Студопедия — Бауыржан Момышұлы
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Бауыржан Момышұлы






(1910-1982)

 

Бауыржан Момышұлы 1910 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Көлбастау ауылында дүниеге келген. Қазақ әдебиетін соғыс тақырыбымен байытқан майдангер жазушы Кеңес Одағының Батыры, ҚР Халық қаһарманы, ҚР Мемлекттік сыйлығының лауреаты (1976) атанды. Сонымен бірге Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Бар ғұмырын Кеңес армиясы қызметіне арнаған қолбасшы майдан шебінде жүргенде де қаламын тастаған емес. Оның қаламынан туған “Офицердің күнделігі”, “Бір түннің тарихы”, “Біздің семья”, “Артымызда – Москва” (“Москва үшін шайқас”), “Жауынгердің тұлғасы”, “Майдан”, “Майдандағы кездесулер”, “Генерал Панфилов”, “Төлеген Тоқтаров”, “Ұшқан ұя”, “Соғыс психологиясы”, “Куба әсерлері”, “Ел басына күн туса”, “Жон арқа”, “Адам қайраты”, “Қанмен жазылған кітап”, шығармаларының екі томдығы сынды ірілі-ұсақты еңбектер – қазақ әдебиетіне қосылған мол қазына. Әскери тақырып, яғни, кешегі Ұлы Отан соғысының бір майданын көрсететін жазушы қаламынан туған дүниелер сол тұстағы өмір шындығының жанды картинасын жасады. Бауыржан – ұрыс даласындағы қолбасылық, батырлық тұлғасын қаламгерлік шеберлігімен көрсете білген жазушы. Оның соғыс тактикасы мен психологиясын ғана емес, адам психологиясын да терең тани білген қолбасы, қаламгер екендігіне шығармалары куә.

Көркем шығармадағы кейіпкер бейнесін аша түсетін тәсілдің бірі – портрет. Әрбір кейіпкердің кескін-кейпін суреттеуде де жазушының өзіндік кестесі болады. Кейіпкердің мінез-бітімін, жаратылысын неғұрлым ашып көрсету үшін оның портретін жасаудың да үлкен маңызы бар. Олай болса, жазушы әңгімелерінен оның портретке ерекше мән бергенін аңғару оңай. Оның “Адам қайраты” әңгімесіндегі Әкімгерей – қайталанбас ерекшелігімен, болмыс-бітімімен есте қалар кейіпкер. Жазушы үлкен мәні бар детальдарға өте қырағылықпен қарай білген. Оны Әкімгерей атының Андрей болып жазылуынан байқауға болады. Қазақ аттарының орыс алфавитімен көп өзгеріске ұшырауының салдарынан, тіпті басқа болып жазылуынан көптеген бауырларымыз күні бүгінге дейін құтыла алмай жүргендігі ащы болса да шындық.

Жазушы кейіпкерлерінің бейнесін аша түсуде олардың тілдеріне де ерекше мән берген. Украин, беларус, қырғыз, қазақ, т.б. ұлт өкілдерінің орыс сөздерін бұрмалап, өз тілдерінің дыбыс үндестігіне салып айтуы да шынайылықтың белгісі.

Жазушы қаламына тән үлкен бір стильдік ерекшелік – адам жанына терең үңілу. Ол, көппен жұмыс істегендіктен, әрбір жауынгердің ішкі сезіміне үңіле білген психолог. Әкімгерейдің жасын сыйлаған қолбасшы онымен жақынырақ танысып, оның бар сырына қанып алады да, ендігі жерде оған 17-рет жаралануға жол бермейді. Денесін 16 рет оқ жаралаған оның ерлігіне қайран қалған Бауыржан оған медаль, ордендермен қатар “Қызыл ту” орденін де бергізеді. Әрбір жауынгердің тағдырына, өміріне аса жауапкершілікпен қарайтыны сезіледі. Әкімгерейдің өз мамандығы бойынша оқ астынан 40-50 километр кейін жатқан наубайханаға жібереді.

Және бір әңгімеде қылмысқа тартылған жазасын майданда өтеуге келген Макаров деген жігіт өмірден безініп, өзінен жиреніп, кір-қожалақ болып қалай болса, солай жүреді. Мұны сезген командир оған ерекше көңіл бөліп –қайда барса да, қасынан тастамай жүріп, оны ел қатарына қосып тәрбиелейді.

Келесі бір есте қалатын әңгіме – “Жонарқа”. Бұл әңгімеге бір капитанның бір сәттік көрінісі арқау болған. Жазушы бұл әңгімеде көркемдік детальға мән бере білгендігін және дәлелдеді. Сырт келбеті келіскен, адам баласы таңдана қарайтын капитанды дұшпанның жатағынан мәлімет алып келуге жұмсағанда: “Ол шығып бара жатқанда менің көзім оның иығы мен жон арқасына түсті. Оның иығы қомданып, жоны томпайып кетіпті” – дейді жазушы. “Қорқаққа қол бастатса – адамдар текке қырылатынын” ойлаған қолбасшы бұйрықты дереу өзгертіп оның орнына орынбасары Молярчукты (аға лейтенант) жібереді.

Осы үзіндідегі қырағылық – адам психологиясын терең меңгерудің айғағы. Адам баласын жон арқасынан тану – екінің бірінің қолынан келмейтін қасиет. Жазушы бір сәттік көрініс арқылы көп жайттың бетін аша біледі. Арада біраз уақыт өткенде баяғы капитанды көргенін: “… бір генералдың аузын бағып, ойланбастан қол-аяғын сартылдата соғып, мықты қазыққа қысқа арқандалған дөнендей ұзай алмай жүрді” – деп келістіре бейнелеген. Осы көріністің өзінен-ақ оның “Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен” жүретін жанкешті екенін жазбай танимыз. Ал, оның Молярчукты сөзінен, даусынан ғана тануының себебі де үлкен. Ол – жеке басының қамын ойламай, Отан үшін, жер үшін кеудесін оққа төсей білген ержүрек жауынгер. Жазушының “оң бетінде жараның орны, сынық қарыс қызара айшықтанған тыртығы түрін өзгертіпті. Ол күле бергенде, бетіндегі тыртығы шұңқырланып, жүзін бұрынғыдан да өзгертіп жіберді” – деп, оның бетіндегі тыртыққа дейін көңіл бөлуінен әрбір детальға мән беретін қырағылығын, оны орынды пайдалана білетін стильдік ерекшелігін аңғарамыз.

Жазушы әңгімелеріндегі стильдік ерекшеліктің бірі ретінде пейзажды (табиғат суретін) атауға болады. Ресейдің алты айға созылатын бет қаратпас суығына жазушы баса көңіл бөлген. Оның: “Россияның қатты қысы. Қар қалың-ақ, аңдай ұлып, долдана соққан жел қарды құйындата қуалап, тозаңдата түтеп тұр. Аспанның әлек-шәлегі шығып, айналаның құтырып тұрғанына үш күн болды. Тынар емес, ұйтқып соғып, қардың астан-кестеңін шығара сапырып боран тұр”. Не болмаса: “Ресейдің қылшылдаған қысы малдас құрып, өз тағына түнере мелшиіп отырған. Аяз бетті қарып, түкірген түкірікті жерге түсірер емес” деген суреттерден ызғарлы суықты сезіну оңай. Сонымен қатар, өмір мен өлім арпалысып жатқан шақтағы ержүрек жауынгерлердің ерлігін табиғаттың алай-дүлей бораны толықтыра түсері де ақиқат.

Және бір көңіл бөлетін жайт – параллелизм. Жазушы арпалысқан қан майдан соғысты табиғаттың да алапат дүлейімен қатарластыра суреттеуге аса мән берген. Осы көріністен тағы бір айта кететін тәсіл – кейіптеу (олицетворение). Жазушы жансызға жан бітіріп, оны адам кейпімен беруге шебер. Малдас құрған адам мығым отыратын болса, Ресейдің қысы да осы қалпынан көпке дейін өзгермейтінін көруге болады. Жазушының Төлеген Тоқтаров қайтыс болған кездегі табиғатты суреттеуі ерекше: “Дүние иығынан ентіге булығып демалғандай, жел тынысын ішіне тартып, боран жас жауынгердің қабірін қаба құшақтай, боздай соғып үдеген тәрізді. Жел Алтайдағы ананың арманды жоқтауын алыстан жеткізіп тұрғандай”.

Жазушы қаламына тән бейнеліліктің бір түрі – дерексізді деректі затпен көрсету. “Жонарқа” әңгімесіндегі “… капитанға деген сенімді құлағын қатты бұраған домбыраның ішігіндей үзді” деп сенімді домбыраның ішегімен бейнелеп көрсетсе, енді бірде уақытты “сағыздай өте шабан келеді” деп салыстыра отырып суреттейді. Бейнелілікті жазушы әңгімелерінен молынан кездестіруге болады. Әсіресе, шегіне қашқан жау әскерін түлкіге теңей отырып көз алдымызға көркем елестетуі де көңілге қонымды. “Түлкідей бұлтақтап бір жотадан бір жотаға жортып, әлі құйрығын ұстатар емес. Кейде жалт беріп, тісін ырсита ырылдағандай бір қыстаққа бекініп, бізге қыр көрсетеді”.

Жазушының мақал-мәтел мен тұрақты сөз тіркестерін қолдануда да өзіндік ерекшелік бар. Мақал-мәтелдер – көп сөздің тобықтай түйінін білдіретін, тура мағынасы мен де, астарлы оймен де қолдануға келетін барынша ықшамдалған сөз. Ықшамдалған, мағынасы терең, өте қарапайымдылығымен көңілге қонымды мұндай сөздерді орнын тауып қолдану көркем шығарманың шырайын келтіреді. Осындай айтуға, есте сақтауға жеңіл, тәрбиелік мәні күшті сөздерді жазушы дөп басып орынды қолдана білген. Ол жауынгердің намысын қайрап, оларды жігерлендіру мақсатымен “Жаным – арымның садағасы”, “Қырық жыл қырғында да ажалды өледі”, “Көз – қорқақ, қол – батыр”, “Қорыққанға қос көрінеді”, “Ұйқы – өлімнің інісі”, “Қалауын тапса киіз қазық та жерге кіреді”, т.б. сынды мақалдарды жиі пайдаланып отырған. Қолбасшы өзі жараланып жатқанда да қазақ жігіттерін екі ауыз: “Төртеу түгел болса төбедегіні алады”, “Жаман елге қатын қожа”, “Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді” сынды мақалдармен қайрап, оларға рух беріп шегіндірмей ұстап отырған. Осымен бірге айтпақ ойын жинақтау, нақтылау үшін де мақалдарды жиі қолдану – жазушының стильдік ерекшелігі. Ол әңгімеге арқау болған оқиға мен көріністерді аша түсу мақсатында да мақал-мәтелдерді көп қолданып отырған.

Мұндай мысалдарға қарап отырып, жазушының сөздің қадір-қасиетін түсініп, оны қастерлей білгенін көреміз. Ана тілінің шұрайын емген оның сөз саптауынан “Жерді өз көзіңмен көріп тұрып болжамаған ой – құмалақпен бал ашумен тең”, “Соғыс – жатқан жұмбақ”, “Ерлік – ер басына жүре бітетін қасиет”, “Ар, намыс анасы – тәрбие”, “Білген адамға карта – жердің айнасы”, “Жауынгердің өз тағдырын командирге сеніп тапсыру – нарға артқан ауыр жүкпен тең”, т.б. сынды сөз тіркестері туған. Б.Момышұлы қаламынан туып көпшілікке сіңісіп кеткен тұрақты сөз тіркестер қаншама. Мұндай сұрыпталған сөздерді тақырып бойынша жіктеп сөз ету – өз алдына жеке мәселе.

Б.Момышұлы әңгімелерінен күнделікке тән ерекшеліктер айқын аңғарылады. Қолбасшы кезінде күнделігіне болашақ әңгімелерінің негізін жазып отырған деуге негіз бар. “Бір түннің оқиғасы”, “Кеш батып, таң атқанда”, “Таң атып, кеш батқанда” – әңгімелерінің, аты айтып тұрғандай, бұл туындыларда сол көрсетілген мезгілдегі оқиғалар әңгімеге арқау болған. Оның әңгімелерінен күнделікке тән болған оқиғаның ісімен күнбе-күн жазу, нақтылық, деректілік, болған оқиғадан алған сыршылдық әсерін басым аңғаруға болады. Себебі, олардың көбінде 1942 жылдың нақты күндері көрсетіліп отырған. Әрбір кейіпкердің мінез-құлқын, іс-әрекетін байқататын деректермен бірге жазушының өзіндік ой-түйіндері де көрініп отырады. Осындай мысалдарды “Жонарқа”, “Адам қайраты”, “Ана өмірі”, т.б. әңгімелерінен көптеп келтіруге болады. Осымен қатар, әңгімелерде көптеп кездесетін бір жайт – жер-су атауларының қысқартылып берілуі. С.қыстағы, Л.өзені, К.станциясы, Н.армиясы, Н.бригадасы, М.қыстағы т.б. сынды атаулардың бас әрпімен берілуі – жазушының күнделігіндегі қысқартып жазудан болса керек.

Момышұлы шығармаларынан ол өзі бел ортасында жүріп, тікелей куә болған оқиғаларды ғана әңгімесіне арқау еткені көрініп тұрады. Өз көзімен көрмеген оқиғаны болжаумен, қиялмен жазу – жазушыға жат мінез. Оны Т.Тоқтаров ерлікпен қаза тапқандағы: “Олар – оның ұстаздары Гундилович, Трофимов, Мәлік, үзеңгі жолдасы Балтабек, Төлеген туралы шындықтың да, сырдың да кілті соларда, менде емес. Сөз соларда” – деген сөзінен-ақ байқауға болады. Ал, ол осы сәттегі табиғат көрінісін суреттеумен-ақ көп сырды аңғартқан.

Бауыржан Момышұлы – әңгіме жанрын бір саты биікке көтерген жазушы. Оның әңгімелерінің ерекшелігі – мемориалдығында. Кешегі Ұлы Отан соғысының көркем бейнесін жасаған бұл туындылар шыншылдығымен бағалы. Бұл шығармалардың өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеудегі мәні зор. М.Ғабдуллин, Ғ.Мүсірепов, М.Қаратаев, Ә.Шәріпов, С.Қирабаев, Р.Бердібаев, Ш.Елеукенов, З.Серікқалиев, Б.Майтанов сынды әдебиетшілер назарынан күні бүгінге дейін қалмай келе жатқандығы “Ойласаң, қопара ойлағын” деп жазушының өзі айтқандай, терең ойлы, әсем суретті болғандығынан болса керек.

Жазушы шағын әңгімелеріне арқау болған жеке-жеке оқиғалардың бас-аяғын жинақтай отырып, оларды кең құлашты роман жанрына да алып келді. Москва түбіндегі шайқасты арқау еткен шығарманың бірі – «Москва үшін шайқас» романы. Шығармаға қоршаудан шыққаннан кейінгі Волоколамск түбіндегі кескілескен шайқастар арқау болған. Осы тақырыпқа келуі жөнінде жазушы былай дейді: «Мен неліктен соғыс жөнінде жазып жүрмін? Өйткені, соғыс адам өміріндегі ең бір дүр сілкіндірерлік, жан түршігерлік оқиға... Сіздер театрдан немесе кино экранынан соғыстың көріністерін көріп жүрсіздер, бірақ сіздер оның ішкі мән-мазмұнын кинодан да, театрдан да көре алмайсыздар, себебі көптеген жазушылар мен өнер қайраткерлері соғыс туралы шындықты, ақиқатты терең түсіне алмайды, долбарлап, қиялдан шығарып жазады, мұнысы шындыққа сай келмейді... Мен мұны өте үлкен кемшілік деп білемін. Сен соғыс тақырыбына қалам тартады екенсің, соғыс мәселесін көркемдік тұрғыдан танытуға тиіссің. Міне, сонда ғана бұл шығарма көпшілік бұқараға құнды болмақ. Жазушылардың көпшілігі шығарманың көркемдік жағымен, яғни қиялдан шығарылған оқиғалармен әуестеніп, соғысты көрсетуден аулақ кетеді».

Осы талап төңірегінде қарасақ, «Москва үшін шайқас» – нағыз майдан шындығын жасаған шығарма. Романның құрылымы төрт кітаптан тұрады. Әр кітап өз ішінен жеке-жеке тақырыптар бойынша бөлінген. Жекелеген тақырыпшалар жинала келіп, романның біртұтастығына қызмет етеді. Осындай тақырыптардың көпшілігі «Капитан Лысенко», «Капитан Булатов», «Лейтенант Брудный», «Капитан Кирсанов», «Полковник Курганов», Майор Елин» сынды жекелеген адамдар есімімен аталады. Ал соңғы кітап «Бір түннің оқиғасы» деп жеке поевсть ретінде жарияланған, сол майданның бір түндегі оқиғасын қамтығанмен, мұндағы кейіпкерлер мен уақыт алдындағы кітаптардың заңды жалғасы. Төрт кітаптағы оқиға бірінен-бірі өрбіп, бірін-бірі толықтырып отыратындықтан, олар біріге келіп тұтас бір майдан шындығын көркем бейнелейді. Романға Алматыда жасақталып, майданға аттанған панфиловшылардың Москва түбіндегі Отан үшін шайқасқан ерлігі арқау болған. Мұнда 1941-1942 жылдардың қыс мезгілінде бірнеше айларда болған соғыстағы кеңестік жауынгерлердің көркем бейнесі жасалған. Шығарманы жазуға жазушының күнделігі мен жазбаларының септігі тигенін адам, жер атауларының тек бас әріппен берілуінен көруге болады.

«Күзгі таң. Түнерген аспан. Ой шұңқырдағы сулар кілегейленіп, қабыршақтанып қата бастаған», – деп басталған жолдардан ресейдің қара күзінің ызғары еседі. Адам денесін түршіктірер осындай таңғы ызғарды қақ жарып келе жатқан жауынгерлердің нағыз майдан шебінен келе жатқаны олардың бет-әлпетінен-ақ байқалады. «Көптен бері жуылмаған беттері тотыққан, тозаңданған, кірпіктері кіртиген, ұйқы көрмеген, көздерінің жиектері қызарған, еріндері кезерген, сақал-мұрттары түксие өсіп, иықтарына винтовка асынған жауынгерлер сап тартып, салтанатпен кере басып жүріп келе жатқан» жауынгерлердің бойындағы жігерлілік пен, қайраттылықты, төзімділік пен шыдамдылықты көрсетер деталь – олардың сап түзеп келе жатып салған әні. Бұл – Кеңес жауынгерлерінің өршіл рухын айғақтайтын көрініс. Ол – жаудың шебін жарып шығып өз дивизиясына қосылуға келе жатқан аға лейтенант Бауыржан Момышұлы батальонының жауынгерлері.

25 жыл әскери өмірінің 20 жылын «әскери лагерьлерде, жаттығу, ұрыс далаларында, солдаттардың арасында өткізген» Бауыржан Момышұлы романның алғашқы беттерінен-ақ сұрапыл соғыстың жанды картинасын жасай білген. Майдан шындығын көрсетудегі жазушының бірінші жетістігі – кейіпкер жанына үңіле білу, яғни, психологизм. Мұндағы жауынгерлер, біріншіден, адам ретінде танылады. Олай дейтініміз, олар қуана да, қайғыра да біледі. Сонымен бірге олардың бойында қорқу, қобалжу сынды сезімдер де қоса жүреді. Екінші жетістігі – осындай сезімдерді жеңіп ерлік жасаған жауынгерлердің көркем бейнесін нанымды түрде бейнелеуі. Бейбіт өмірден бірден майдан шебіне келіп, қан майданға бел шеше кірісіп кету оңай емес екендігін жазушы жекелеген кейіпкер характерімен суреттеген. Әскери өмірге икемсіз жандардың алғаш ұрысқа кіргенде қалай үрейі ұшқандарын, қиналғандарын көрсете білген жазушы ол жөнінде: «Кеміту үшін емес, әр солдаттың сезімі, әсері бөлек қой, соны көрсету үшін жаздым», – дейді.

Романдағы негізгі кейіпкердің бірі – генерал Панфилов. Ол – Бауыржан Момышұлына әкесіндей қамқор бола білген әскери майдандағы ұстазы. Жазушы қаламына тән бір ерекшелік – ол қандай кейіпкермен де бірінші рет таныстырғанда оның толық портретін жасап отырады. Портреттен кейіпкер бейнесі ашыла түсері анық. Әскері шаршап-шалдыққан дивизияның генералы да солармен бірдей күйде. Дивизияға қосылған Момышұлының батальонына ерекше ықылас бөлуі, сөз бөлмей тыңдай білуі, қажет жерінде бұйрықты да түзетіп отыруы, аспазшы Жанмен қатар отырып, палауды қолмен жеуі, полк командирі Шехтманға ескерту жасауы, әрбір жауынгерді назарда ұстауы, дивизия командирлерінің ерліктеріне дер шағында көңіл бөліп отыруы – генерал бейнесін толықтырар жарқын эпизодтар. Өз роталарынан жеке дара, топ-топ болып бөлініп қалған 90 әскерді қарауыл қойып, тұтқындарша бөлек тізіп алып келгеніне генерал біраз ескерту айтып, қатаң тәртіптің керек жері де, керек емес жері де бар екендігін түсіндіруде оның бейнесі ашыла түскен. Бауыржан Момышұлы кейін ұстазының ұстамдылығын әрдайым еске алып, әрбір солдатқа ерекше көңіл бөле біледі. Өз жауынгерлеріне жасаған қамқорлықтары да әкесіндей бола білген генералдан алған тәрбиесінің өмірдегі нәтижесі.

Момышұлы бейнесін аша түсер жайттың бірі – өзіне ерекше талап қоя білуі. Себебі ол солдаттардың ерекшелігін танып, тәрбиелеуі керек. Ол –қайсысының қолынан қандай іс келетінін анықтап, оларды өз орындарымен дұрыс жұмсай білетін командир. Оны соғысқа дейін бухгалтер Севрюков, кавалерист Филиманов сынды жауынгерлерге қатысты эпизодтардан көруге болады. Бауыржанның соғыс тактикасын терең меңгергеніне оның әрбір шабуылы мысал. Матренино деревнясын ұрыссыз жау қолына беріп қашқан болып, оларды алаңсыз жайғаса бергенде үстінен басып алуы, Соколово деревнясында жауды мақта түтінімен тұншықтыруы, бір түннің ішінде бір Торошково емес, оның төңірегіндегі алты қыстақты алуы, Соколова жолын бөгеуі, қиын-қыстау сәттердегі шапшаң да өжет қимылдары – батальон командирінің тапқырлығы. Романның төртінші кітабына өзек болған бір түннің оқиғасы Волоколамск төңірегінде шешуші ұрыс секілді есте қалады.

Табиғат суреті болсын, кейіпкерлердің іс-әрекеті, сөйлеген сөздері – бәрі де бір мақсатқа жұмылдырылған. Трошково, Бородино, Баркловица, Грохово, Кашино, Коншино сынды алты қыстақты аз әскермен бір түнде, бір мезгілде алу – Бауыржан Момышұлының бейнесін толықтыра түсер оқиға. Алты қыстаққа бекініп, оны жаудан арашалау барысында көзге түскен ерлердің ішінде Мәлік Ғабдуллин мен Төлеген Тоқтаровтың есімі ерекше аталады. Осындай ерлігімен көзге түскен жауынгердің бірі – Андрей Алешин. Ақ түтек қардың суырып тұрғанына қарамай, жолға бөгет жасап, жауды кейін шегіндіруде жау танкысының астында қалып қаза тапқан пулеметші Алешин, жаудың үш танкісінің жекпе-жекке шыққан Бүркіт Әлішеров –оқырман есінде мәңгілік сақталар кейіпкерлер.

Бауыржан Момышұлының жолда келе жатып ең соңғы қалған темекі мен қатқан нанды лақтырып тастағанда, оны аш болса да ешқайсысы алмауы, қыстың суығында тамақ жеткенше ыстық су ішіп, ішектерін жылытып отыруы, екі күн аш отырып, бір түйір еттен бөле жеуі, ақ түтек боранда қыстаққа түнемей, бір күн далада қардың астын кеулеп, дұшпанның жолын бөгеуі – бірде аш, бірде тоқ жауынгерлердің төзімділігі мен шыдамдылығын аша түсер жарқын суреттер. Қырғыз Аалы Жиенішбаев, тәжік Ширван-заде, қазақ Мұхаметқұл Исламқұлов, Жалмұхаммед Бозжанов, Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин, орыс Андрей Алешиндер – Отанды жаудан қорғауда көп ұлтты Кеңес одағының әскерлері түгелдей жан қия ерлік еткендігінің айғағы.

Оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанкешті ерлігі туралы А.Бек «Волоколамское шоссе», Ә.Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» романдарын жазды. Қазақфильм киностудиясы «Ел басына күн туса» атты көркем фильм түсірді. Фильмде жазушы шығармаларындағы негізгі оқиғалар сол қалпында сақталғанмен, екеуінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Шығарманы оқып отырғанда, Ресейдің қытымыр қысы оқырманының да денесін түршіктірсе, фильмдегі Жетісудің жылы қысы ондай әсер бере алмайды. Жазушының мақсаты – оқырманын отаншылдық сезімге баулу болса, автор бұл мақсатқа жеткен. Себебі, шығарманы көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Оған сөзіміздің басында келтірген жазушының осы тақырыпты жазуда алдына қойған мақсаты себепкер. Бұл – соғыс шындығын шынайы қалпында бейнелеген деректі роман. Жазушының негізгі жетістігі – нақтылық пен деректілікке мән бере отырып, оны авторлық баяндаумен жеткізуі. Ол оқиғаларды тарихи, әлеуметтік, психологиялық жағынан жинақтауда бірсыпыра табысқа жетті. Бұл – өмір шындығын көркем шындыққа айналдырудағы қазақ романының жеткен биігі. Кейін бірнеше тілдерге аударылған шығарма барлық оқырманының көңілінен шыққанына автордың атына келген хаттар айғақ бола алады.

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 1854. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Функция спроса населения на данный товар Функция спроса населения на данный товар: Qd=7-Р. Функция предложения: Qs= -5+2Р,где...

Аальтернативная стоимость. Кривая производственных возможностей В экономике Буридании есть 100 ед. труда с производительностью 4 м ткани или 2 кг мяса...

Вычисление основной дактилоскопической формулы Вычислением основной дактоформулы обычно занимается следователь. Для этого все десять пальцев разбиваются на пять пар...

Расчетные и графические задания Равновесный объем - это объем, определяемый равенством спроса и предложения...

Тема 5. Организационная структура управления гостиницей 1. Виды организационно – управленческих структур. 2. Организационно – управленческая структура современного ТГК...

Методы прогнозирования национальной экономики, их особенности, классификация В настоящее время по оценке специалистов насчитывается свыше 150 различных методов прогнозирования, но на практике, в качестве основных используется около 20 методов...

Методы анализа финансово-хозяйственной деятельности предприятия   Содержанием анализа финансово-хозяйственной деятельности предприятия является глубокое и всестороннее изучение экономической информации о функционировании анализируемого субъекта хозяйствования с целью принятия оптимальных управленческих...

Концептуальные модели труда учителя В отечественной литературе существует несколько подходов к пониманию профессиональной деятельности учителя, которые, дополняя друг друга, расширяют психологическое представление об эффективности профессионального труда учителя...

Конституционно-правовые нормы, их особенности и виды Характеристика отрасли права немыслима без уяснения особенностей составляющих ее норм...

Толкование Конституции Российской Федерации: виды, способы, юридическое значение Толкование права – это специальный вид юридической деятельности по раскрытию смыслового содержания правовых норм, необходимый в процессе как законотворчества, так и реализации права...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.018 сек.) русская версия | украинская версия