Студопедия — Жұмекен Нәжімеденов
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Жұмекен Нәжімеденов






(1935-1983)

Қазақтың көрнекті лирик ақыны, ұлттық әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосқан ақындардың бірі. 1967 жылы «Жоқ, ұмытуға болмайды» поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Ақындығымен танылған оның проза жанрында да еншісі бар.

Нәжімеденов ЖұмекенСабырұлы 1935 жылы қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қошалақ аулында дүниеге келген. Ақын, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын (1959), Мәскеудегі Әдебиет институты жанындағы жоғары курсты (1973) бітірген. 1959-1983 жылдары, “Жазушы” баспасында кіші редактор, “Ленлиншіл жас” (қазіргі “Жаса алаш”) газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, Жазушылар одағына әдеби кеңесші, Қазақстан Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетте редактор, “Мектеп” баспасында редакция меңгерушісі қызметтерін атқарады. Тұңғыш кітабы “Балауса” деген атпен 1961 жылы жарық көреді.

60 жылдары әдебиетке келген ақын-жазушылардың көпшілігі – 1932 жылғы ашаршылыққа, 1937 жылғы жаппай қырғынға, Ұлы Отан соғысына әкесін беріп, өздері сол жылдары дүниеге келіп, әкесіз өскен жетімектер екені белгілі. Жұмекен өлеңдерінен де сол бір алапат жылдардың жазылмас жарасын көруге болады. Балалық шағын соғыс ұрлап, ерте есейген лирикалық кейіпкердің өмір жолы кешегі сан мыңдаған қазақстандық қандастарымызбен тағдырлас. Ақынның бір топ өлеңдері сол бір ауыр күндерден сыр шертеді. “Шегініс” өлеңіндегі “Төрт жаста біз жетім болдық аяулы, Сегіз жаста колхозшы боп, Күннен бұрын ояндық” деген екі тармақтың ішіне сол жылдардың бүкіл тыныс-тіршілігі сыйып тұр. Бұл – азаматтың бәрі майданға аттанып, колхоздың бар ауыр жұмысын жасөспірім жеткіншектер мен буыны қатпаған бүлдіршіндердің атқарғанын көрсетер жанды картина.

Құдай қосқан жары мен бауыр еті баласын майданға аттандырған аналардың жан жарасын мақтаның күйігімен жеткізген ақын “Әке туралы” өлеңінде әкеден жастай айрылған жетімектің өмір бойғы аңсаған арманы – әкесін бір көру екенін шынайы бейнеледі. “Сол соғыстың жоғалмайтын суреті – Кәрі ананың тілім-тілім өзегі” деп түйген ақынның соғыс тақырыбына арналған “Көзсіз батыр”, “Қанды сүт”, “Келін”, “Соңғы махаббат” поэмаларын жазды. Солардың ішінде аналар бейнесін сомдағандары да бар. “Қанды сүтте” неміс басқыншыларының Украина жерінде жасаған қанішерлігі баяндалған. Ондағы ана – елі мен жері үшін өз басын ер өлімге тіккен жан. Ал, әке-шешесіз қалған қос жетімек – Кеңес одағының барлық елдеріндегі тағдыр тауқіметін тартқан жас нәрестелердің жиынтық бейнесі.

“Келін” поэмасы – қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ашатын туынды. Ақын: “Қасиетіңді білу үшін аяулы ел, Қасіретіңді есіме алғым келеді”- деп, көз алдынан кетпей қойған “сонау жылға” шегініс жасай отырып сыр шертеді. Бір кезеңнің шындығын бір отбасы арқылы көрсете білген ақын “Кебенек киген келеді” деп, өмір бойы ата-ананың жол торуын да шынайылықпен жеткізген. Ақынның тағы бір ерекшелігі – ұлттық дәстүрімізге үңіле білуі. “Кемпір мен шал келін десе; шешесін, Ол да атайды келін деп…”, “Ешкім әлі атын оның білмейді, Атайды тек келін деп” деген жолдар – ешқандай боямасыз, өмірдің шынайы қалпының суреті. Ақын бұл поэмада қазақ келіндерінің сом тұлғасын жасай білді. Бұл поэма қазақ поэзиясындағы тылдағы аналар бейнесін толықтыра түсті. Оның “Ақ сүт” атты аңызға құрылған жыры – аналар жайындағы поэзиясының жиынтығы.

Аңыз, ертегілерді көркем шығармаға арқау ету – 60-70-жылдардағы қазақ әдебиетінің табысы болса, ақын мұны да еркін игергендігін байқатты. “Ғұмыр ертегісі” – осы бағыттағы табысының бірі. Мұнда ақын “тышқан мен мысық” туралы мысалдан ой түйеді. Мысық пен тышқан, Кавказдағы жүз алпыстан асқан қария мен мың жасаған Лұқпан туралы аңыздарды тірілтуі – ақынның ғана емес, қазақ поэзиясының табысы.

Нәжімеденов поэзиясынан үлкен орын алатын бір топ өлеңдері табиғат жайында болып келеді. Ол қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихында бар табиғат суреттеріне өзінше үн қосып, жаңа өрнек сала білді. Осы саладағы “Құм жырлары” атты шоғырлы өлеңдерінің өзіндік ерекшелігі бар. Ақ шағыл құмды бабасының ақсақалына, оның бетіндегі шырмауықтарды кәрі әжесінің шатысқан шаштарына, таңғы шықты аспанның көз жасына теңеу, сондай-ақ, “Жел “үп” етсе, кемсең-кемсең етеді, Қып-қызыл құм – иегіндей бір жылауық кемпірдің” деген образды тіркестер – ақынның қазақ поэзиясына қосқан жаңа өрнегі деуге саяды. Оның қаламынан туған өлеңдерде табиғат анаға жан бітіріп, өзін сол тұтастың бөлшегі етіп көрсету басым. Ақын әрқашан адам мен табиғатты бірлікте қарауда жетістікке жетті. “Қарағайлар сенделеді ыңылдап” деген өлеңінде қарағайды кешқұрым іші пысқан бойдаққа, үңірейген аспанды аузында тісі жоқ кемпірге теңеуі, сұр тастың ерні кеберсуі, жапырақтардың би билеуі, “Зәулім үйдің төрт бұрышты көздері, Сұйық түнді сылқылдатып ішкендей” деген тіркестердегі жанды суреттермен ақын жансызға жан бітірген.

Ақын поэзиясының негізін өмір жайындағы философиялық өлеңдері қамтиды. Ол шағын лирикада болсын, эпикалық жанрда болсын, өмір жайында сыр шертеді. “Сәл шыдай тұр, ағайын, мен өнерде енші алам, ұқсамайтын ешкімге жаңадан бір жол салам” деп, өзі айтқандай, ол – ұлттық поэзиямызда ерекше із қалдырған ақын. Қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихындағы дәстүр мен жаңашылдық мәселесін жете зерттеген ғалым Мүсілім Базарбаев алпысыншы жылдардағы қазақ поэзиясы жөнінде айта келіп: “Олжас Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов сияқты ақындар іздену, ойлану, жаңаға ұмтылу, сол жаңаны көре, таба да білетіндей қалыптарымен сүйсіндіреді”,- деген болатын. Айтса айтқандай, ол қазақ поэзиясында өзінің ізденімпаздығымен, жаңа мазмұн, жаңа түрге лайық жаңа тіркес, жаңа өрнек сала білгендігімен ерекшеленеді.

Ақынның поэзиялық туындылары әдебиетшілер тарапынан өз бағасын алып келеді деп айтуға болады. Оның бір нышаны – Жүсіп Қадырдың 1996 жылы «Жұмекен Нәжімеденовтің ақындығы» атты монография жазып, кандидаттық диссертация қорғауы. Осылайша ақын поэзиясы жүйелі түрде ғылыми айналымға енді. 2007 жылы «Жұмекеннің жүрегі» атты естеліктер жинағы жарыққа шықты. Үш бөлімнен тұратын жинақта ақын туралы естеліктер, өлеңдер мен мақалалар, зерттеулер топтастырылған.

Шағын лирикалары мен поэмалары арқылы оқырманын сүйсіндірген ақын проза жанрында да бағын сынап көрді. Ә дегеннен кең құлашты эпикалық туындыға ден қойған оның қаламынан «Ақ шағыл» (1971), «Кішкентай» (1973), «Даңк пен дақпырт» (1977) сынды бас-аяғы жинақы, өзіндік айтары бар шып-шымыр романдар дүниеге келді. Ақын кейінгі жылдары «Бетпе-бет» (1976) атты повесімен бірге «Домбыра және көсеу», «Шындық пен аңыз», «Аспан шақырады» (ертегі-хикаят) «Шындық немесе кесілген бұрым», «Құм әңгімелері» сынды әңгімелер жазып, прозадан қол үзген жоқ. Алайда қазақ поэзиясындағы жаңашылдығымен танылған ақынның прозалық туындылары сол жылдары бірсыпыра сыншылар мен әдебиеттанушыларға қалам ұстатқаны белгілі. Олардың қатарында С.Қирабаев, Б.Сахариев, М.Сқақбаев, Т.Тоқбергенов, Б.Уақатов, Б.Ыбырайымовтардың есімдерін атауға болады. Алайда, осы аталған туындылардың соңғы жылдары тасада қалып жүргені де жасырын емес.

Нәжімеденовтың қаламынан туған романдардың арасына екі жыл салынып жазылғанымен, оларды бірінен-бірін ажыратып, сөз ету мүмкін емес. Себебі, үш романға да бір ауыл, бір кең шар өңіріндегі оқиғалар арқау болған. Олардың негізгі кейіпкерлері де ортақ. Сондықтан, бұл романдарды тұтас бірлікте қараған жөн. «Ақ шағыл» романына Ұлы Отан соғысы жылдарындағы шалғайда жатқан қазақ ауылының тыныс-тіршілігі арқау болған.

Романда қанша кейіпкер болса, сонша тағдыр бар. Олардың бірі екіншісіне ұқсамайды. Өскен орта бір болғанымен, әрқайсысының тағдырына әркелкі өмір тауқыметі жазылған. Сондықтан олардың мінез-құлқы да бір-біріне ұқсамайды. Автор әрбір кейіпкердің бейнесін оның істеген ісі мен сөйлеген сөзі арқылы ашуға тырысқан. Жазушы әр кейіпкерін типтік бейнеге көтеруге тырысқан. Өмірден алынған шынайы оқиғалардың астында ащы мысқыл жатады. Бұл автордың ел ішіндегі дендеп кеткен кеселді жөндеу туралы көзқарасынан туғаны анық. Осы тұрғыда қарағанда, романда ащы тіл де жетерлік. Бірде жеңіл юмормен, енді бірде ащы сатираға кезігіп отырамыз. Оны жекелеген кейіпкерлердің сөйлеген сөзі, істеген істерінен байқауға болады.

Аталған романдар Ұлы Отан соғысы басталған шақтан бері қарайғы, шаруашылықты қалпына келтіру, елдің бейбіт күнге жету кезеңдерін қамтиды. Бірінші романға барын майданға аттандырып, аш-арық тұралаған елдің ауыр тұрмысы арқау болса, екіншісіне соғыстан кейінгі бандымен күрес, шаруашылықты қалпына келтіру жылдарындағы әртүрлі оқиғалар, үшіншісіне ұлттық өнердің қазіргі жай-күйі мен болашағы, қазақ отбасы, қазақ демографиясы сынды өзекті мәселелер арқау болған. Қырқыншы жылдардың ауыр тіршілігімен ес жиған, әкесін майданға беріп, атасын әкем деп өскен «жалғыздан қалған жалғыздың» өмір атты үлкен майданға араласудағы әртүрлі сәтсіздікке ұшырауын автор шынайы бейнеледі. Бұл романдар қазақ ауылы мен қала қазақтарының көлеңкелі тұстарын ащы болса да өмір шындығы етіп көрсетуімен құнды. Шығармадан жағымды, жағымсыз кейіпкер іздеген сыншылар Идаяттың бойындағы әралуан қасиеттерге тосырқай қарап, кейіпкерлерді қай топқа жатқызарын білмей, дал болды. Ал, автор бірыңғай ұнамды және ұнамсыз кейіпкерлер бейнесін сомдаған жоқ еді. «Мен қара сөзбен жазылған кітаптарымда (әсіресе «Даңқ пен дақпыртта») осы, өзімше, адам санасына әсер еткен дәуір, уақыт белгісін тек өз құралыммен көрсетуге тырыстым» дейтін Жұмекен ақынның поэзиядағы таныс-бейтаныс кейіпкерлері осылайша қазақ прозасына да келіп қосылды. Ауыл мен қала тіршілігі жөнінде ой түйген жазушы екіаяқтылар арасындағы мәңгілік майданның бітпес дауын өмірден алынған шынайы қалпында жеткізе білген. Олай болса, бұл романдар жетпісінші жылдардағы қазақ прозасын шынайылығымен, тақырыбының өзектілігімен байытты. Кеңестік дәуірдің ақын-жазушыларға қойған бірінші талабы өмірдің күнгей жағын көрсету болса, бұл шығармалар өмірдің көлеңкелі жақтарын баса бейнелеуімен құнды. Жазушы «Ауруын жасырсаң, өлгенде қайда қоясың» деген ел ішіндегі індеттің алдын алуды көздеген болса, ол бұл мақсатына жетті де. Шығармаларды оқыған кез келген оқырманның әрбір кейіпкерге өзінше баға беріп, олардың сөзі мен іс-әрекетіне төрелік берері даусыз.

«Бетпе-бет» повесінде жазушы 1947 жылғы Ханшәйіні ұрлап кететін банды оқиғасынан кейінгі жайдан кеңірек мағлұмат беруді көздеген. Романда банды оқиғасы да, Ханшәйім де жанама қызмет атқарып, негізгі оқиға Идаяттың төңірегінде өрбіп отыратын. Жазушы сол оқиғаны толықтыру мақсатында аталған повесті жазды. Повесте не бары үш-ақ кейіпкер бар. Оқиғалар сол кейіпкерлердің өміріне жасалған лирикалық шегініс арқылы өрбіп отырады. Жазушы бар шешімді, бар үкімді оқырманның өзіне қалдырған. Повестің соңындағы прологына қарағанда, соғыстан кейінгі жылдардағы шалғайда жатқан құм ішіндегі бір оқиғаның бейбіт өмір тұсындағы жалғасы екендігі айтылады. Жұмекен өзі өскен ауыл тұрғындарының басынан өткізген тарихы жөніндегі ауыздан-ауызға аңыз болып тараған оқиғаны көркем бейнелеуде проза жанрында да жетістікке жетті. Үш бөлімге арқау болған үш тағдыр иесінің бір хат арқылы табысуының өзі автордың повестің құрылысын ерекше құра білуі деп айтуға негіз бар.

«Домбыра және көсеу» әңгімесіне Едіге күйшінің қырық жыл түсіне томар кіріп, дұрыс домбыра жасай алмай, дүниеден озуын арқау еткен. Ұлттық мұраларға балта шапқан кеңестік дәуір шындығын жазушы атақты күйшінің баласы жаңа өкімет келгенде бай баласы болып, қудалауға түскендігімен көрсете білген. Осылайша Жұмекен Нәжімеденов поэзиядағы лирикалық кейіпкерінің бейтаныс тағдырын прозамен толықтыруды көздеді. Тек ақындығымен танылған ол – ұлттық прозамызға шағыл-шағыл құм арасындағы қазақ ауылы мен олардың тыныс-тіршілігіне жан бітіріп, көпшілік оқырманмен таныстырған жазушы. Оның шағын жанрға құрылған прозалық туындылары мен кең құлашты эпикалық повесі мен үш романы жетпісінші жылдардағы қазақ прозасына қосылған соны үлес.

Қазақ поэзиясын мазмұн, түр жаңғынан байытқан жаңашыл ақынның тәуелсіз қазақ елінің әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» өлеңі – ақын мұрасының қазақ халқымен бірге жасайтындығының белгісі.

 

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 2090. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Кардиналистский и ординалистский подходы Кардиналистский (количественный подход) к анализу полезности основан на представлении о возможности измерения различных благ в условных единицах полезности...

Обзор компонентов Multisim Компоненты – это основа любой схемы, это все элементы, из которых она состоит. Multisim оперирует с двумя категориями...

Композиция из абстрактных геометрических фигур Данная композиция состоит из линий, штриховки, абстрактных геометрических форм...

Важнейшие способы обработки и анализа рядов динамики Не во всех случаях эмпирические данные рядов динамики позволяют определить тенденцию изменения явления во времени...

Дезинфекция предметов ухода, инструментов однократного и многократного использования   Дезинфекция изделий медицинского назначения проводится с целью уничтожения патогенных и условно-патогенных микроорганизмов - вирусов (в т...

Машины и механизмы для нарезки овощей В зависимости от назначения овощерезательные машины подразделяются на две группы: машины для нарезки сырых и вареных овощей...

Классификация и основные элементы конструкций теплового оборудования Многообразие способов тепловой обработки продуктов предопределяет широкую номенклатуру тепловых аппаратов...

Методы анализа финансово-хозяйственной деятельности предприятия   Содержанием анализа финансово-хозяйственной деятельности предприятия является глубокое и всестороннее изучение экономической информации о функционировании анализируемого субъекта хозяйствования с целью принятия оптимальных управленческих...

Образование соседних чисел Фрагмент: Программная задача: показать образование числа 4 и числа 3 друг из друга...

Шрифт зодчего Шрифт зодчего состоит из прописных (заглавных), строчных букв и цифр...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.013 сек.) русская версия | украинская версия