Дәріс 6. Әлеуметтендіру процесіндегі тұлғаның әлеуметтенуіне әсер етуші факторлар
Дәріс жоспары: 1. Әлеуметтендіру жүйесіндегі жеке адам туралы түсінік 2. Әлеуметтену үрдісіндегі ықпал етуші факторлар және оларға сипаттама 3. Әлеуметтендіру факторлары мен тәрбие факторлары арасындағы байланыс және ерекшеліктер «Әлеуметтендірудің міндеті - қоғамда жаңа ұрпақтарды тәрбиелеу» деген Э. Дюркгейм мен Т. Парсонстың теориялары көптеген зерттеушілерге түрткі болды. Сөйтіп, педагогикалық терминдер сөздігінде «әлеуметтендіру - бұл отбасымен және қоғаммен қарым-қатынас кезінде адамдардың рөлдерінің алмасу процесі» деп сипаттама берiледi. Бүгінде әлеуметтену процесінің әрбір кезеңіндегі үш топтың міндеттері төмендегідей анықталған: 1.Мәдени-жаратылыстану міндеті - бұл дене және жыныстық дамудың белгілі бір деңгейге жетуiмен сипатталады; 2.Әлеуметтік-мәдени міндеті - танымдық, адамгершілік-моральдық, құндылық қасиеттердiң әртүрлі жастағы адамдарға тән болуымен сипатталады. Адамның әлеуметтік-мәдени міндеті: а) институттар мен басқа да жоғары оқу орнындағы тәрбиелік жұмыстар арқылы жүзеге асырылады; ә) ол адамның өз практикасынан, өмірдегі көрген-білгенінен тұрады. 3.Әлеуметтік-психологиялық міндеті - жеке адамның өзін-өзі танып білуi немес өз идеяларын болашақта жүзеге асыруға қабілетті бола білуi арқылы анықталады. Жеке адам туралы ой-пiкiрлер ерте кездегi шығыс ғұламалары, атап айтқанда М. Қашғари, Қайқаус, Қ. Иассауи және т.б. еңбектерiнде кеңiнен орын алған. Мәселен, Қайқаус өзiнiң «Қабуснама» атты еңбегiнде: «Адамдықты бiлдiретiн үш қасиет бар, соның бiрi - жәуанмәртлiк. Жәуәнмәрт болам десең көзiңдi жаман қараудан, тiлiңдi жаман сөзден, қолыңды жаман iстен сақта» деп көрсетедi. Баланың дамуы күрделi қайшылықтары бар процесс болып табылады. Бұған негiзгi педагогикалық үш фактор әсер етедi. 1.Тұқымқуалаушылық 2. Орта 3. Тәрбие. 1. Ұрпақтарда ата-аналарға тән биологиялық ұқсастықтың болуы тұқымқуалаушылық деп аталады. Мысалы: балаға ата-анадан дене қалыптасуы, шаштың түсi, көздерiнiң, терiлерiнiң түсi ауыса алады. Осының бәрi туа бiткен дене ерекшелiктерi деп аталады. И.П.Павловтың iлiмiне сәйкес адам туылған кезде толып жатқан туа бiткен қасиеттермен туылады. Олар: тамақтану, қорғану, бағдарлау, тiлдiң дамуы, тiк жүру және т.б. Бұл қасиеттер адамдармен араласу барысында қалыптасады. Егер бала адаммен қарым-қатынаста болмаса, ол жүре де, сөйлей де алмайды. 1.Адамның дамуына орта ықпал етедi. Олар: географиялық орта, үй-iшi ортасы, әлеуметтiк орта және ұжымдық орта болып бөлiнедi. Мысалы солтүстiк аймақта өмiр сүретiн адамдар мен оңтүстiкте өмiр сүретiн адамдардың мiнез-құлқы мен әрекетiнде өзгешелiктер кездеседi. Өйткенi олар өмiр сүретiн ортаның температурасы мен табиғаты олардың болмысына өз ықпалын тигiзедi. Отбасының өзi ондағы баланың қалыптасуына әртүрлi әсер етедi. Тiптi бiрдей ортадағы әртүрлi отбасыларында тәрбие алған балалар әртүрлi болады. Оған отбасының мынадай белгiлерi әсерiн тигiзедi: - отбасының құрамы; - отбасындағы адамдардың жас мөлшерi мен баланың отбасындағы туылу реті (тұңғышы, кенжесі секілді); - отбасындағы әлеуметтiк-материалдық жағдай; - отбасындағы психологиялық климат және өзара қарым-қатынас; - отбасында қолданылатын салт-дәстүрлер. 2.Тәрбие - баланың дамуына ықпал ететiн негiзгi әрi шешушi фактор болып табылады. Тәрбиенiң басқа факторлардан айырмашылығы - ол адамның дамуына әрқашан да мақсат көздеп ықпал етуi. Әлеуметтену процесiне бiрнеше негiзгi факторлар әсер етедi. Олар: мегофакторлар, макрофакторлар, мезофакторлар және микрофакторлар (1-Сурет). Мегофакторларға (мего - өте үлкен, жалпы деген мағынаны бiлдiредi) космос, планета, әлем және т.б. жатқызуға болады. Макрофактор (макро - үлкен деген мағынаны бiлдiредi), оған ел, қоғамдық этнос, мемлекеттiң әлеуметтенуге әсерiн түсiнемiз. Ел - мәдени-географиялық феномен. Бұл географиялық жағдайы мен табиғи ерекшеліктері арқылы айқын ерекшеленетін, белгілі шекарасы бар территория. Ол мемлекеттік егемен немесе басқа елдің билігінде болуы мүмкін. Сонымен қатар, бір елдің құрамында бірнеше кішкентай мемлекеттер болуы мүмкін. Мезофактор (мезо - орта, аралық деген мағынаны бiлдiредi) - бұлар үлкен адамдар тобының әлеуметтенуге тигiзетiн әсерi. Әлеуметтендірудің мезофакторларына этнос, аймақ, халық жатады. Бұқаралық қарым-қатынас құралдарының негізгі қызметтерін қарастырайық: 1. Ақпараттық қызмет. Теледидардағы бағдарламалар, радио, газеттердегі хабарлар және т.б. арқылы адам өзінің ақпараттық әлемін қалыптастырады. 2. Рекреативтік қызмет. Бұқаралық қарым-қатынас құралдары көп жағдайда топтық немесе жеке-дара адамдардың бос уақыттарын қалай өткізетіндіктерін айқындайды. Бұл қызмет барлық адамдарды күнделікті тұрмыстық күйбелеңнен біршама ауытқытып, сергітеді. 3. Релаксациялық қызмет. Қоршаған әлеуметтік ортамен немесе басқа да өмір құбылыстарындағы қарым-қатынаста қиындық көріп отырған жастар мен жасөспірімдер үшін бұл қызмет ерекше сипатқа ие. 4. Нормативтік қызмет. Бұқаралық қарым-қатынас құралдарын пайдалану барлық жас ерекшеліктеріндегі адамдардың белгілі бір нормалар спектрін игеруіне ықпал етеді. Мезофакторлардың жекелеген адамдарға әсері арқылы төртiншi топ факторы анықталады. Оны микрофактор деп атаймыз (микро - кiшi деген мағынаны бiлдiредi). Әлеуметтендірудің микрофакторларына отбасы, тәрбие институттары, құрдастар тобы, микроорта, ұйымдар (соның ішінде діни ұйымдар да) жатады. Тәрбие институттары - нақтылы әлеуметтік-кәсіби құрылымға немесе нақтылы жас аралығындағы адамдардың дамуы үшін мақсатты да жоспарлы ұйымдастыру мақсатында қоғам мен мемлекет тарапынан арнайы ұйымдастырылған ұйымТәрбие әлеуметтік институт ретінде қоғамдық өмірде нақтылы қызметті қамтиды. Олар мыналар: - мақсатты бағытталған жағдайды жасау арқылы қоғамның мүшесін дайындау мен дамыту мәселесі тек тәрбие процесі арқылы ғана жүзеге асырылады; - қоғамдық өмірдің тұрақтылығын қамтамасыз етуді мәдениетті қолға алу және оны жаңартып, қолдануға ыңғайлы ету арқылы жүзеге асыру; - қоғам мүшелерінің қарым-қатынасы мен іс-әрекетін және талпынысын иинтеграциялау. Тұжырым: 1. Жеке адам әлеуметтендiру процесiнiң объектiсi әрi субъектiсi ретiнде көрiнедi. Нақтырақ айтқанда, жеке адамды қоғамның бүгiнгi талаптарына сай бейiмдеп тәрбиелеуде адам әлеуметтендiрудiң объектiсi ретiнде қарастырылса, өзiнiң қоғаммен тығыз байланысы арқылы бiртiндеп қоғамға енуi және оның мiнез-құлық ережелерiнiң қалыптасуы әлеуметтендiру процесiнiң субъектiсi ретiнде көрiнедi. 2.Жеке адамның дамуы қоғамнан тыс болуы мүмкiн емес. Олай болса жеке адам бойындағы кемшiлiктер мен ауытқулар да қоғам ықпалынан туындайды. 3.Жеке адамды әлеуметтендiрудегі тәрбие үрдісінде әлеуметтендірудің: мего, макро, мезо және микрофакторлары әсер етедi. Жеке адамның қалыптасуындағы кездесетiн ауытқулар жеке дара кездесуi мүмкiн емес. Олар: әлеуметтiк ауытқу, психикалық ауытқу, дене жағынан ауытқу және педагогикалық ауытқулар болып мiндеттi түрде бір-бiрiмен байланыста дамиды. 4.Бүгiнгi күнгi педагогика ғылымында тәрбие ұғымының мәнi мен мазмұны әлеуметтендiру түсiнiгiнiң қоғамдық мәнiмен пара-пар анағұрлым ауқымды қолданылып келедi. Өйткенi баланы жан-жақты тәрбиелеу түсiнiгiнiң өзi оны сол баланың өмiр сүретiн қоғамының азаматы етiп бейiмдеумен, яғни әлеуметтендiрумен тiкелей байланыста жүзеге асырылмақ;. 5.Діни ұстанымдар мен сенімдер баланы қоғамға ену мен қоғамда дұрыс өмір сүруге бейімдеудің негізгі құралы ретінде қызмет атқарады. 6.Діни еңбектердегі тәрбие ұстанымдары ғылыми педагогика теориясы мен практикасында ұсынылатын тұлғаны қоғам талабына сай қалыптастыру талаптарын толықтыра түседі және өзара сабақтасып байланысады. 7.Діни еңбектердің мазмұнындағы тұлғаны өз қоғамында өмір сүру талаптарына байланысты ұсыныстарды отбасындағы, мектептегі тәрбие үрдісінде пайдалану әлеуметтендіру үрдісін тиімді ұйымдастыруға септігін тигізеді. Бақылау сұрақтары мен тапсырмалары: 1. Адамның өзі өмір сүретін қоғамындағы объектілік және субъектілік рөлін ажыратып түсіндіріңіз. 2. Әлеуметтендiру процесiнiң құрбаны дегендi қалай түсiндiресiз? Қандай ішкі қайшылықтар адамды әлеуметтенудің құрбаны болуға итермелейді. 3. Әлеуметтендiру процесiне әсер етушi факторларды атаңыз. 4. Тұлғаның әлеуметтену процесiндегi ұлттық менталитеттiң алатын орны қандай? Көзқарасыңызды дәлелдеңіз. 5. Діни түсініктердің адамның қоғамдық талаптарға сай бейімделуі мен әлеуметтенуіне ықпалын түсіндіріңіз. 6.Діни түсініктердегі қарым-қатынастың қоғамдық қатынастар талаптарына сай келуіне салыстырмалы сипаттама жасаңыз. 7. Дiни тәрбиенiң деңгейлеріне салыстырмалы талдау жасай отырып, қазіргі қоғамдағы баланы әлеуметтендіру үрдісінде басым көрінетін құбылысын сипаттап көрсетіңіз.
|