«Салық» ұғымымен «салық жүйесі» ұғымы тығыз байланысты. Мемлекетте алынатын салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлем түрлерінің, оны құру мен алудың нысандары мен әдістерінің, принциптерінің, салық заңдары мен салыққа қатысты нормативті актілердің, салық қызметі органдарының жиынтығы мемлекеттің салық жүйесін құрайды. Экономикалық жағынан салық жүйесі мемлекеттің, аймақтардың және муниципалды құрылымдардың қызметін қаржылай қамтамасыз етуге байланысты әр түрлі мемлекеттер, мемлекет пен салық төлеуші арасындағы, әр түрлі салық төлеушілер арасындағы, сондай-ақ оған тікелей қатысушы заңды және жеке тұлғалар арасындағы күрделі өзара байланысты әлеуметтік-экономикалық қатынастардың жиынтығын құрайды.1995 жылдың 24 сәуірінде қабылданған ҚР Президентінің «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заң күші бар жарлығы салық жүйесіне оңтайлы өзгерістер енгізді. Олардың қатарына қолданылып келген салықтар мен салықтар мен алымдар санының 46-дан 11-ге қысқартылуы, салық салу принциптерінің дүниежүзілік тәжірибеге сай өзгертілуі, халықаралық салық салу тәртібінің енгізілуі, салықтардың нышанына, белгілеріне қарай топталуы, сонымен қатар бұл құжаттың көптеген заңдармен тығыз байланыстылығы, салықтық әкімшіліктің жаңа ережелерінің енгізілуі салық жүйесіндегі басқа да түбегейлі өзгерістер жатады. Әрине мемлекттің нарықтық экономикалық қатынас талабына сай дамуы жағдайында салық жүйесінің бір орында, өзгеріссіз қалуы мүмкін емес. Алайда қысқа уақыт аралығында қабылданған шексіз өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі нәтижесі оның әлі де болса жетілмегендігін көрсетеді.Бүгінгі күні республикада салық заңдарының барлық негізгі кемшіліктері ескерілген, әрі жетілдірілген жаңа Салық кодексі дайындалып, 2001 жылдың 12 маусымында қабылданды.Уақыт ағымының әсеріне, заман талабына сай қабылданған Салық кодексінде келесідей мәселелерді шешуге басты назар аударылған. Біріншіден, барлық шаруашылық субъектілеріне салықтандырудың тең жағдайын жасау. Екіншіден, кейбір жекелеген категориядағы салық төлеушілерге берілген жеңілдіктерді жою арқылы салық жүктемесін жеңілдету. Үшіншіден, салық заңдылығы жөніндегі барлық ережелер мен нормаларды тікелей қызмет ететін заң мөлшерінде біріктіру. Төртіншіден, салық заңдылығының тұрақтылығын қамтамасыз ету.Әрине, салық заңдылығында өзгерістер мен толықтырулар болашақта да жүргізіліп отырылады. Өйткені экономикалық қарым-қатынастар бір орында тұрып қалмайды, ол жаңа даму сатысына көшкен сайын салық заңдылығының да сол экономикалық саясатқа сай өзгертіліп отыруы керек. Сондықтан өзгерістің енгізілуі де заңды. Бірақ, кодекс бойынша енді жаңадан енгізілген өзгерістер жылына бір рет енгізілуі тиіс. Енгізілген өзгерістер келесі жаңа жылдың басынан бастап күшіне енеді. Бұл ереже біржағынан салық төлеушілерге жаңа енгізулерге алдын ала дайындалып, операциялар мен қаржы шешімдерін жоспарлауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан салық қызметкерлерінің жұмысын жеделдетуге және жеңілдетуге көп әсерін тигізеді.Салық кодексі 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Ол салық салудың ойластырылған құқықтық негізін құрудың түпкілікті міндетін шешуге бағытталған.