Студопедия — Асым Аманжолов
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Асым Аманжолов






(1911-1955)

Қасым Рахымжанұлы Аманжолов 1911 жылы қазан айында қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыл деген жерде туған. Жастай жетім қалған ол ең алғаш жиырмасыншы жылдардың бас кезінде ауылда ашылған мектепте сауатын ашып, кейін Семей интернатында (1924-1926) тәрбиеленеді. 1927-1930 жылдар ішінде сондағы мал дәрігерлік техникумында оқиды. 1930 жылы Қасым Алматыға келіп, біраз уақыт «Лениншіл жас» газетінде қызмет істейді де, 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түседі. Бірақ денсаулығына байланысты институтта бірер жыл ғана оқыған Қасым Орал қаласына келіп, «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады. Кейін (1935-1936) Орал театрында істейді.

Жасынан өлең-жырға үйір Қасым Семейде жүрген кезде шәкірттік өлеңдер жазған. Ал оның шын ақындық жолына түсуі – Оралда қызмет істеген жылдар. 1938 жылы ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы «Өмір сыры» деген атпен басылады.

Қасымның алғашқы өлеңдері отызыншы жылдардағы ел өмірінің өзекті мәселелеріне үн қосу түрінде жазылған. Сөз өнері үлгісінде ақынның әлі де үйренуі, іздену үстінде екені байқалады. Ауыз әдебиетіндегі толғау, шешендік үлгілері мол ұшырасады. Өмір суреттеріне келгенде, ақын көргендерін тізбелеу, оны сырттай қызықтау, таңдауға көбірек беріледі.

Соған қарамастан, Қасым – ғажайып тез өскен ақын. Өзінің ақындық күшті талантын ол дүниежүзілік поэзияның озық үлгілерінен үйрену үстінде шыңдап, жетілдіреді. Отызыншы жылдардан бастап ақын Байроннан, Пушкиннен, Лермонтовтан, Шевченкодан, Маяковскийден тамаша-тамаша аудармалар жасады. Осының нәтижесінде Қасым ақындығы тез кемелденді. Бұған сол кездің өзінде жазылған «Жамбыл тойында» (1938), «Құпия қыз» (1939), «Бурабай толқындары» (1939), «Көкшетау» (1939) тәрізді өлең-поэмалары куә. «Жамбыл тойында» Қасым дүние жүзінің ұлы ақындарын қиялмен Жамбыл тойына жинап, сол арқылы біздің заманымыздағы сөз өнерінің құрметке бөленуін бейнелесе, «Құпия қызда» Қытай жеріндегі қазақ қызы Ләззаттың ел билеушілердің озбырлығына шыдамай қашып өтуін суреттейді. Ақын дүние жүзіндегі езілгендер мен қорлық көргендердің біздің елден пана іздеуін шабыттана жырлайды, мақтан етеді. Көкшетау туралы жырларында да табиғаттың әдемі жасалған жанды суреттері мол.

Соғыстың алдында Қасым «Өз елім», «Дауыл», «Нар тәуекел», «Талғар» тәрізді әдемі лирикалық өлеңдер жазды. Бұл өлеңдердің кейіпкері – өз елін, туған даласының табиғатын шексіз сүйген, «көк дауылдай кеуделі жігіт» болып өскен, біздің қайратты замандасымыз. Өмірге «жетімдік тағдыр» жетектеп кіргізген жасты өз тәрбиесіне алған Отанын ақын ерекше сезіммен жырлайды.

Қасым поэзиясындағы осы бір патриоттық, отаншылдық сезім ұлы Отан соғысы жылдарында ерекше молайды. Соғыстың қатал да ащы өмір шындығын ақынды да, оның жырларын да тез есейтті.

Соғыстың алғашқы дәуірінде Қасым туған жер табиғатының әсем суреттерін жасаған бірсыпыра лирикалық өлеңдер жазды. Оның әскери өмірі Қиыр Шығыста басталды. Осы кезде жазылған «Байкал», содан майданға аттанып бара жатқан жолда туған «Сарыарқа», «Ертіс», «Орал» атты лирикалық өлеңдерінде ақын ел табиғатының бай көріністерін адамның отаншылдық сезімімен терең байланыста көрсетеді. Лирикалық кейіпкердің рухани байлығы мол, сезімі ыстық. Табиғаттың әсем суреттері оның асыл арманы мен нәзік жан дүниесін қозғап, табиғатпен тікелей қарым-қатынасқа келтіреді.

 

Ұшты құстар көңілімнен, Өр толқынмен ойнадым,

Жанымда жыр толғадым. Қақтым ұшқан құстарын.

Шымылдықтай төгілген Шолп-шолп еткен шортанын

Араладым орманын. Шоқтығынан ұстадым.

Аспанменен егескен Жаттым бір кез құмартып,

Бастым зәулім шыңдарын. Салқын самал сайыңда.

Күркіреп көкте кеңескен Би билеттім бұралтып

Бұлттың сөзін тыңдадым. Ақ балтырлы қайыңға.

 

«Байкал» табиғатымен осылай туысқан лирикалық кейіпкер сезімі өлеңде көл суретінің көркем көрінісімен астасып, биік романтикаға көтеріледі. Байкалдың торғын тұман жамылған көлі, таң сәріден кернейлете құйған өзендері, көлге ғашық боп ерте оянған таң – бәрі де ақын қиялын тербеп, сұлу суретке айналады. Жастық шағын өткізген ыстық қала – Оралға тоқтағанда да, Ертіс, Сарыарқа тұсынан өтіп бара жатқан ақын ел сағынышын, туған жерге деген мол махаббатын төгілте жырлайды.

Осындай күрт мінезді, сезімтал, патриот ақынның жаумен бетпе-бет кездесуі де есте қаларлықтай. Қасымның майдан жырларының лирикалық кейіпкері Отан қорғау жолында қажу мен шаршауды білмейтін, кеудесі кек пен ызаға толы, аса қайратты жан. Оның «ажалдың дегеніне көнбей», «сескену, қорқу дегенді» білмей, соғыстың ауыртпалығын қасарыса көтеріп жүрген мінез-құлқы көп өлеңдердің мазмұнын құрайды.

 

Бармын мен бұл дүниеде, жүрмін тірі,

«Жоқсың» деп жала жабар қудың бірі.

Түссем де отқа, суға тозар емен,

Солдаттың етігіндей жаным сірі.

 

«Елге хат» өлеңінен алынған осы үзіндіде соғыс жағдайындағы қиыншылықтың қандайына болса да ерлікпен төзе білген жауынгер кейпі ыстыққа да, суыққа да, батпаққа да бірдей көнбіс солдаттың кирза етігін еске түсіреді. Отаны үшін жанын отқа салып жүрген солдаттың образын айқын нақтылықпен бейнелеген.

Майдан жауынгерлерінің ержүрек бейнесін танытар жолдар Қасымның «Ғабдолға», «Үстімде сұр шинелім», «Төлеутайға», т.б. лирикалық өлеңдерінде мол кездеседі. Ақын өліммен бетпе-бет кездескен шақта пайда болған солдат мінезіндегі сипаттарды туған елінің тәуелсіздігін қорғау кезінде туған жаңа сапа, ерліктің үлгісі ретінде көрсетеді. Осымен қатар Қасымда соғыстың ауыр шындығы жағдайындағы солдаттың адамдық сырлары, кейде мұңды, кейде шатты, бойын ел, жар сағынышы билеген, сонымен бірге жауға деген кекке оранған адамның ішкі сезім күйі мол суреттеледі. Ақын соғыстың қиындығын да, үрейлілігін де жасырмайды.

Ой, сезім еркіндігін Қасым өзінің туған даласының табиғатынан іздейді.

 

Табиғат – анама мен туғам тартып,

Күн болып күлемін мен балқып, шалқып,

Көк дауыл көкірегімде күрсінгенде,

Бұлт болып арпалысам, жалын шарпып,

(«Ғалиға жауап»)

дейді.

Осы тәрізді сезім арпалысының талай кезеңін басынан кешіре отыра, Қасым кейіпкерлері қайсар, ер кейпінен танбайды, жеңіске берік сенеді, оны «қасарыса» күтеді.

 

Мейлі күтіп шыдамай темір сынсын,

Мейлі көлдер суалсын, тас үгілсін.

Қасарысып біз күттік! Шыда, жүрек,

Бұл ақырғы, ең ауыр болсын бір сын.

(«Ұлы күтіс»)

 

Жеңісті осылай күтудің өзінде қаншама ерлік жатыр.

Соғыстың ойдағыдай аяқталып, фашистердің күйреуін ақын адам ерлігі мен гуманизмнің жеңісі ретінде бағалайды. Әлем сахнасында еркін басқан солдаттың қатарынан ол өз жерлестерін көреді. Олардың кейпіндегі жаңалықты, тың сапа, мінездерді жырлайды. Днепр толқынында «ажалды астына басып, басқа тепкілеген» Мартбек («Мартбек»), әскери адам бойындағы жылы сезім үлгісін танытатын подполковник Әлпин («Подполковник Әлпинге»), Берлиннің тар көшесінде фашистерді «жөнге салып» жүрген Жылқыайдар («Жылқыайдар») бейнелері – лирикалық поэзиядағы тың образдар. Фашистер азиат, тағы халық атаған қазақтардың бүгін олардың ордасын талқандауға қатысуын ақын мақтан тұтады. Бұл өлеңдерде қазақ халқының тағдырын жаңаша бағыттаған тарихи өзгерістердің ғажап сипатын мойындау да, мадақтау да бар.

Қасымның соғыс кезіндегі поэзиясының озық үлгісі – оның «Ақын өлімі туралы аңыз» (1943) атты поэмасы. Поэма соғыстың қызу кезінде қазақ ақыны Абдолла Жұмағалиев бастан кешкен бір ерлік оқиғаға негізделіп жазылған. 1942-1943 жылдың қысында Абдолла бір деревня үшін болған сұрапыл ұрысқа қатысады. Әрбір үй үшін талас басталып, қырғын соғыс көше үстінде өтеді. Осындай жағдайда бір үйге бекініп, автоматтан оқ жаудырған жауынгер ақын қоршауда қалады. Дұшпандары оны ала алмайды, ақыры үйді өртеуге мәжбүр болады. Ақтық оғы таусылғанша беріспеген Абдолла өрт ішінде есі ауып, үймен бірге өртеніп өледі.

«Жау қоршауында жалғыз қалып, арыстандай алысқан айбатты ақынның ерлігі бізге батырлықтың асқар шыңындай сезіледі. Ол жан алқымға келгенде, соңғы гранатасын немістерге лақтырды да, ақтық оғы қалғанша автоматты жау өңменінен айырмады», – деп жазды ол туралы Абдолла шайқасқан бөлімнің командирі В.Григорьев[3].

Қасым поэмасы Абдолла өмірінің осы бір соңғы кезеңін суреттеуге құрылады. Ақын образды жау қоршауында, от ортасында қалған батырдың бір сәттегі ерлік ісін көрсету арқылы ашады. Ерлік салт пен антына берік жауынгер кейпі санада туған жалынды толғаныс арқылы да толыға түседі.

Поэманың басында ақын аз сөзбен соғыстың сұрапыл суретін елестетеді. Жерімізге басып, көктеп кірген фашистер әрекетін, озбырлықты халық жүрегіндегі кек пен намысқа қарсы қоя суреттейді. Олардан жиіркеніп жиырылған жел, жауға тамшы татырмай, суын алып қашқан өзендер, жауды бетке ұрып сабалаған жел, дұшпан табанына түскісі келмей аспанға ұшқан тастар – барлығы да жау озбырлығын айқындап, оған деген кекті, ызаны оятар суреттер. Орман етегінде сатыр-сұтыр жаланған от та озбырлықты бейнелейді. Қоршаудағы солдат кеудесіне сол оттан ыршып түскен шоқ динамит пілтесіне тигендей әсер қалдырады. Ол алтын ошағына зұлымдық отын жағып отырған жауларына кектенеді. Солдат ақын монологы арқылы «жер-жаһанның қасиет күшіне» сиынып, қыран құстың қанатын, арыстанның ашуын, жолбарыстың жүрегін беруді тілейді, «күллі әлемнің ашу-кегін» кеудесіне жиып, жүрегін жауға қарсы бомба қып атады. Қаһарманның ішкі толғанысы түйінделе келіп, үлкен кекті оятады, жан ашуын қоздырады. «Намысты ұлан аласұрып» жау тобына автоматтан оқ жаудырады. Екі жақта атыс күшейеді.

Осы бір өлім мен өмірдің күресін Қасым зор ақындық шабытпен суреттейді. Ер ұланның ашу-кегі түн жүрегін қақ жарады, орман құстары шошып оянады, көл күрсініп дем алады. Жер мен аспан арасы зілзалаға айналып, оқ бораны ұйтқып соғады. Қара тастан қан кілкіп, кең даланы толтырады. Снаряд орманның қара шашын талдап жұлып, көл жағасы мәңгі мекенін тастап, суға сүңгиді. Осы образдарда ақынның соғыс суреттерін елестетер көркемдік құралдары танылады. Алайда, бұл сұмдық суреттер батыр ақынның үрейін ала алмайды. Ол «Ала алмайсың!» – деп, жауы «Алмай қойман!» – деп егеске түседі.

Бұл тұста кейіпкер тағдыры драмалық шиеленіске түседі. Үйге бекінген жалғыз адамды ала алмаған жау өрт қояды. Өзінің дұшпан еркіне берілмей, Отан алдындағы антын абыроймен ақтаған солдат ондай өлімді де ерлерше қарсы алады. Жау қолына түскеннен ол ерлік өлімді артық санайды. Сондықтан сезім арпалысындағы оған өрт те ерекше салтанатты көрінеді. Қызыл, жасыл киінген өрт оған қыз ойнақ боп елестейді. Батырдың ақ жүзін жалын тілі сүйіп, толқын шашында оттар ойнайды. Ол от ұстаған Прометейдей асқақ тұрып құлайды.

Өртеніп, жалынға айналып барып, күрт құлаған Абдолла бейнесінде майысуды білмей шарт сынатын болат мінез танылады. Ол есер жауын мазақтап, өлім қойнына өлеңдете кіреді. Ақын оны өрт ұстаған Прометейге ұқсата отырып, оның өлімін романтикалық аңызға айналдырады. Оқиға да, адам сезімі де қысталаң шақтағы шапшаң қозғалысқа негізделіп, оның бойындағы рухтың өр күшін өткір бейнелейді.

Ақтық минуттағы соңғы сөзін батыр Отанына, еліне арнайды. Бұл – трагедиялық ақын өлімінің өзінде де үлкен өмірсүйгіштік күш барын танытады.

Ұлы Отан соғысының қызу кезінде жазылған бұл поэма сол кездің өзінде-ақ жұртшылық назарын бірден өзіне аударады. Ол жөнінде алғашқы пікір айтқан Ғабит Мүсірепов: «Қасым ақын жанының бар толғауын, кек күшін, сезім тереңін түгел бере алған. Жалынды сөзбен жауға аттандырар, жан сезімімен жас тамшылатар ақын сөзі өзегін, жүрегін тербей шыққан. Қасым поэмасы майданнан соққан жаңа леп сияқты», – деп жазды[4].

Майданнан ақын «Өлмес өмір өлеңін» айтып қайтты. Өзінің туған елі – Қазақстанды, туған халқы – қазақтың өмірін мақтан тұтты. Қазақ Республикасының 25 жылдығына арнап жазған «Жиырма бес», «Қазақстан» (1945) өлеңдерінде туған елдің өсу жолын, жаңаруын, жаңа адамның тууын ақындық шабытпен жырлады. Қазақ халқының тағдырын ол бүкіл адамзат тағдырымен байланыстыра қарады. Әсіресе соңғы өлеңде Қасым өзінің ел арманын көксеген аталары Абай мен Қорқыт, Асандарға үн қатып, олардың арман-тілегі жүзеге асқанын айтты, бүгінгі Қазақстан жайлы әңгімеледі. Ақын жүрегін өз Отанына деген шаттық сезім билейді. Сондықтан да ол «Елім бар – Қазақстан» деген сөздерді бар дауыспен жар сала айтады.

 

Қазақстан дейтін менің бар елім,

Жатыр алып жарты дүние әлемін!

Бұл даланы анам жаспен суғарған,

Бұл далада атам қолға ту алған.

Бұл далаға жылап келіп уанғам,

Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,

Бұл далада өскен жанда жоқ арман! –

дейді.

Ақынның туған жер табиғатына деген сүйіспеншілігі арқылы отаншылдық сезімінің байлығын шебер суреттеуі, әсіресе оның «Туған жер» атты өлеңінде ерекше көрінеді.

Шықшы тауға, қарашы кең далаға,

Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға.

О шеті мен бұл шетіне жүгірсең,

Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?

 

...Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің!

Нендей күйге жүрегімді бөледің?

Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем, –

Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім.

 

Бұл – ақын жүрегін жарып шыққан, зор азаматтық сезімнен туған, патриоттық жыр.

Қасымның соғыстан кейінгі шығармашылығында Ұлы Отан соғысы тақырыбы едәуір орын алады. Ақын соғысты еске алу арқылы адамның бүгінгі әлем алдындағы азаматтық парызын суреттейді. («Біз Отанның солдаты»). Мұндай сезім соғыста бір аяғын жоғалтқан балдақты жігіт басында да байқалады.

 

– Көріп тұрсың бір аяғым осында,

Екіншісін басып тұрмын Берлинде, –

дейді ол.

(«Балдақты жігіт»)

Бұл тұстағы Қасым лирикасының әдемі бір үлгісі – «Дариға». Бұл – майданнан жеңіспен оралған солдаттың монологі. Ол барлық құштарлығымен сүйгенін іздейді. Соғыс сұрапылын еске алады. Ол суреттер орасан. «Тулады теңіз, шайқалды шың-құз, қып-қызыл оттың ішінде жүрміз». Осы жағдайдан оны өлтірмей алып шыққан – махаббат күші. Дариғаға деген сезім. Дариға – ақынның өмір сүйгіштігінің бейнесі.

Соғыстан кейінгі жылдары Қасым көркем аудармамен көп шұғылданады. Тарас Шевченко өлеңдерін, Низамидің «Ләйлі мен Мәжнүнін», Пушкиннің «Полтавасын», Лермонтовтың «Маскарадын», А.Твардовскийдің «Василий Теркинін», т.б. шығармаларды аударды. Бұл ақын ойының тереңдей түсуіне, шеберлігінің өсуіне көп пайда, өнеге берді.

Қасым бар өмірін әдебиетке арнады. Ақындық жолының қиындығын да жасырмады. «Нар тәуекел» деп, «қиынға құлаш ұрды». Өмірді шексіз сүйген ақын ауру меңдеген шағында да рухани күйзеліске берілмей, өлең тағдырын, өмір туралы ойлады.

 

Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,

Өкінем ұқсата алмай келемін деп.

Күніне жүз ойланып, мың толғанам,

Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.

(«Өзім туралы»)

 

Ақын ұзақ науқастан кейін 1955 жылы 17-қаңтар күні қайтыс болды.

Қасым шығармашылығы – қазақ поэзиясының нағыз халықтық үлгілерінің бірі. Халықтың қарапайым ортасынан шыққан жалынды ақын өз тағдырын туған елі тарихымен тұтастықта сезініп, өз өлеңдерінде халық жанына тән ерлік, батырлық, жомарттық сезімді терең көрсетті. Оның шешен де сыршыл поэзиясы әркімнің-ақ көңілінен шығатыны да осыдан.

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 3517. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Вычисление основной дактилоскопической формулы Вычислением основной дактоформулы обычно занимается следователь. Для этого все десять пальцев разбиваются на пять пар...

Расчетные и графические задания Равновесный объем - это объем, определяемый равенством спроса и предложения...

Кардиналистский и ординалистский подходы Кардиналистский (количественный подход) к анализу полезности основан на представлении о возможности измерения различных благ в условных единицах полезности...

Обзор компонентов Multisim Компоненты – это основа любой схемы, это все элементы, из которых она состоит. Multisim оперирует с двумя категориями...

Лечебно-охранительный режим, его элементы и значение.   Терапевтическое воздействие на пациента подразумевает не только использование всех видов лечения, но и применение лечебно-охранительного режима – соблюдение условий поведения, способствующих выздоровлению...

Тема: Кинематика поступательного и вращательного движения. 1. Твердое тело начинает вращаться вокруг оси Z с угловой скоростью, проекция которой изменяется со временем 1. Твердое тело начинает вращаться вокруг оси Z с угловой скоростью...

Условия приобретения статуса индивидуального предпринимателя. В соответствии с п. 1 ст. 23 ГК РФ гражданин вправе заниматься предпринимательской деятельностью без образования юридического лица с момента государственной регистрации в качестве индивидуального предпринимателя. Каковы же условия такой регистрации и...

Дезинфекция предметов ухода, инструментов однократного и многократного использования   Дезинфекция изделий медицинского назначения проводится с целью уничтожения патогенных и условно-патогенных микроорганизмов - вирусов (в т...

Машины и механизмы для нарезки овощей В зависимости от назначения овощерезательные машины подразделяются на две группы: машины для нарезки сырых и вареных овощей...

Классификация и основные элементы конструкций теплового оборудования Многообразие способов тепловой обработки продуктов предопределяет широкую номенклатуру тепловых аппаратов...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.009 сек.) русская версия | украинская версия