Дәріс 1. Кіріспе 3 страница
Адамның парасатты жандылығы екі негізгі күшке сүйенеді. Оның бірі - ақылмен пайымдауға қабілеттілігі, екіншісі – практикалық күш. Практикалық күш адам тәнінің қимылының қозғаушысы да, ал пайымдаушы күш танымдық қызметке негіз болады. Адам сезімге берілмей, оның жетегіне ілеспей, қайта одан босанып періште дәрежесіне көтеріледі. Ондай дәрежеге жеткен адам алла – тағаланың жердегі ісін жалғастырып дәріптеушілердің қатарына жатады. Әрине, сезімнен толық құтылып, босану «ұлы пайғамбарлардың қасиетті жандарына» ғана тән, өйткені олар білімнің көмегінсіз-ақ дүниеге ой жүгіртіп болжай алады. Ибн-Сина өз уақытының ұлы ғалымы, өзінің дәрігерлік еңбектерінде адам туралы, адам санасының, жанының қасиеттері туралы талдауларға көп көңіл бөлген. Ибн-Сина адам жанының мәңгілігін дәріптейді. Әдебиеттер: 1 Алтай Ж. Философия тарихы:оқулық/Ж. Алтай, А. Қасабек, Қ. Мұхамбетәли.-2-шi басылымы.-Алматы:Раритет.-2006.-310 б. 2 Байтенова Н. Ж. Философия:учебник для студ. вузов/КазНУ им. аль-Фараби; сост. Н. Ж. Байтенова.-Алматы:Қазақ университетi.-2006.-390 с. 3 Нысанбаев Ә. Философия тарихы/[ғылыми ред. Ә. Нысанбаев; құраст.: Ә. Нысанбаев, Ғ. Құрманғалиева; аударғандар: Д. Раев, А. Құлсариев].-Астана:Аударма.-2006.-484 б..-(Мәдени мұра) 4 Кiшiбеков Д. Философия:оқулық/Д. Кiшiбеков, Ұ. Сыдықов.-9-шы басылымы.-Алматы:Қарасай.-2008.-356 б.
5 Тақырып Ренессанс пен Реформация мәдениетіндегі философия 1. Қайта өрлеу дәуірінің басты сипаттары. Антропоцентризм. 2.Пантеизм: Н Кузанский, Дж Бруно, Н Коперник 3. Өнер философиясы: Данте, Петрарка. Әлеуметтік утопиялар: Мирандола, Макиавелли, Мор, Кампанелла Шығыс Еуропа елдерінде XII–XIII ғасырларда сауда, қол өнер кәсібінің және қалалардың өркендеуімен байланысты экономиканың жандануы, саяси, мәдени өмірдің, көркем өнердің күрт дамуына себеп болды. Осындай, қолайлы жағдайда мәдениеттің аса гүлденіп дамуы XV- XVI ғасырлар арасында өткен еді. Осы құбылыс Ренессанс (қайта өрлеу, түлеу, жаңғыру) деп аталады. Жаңғыру деп қадым (антика) заман мәдениетіне мирасқорлық, сол мәдениетке тән ерікті ойды жандандыру деп қана қоймай, сонымен қатар оларды қайталау ғана емес, солардан қуат ала отырып жаңа сапаға өрлеу деп ұққанымыз дұрыс. Еуропа елдерінде экономикалық өзгерістер біркелкі болған жоқ, сондықтан Ренессанс алдыменен дамыған елдерде, атап айтсақ «Италияндық құбылыс» ретінде пайда болды. Ренессанс христиан дінінің үстемдігі шайқалып, әлсірей бастаған шақта дүниенің тетігі құдай емес, адам деген көзқарасты ұстанды. Әрине жүздеген жылдар қалыптасып қалған көзқарасқа, ой жүйесіне бірден әсер ету оңаиға соқпады. Ренессанстың бастапқы кезеңі гуманизм (humanus – адамгершілік) идеясымен байланысты болды. Осы идеяны іске асырып тарату өткендегі жетістіктерді әсіресе антика дәуірінің рухани мұраларын игеруге негізделді. Жаңғыру дәуірінің философиялыық мәдениетінің басында ұлы тұлға Данте (1265-1321) – «орта ғасырдың соңғы ақыны сонымен бірге жаңа заманның бірінші ақыны» тұрған еді. Данте өзінің «Той», «Монархия туралы», «Құдіретті комедия» және тағы да басқа шығармаларында адам туралы гуманистік ілімнің негізін салды. Данте адамның күш-қуатына сенді. Шіркеу «мәңгілік» сауалдармен айналысып, адамның күнделікті жер бетіндегі күйбің тіршілігіне қол сұқпауы керек. Барлық адамға қатысты істер (саясат, тәрбие, өнер) адам парасатына бағынышты. Адам табиғатын Данте қосмәнді деп табады. Адам жаны пайда болысымен-ақ, онда табиғатпен құдай сипаты тоғысқан. Құдай «табиғаттың тамаша еңбегін» байқап, оны жоққа шығармай аяқтаған. Адамның қосмәнділігі, оны екі мақсатқа жетуге бағыттайды. Оның біріне адам өмірде өзінің қасиетін аша білу арқылы, екіншісіне өлгеннен кейін «мәңгілік өмірдің» рахатына «құдай еркінін қалауымен» жетеді. Дантенің ілімі орта ғасырлық діни көзқарасқа қайшы келіп, олардан қолдау таппады. Адам құдайдың ашса алақанында, жұмса жұдырығында қалатын құлы емес, оны еркі өзінде. Ол дүниедегі болып жатқан оқиғалардың себебін құдайға сілтей салмай, өзінен іздеп, соған жауап береді. Адам бойындағы ізгілікті қасиет оның іс-әрекетінен, қызметінен көрініс табады. Адам жанынан сарқылмас байлығын, құндылығын Данте «Құдіретті комедияда» тамаша жеткізген. Осы шығармада Данте адам өмірінің өткінші, қысқа екендігін еске ала отырып, ол өзінің қабілетін осы жердегі тіршілікте ғана жетілдіре алатындығына сендіреді. Данте адамды асқақ биікке көтерді. Оны мына жолдардан көруге болады. Ойла, кімнің ұлысың, қандай жерден таралдың, Туған жоқсың татуға несібесін тағы аңның, Ерлік үшін, еңбек үшін, білім үшін жаралдың. (М. Мақатаевтың аудармасы). «Ізгілікті адамның» тағдырын Данте білімге деген құштарлықпен байланыстырады. Егер Данте гуманистерде рухтандырып шабыт берсе, шын мәнінде гуманистердің қозғалысы Ф. Петраркадан басталады. «Гуманизмнің атасы» Франческо Петрарка (1304-1374) адамның ішкі-рухани дүниесіне, инабаттылығына, бірегейлігіне (индивидуальность) көңіл аударды. Өзінің «Менің құпиям» деген еңбегінде адамның қайшылыққа толы ішкі дүниесіне үңіліп одан шығудың жолдарын қарастырады. Әсіресе XV ғасырдың гуманисі Пико делла Мирандола (1463-1494) айрықша көзге түсті. Кең таралған «Адамның намысы туралы сөз» және «Астрологияға қарсы» деген шығармаларында адамды дүниенің кіндігі деп білген. Ол адамды шырқау биікке көтерді. Құдай адамды азат етіп жаратқаннан кейін, оның еркі өзіне тиді. Адам табиғатын құдай жаратқанмен адамдық қасиеттерін адам өзі қалыптастырады. Адамның бақыты өзінің қолында. «... Жерде адамнан асқақ ештеңе жоқ, адамда ақылменен жаннан асқақ ештеңе жоқ». Адам рухының ғажайыптылығы оның еркіндігінде. Адам өз еркімен өз тағдырына жол табады. Ол төмендеп хайуан тіршілік жасауы да, биіктеп періште де болуы мүмкін. Адам өз тағдырын өзі шешетіне кәміл сеніп, ұғынған сайын, оның табиғатқа деген үстемділігіде арта бермек. Жаңғыру дәуірінде адамның құндылығы ерекше бағаланды. Антика дәуірінде де, орта ғасырда да адамға деген ықылас дәл осындай болмаған еді. Осы дәуірде адамның жеке басының бірегейлігі, даралығы, ерекшелігі, ақын-жазушылар мен суретшілердің негізгі тақырыбына айналды. Ұлы ақындар мен суретшілер Петрарка мен Данте, Рафаэль, Боттичелли, Леонардо да Винчи және тағы басқа өнер қайраткерлерінің Ренессанс дәуірінде шығуы кездейсоқ емес еді. Қарастырып отырған дәуіріміздің өзіндік қол таңбасы бар философы Николай Кузанский(1401-1464) адамды «микрокосм» идеясын пайдаланып қарастырған. Микрокосм идеясы антика философиясының алғашқы кезеңінде кең тарағанын біз білеміз.Кузанскийде «микрокосм» қоршаған бүкіл табиғат дүниесін өз бойына дарытып жинаған. Адам әлемнің, универсумның бейнесі дей отырып Кузанец осы идеяны әрі қарай дамытады. Адам «кіші дүние», универсум, әлем - «үлкен дүние», ал құдай - «максимальды кең дүние» дей келіп, «кіші – үлкенге ұқсас, үлкен – (кең) максимальды дүниеге ұқсас» деп Кузанец адамды әлеммен, құдаймен теңестіреді. Кузанец адамды «құдайдың бейнесі» деген ұғым арқылы оның мәнін жоғарылатады. Адамды құдайға телиді. Адам құдай екенін Христостан көруге болады. Христос, толысқан максимальды адам. Сондықтан адамды Христос деңгейіне көтеріп оны жаратылған деуге негіз бар. Осылай түсінетін болсақ дүние жоқтан жаралмаған, себебі құдай дүниенің сыртында емес онымен бірге. Дүниенің үйлесімділігін адамнан көреміз. Адамның ой еңбегімен айналысады және өнерлі жан, сондықтан ол «екінші құдай» болуға лайықты. Сонымен Кузанский адамды құдаймен табиғаттың жетілген көрінісі деп қарастырып пантеистік (табиғат пен құдайды қабыстыру) көзқарасқа біраз жақындығының нышанын байқатты. Осы көзқарасты, кейіннен Д.Бруно дамытқан болатын. Адам туралы келелі ой айтқан, осы заманның көрнекті өкілінің бірі, Николло Макиавелли (1469-1527) еді. Италиянның қоғам қайраткері, тарихшы Н.Макиавелли адам бағытын, іс-әрекетін түсіндіруде діни қағидалардан өзін аулақ ұстады. Ол адам әрекетінің қозғаушы күші – мүдде, ықылас деп білді. Адам барға қанағат қылмай, байлығын үстемелеуге мүдделі. Олар әкесінің өлімінен көрі байлығынан айырылғанына қайғырады. Адамдар туралы айтарымыз, олар қайырымсыз және тұрақсыз, екі жүзділікке, алдауға бейімді, оңай олжа табуға құштар дей келе Макиавелли адам табиғатының өзімшілдігіне тұсау боларлық мемлекеттік ұйымдардың қажеттілігін дәлелдейді. «Патша» атаулы еңбегінде Макиавелли мемлекет құдайдың ісі емес, адамның ісі дейді. Мемлекет кемелдене, дамудың шегіне, биігіне жеткеннен кейін, қайта құлдырайды, сөйтіп мәңгілік айналысқа түседі. Айналыс – тағдырдың ісі, немесе құдай ісі. Тағдырды, Макиавелли қажеттілік деп те атайды. Тарих, саясат тек «уақыттың өтуі» емес, ондай «тағдыр», «қажеттілік» бар ортада адам іс-әрекет жасауға мәжбүр. Сондықтан адам қызметінің табысы, жетістігі осы тағдыр – қажеттілікке тәуелді болуымен қатар, соған икемделе оның тегеурініне мойымай әрекет етуіне байланысты. Әрине тағдыр қуатты күш, осы өмірге келгендер ертеме, кешпе оны сезетін болады, және одан қашып құтыла алмайсың дейді Макиавелли «Тағдыр туралы» поэмасында. Сонымен бірге «тағдыр – құдайға» қарсы тұруға болады. «Тағдыр» біздің іс-әрекетіміздің жартысын басқарады да, қалған жартысын адам өзі басқарады. Адам тағдырға білімімен қатар өзінің күш – қуатын, еркін қарсы қоя алады деп осы күштерді Макиавелл «вирту» (virtu) – ерлік деп атайды. «Ерлік» деп мақсатқа, табысқа жету үшін керек табандылықты, ынтаны, белсенділікті, күш – қуатты айтады. Адам тағдырдың тәлкегіне көне бермей, оның алдын алып амалын тауып қарсы тұра алады. Оған жетерлік қабілет адамда бар. Макиавелли адамның қоғамдық, әлеуметтік мәніне назар аудара отырып тарихтың бағдарын соның мүддесімен тығыз байланыстылығына кәміл сенді. Макиавеллидің гуманизмі де осында жатыр. Джордано Бруно (1548-1600) жаңғыру дәуірінің пантеистік дүние танымын әрі қарай дамытты. Бруно философияның негізгі ұғымы (Біртұтас) бірегей. Әлем бірегей, шетсіз, шексіз, тұрақты. Әлемнен басқа ештене жоқ, өйткені ол барлық болмыс. Ол мәңгі, жасалмаған, қозғалмайды. Құдай – табиғат бірдей, заттардың тегі, заңдылығы. Табиғатпен адам біте қайнасқан. Адам соның бір бөлігі ретінде сезінеді. Адам жануарлар дүниесінен бөлініп шыға бастаған шағында, олардан артықшылығы шамалы болды. Тек іс-әрекет арқылы, сонымен қатар рухани өмірдің жандана бастауы арқылы, адамдар жануарлық негізінен алшақтай бастады. Адамның жаны өзінің субстанциясы бойынша жануарлардың жанына ұқсас болғанымен, құрылымы жағынан айырмашылығы бар. Жанның құрылымы дене мүшелерінің құрылымымен байланыста. «Қабілетті» деген жануардың дене құрылысы адамға жетпейді, сондықтан олардың ақылы кем. Еңбек ету арқылы адам өзінің мәнін ашады. «Құдайлар адамға ақыл мен қол сыйлады, өзіне ұқсас етіп жаратып, барлық жануарлардан артық қабілет берді». Сонымен бірге оның еркі өзінде,- дейді Бруно «Асқақтаған хайуанды аластау» деген еңбегінде. Адамның өмірі өткінші, өлім алда, сондықтан үлкен мақсат қоя біліп сол үшін қажырлы ісімен, жанын қиюға дайын болуы керек. Томмазо Кампенелла (1568-1639) жаңғыру дәуірінің соңғы кезеңіндегі әлеуметтік философия жасай білген көрнекті философ. Кампанелланың пікірінше, «дүние – орасан зор тірі жан, ал біздер оның құрсағында өмір сүреміз. Дүниедегі барлық заттарда түйсік бар. Дегенменде заттық дүниелердің сезімдік қабілеті әртүрлі, бірінде азырақ, екіншісінде көбірек кездеседі. Адамда, сезіммен қатар ақыл бар. Ақыл арқылы адам шексіз дүниені тани алады. Адам өзінің табиғат берген қабілетін барынша жетілдіруге құштар, және осы қасиетімен жануарлар дүниесінен жоғары тұр. Кампанелла адамның артықшылығын дәлелдеуде эволюциялық дамуды жете түсінбегендіктен теологияға сүйенуге мәжбүр болған. Соған қарамастан Кампанелла, адамның артықшылығын дәлелдеуі біршама қызықты. «Бірде бір хайуан, маймыл немесе аю қолы бола тұра отты пайдалана білмейді, тіпті оның маңынада жолай алмайды, және оны күнненде ала алмайды, тастанда шығара алмайды». «Отты пайдалану өнері адамға ғана тән, сонымен бірге жазу өнері және сол жазуды сөйлете білу, уақытты көрсететін сағатты, компасты пайдалану – осының бәрі адам рухының ашқан жаңалығы». [4] Кампанелла адам рухын мадақтап, оны табиғаттың билеушісі, патшасы деп, тек құдаймен ғана бәсекеге түсуге лайықты дейді. Адам – дейді Кампанелла өзінің «Адам туралы» трактатында – дүниенің екінші жасаушысы сияқты, бірінші себептің жердегі өкілі. Адамның жануар дүниесінен ең басты артықщылығын Кампанелла, тек табиғатты билейтіндігіне емес, өркениетті өмір құра білетіндігінен көре білді. Адам қоғамдасу арқылы өз қабілетін ашып, жетілдіре алады және әділетті мемлекет құру арқылы өзінің әлеуметтік мәнін толық аша алады, - деп сенді. Сондықтанда адамның мақсаты алдымен сондай қоғамды мемлекетті құруы оның белсенділігіне байланысты. Жаңғыру дәуірі, дүниемен сан қилы қарым-қатынаста болатын ерікті ой мен істің адамын тәрбиелеуге рухани орта қалыптастырды. Ренессанс гуманистері адамның көп қырлығын аша отырып, оның сарқылмас байлығына сенді. Ренессанс дәуірінің ерекшелігіде осында. Әдебиеттер: 1 Алтай Ж. Философия тарихы:оқулық/Ж. Алтай, А. Қасабек, Қ. Мұхамбетәли.-2-шi басылымы.-Алматы:Раритет.-2006.-310 б. 2 Байтенова Н. Ж. Философия:учебник для студ. вузов/КазНУ им. аль-Фараби; сост. Н. Ж. Байтенова.-Алматы:Қазақ университетi.-2006.-390 с. 3 Нысанбаев Ә. Философия тарихы/[ғылыми ред. Ә. Нысанбаев; құраст.: Ә. Нысанбаев, Ғ. Құрманғалиева; аударғандар: Д. Раев, А. Құлсариев].-Астана:Аударма.-2006.-484 б..-(Мәдени мұра) 4 Кiшiбеков Д. Философия:оқулық/Д. Кiшiбеков, Ұ. Сыдықов.-9-шы басылымы.-Алматы:Қарасай.-2008.-356 б.
6 Тақырып Жаңа заман мәдениетіндегі батысеуропалық философия
1. Философия және 16-17 ғасырдағы Ғылыми революция 2. Эмпиризм және рационализм: Ф Бэкон, Р Декарт, Б.Спиноза, Г.Лейбниц, Дж. Локк, Ж Гоббстың концепциясы. 3. Француз ағартушыларының философиясындағы адам, қоғам мәселері. 4. И.Канттық таным теориясы. 5. Гегельдің философиялық жүйесі. Диалектика. Фейербахтың материализмі. Философияның дамуының XVII ғасырдан басталған кезеңін Жаңа заман философиясы деп атайды. XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырда Европада буржуазиялық революция кең өрістеп қоғамның экономикалық, саяси әлеуметтік өміріне жаңа леп алып келді. Осыған орай қоғамдық санада түбірлі өзгерістерге ұшырады. Жаратылыс тану ғылымдарының ашқан жаңалықтары өндірісте кеңінен қолданыла басталды. Г. Галилей, И. Ньютон, Р.Бойль, У.Гарвей және тағы басқада оқымыстылардың ғылыми жетістіктері, философияның жаңа бағытта дамуына арқау болды. Ағылшын философы Ф.Бэкон (1561-1626) жаңа заман философиясының негізін салушының бірі. «Жаңа органон», «Жаңа Атлантида» және тағы да басқа еңбектерімен танымал философ эмпиризм бағытын ұстады. Оның ілімі бойынша, ғылым фактілерге сүйену керек. Ғылыми нәтижелерді тәжрибе арқылы сұрыптап, талдау үшін индукциялық әдістің артықшылығын дәлелдеуге күш салды. Осы эмпириялық, индукциялық әдісін адам болмысын тану үшін де қолданды. Бэконның пікірінше барлық ғылымдардың мақсаты адам туралы ілім жасау. Ғылымдар шашырап кетпей, бір- біріне сүйене, байланыса отырып адам туралы келесі пікір, тұжырым жасай алады. Адам тән мен жаннан құралғандықтан, ғылымдардың бірі тәнін зерттейді, екіншілері адамның жанына назар аударады. Ф. Бэкон адам қосмәнді дей тұрып адамның жанын зерделі жан, сезімтал жан деп екіге бөледі. Адам зерделілігіне «құдай шапағаты» тиді, ал сезімталдығы жалпы дене қызметімен байланысты. Адам ақыл ойының субстанциясының қайдан шыққаны, мәңгілігі және тағыда басқа сауалдарға жауап беру діннің еншісі. Осыған орай Ф. Бэкон адам жанының зерделілігі туралы жарытып ештеңе айтпайды. Адамның сезімтал жандылығын философияның үлесіне алып қалып Ф. Бэкон оның әлі тыңғылықты зерттелмей жатқанына қынжылады. Адамның қос мәні, яғни тәні мен жаны бір- бірімен байланысты. Тәннің байлығы оның саулығы, сұлулығы, қуат күші, ал жанның қабілеті – парасаттылығы, еріктілігі деп білеміз.Адамның кескін-келбетінен оның көңіл-күйін, рухани дүниесін білуге болады. Тәні саудың жаны сау. Ол дәрігерлік ғылымдар жүйесіне ертеден белгілі. Ф.Бэкон осы байланыстың басқа жағына көңіл аударады. Жанның саулығы көп жағдайларда дене қызметіне әсер етеді, сондықтанда жаны саудың дені сау деп айта аламыз. Адамның әлсіздігі, дәрменсіздігі табиғат заңдылықтарын білмегендігінде. Табиғатты жеңу үшін оған бағыну керек, -дейді Ф.Бэкон. Бағыну деп табиғат алдында тізе бүгу емес, оның заңдылықтарын өз мақсатыңа дұрыс пайдалана білу, өйткені адам табиғаттың түсіндірушісі, қызметшісі. Табиғатты тану жолында көптеген кедергілер, тосқауылдар бар. Ол кедергілер адам санасында түрлі себептермен сіңіп қалған пікірлер, бұрмалаған түсініктер, елестер. Ф.Бэкон осы елестерді төрт түрге бөледі. Біріншісін «тектік елестер»-деп атайды. Ол адамның табиғатына біткен, өйткені сезімнің қабілеті дүниедегі сан қилы заттар мен құбылыстарды ажырата алмай жалған мәлімет береді. Ақылда табиғаттағы, қоршаған ортадағы елеусіз фактілерді өзінен қосып бажырайта, түймедейді түйедей қылып кең тұжырым жасауға икемді. Сондықтан дейді Ф.Бэкон ақылдың қанатына ауыр жүк іліп жерге күнделікті күйбің тіршілікке жақындастыра жүргізу керек. Тектік елестерден құтылу оңай емес, бірақ олардың күшін әлсіретуге болады. Екінші, “үңгір елестер” жеке адамның мінез құлқына, тәрбиесіне, өскен ортасына, байланысты. Әр адамның өз «үңгірі» бар. Осы үңгір табиғаттан түскен сәулені әлсіретіп, көмескі жеткізеді. Осы елестерден көпшіліктің тәжірибесіне сүйене отырып құтылуға болады. Үшінші елестерді Ф.Бэкон «алаң», «базар» елестері деп атайды. Адамдар жиналған жерлерде сөз таластары жиі болып тұрады. Олар бір сөзге әр түрлі мағына беріп, бір-бірін түсінбейді, ұғыспайды. Осындай жағдайда, талас-тартысты пайдаланып біреулер өз пікірін білдіріп алуы мүмкін. Қарапайым сана біреуге еріп еліктегіш келеді. Осы елестерден адам өз білімін жетілдіріп, оқу арқылы құтыла алады. «Театр елестері» - деп Ф.Бэкон біреулердің беделіне, ойдан шығарылған қағидаларға сенуді айтады. Әсіресе ғылымдағы догматикалық ілімдер ойдың дамуына кедергі келтіреді. Бэконның пікірінше осы пірлер, елестер табиғаттың заңдылықтарын ашып, пайдалануға кедергі жасайды. Осыған қарамастан, адам олардан арыла келе, табиғатты танып біле алады. Ол Бэкон ұсынған тәжірибеге сүйенген индуктивті әдіс арқылы жүзеге аспақ. Ф.Бэконның адам туралы ойлары, кейінгі уақытта, әсіресе ағартушылар кезеңінде жаңа мәнге ие болып олардың дүние танымына күшті әсер еткені белгілі. Ф.Бэкон жаңа заманның көш бастаушысы болса, француз ойшысы Р.Декарт (1596-1650) осы заман философиясының туын ұстаушыларының ең көрнектісі болды. Философияның рационалдық дәстүрін жалғастырып дамытушысы Декарт, адамның мәнін түсіндіруде ғылыми жаңалықтарға сүйенеді. Ол кезде көптеген алдыңғы қатарлы ойшылдар табиғатты алып механизм деп түсінді. Адам, Декарттың пікірінше екі түп негізден жанмен тәнннен яғни рухани және материалды (дене) екі субстанциядан құралған. Рухани субстанцияның жалғыз қасиеті бар ол- ойлау, ал материалды субстанция кеңістікке кең таралғандығымен, созылмалығымен белгілі. Жануарлардың организмі сияқты адамның организмінде қарапайым машинаға жатқызған, Декарт механикалық заңдылықтарды адамды түсініп білуге қолданды. Осы көзқарас У.Гарвейдің қан айналымы және осы процестегі жүректің атқаратын қызметі туралы ашқан жаңалығымен тікелей байланысты еді. Сонымен қатар Декарт адам тек қана организм емес, саналы жан болғандықтан оны механикалық заңдылықтары арқылы түсіндіруге болмайтынын түсінді. Екі субстанция бір-біріне тәуелді емес. Адам мен жануарларды жақындастырумен шектелмей, Декарт олардың түпкілікті айырмашылығына басты назарын аударды. Адамның танымдық қабілеті тәнмен ешқандай байланысты емес. Адам қандай жағдайда болмасын өзінің іс- қимылын мақсатқа бағындырған. Мақсат бар жерде ой бар. Осының өзі-ақ «Әдіс туралы пайымдау» атты еңбектің авторының пікірі бойынша адамға біткен жалғыз қасиет ақыл-ой екендігіне күмән туғызбайды. Ол логикалық пайымдауды, ойлануды адам болмысының жалғыз ғана бұлтартпайтын кепілі деп сенді. «Cogito ergo sum», яғни «мен ойлаймын, олай болса мен бармын» деген қанатты сөз Декарттан қалды. Декарт философ болуымен қатар ірі математик екені баршамызға белгілі. Адам ақыл-ойын ерекше бағалаған Декартқа осы ғылымның түрткі болғаны күмән тудырмайды. Математикалық білімдердің логикалық сипатын аңғарған Декарттың пікірінше, математикалық ақиқаттардың айқындығы, анықтығы адам ақыл-ойының нәтижесі. Адам тек ақыл-ойымен, барлық құбылыстарға терең бойлап тани алады. Адам организмі механикалық заңдылықтарға бағынып өзінің бірегейлігінен, даралығынан айырылады да, ал ақыл-ойымен өзін тәуелсіз, ерікті бірегей (индивидуальность) субстанция екендігін сезінеді.
|