Бесінші. Мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануға тиіс.
Дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады. Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді. Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады. Ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеу ахуалы - қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам. Біз құқықтық нигилизмді жеңіп, қоғамды қоғамдық тәртіпті қорғау ісіне тартуымыз керек. Біз әлеуметтік бүлдіргі пиғылды жұмысқа орналасу мәселесімен байланыста қарауымыз керек. Біз қоғамдық орындардағы бұзақылық әрекет үшін жеке іс қағазында және резюмеде міндетті түрде көрсетілетін және жұмысқа қабылдау, қызмет сатысы бойынша өсіру кезінде ескерілетін жаза қолдануды енгізуіміз керек. Мұның бәрі қоғамдық өмірдің нормасы болуға тиіс. Алтыншы. Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық - жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Біз түпкі мақсатымыз - жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек. Жетінші. Біз құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыруға тиіспіз. Онсыз біз тәртіпсіздікке мүлдем төзбеуді қалыптастыру және жемқорлықты түбірімен жою жөніндегі міндеттерді шеше алмаймыз. (1) Соңғы үш жылда құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің бірқатар маңызды реформалары жүргізілді. Бұл - мемлекеттікті нығайтудың маңызды қадамы. Олардың жұмысының құқықтық базасы жақсартылды. Функциялары нақты айқындалды. Қызметтің қайталануы жойылды. Қылмысқа қатысты саясат ізгілендірілді. Барлық құқықтық құрылымдардың қызметкерлері түгелдей аттестаттаудан өткізілді. 100 мыңнан астам адамнан 12,5 мың адам аттестаттаудан өтпей қалды және органдардан босатылды. (2) Біз бұл жұмысты одан әрі жалғастыра береміз. Менің Әкімшілігім мен Қауіпсіздік Кеңесіне және Үкіметке бірлесіп атқаратын мынадай тапсырма беремін:
Осы 2013 жылдан бастап арнайы атақтар үшін төленетін қосымша ақы мөлшерін әскери атақтар бойынша төленетін жалақы деңгейіне дейін көтеруді тапсырамын.
(3) Менің Әкімшілігіме, Қауіпсіздік Кеңесіне Үкіметпен бірлесіп, ведомствоаралық жұмыс тобын құруды және 2013 жылдың екінші тоқсанының аяғына дейін Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту бағдарламасының;жобасын әзірлеуді тапсырамын. (4) Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың; Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыруы болып табылады. Бұл үшін сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек. Жаңа ақпараттық технологияларды белсенді енгізген жағдайда мұны істеу қиын емес. Сонымен бір мезгілде соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастырған жөн. Болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру қажет. Сот билігінің беделі орындалмаған сот шешімдерінен төмендейді. Осыған байланысты, бұл жағдайды түбегейлі өзгерту жөніндегі шаралар қабылдануға тиіс. Шекара қызметінің ауқымды реформасын жүргізу керек. Міндет - оның тиімділігін түбегейлі арттыру, материалдық-техникалық базасын жаңғырту. Бұл үшін Қауіпсіздік Кеңесіне менің Әкімшілігіммен және Үкіметпен бірлесіп, Шекара қызметін дамытудың және мемлекеттік шекараны орта мерзімді кезеңде орнықтырудың арнайы Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын.
ДӘЙЕКТІ ЖӘНЕ БОЛЖАМДЫ СЫРТҚЫ САЯСАТ - ҰЛТТЫҚ МҮДДЕЛЕРДІ ІЛГЕРІЛЕТУ МЕН АЙМАҚТЫҚ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ НЫҒАЙТУ
Қазақстан тәуелсіздік жылдарында халықаралық процестердің тең құқықты қатысушысы болып қалыптасты және біз қолайлы сыртқы ахуал құруға қол жеткіздік. Біздің басымдықтарымыз өзгермейді - көршілеріміз - Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, сондай-ақ АҚШ-пен, Еуроодақпен, Азия елдерімен серіктестікті дамыту мәселесі болып табылады. Біз Кеден одағын және Біртұтас экономикалық кеңістікті нығайтатын боламыз. Біздің таяудағы мақсатымыз - Еуразиялық экономикалық одақ; құру. Осыған орай біз мәселелердің консенсус арқылы шешілетінін нақты мәлімдейміз. Саяси егемендікке қысым көрсетілмейді. Сыртқы саясатымызды теңдестіру әлемдік істерде елеулі рөл атқаратын және Қазақстан үшін практикалық қызығушылық туғызатын барлық мемлекеттермен достық және болжамды қарым-қатынастарды дамыту дегенді білдіреді. Алайда халықаралық ахуал және геосаяси орта қарқынды өзгеруде және әрқашан жақсы жағына қарай ойыса бермейді. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан Солтүстік-Шығыс Азияға дейін тұрақсыздықтың алып белдеуі созылып жатыр. Күштердің ара салмағы жаһандық деңгейде де, сонымен қатар, Жер шарының жекелеген аймақтарында да елеулі өзгерістерге ұшырауда. Соған сәйкес, БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК және басқа аймақтық қауіпсіздік тетіктерінің рөлі арта түседі. Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікке төнген жаңа қатерлер пайда болды. Мұндай ахуалда Қазақстанның сыртқы саясаты ішкі саясаты сияқты жаңғыртылуға тиіс. Сыртқы саясатты жаңғыртудың басымдықтары:
Біріншіден, ұлттық мүдделерді сыртқы саясатта ілгерілету айрықша прагматикалық принциптерге негізделген. Біздің міндеттеріміз: сыртқы саясатты әртараптандыру, ұлттық экономикалық және сауда мүдделерін ілгерілету үшін экономикалық және сауда дипломатиясын дамыту. Екіншіден, біз әрі қарай да аймақтық қауіпсіздік үшін өз жауапкершілігімізді сезінуге және Орталық Азияны тұрақтандыруға өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Біздің міндетіміз - аймақтағы тартысты жағдайдың алғышарттарын жоюға барынша көмектесу.
Әлемде бірде-бір ел бастан кешіп жатқан дәуірінің қатерлерін жалғыз өзі жеңе алмайды. Менің бастамамның мәні - әділ және қауіпсіз әлем орнықтыру үшін баршаның күшін біріктіру. Үшіншіден, біздің еліміз халықаралық прогрессивті бастамаларды бәрін одан әрі қолдап, жаһандық қауіпсіздікке үлесін қоса беруі керек.
Төртіншіден, Қазақстан өзінің қорғаныс қабілеті мен әскери доктринасын нығайтуға, түрлі қорғаныстық тежеу тетіктеріне қатысуға тиіс.
|