Майданға ерікті көмек кең құлаш жайды. Халықтың патриоттық үлестерінен жиналған қорғаныс қоры 1943 жылы қазанға дейін ақшалай 185,5 млн. сомға және тапсырылған облигациялардың құны 193,6 млн. сомға жетті. 1941 жылы күзден бастап патриоттардың қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуір қайықтарын сатып алу науқаны басталды. Олар нақты жауынгерге арналды. Сондай-ақ бүтіндей колонна, эскадрилья сатып алынды. Қазақстанның қару-жарақ жасауға өткізілген барлық соғыс заемдарының және ақшалай-заттай лотереялардың құнын есептегенде республика халқының майдан қажетіне ерікті үлесі 4700 млн. сом болды, бұл соғыстың екі жетілік тікелей әскери шығынын өтеуге жететін еді.
Әсіресе соғыстың бірінші қысында жылы киім көмегі едәуір болды. Республикада халықтың 2,5 млн. жылы киім, оның ішінде 11,5мың шолақ тон, 312мың пар киіз байпақ түсті. Мұның үстіне майдандағы солдаттарға 1600 вагон жеке және ұжымдық сәлем-сауқаттар жіберілді, кейде оларды облыстың немесе республиканың арнаулы өкілдері алып барды. Отан қорғаушылардың олармен кездесуі, сол сияқты Қазақстан артистерінің майдан шебіндегі ормандарда, жер астындағы клубтарда немесе алдыңғы шептегі блиндаждарда көрсеткен 1216 концерттері майдан мен тылдың бірлігінің айқын көрінісі болды.
1943 жылы Қазақстан өз ресурстарынан Ресейдің Краснодар және Ставрополь өлкелеріне, Украинаның шығыс облыстарына 2700 трактор, 123 комбайн, 880 сеялка, 2500 соқа және көп мал, азық-түлік, киім жіберді. Осының бәрін жеткізіп апарғандардың ішінен 295 комбайншы, 636 трактор бригадасының бригадирі, 115 механизатор, 115 агроном, 65 МТС директоры сонда қалып, шаруашылықты қалпына келтіруге көмектесті.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан мәдениеті (1941–1945 жж.)