Дәріс 6.Немістің классикалық философиясы.
Немістің классикалық философиясы ─ адамзат мәдениеті мен философиялық ойлау дамуының маңызды сәті. Бұл философияның негізін салған Иммануил Кант (1724─ 1804 ж.), Иоганн Готлиб Фихте (1762-1814 жж.), Фридрих Вигельм Иозеф Шеллинг (1775-1854 жж.), Георг Вильгельм Фридрих Гегель (1770-1831жж.) және Людвиг Андреас Фейербах (1804-1872 жж.). Аты аталған философтар өз жүйелерін жасады, олардың идеялары мен тұжырымдары аралығындағы ерекшеліктердiң болғанына қарамай, бір рухани ортаны қалыптастырды. XVIII ғасырдың аяғымен XIX ғасырдың басында Германия экономикалық, саяси жағынан артта қалған бытыраңқы жартылай феодалдық ел болды. Ұлт буржуазиясы әлсіз болғандықтан, өкіметке қарсы ашық күресе алмады және революциядан қорықты, сондықтан феодалдармен ымыраға келді. Неміс классикалық философиясының өкілдері де, жай қала халқынан (бюргер) шыққандықтан, тек жалпы философиялық мәселелермен айналысты. Олар өз заманының білімді адамдары болды, университеттерде сабақ беріп, ғылыммен шұғылданды; сол кездегі Англияда болған өнеркәсіп төңкерісi, оның негізінде табиғаттану ғылымының дамуы, 1748-1794 жылдары Францияда болған буржуазиялық революцияның прогресшіл идеяларының Герман буржуазиясына тигізген әсеріне көп көңіл қойып, ой қозғады. «Неміс классикалық философиясы» деген атауды Энгельс беріп, оны былай деп түсіндіреді: 1. Сана, сезім, ақыл-ой, таным мәселелерін зерттеу; 2. Ертедегі көне диалектиканы жаңа негізде көтеру; 3. Субъективтік идеализмнен объективтік идеализмге революция жолымен көшу. Иммануил Кант 1724 ж. қарапайым қолөнерші семьясында Кенигсберг қаласында дүниеге келді. Әкесі тері илеуші, қайыс сайман тігіншісі болып жұмыс істеді. Отбасындағы 9 баладан 3 қызбен інісі екеуі ғана тірі қалды, бала кезінде өте көп ауырды. Өмір бойы бойдақ болып өттi. 1745 жылы Кенигсберг университетінің теологиялық факультетін бітірді. Сонымен бірге Университетте бірқатар жаратылыстану және философиялық пәндерді зерттеп таныды. Университеттен кейін 9 жыл үйде сабақ беретiн мұғалім болды және өзінің білімін жетілдірумен айналысты. 1755 жылы приват-доцент болып орналасқан соң логика, метафизика, математика, табиғи құқық, философия, механика, минерология, теология, этика, география, антропология, дін және физикадан дәріс берді. Философия мамандығымен 47 жыл бойы шұғылданды. Өзінің жеке басында философиялық әңгімелерге көңіл бөлмеген. Оның ойынша ол тыңдай білмейді, оқыта біледі. Бүкіл өмірі есептеліп өзіне ыңғайлы өтіп жатты. Кешкі сағат 1000-да ұйықтап, таңғы 500-те тұратын болған. Ол 1900 сағатта қыдыруға шыққанда, қала тұрғындары онымен сағатын туралайтын деген аңыз бар. Бұл әдет соңғы 30 жыл бойы бұзылмаған. Негізгі еңбектері: «Жалпы бiрдей жаратылыстану тарихы және аспан теориясы» (1755 ж.), «Таза ақыл-ойды сынау» (1781 ж.), «Практикалық ақыл-ойды сынау» (1788 ж.), «Пайымдау қабілетін сынау» (1790 ж.), «Логика» (1800 ж.), «Кіршіксіз таза парасатты сынау» (1781 ж.). «Пролегомендер» Канттың өз философиясының жай-жапсарын қысқаша баяндап берген шығарма. Алғаш рет 1783 ж. басылып шықты. Канттың ғылыми еңбектерi екi кезеңге бөлiнедi: «Сыни кезеңге дейінгі» және «Сыни кезеңдегі». Сыни кезеңге дейінгі кезеңінің мәні. «Жалпы бірдей жаратылыстану тарихы және аспан теориясы» деген еңбегі бойынша талданады. Бұл еңбекте: 1. Материяның бірлігі, қозғалысы және оның заңдары туралы жаңа ойлар айтты. 2. Жаратылыстану ғылым теориясының саласында тарихи екі жаңа гипотеза ұсынды: а) Күн жүйесінің табиғи жолмен пайда болуы (ғылымға бұл Кант-Лаплас гипотезасы болып кірді). Күн жүйесінің газ тектес тұмандықтан пайда болғандығы туралы идеясы тек астрономияға ғана қосқан үлесі емес, жалпы дүниетанымдық, әдістемелік маңызы бар жаңалық болды. Оның космогониялық ілімі неміс философиясына үлкен әсер етті. Бұл ілім дүниеге деген қалыптасқан метафизикалық көзқарасты жеңді. б) Тасқындардың салдарынан жердің айналуының бәсеңдеуі. 3. Дүние жаратылды деген пiкiрдi жоққа шығарып, жаратылыстану туралы еңбегінде материализм тұрғысынан шешті. Планеталардың алғашқы газға ұқсас тұмандардың қоюлануы арқылы, өзіне тән тартылыс және серпіліс секілді қарама-қарсы күштердің арқасында өздігінен, ешқандай сыртқы күштердің әсерінсіз, пайда болатынын айтты. Хайуандардың пайда болуы, бүкіл дүниеге қалай таралғандығы жайлы, адамның табиғи жолмен шыққандығы туралы идеялар ұсынды. 4. Кант философиясының тарихы маңызы, оның диалектикалық ойлауды дамытуында болды. Кант екінші кезеңде өзінің философиялық жүйесінің орталық мәселесі етіп адамды, оның тану мүмкiндiгiн қойды. Адамға керегі бостандық, бірақ ол адамда жоқ. Адамда бардың бәрі табиғи қажеттіліктің арқасында қалыптасты. Адамның рухани тілегі мына философиялық сұрақтарға байланысты: 1. Нені біле аламын? (Метафизика немесе философия). «Таза ақыл-ойды сынау». (1781 ж.) 2. Нені білуім керек? (Мораль, этикалық ілім). «Практикалық ақыл-ойды сынау» (1788 ж.) 3. Неге сенуге болады? (Дін) «Ақыл шеңберіндегі дін» (1793 ж.). «Антропология» (1798 ж.). 4. Адам деген не? (антропология). Кант философиясы болмыс, әдептілік және дін туралы мәселелерді қарастырмастан бұрын, танып-білу мүмкіндігінің шегiн белгілеп алуды ұсынады.
Кант философиясы болмыс, әдептілік және дін туралы мәселелерді қарастырмастан бұрын, танып-білу мүмкіндігінің шегiн белгілеп алуды ұсынады. «Таза ақыл-ойды сынау» деген еңбегінде таным мәселесін талдайды. Канттың пікірінше, таным процесі үш сатыдан өтеді: 1. Сезім-түйсік сатысы. 2. Сараптаушы ақыл-ой. 3. Таза ақыл-ой. И. Кант дүниені өздігінен, біздің санамыздан тыс өмір сүретін «өзіндік зат» (вещь-в-себе) – заттар мен құбылыстардың мәнi, біздің санамызда берiлген «біздік зат» (вещь-для-нас) - заттар мен құыбылыстардың сыртқы көрiнiсi немесе табиғат, деп екіге бөледі. Бұл дуалистік көзқарас. Өйткені, ол материалдық заттардың объективтік өмір сүруін мойындайды, алайда мәнін танып - білуге болмайтын «өзіндік зат» бар деп агностиктік ұйғарымға келеді. Зат ішіндегі мәнді ешуақытта таза ақыл-оймен анықтауға болмайды. Бұл трансцендентальдық, яғни логикалық ойлаудан, тәжірибиеден тыс. Фихте Иоганн Готлиб 1762 жылы Раменау, Лужицк өлкесінде тоқымашы отбасында дүниеге келді. Бала кезінен бастап станокта жұмыс істей бастады.Оның білім алуына кездейсоқ жағдай әсер еткен фабрика иесі, барон ─ Милиц байқап қалды. Соның арқасында гимназияға қабылданды, кейіннен Иен университетінің теология факультетін бітірді. Фихте шығармалары: «Ғылым туралы ілім» (1794), «Адамның міндеті», «Әрқилы жауаптылықты сынау». Фихте тарихи тұрғыдан алғанда немістің классикалық философиясына жаңа импульс берді. Фихте - субъективтік идеалист. Оның пікірінше, нақты өмір сүретін біздің санамыз. Материалдық дүние, болмыс, табиғат - тек біздің санамызда, сезімімізде, елесімізде, ұғымымызда болады. «Мен» (Субъект-сана), «Мен еместің» (табиғат-объект) анықтаушысы. «Мен» алғашқы бастама кезінде, ақыл-ойдың нақтылығына қарама-қарсы жағдайда, «Мен емеске», одан кейін екеуінің өзара қарым-қатынасына айналады. Енді «Мен де» - рух, жігер, өнегелік, сенім ұғымдарды қалыптасады, «Мен емес» нақты өмір сүреді және «Менге» әсер етеді, кейде оның іс-әрекетін айқындайды. Шеллинг Фридрих Вилагельм Иозеф (1775-1854 жж.) 1775 жылы Леонбергте, протестанттық пастордың отбасында дүниеге келді. Сол кездегі философия мен әдебиеттегі бостандық оны қанағаттандырды. Ол құпия түрде Спинозаны, Руссоны және Шиллерді оқыды. 19 жастағы студент кезінде өзінің бірінші трактатын жазды. «Философия түрінің жалпы алғандағы мүмкіндігі» деген еңбегі таң - қалдырды. Оған сол кездегі саяси оқиғалар өте үлкен ықпал жасады, әсіресе француз революциясының рөлі ерекше болды. Рухани құбылыстардан, Кант философиясы әсері айтарлықтай болды. Канттың сыни еңбектерінің арқасында оның теология мен шіркеуден алшақтауына тура келді. Алғашқыда Фихте философиясын жалғастырғанымен, көп ұзамай субъективтік идеализмнің мүмкіндігінің жоқтығын түсінді. Шеллинг философия эволюциясының ең маңыздысы ─ табиғат философиясын жасады. Шеллингтің табиғат философиясының жетістігі ─ ол табиғат пен оның құбылыстарын зерттеуде диалектика әдісін кіргізді. Ол табиғатты зерттеуде ізденудің қажеттілігін, табиғат реальдығын, динамикалық қарама-қарсылығын көрсетеді. Шеллингтің табиғат философиясы, табиғаттың идеалистік диалектикасына айналды. Натурфилософияның мақсаты ─ табиғаттың дамуындағы ең төменгі түрден, жоғарғы түрге бірте-бірте өтуді ашу. Мұнда табиғатты ақыл-ой өміріндегі сансыздықтың көрінісі ретінде баяндайды. Объективтік дүние алғашқы санасыз рухтың поэзиясы дейді. Жаратылыстанудағы механистицизмді сынап, барлық құбылыстарды табиғаттағы өмір негізінде жатқан бiр принциптің көмегімен түсіндіруге ұмтылды. Эмпирикалық нақтылықта табиғат заттары кейбірде рухани көріністе табылады. Демек, олар бір-бірімен тепе-теңдік жағдайда болады. Бұл идея оның басты және негізгі мәселесі. Георг Вильгельм Фридрих Гегель (1770-1831 жж.). Гейдельберск, одан соң Берлин университеттерінде профессор. Бірінші болып қызмет атқарды өз заманның атақты, әрі бүкіл Еуропаға белгілі беделді философы, әрі неміс классикалық философиясының шоқтығы биік өкілі. Гегель философиясының үлесі және ерекшелігі: Ол объективтік идеализм теориясын жасады. Оның философиясының негізгі өзегі абсолюттік идея - әлемдік Рух. Гегель, Канттың, Фихтенің және Шеллингтің еңбектерін зейін қойып зерттеп, идеалистік диалектиканың жалпы теориясын жасап, және оны білімнің әртүрлі салаларына қолданды.Өзінің диалектикалық әдісінде ол қозғалыс дамуының үздіксіз екенін үйретті. Гегель өз философиялық жүйесінде дүниежүзілік ақыл-ойдың абсолюттік және әбден жетілген көрінісін жасауға тырысты. Гегельдің жүйесі мен әдісі бір-біріне қайшы, кер тартпа. Гегель жүйесі. Гегель нақтылықты (немесе бүтін болмысты) түсiнуде, идеяның мәні ретіндегi - әлемдік ақыл-ойды, Логосты, Рухты, Сананы, Субъектіні -Абсолют деп атады (барша дүниенің, бүкіл болмыстың пәрменді бастамасы, жаратушысы). Абсолюттың маңызды қасиеті - шығармашылығы, белсенділігі, дамуы және күшеюі болады. Ол өзінің дамуында әр түрлі сатыдан өтеді, өзінің өмір сүру формасында әр түрлі көріністе болады. Сонымен бірге өзінің жоғарғы мақсаты - өзін-өзі тануға ұмтылады. Абсолют үштік түрде құрылған, Еуропалық философияда ертеден бар және дәстүрлі христиан діні іліміндегі үштікпен байланысты. Абсолюттік идеядан Табиғат, Табиғаттан Рух туады, бірақ, қалай тууы түсіндірілмейді, тек шыққан нәтижені факт ретінде көрсетеді. Гегель философиясының негізі әлемдік Рух, абсолюттік идеяның бүкіл дүниені жаратқаны. Табиғат - әлемдік рухтың таза идеядан абсолюттік идеяға айналуы. Идея ешқандай мазмұнсыз «таза болмыс» немесе «ештеңе» болып табылады. Содан пайда болу, «туу» деген ұғым шығады. «Нақты болмыстың пайда болуы» - заттар мен құбылыстар дүниесіне әкеледі, яғни идея материалдық заттарға айналады: механикалық құбылыстар, химиялық қосылыстар, тіршілік, адам мен адамзат қоғамы түрiнде дамиды. Адам пайда болғаннан кейін, идея адамның санасында ойлау формасына қайта айналады. Адам санасы дамыған сайын идея материядан қол үзіп алшақтай береді. Ол өзінің бүкіл өткен жолын ұғына келе өз дамуын аяқтайды, бастапқы өз күйіне келеді. Ендi «Таза болмыс» ретінде емес, бүкіл өз мазмұнын барынша өрістеткен, болмысқа айналады. Гегельдің пікірінше, табиғат абсолюттік идеяның екінші өмірі, бірақ ол дамымайды, дамитын тек идея. Диалектиканы жасай отырып, Гегель бүкіл дүниені - табиғатты, қоғамдық өмірді және ойлауды - шексіз қозғалу, өзгеру және даму процессі деп көрсетуге тырысты. Ол диалектиканың негізгі принциптерін, заңдарын, категорияларын белгілеп берді. Табиғаттың, қоғамның, ойлаудың дамуы диалектиканың заңдарына бағынады деген оның идеясы өте игілікті болады. Алайда, объективті идеалист болғандықтан, Гегель дүниенің барлық құбылысының негізінде қайдағы бір абсолюттік идеяны, әлемдік рухты алды. Ұғынудың жоғарғы сатысы өзiнiң философиясында берiлген деп, Гегель ендi басқа философияның болуы мүмкiн емес деп өзiнiң диалектикалық iлiмiне қайшы пiкiр айтады. Бұл оның философиялық жүйесi мен ойлау тәсiлiнiң арасындағы қарама-қарсылық. Ең маңызды еңбегінің бірі «Логика ғылымы» үш бөлімнен тұрады: 1. Болмыс. 2. Мән. 3. Ұғым. Л. Фейербах 1804 жылы Лансугутта туып, 1872 жылы Нюренберг қаласының маңында, Рейхенберг деген жерде қайтыс болған. Негізгі еңбектері: «Христиан дінінің мәні», «Діннің мәні», «Гегельге қарсы сын». Философияға Гегельдің идеалистік философиясын сынау арқылы келеді. Фейербах: «Гегель нақты ойлауды нақты адамнан айырып, шындықты жасаушыға айналдырды», - дейдi. Фейербахтың пікірінше, жаңа философия теологиялық емес, антропологиялық болуы керек. Антропологизм - адам мен табиғаттың айырғысыз бірлікте және адамды табиғаттың жемісі деп қарау. Антропология - адамның биологиялық жақтарын зерттейтін ғылым. Табиғат рухтың негізі, сондықтан ол философияның да негізі. Табиғаттан сезім мен ақыл-ой дарыған. Адам жер бетіндегі тірі жан, табиғаттың бір бөлігі екенін мойындай отыра, оны қоғамнан және тарих дамуынан тыс, абстракты түрде алып қарайды. Адам мен табиғаттың өзара әрекетінің негізі қоғамдық-тарихи практика екенін түсінбеді. Таным туралы. Фейербах: «Дүниені танып білу дүниенің өзі секілді шексіз. Таным сезімнен басталады, шындықтың дәйегі - іштей туған сапа». Қоршаған ортаны тануға болады, ақыл-ойдың мүмкіндігі шексіз. Бірақ, бұл бірден пайда болмайды, ол адамның эволюциялық дамуы, тәжірибенің жиналуы, ғылыми-техниканын өсуіне байланысты болады. Фейербах: «Біз танымағанымызды, біздің ұрпағымыз таниды» - дейді. Фейербахтың бүкіл материализмі секілді, таным теориясы да сырттай пайымдаушылық сипатта болды - бұл практикалық іс-әрекеттің рөлінің маңызын түсінбеушілік. Ойлау адамнан тыс және одан тәуелсіз өмір сүре алмайды. Ол адам миымен ажырамас байланыста болады. Тарихты түсінуде тарихи процесстің қозғаушысы деп объективтi заңды емес ақыл-ойды мойындайды. Фейербах адамның өзіннің түпкі төркіні санасына байланысты, дін адамды емес, адам дінді жасайды деді. Адам қандай болса құдайы сондай деп, Фейербах діннің негізін қиялдан (фантазиядан) іздейді. Фейербахтың материализмнің күшті жағы - оның дінмен ашық күресуінде, діннің психологиялық түп-тамырын ашып беруiнде. Құдайы бар дінді жойып оның орнына құдайсыз, адамдардың сүйiспеншiлiгiне негiзделген жаңа дінді жасауды ұсынды. Негізгі әдебиет: 3(138-152),8(94-96)1(68-85),3(14-26),5(25-40) Қосымша әдебиет 3(52-74),4(26-44,45-56,76-93)1(149-170), Бақылау сұрақтары: 1.Классикалық неміс философиясының әлеуметтік, тарихи алғышарттары. 2. Классикалық неміс философиясындағы метафизика мен натурфилософия. 3. Классикалық неміс философиясындағы диалектикалық әдіс пен идеалистік жүйе. 4.Л.Фейербахтың философиялық іліміндегі антропологиялық материализм және гуманизм
|