымен қатар бұлардан басқа прагматизм, антропология, феноменология деген түрлері бар. Бұлардың барлығы субъективтік және объективтік идеализмдердің бағытын ұстайды. Философияны ғылымдардың ғылымы, көзқарас, дүниетаным ретінде қараудан бас тартқан ағымдар ХІХ ғасырдың екінші жартысында бой көрсете бастады. Солардың ішінен Франция жерінде пайда болып, кейін өзге елдер ойшылдарына да зор әсері тиген позитивизм (позитивиз – негізгі, қажет деген сөзден шығады) ағымын атап өтуге болады. Оның негізін қалаған француз философы және ғалымы О.Конт болды. Конт және оның жақтастары (Англияда Г.Спенсер, Дж.Милль т.б.) философияның негізгі проблемаларын қажетсіз дей отырып, тек жаратылыстану ғылым-дарының көзқарастық, танымдық жақтарына көңіл бөліп, оларды асыра дәріптеді. Сөйтіп философия ендігі жерді жаратылыстану салаларының, басқа ғылымдардың жиынтығын негіздеп, оларды теорияға айналдырып, қажетті көзқарас тудырушы болуы керек еді. Бір сөзбен айтқанда, фило-софия басқа ғылымдарға тек қызмет етуші рөл атқару керек. Мұндай позитивистік көзқарас, әсіресе, Гегельдің диалектикасын лақты-рып тастау, оны жаратылыстану салаларының өкілдері игере алмағандығы ХІХ ғасырдың аяғындағы ғылымдардың қауырт дамуына үлкен кедергі болды. Олардың мақсаты — ғалымдарды толып жатқан алдын ораған ойлардан, былайша айтқанда, философиядан азат ету. Олардың пікірінше, әрбір ғылым өз алдына философия. Сол ғылымдарды зерттеу қажет. Былайша айтқанда, әрбір ғылымда пайдалы да, пайдасыз да ойлар болады. Мақсат, дейді позитивистер, солардың тек дұрысын, пайдалысын қабылдап, пайдасызынан арылу. О.Конт (1798-1857) Француз философы және позитивизмнің негізін қалаушы. Ақиқаттық философиялық ілімінде, әсіресе ғылымдардың дамуының маңыздылығында О.Конт өзінің философиясын бірінші орынға қояды, яғни оның пікірінше рухани қабылдауға негізделген пікірлерге орын жоқ, табиғаттың тек сыртқы көрінісін қарастыру керек дейді. Герберт Спенсер (1820-1903) – ағылшын философы және социолог, позтивизмнің негізін қалаушылардың бірі, либералды буржуазия идеоло-гиясының өкілі. Спенсердің философиялық көзқарастары Юмның, Канттың, Мильдің ықпалымен қалыптасты. Оның жүйесінде «танылмайтын» туралы ілім елеулі орын алды. Спенсердің ойынша, кез келген ғылыми ұғым қайшылықты, сондықтан да танылмайды. Заттардың мәніне енуіне ғылымның қабілетсіз екендігінің басқа айғағын Спенсер ғылымның индивидтің тек шектеулі тәжірбиесінен, яғни жалған негізден ғана көре білді. «танылмайтындықты» мойындау діннің негізінде жатыр, осыған орай Спенсер ғылым мен діннің жақындығын пайымдады. Спенсер іліміндегі субъективтік-идеалистік қағидалар мен агностицизм объективтік идеализм элементтерімен («абсолюттік реалдылықты» адамның сезінуі мен әсерле-нуінің көзі деп мойындау) және жеке ғылымдар проблемаларын стихиялы-материалистік түсіндіруімен ұштасты. Адам, оның тағдыры, өмірі мен өлімі, бүгінгісі мен ертеңі, болашағы, болмысы мен күнделікті күйбең тіршілігі туралы көптеген проблемалар көтерген, заманымыздың ең ірі философиялық ағымдардың бірі – экзистенциализм ағымы болып табылады. Экзистенциализм, немесе «өмір сүру философиясы» буржуазиялық философияның иррационалистік (адамның ақыл-ойының күшін жоққа шығаратын) бағыттарының бірі болып саналады. Экзистенциализмның бастапқы негізі жеке адамның өмір сүруі, оның көңіл-күйі, сезімі, ішкі талпынысы, яғни өзінің психикалық сезім құбылыстарының жиынтығы арқылы көрінетін субъектінің өмір сүруі. Міне осыдан философияның басты міндеті – болмыстың ең жалпы формаларын зерттеу емес дүниенің және танымның мәнін ашу емес, адамның өмір сүруінің мәнін, экзистенциализмнің шын мәнін ашу. Адам өз болмысының мәнін түсіну арқылы ғана өзінен тыс сыртқы дүниеде не бар екені жайында пікір айта алады. Сондықтан Еуропаның ХХ ғасырдағы экзистенциализмі батыс өркениетінің кезекті бір дағдарысының туындысы ретінде ғана қаралуы қажет. Және де бұл философия пессимистік сарынға жүгініп, сарыуайымға жол берген көзқарастар жиынтығы. Оның басты ұғымдарын келтірер болсақ, олар: үрей, қорқыныш, жаттану, күйзеліс, өлім, өмір, сенім, қайғы, азап, күншілдік, бақталастық, әділетсіздік, қатыгездік, бақытсыздық. Осындай сезімдер жайлаған мағынасыз өмірден құтылудың жалғыз жолы — өлім. Адамның шын табиғаты, тек қана бір сәтте өлім аузында тұрған мезетте ғана айқындалады. Оған дейінгі бүкіл өмір жалған, жалған импера-тивтерге мойынсұнып келеңсіз өмір кешу. Сондықтан бұл экзистен-циализм толығымен пессимистік, сарыуайым сарындағы, адамды қоршаған дүниені ешбір мәні жоқ, абсурдқа айналдыратын дүниетаным түрі.
11-лекция. Болмыс философиясы. Философиялық антропология. 1. Болмыс ұғымы, оның мәні мен ерекшелігі. 2. Адам болмысының әлеуметтік-мәдени мәні. 3. Материя және оның түрлері.
Дүниедегі құбылыстар мен заттардың, процестердің өзара байланысы, өзгеруі, дамуы, оны танып білуге ұмтылу – болмыс ұғымын тудырады. Табиғат, қоғам, адамдарға тән нәрсе олардың бар екендігі және олардың өзара байланыста болуы болып табылады. Адамдардың материалдық өмірдің табиғатын белгілеуге арналған философиялық ұғым. Философияның негізгі мәселесі ойлау жүйесінің болмысқа көзқарасы туралы мәселе болғандықтан, оның шешімі болмыс ұғымы ретінде алынатын мағынаға байланысты. Болмыс категориясының осы принципті маңызы оны философия ғылым ретінде пайда болған алғашқы кезеңдерде –ақ дүниеге әкеліп, оның көптеген ілімдерге негіз болды. Материалистік философияда ол сезім арқылы қабылданатын материяны, материалдық объектілірдің өмір сүруін, олардың пайда болуын және жойылуын білдіреді. Ал, идеалистік философияда болмыс идеялардың жалаң мәні ретінде көрінеді. Сөйтіп, болмыс материализмде табиғат болмысы, ал идеализмде таби-ғаттан бөліп қаралатын дербес ұғым. Философия болмыс ретінде ең алдымен материяның, жекелеген мәселелердің, прцестердің, адамдардың тиянақты болмысында қашанда санадан тәуелсіз өмір сүретінін көрсетеді. Бұл орайда болмыстың болмауы абсолютті түрде жоғалып кету емес, материяның бір күйден екінші күйге, яғни болмыстың ескі формасынан жаңасына ауысуы болып табылады. Мәселе болмыстың мынадай негізгі формалары жайында болып отыр: 1. Табиғат және заттар болмысы, ол кезегінде табиғи заттар мен процестер және адамдар жасаған заттар мен процестер болмысы болып бөлінеді. 2. Адам болмысы, ол заттар дүниесіндегі адам болмысы және адамның өзіндік болмысы(өз болмысын және жалпы болмысты танып білу) 3. Рухани болмыс (жеке және нақты сипат берілген рухани ұғымның болмысы). 4. Әлеуметтік болмыс. Бұл өз алдына қоғамдағы, тарихи процестегі жекелеген адам болмысына және қоғам болмысына бөлінеді. Заттар мен табиғи болмыс- адамның өмір тіршілігінің, қызмет әркетінің негізі – табиғат заттары мен табиғи процестер. Олар адамзаттан бұрын пайда болған, адам санасынан тыс және тәуелсіз өмір сүреді. Табиғат – объективті шындық, ол алғашқы, онсыз адамзаттың өмірі мен қызметі де мүмкін емес. Адам болмысының өзіндік сапалы мәні бар, өйткені бұл болмыстың табиғаттың көшпелі заттармен ортақ болып келетін маңызды өмір сүру белгілері бар. Адам болмысының алғышарттары – оның денесінің табиғат бөлшегі ретінде, организм ретінде өмір сүруі. Адам болмысының басты ерекшелігі - ақыл-ой иесі, санасы бар, яғни тек тәннің ғана емес, жанның, рухани дүниенің иесі екендігіне. Рухани болмыс -өмір сүру мен көрінісінің нақты түрлері жөнінен әр түрлі болып келетін сана мен санасыздық процестерін қамтитын көптүрліліктің біртұтастығы. Оған табиғи тіл мен таңбалық жүйелер түрінде іс жүзіне асырылған, материалдандыырылған білім кіреді. Сонымен қатар, адамдар арасындағы қатынастардың, ізгіліктің, шығармашылық пен хұқылық өлшемдері мен процестері қатарына жатады. Әлеуметтік болмыс -әлеуметтік философтардың ұғымында мәдени-өркениетті әрекеттің объективті –жалпы бағыты ретінде, индивидтің өмірқамы бағыты ретінде көрінеді. Бұл сананың қоғамдық формалары болмысынң күрделі ұйымдасқан үдерісі және индивид санасының интеллектуалды-адамгершілік бағдардағы нақты формасы ретіндегі руханилық болмысының стихиясы мен онтологиясы. Адамзат өзін қоршаған ортамен, табиғатпен байланыс жасау барсында алуан түрлі заттарды, құбылыстарды, процестерді байқайды. Ерте замандардың өзінде адам баласы осы құбылыстардың, процестердің, заттардың шығу тегі қандай, бәріне ортақ негіз болатын бір нәрсе бар ма деген сауалға жауап іздейді. Дүниенің түп қазығы, ортақ бір бастамасы бар деген тұжырымды ертедегі грек ойшылдары айтады. Оны грек даналары субстанция (түпнегіз, мән) деп атады. Заттар мен процестердің пайда болуы мен өмір сүруінің ішкі бірлігінің негізі деп қаралды. Субстанция деп дүниедегі барлық нәрселердің бастапқы мәнін, пайда болу негізін түсінеді. Егер түрліше жеке заттар мен құбылыстар пайда болатын және жойылатын болса, ал субстанция жойылмайды да, жоқтан пайда болмайды, тек өзінің болмысының формасын ғана өзгертіп, басқа күйге өзгереді. Ол - өзі өзінің себебі және басқа нәрселердің өзгерісінің негізі. Материя – адам санасынан тыс, тәуелсіз өмір сүретін және санада бейнеленетін объективтік шындық. Қозғалыс - материяның ажырамас мәнді қасиеті атрибуты, өмір сүру тәсілі. Ол да материя сияқты жоқтан бар болмайды, жоғалып кетпейді. Ең жалпылыма мағынада алғанда, қозғалыс дегеніміз – кез келген өзгеріс, Қозғалыс дегеніміз – материяның жалпыға ортақ атрибуты, оның өмір сүру тәсілі. Кеңістік пен уақыт қозғалыс сияқты материяның ішкі ажырамас (атрибуттық) қасиеттері, өмір сүру формалары болып табылады. Кеңістік дегеніміз – қозғалушы материяның объективті түрде өмір сүруінің формасы. Кеңістік ұғымы заттардың бір-бірімен қатар және бөлек өмір сүруін, олардың тұрқын, оларды&
|