КТС бойынша аванстық төлемдер дегеніміз не?
Салық кодексінің 141-бабына сәйкес, өткен салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезең үшін жасалған түзетулерді есепке алғандағы жылдық жиынтық табыс республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарынан бастап қолданыстағы 325 000 еселенген айлық есептік көрсеткішке (АЕК) тең сомадан асып түссе, салық төлеуші корпоративті табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасының есептемесін тапсырады. Алдағы салықтық кезең үшін корпоративті табыс салығы бойынша декларация тапсыруға дейінгі кезең ішінде төленуге тиісті корпоративті табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасы алдағы салықтық кезең үшін келтірілген аванстық төлемдер сомасының есептемелерінде есептелген аванстық төлемдер жалпы сомасының төрттен бір көлемінде тағайындалады, ол келесі формула бойынша есептеледі: АТ 2011 ж. = АТ 2010 ж. * 1/4 Алдағы салықтық кезең үшін декларация тапсырылғаннан кейін төленуге тиісті корпоративті табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасы келесі формула бойынша есептеледі: АТ 2011 ж. = 2010ж. декларациядағы КТС*3/4 мұндағы 2010ж. декларациядағы КТС – корпоративті табыс салығы декларациясы бойынша 2010ж. үшін есептелген корпоративті табыс салығы сомасы. Егер салық төлеуші өткен салықтық кезеңде корпоративті табыс салығы бойынша аванстық төлемдер есептемесін жүргізбесе, алдағы салықтық кезең үшін корпоративті табыс салығы бойынша декларация тапсыруға дейін төленуге тиісті аванстық төлемдер сомасы корпоративті табыс салығының үстіміздегі салықтық кезең үшін болжанған сомасынан есептеледі. Салық төлеушілер корпоративті табыс салығын орналасу орны бойынша төлейді. Қазақстан Республикасындағы іс-әрекетін тұрақты мекеме арқылы жүргізетін бейрезидент-заңды тұлғалар корпоративті табыс салығын тұрақты мекеменің орналасу орны бойынша төлейді. Салық төлеушілер корпоративті табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді салықтық кезең ішінде ай сайын әр айдың 25-іне дейін бюджетке енгізіп отыруға міндетті. Салықтық кезең ішінде бюджетке енгізілген аванстық төлемдер сомасы есеп беруші салықтық кезең үшін тапсырылған корпоративті табыс салығы декларациясы бойынша есептелген корпоративті табыс салығын төлеу есебіне есептеледі.
|