тақырып. Адамның рухани әлемі
Дәріс жоспары: 1. Руханилық және адам әлемі. 2. Рухани даму – ақиқатқа барар жол. 3. Рухани құндылықтар адам болмысының өзегі. 4. Қазақ халқы мәдениетнің қалыптасуы.
Дәріс мазмұны: Біздің білуімізше, философияның мәселесі – бұл сананың, рухтың табиғатқа, материяға, субъективтің (адамның) ішкі дүниесінің объективтікке (сыртқы дүниеге) қатынасы. Бұдан шығатын қорытынды: адамның сана-сезімі мен ақыл-ойының, тілі мен дүниетанымының және оны өзгерту қабілетінің өзін қоршаған ортаға қатысы қандай, табиғат пен қоғамның адамға, оның ішкі рухани дүниесіне тигізетін әсері қандай – осының бәрі философияның ең түбірлі және түбегейлі мәселелері болып табылады. Адамның ой-сезімін, мінез-құлқын тәрбиелеп, жетілдіру арқылы оны бақыт жолын салу мәселесіне бірнеше күрделі еңбектерін тікелей арнаған орта ғасырдағы Шығыстың әйгілі ойшыл философы, біздің әйгілі жерлесіміз әл-Фараби болды. Әл-Фарабидің айтуынша – бақыт – әр адамның көздейтін мақсаты, үлкен игілік. Сол мақсатқа жетуге мүмкіндік беретін адамда үш түрлі тамаша табиғи қабілет болады, олар: а) ерекше жаралған дене құрылысы; ә) жан құмарлықтары; б) ой-парасаты. Бұл қабілеттер өзінен-өзі табиғат берген қалпында бақытқа жеткізбейді. Бірде жақсылық толық нәтижесін берсе, енді бірде керісінше болуы мүмкін. Мұндай кездейсоқтықты жеңудің жолы – аталған үш қабілеттің әрқайсысын дұрыс жолға бағыттап тәрбиелеу, терісін жөнге салып, дұрысын дамыту, сол арқылы адамның мінез-құлқы мен ой-парасатын оларды саналы түрде үнемі дұрыс нәтиже туғызатын дәрежеге көтеру. Мұны іске асыру, бір жағынан, адамның өзіне байланысты болса, екінші жағынан, мемлекет басындағы саяси қайраткерлердің міндеті. Әл-Фараби былай деп үйретеді: қандай болса да іс-қимылын жасағанда адам біржақтылықтан, ұшқарылықтан сақтануы керек. Себебі, әрбір жақсы қасиет бір-біріне қарама-қарсы екі жаман қасиеттердің аралығынан туады. Адам – феномен. Оның табиғатын түрлі ғылымдар, айталық, антропология, тарих, филология, саясаттану, этнография, саяси экономия, психология, дәрігерлік т.б. ғылымдар, сондай-ақ философия зерттейді. Ғылымда адам басты проблема болғанмен, көп жағдайда ол соңғы кездерге дейін тап, тап күрестері, өндіріс әдісі, өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастар, бизнес және қондырма, революция т.б. проблемалар көлеңкесінде қалып келді. Енді адам проблемасы арнайы қаралатын болды. Ең алдымен айтарымыз, адамда екі түрлі: табиғи (биологиялық) және қоғамдық (әлеуметтік) сипат болады. Әрине, адамның басты қасиеті оның әлеуметтік сипаты. Адам мен қоғам бірлікте. Тек қоғамда ғана адам өзін-өзі әлеуметтік құбылыс ретінде көрсете алады. Адамды адам еткен еңбек дейтін болсақ, сол еңбек нәтижесінде адамның санасы, тілі пайда болады. Олай болса еңбек, сана, тіл – бәрі де қоғамдық құбылыс, олар қалыптасқан, даму тарихы бар. Қоғамдық-экономикалық формациялар деген не? Ол белгілі тарихи дәуірдегі тұтас қоғамдық құбылыс. Оның өзіндік экономикалық, саяси, әлеуметтік, идеологиялық ерекшеліктері бар. Өйткені, тарих біркелкі, үздіксіз ағып жатқан өзен емес, ол бөлшек-бөлшек буындардан, кезеңдерден тұрады. Тарихтың ондай буындары мен кезеңдерін формация дейміз. Әр формацияның өзіндік заңдары, өзіндік меншіктері, таптары, базисі мен қондырмасы болады. Тарихта бір формация екінші бір формациямен алмасып отырған. Оның негізі өндіріс тәсілінде жатыр. Олай болса олардың өзгеріп, дамуының объективті заңдылықтары бар. Сол заңдылықтарды ашу нәтижесінде тарих ғылымға айналады. Қоғамдық болмыс – адам өмірінің, оның іс-әрекетінің қажетті шарты және қайнар көзі. Адам өзінің жасампаздық күш-қуатымен табиғи мүмкіндіктерді шындыққа айналдыру арқылы болмысты өзгертіп отырады. Қоғамдық болмыс – адамзат тарихының даму кезеңдеріндегі әлеуметтік практиканың нәтижесі. Қоғамда түрлі қатынастар бар. Олар негізін алғанда материалдық және идеологиялық қатынастар болып екіге бөлінеді. Материалдық қатынастар адам санасынан тыс, ой елегінен өтпей-ақ қалыптаса береді. Оған жататындарды ең алдымен табиғатты адам арқылы өңдеу деп атайды. Оның негізінде өндіргіш күштер: құрал-саймандар, оны қолданатын адамдар қалыптасады. Қоғамдық қатынастардың екінші бір тобы – идеологиялық қатынастар. Оларға адамды адам арқылы өңдеу жатады. Олар саяси, құқылық, моральдық, діни, эстетикалық, философиялық қатынастар болып бөлінеді. Айталық, әрбір қоғам алдында оның өзіне тән мақсат, міндеттер қойылады. Соған сәйкес адамдарды бейімдеу, ұйымдастыру, жұмылдыру қажет болады. Диалектикалық көзқарастың қоғам өмірін тарихи процесс ретінде бейнелеу үшін қолданатын ұғымдарының бірі – прогресс ұғымы (лат. progressus – ілгері қозғалу, табыс деген сөзден алынған). Прогресс – қоғамның материалдық күш-қуатының артуы, оның қатынастарының кемелдене түсуі, қоғам мүшелерінің жан-жақты жетілуіне қажетті мүмкіндіктердің молаюы, яғни қоғамның ұдайы төменнен жоғарыға қарай өрлей дамуының түрі, сипаты. Адамзат қоғамының қалыптасып, одан әрі өсіп-өркендеуінде, тарихи сатылармен ілгерілеуінде ғылымның атқаратын рөлі айрықша екені белгілі. Екінші жағынан алғанда, ғылым – қоғамның өзі дүниеге келтірген, өркендеуіне жағдай туғызған құбылыс. Біз ғылымның дүниені танып, игерудің, данышпандық пен зерделіліктің қайнар көзі екенін жақсы білеміз. Ғылыми танымның логикасы, методологиясы мен әдістері туралы сөз еткенде міндетті түрде логика, методология және әдіс деген ұғымдардың мазмұнын ашып көрсету қажет. Ғылым логикасы деп материалистік диалектиканы түсінеміз. Өйткені, ғылыми танымдағы негізгі мақсат – толық емес, дәл емес білімнің толығырақ, дәлірек білімге айналуы, жаңа теорияға көтерілу, яғни ғылыми таным – қайшылықты, күрделі әлеуметтік процесс. Мәдениет – философиялық ой-толғамның аса маңызды, терең теориялық мәнді ұғымдарының бірі. Мәдениет ұғымы қоғам өмірінің түрлі салаларына байланысты жиі пайдаланылады. Мәдениет – адам болмысының ақылымен, қолымен жабайы табиғаттан бөліп алып өңдеген заты, құбылысы. Оның екі түрі бар: бір материалдық жасанды дүние, екіншісі рухани дүние. Біріншісіне үй, өндіріс, киім-кешек т.б., екіншісіне – қисса, ертек, өлең-жыр, діни, ғылыми ұғымдар т.б. жатады. Әдебиеттер: 1. Западная философия ХХ века. – М., 1998. 2. Есім Ғарифолла. Сана болмысы / Саясат пен мәдениет туралы ойлары /. 3-кітап. – А., 1997. 3. Кішібеков Д., Сыздықов Ұ. Философия. А., 1994. 4. Камю А. Бунтующий человек. – М., 1990. 5. Мұсаева Н.Р. Тылсым табиғат. – М., 1991. 6. О человеческом в человеке. – М., 1991.
|