Глоссарий. Аралас шарт - заңдарда көзделген түрлi шарттардың элементтерi бар шарт;
Аралас шарт - заңдарда көзделген түрлi шарттардың элементтерi бар шарт; Ақылы шарт - шарт бойынша тарап өз мiндеттемелерiн орындағаны үшiн ақы алуы немесе бiр-бiрiне бiр нәрсе беруi керек болатын шарт; Ақысыз шарт - бiр тарап екiншi тарапқа одан ақы алмай немесе ешнәрсе бермей бiр нәрсенi ұсынуды мiндетiне алған шарт; Жария шарт - коммерциялық ұйыммен жасалған және өз қызметiнiң сипатына қарай оған өтiнiшпен келетiн әркiмге қатысты жүзеге асырылатын тауарларды сату, жұмыстарды атқару немесе қызмет көрсету жөнiндегi оның мiндеттемелерiн белгiлейтiн шарт; Қосылу шарты - ережелерiн тараптардың бiреуi формулярларда немесе өзге стандартты нысандарда белгiлеген және басқа тарап оны ұсынылған шартқа тұтастай қосылу жолы деп қабылдай алатын шарт; Үшінші жақтың пайдасына жасалынатын шарт - тараптар несие берушiге емес, шартта көрсетiлген немесе көрсетiлмеген және борышқордан мiндеттеменi өзiнiң пайдасына орындауды талап етуге құқығы бар үшiншi жаққа борышқор орындап беруге мiндеттi деп көрсетілетін шарт; Оферта - шарт жасасу туралы бiр немесе бiрнеше нақты жақтарға жасалған ұсыныс; Акцепт - оферта жолданған жақтың оны қабылдағаны туралы жауабы; Шарт - екi немесе одан көп адамның азаматтық құқықтар мен мiндеттердi белгiлеу, өзгерту немесе тоқтату туралы келiсiмi; Борышты кешіру - несие берушiнің борышқорды мойнына алған мiндеттерiнен босатуы; Ұстап қалу - борышқорға не борышқор көрсеткен тұлғаға берілуге тиіс зат қарамағында болған несие беруші, борышқор осы заттың құнын төлеу немесе несие берушіге оған байланысты шығындар мен басқа да залалдарды өтеу жөніндегі міндеттемені мерзімінде орындамаған жағдайда борышқордың мүлкіне қатысты қолданылатын шара; Кепілпұл - уағдаласушы тараптардың бiреуiнiң шарт бойынша өзiнен алынатын төлемнiң есебiнен екiншi тарапқа және шарт жасау мен орындауды не өзге міндеттемені орындауды қамтамасыз етуге берiлетiн ақшалай сомасы; Кепiлзат - кепiлге салынған мүлiктi кепiл берушi кепiл ұстаушының иелiгiне беретiн кепiл түрi; Ипотека - кепiлге салынған мүлiк кепiл салушының немесе үшiншi бiр жақтың иелiгiнде және пайдалануында қалатын кепiл түрi; Айып төлеу - борышқор мiндеттемесiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, атап айтқанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алған ретте несие берушiге төлеуге мiндеттi, заңдармен немесе шартпен белгiленген ақша сомасы; Регрестік талап - басқа адамның мiндеттемесiн орындаған борышқор орындалған мiндеттеме мөлшерiнде сол адамға қоятын керi талабы; Тәркілеу - заң құжаттарында көзделген реттерде мүлiк меншiк иесiнен жасаған қылмысы немесе өзге де құқық бұзушылығы үшiн санкция түрiнде сот тәртiбiмен тегiн алынатын жағдай; Реквизиция - дүлей апаттар, авариялар, жұқпалы аурулар, iндеттер және төтенше сипаттағы өзге де жағдайлар болған ретте мүлiк қоғам мүддесi үшiн мемлекеттiк органдар шешiмi бойынша заң құжаттарында белгiленген тәртiп пен жағдайларда меншiк иесiнен оған мүлiктiң құны төлене отырып алып қойылатын жағдай; Сенімхат - бiр адамның (сенiм бiлдiрушiнiң) өз атынан өкiлдiк ету үшiн екiншi адамға (сенiм бiлдiрген) берген жазбаша уәкiлдiгi; Коммерциялық өкіл - кәсiпкерлер шарт жасасқан кезде олардың атынан үнемi және дербес өкiлдiк етушi адам; Өкілеттігі жоқ өкілдік - мәмiле жасауға уәкiлдiк берiлмеген адамның басқа адам атынан немесе өкiлеттiгiн асыра пайдаланып жасаған мәмiлесi; Өкілдік - басқа адамның (өкiлдiк берушiнiң) атынан бiр адамның (өкiлдiң) сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлеттiгi; Жалған мәміле - заңдық салдар туғызу ниетiн көздемей, тек көз алдау үшiн ғана жасалған мәміле; Кіріптарлық мәміле - басқа тарап пайдаланған жағдайларға қарағанда адам өзi үшiн мүлде тиiмсiз ауыр мән-жайлардың салдарынан жасауға мәжбүр болған мәмiле; Биржалық мәмiлелер - нысаны биржадағы айналысқа жiберiлген мүлiк болып табылатын және тиiстi биржалар (тауар, қор және басқа) туралы Қазақстан Республикасының заңдары мен биржалық сауда ережелерiне сәйкес онымен сауда-саттық жүргiзуге қатысатындармен жасалатын мәмiлелер; Мәміле - Азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттерi;
|