1. Кеден органдары алатын алымдарға:
1) лицензия бергені үшін алым жатады.
2) (алып тасталды - 2007.07.26. N 312)
2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген алымдардың мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Ескерту. 297-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.07.26. N 312 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
298-бап. Лицензия бергені үшін алым
Лицензия бергені үшін алым:
1) кеден қоймасын құрғаны;
2) алып тасталды
3) алып тасталды
4) уақытша сақтау қоймасын құрғаны;
5) кедендік тасымалдаушы ретінде қызметті жүзеге асырғаны;
6) кеден брокері ретінде қызметті жүзеге асырғаны үшін алынады.
Ескерту. 298-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 222 (жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
299-бап. Алдын ала шешім үшін төлемақы
Тауардың жіктемесіне, шығарылған елін және кедендік құнын айқындау әдіснамасына қатысты алдын ала шешім қабылдағаны үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерде алдын ала шешім үшін төлемақы алынады.
38-тарау. Кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу
300-бап. Кедендік баждар салуға арналған база
1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарлардың кедендік құны кеден бажын салу үшін база болып табылады.
2. Қазақстан Республикасында қолданылатын Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес өлшем бірлігі кедендік баждың өзіндік ерекше ставкалары белгіленген тауарлар бойынша кедендік баждар салуға арналған база болып табылады.
301-бап. Кедендік төлемдерді және салықтарды
есептеудің тәртібі
1. Кедендік төлемдер мен салықтарды осы Кодекстің 270-бабы мен осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік төлемдерді және салықтарды төлеушілер дербес есептейді.
2. Кеден ісі саласында құқық бұзушылық анықталған жағдайда, төленуге тиісті кедендік төлемдерді және салықтарды есептеуді кеден органы жүргізеді.
3. Кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүргізіледі.
302-бап. Кедендік төлемдердің және салықтардың;
ставкаларын қолдану
1. Осы Кодекстің 5 және 386-388-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу мақсаттары үшін кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күні қолданылатын ставкалар пайдаланылады.
2. Кедендік баждарды және салықтарды есептеу мақсаттары үшін осы Кодекстің 290-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Кедендік тарифіне және Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша тауарлардың кодына және тауарлардың атауына сай келетін ставкалар қолданылады.
303-бап. Кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу
мақсаттары үшін шетел валютасын қайта есептеу
Кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу, соның ішінде тауарлардың кедендік құнын айқындау мақсаттары үшін шетел валютасын қайта есептеу жүргізу талап етілген жағдайларда, кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күнге немесе төленуі тауарлардың кедендік ресімделуіне байланысты емес кедендік төлемдер үшін төлем күніне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамы қолданылады.
304-бап. Кеден ісі саласында құқық бұзушылық жасалған
кезде кедендік төлемдерді және салықтарды
есептеу
1. Шартты шығарылған тауарлар кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуден толық немесе ішінара босатылғандарға қарағанда өзге мақсаттарда пайдаланылған кезде төленуге тиісті кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу үшін кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күні қолданылатын кедендік төлемдердің және салықтардың ставкалары пайдаланылады.
2. Кедендік төлемдерді және салықтарды төлеу мерзімінің бұзылуы болған кезде, кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу осы Кодекстің 349-бабына сәйкес кедендік төлемдерді және салықтарды уақтылы төлемегені үшін өсімпұл есептей отырып жүргізіледі.
39-тарау. Тауарлардың кедендік құнын айқындау
305-бап. Тауардың кедендік құны
Тауардың кедендік құны - тауардың Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы өткізілетін, осы тарауға сәйкес айқындалатын, мынадай мақсаттарда:
1) тауарға кедендік төлемдерді және салықтарды салу;
2) Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық қызметін мемлекеттік реттеудің өзге шараларын қолдану мақсатында пайдаланылатын құны.
306-бап. Әкетілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау
1. Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс әкетілетін тауарлардың кедендік құны экспортқа сату кезінде нақты төленген немесе төленуге тиісті мәміле бағасының негізінде айқындалады.
2. Тауардың кедендік құнын айқындау кезінде мәміле бағасына, егер олар бұрын енгізілмеген болса, мынадай шығыстар:
1) тауарды әуежайға, портқа немесе Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкететін өзге орынға дейін жеткізу бойынша шығыстар:
тасымалдау құны;
тауарларды тиеу, түсіру, қайта тиеу және ауыстырып тиеу бойынша шығыстар;
2) сақтандыру құны;
3) сатушы шеккен шығыстар;
комиссиялық және брокерлік сыйақылар;
егер Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес олар бағаланатын тауарлармен біртұтас зат ретінде қаралса, контейнерлердің немесе айналымға көп түсетін басқа да ыдыстардың құны;
буып-түю материалдары мен буып-түю жөніндегі жұмыстардың құнын қоса алғанда, буып-түю құны;
4) сатушы бағаланатын тауарларды сатудың шарты ретінде тікелей немесе жанама түрде төлеуге тиісті, бағаланатын тауарларға байланысты лицензия бергені үшін роялти және алымдар, егер мұндай роялти және алымдар нақты төленген немесе төленуге тиісті бағаға қосылмаған болса;
5) кейіннен қайта сатудан сатушыға тікелей немесе жанама түрде түсетін кірістің бір бөлігі, оның ішінде жеңілдікпен салық салынатын мемлекеттерде алынған, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық салынатын кіріс;
6) Қазақстан Республикасының кедендік аумағында алынатын салықтар, егер Қазақстан Республикасының салық заңдарына немесе Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес олар Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тауарларды әкетуге байланысты сатушыға өтемге жатпаса, енгізіледі.
3. Тауардың кедендік құнын айқындау кезінде, олар бұрын мәміле құнына енгізілген және құжатпен расталуы мүмкін жағдайда, мынадай төлемдер мен шығыстар:
1) жабдықтарды монтаждау, жинау, ретке келтіру немесе мұндай жабдықтарды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкеткеннен кейінгі техникалық көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстар;
2) тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкеткеннен кейін оларды жеткізу бойынша шығыстар;
3) тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкеткеннен кейін оларды жеткізуді сақтандыру құны;
4) импорт елінде төленетін кедендік баждар мен салықтар мәміле бағасынан алып тасталады.
4. Мәміле бағасы болмаған кезде, әкетілетін тауарлардың кедендік құны әкетілетін тауарды өндіруге немесе сатып алуға, сақтау мен тасымалдауға байланысты шығындар туралы экспорттаушы-сатушының бухгалтерлік құжаттамасының декларант берген үзінді көшірмесі негізге алынып айқындалады. Бұл ретте, осы баптың 2-тармағында тізіп көрсетілген шығыстар да ескеріледі.
5. Әкетілетін тауардың мәлімделген кедендік құнын растайтын мәліметтер болмаған жағдайда, мұндай тауардың кедендік құнын кеден органдары бірдей немесе біртектес тауарлар бойынша қолда бар мәліметтердің негізінде не тәуелсіз сараптама нәтижелерінің негізінде айқындайды.
Ескерту. 306-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.26 N 312 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2009.12.08 N 224-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.
307-бап. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын
айқындау
Қазақстан Республикасының кедендiк аумағына әкелiнетiн тауарлардың кедендiк құны Тарифтер мен сауда жөнiндегi бас келiсiмнiң және Тарифтер мен сауда жөнiндегi бас келiсiмнiң VII бабын қолдану жөніндегі келісімнің кедендік бағалауының жалпы принциптеріне негізделеді.
Ескерту. 307-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.01.08 N 211 Заңымен.
308-бап. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын
айқындау әдiстерi
1. Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелiнетiн тауарлардың кедендік құнын айқындау:
1) әкелiнетiн тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша;
2) бірдей тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша;
3) бiртектес тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша;
4) құнды шегеру;
5) құнды қосу;
6) резервтік әдiстердi қолдану жолымен жүргізіледі.
2. Әкелiнетiн тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша әдiс тауарлардың кедендік құнын айқындаудың негiзгi әдiсi болып табылады.
3. Негiзгi әдiстi пайдалану мүмкiн болмаған жағдайда тізіп көрсетілген әдiстердiң әрқайсысы бірінен кейін бірі қолданылады. Бұл ретте, егер алдыңғы әдiстi қолдану арқылы тауарлардың кедендік құнын айқындау мүмкiн болмаса, онда әрбір келесi әдiс қолданылады. Декларанттың өтiнiшi бойынша құнды шегеру және қосу әдiстерi керi ретпен қолданылады.
3-1. Кедендік құнды айқындау әдістерін қолдану ерекшеліктерін уәкілетті орган айқындайды.
4. Осы баптың 1-тармағында көзделген қолданылатын әдістердің қандай да бірі бойынша тауарлардың кедендік құнын айқындауға арналған ақпарат Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп жүргiзу принциптеріне сәйкес келетін тәсілмен әзірленуге тиіс.
Ескерту. 308-бапқа өзгертулер енгізілді - ҚР 2007.02.28 N 235 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптанқараңыз), 2009.12.08 N 224-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.
309-бап. Әкелiнетiн тауарлармен жасалатын мәмiленiң;
бағасы бойынша кедендік құнды айқындау әдiсi
1. Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінетін тауардың кедендік құны Қазақстан Республикасына экспортқа сату кезінде оған нақты төленген немесе төленуге тиiстi баға болып табылады.
2. Тауардың кедендік құнын айқындау кезiнде мәмiле бағасына, егер олар бұрын енгізілмеген болса, мынадай шығыстар:
1) тауарды әуежайға, портқа немесе тауарды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелетін өзге орынға дейін жеткізу бойынша шығыстар:
тасымалдау құны;
тауарларды тиеу, түсіру, қайта тиеу және ауыстырып тиеу бойынша шығыстар;
2) сақтандыру құны;
3) сатып алушы шеккен шығыстар;
тауарларды сатып алу жөнiндегi комиссиялық сыйақыны қоспағанда, комиссиялық және брокерлік сыйақылар;
егер Сыртқы экономикалық қызметтiң тауар номенклатурасына сәйкес олар бағаланатын тауарлармен бiртұтас зат ретiнде қаралса, контейнерлердiң немесе айналымға көп түсетiн басқа да ыдыстардың құны;
буып-түю материалдары мен буып-түю жөніндегі жұмыстардың құнын қоса алғанда, буып-түю құны;
4) бағаланатын тауарларды әкетуге арнап өндiруге және сатуға байланысты пайдалану үшiн тегiн немесе арзандатылған бағамен сатып алушы сатушыға тiкелей немесе жанама түрде берген мынадай тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер):
бағаланатын тауарлардың құрамдас бөлiгi болып табылатын шикiзаттар, материалдар, бөлшектер, жартылай фабрикаттар мен басқа да жинақтаушы бұйымдар;
бағаланатын тауарларды өндiру кезiнде пайдаланылған құрал-саймандар, штамптар, қалыптар мен басқа да осы тәрiздес заттар;
бағаланатын тауарларды өндiру кезiнде жұмсалған материалдар (жағар материалдар, отын және басқалар);
Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде жасалған және бағаланатын тауарлар өндiру үшін тiкелей қажеттi инженерлiк талдамалар, тәжiрибе-конструкторлық жұмыстар, дизайн, көркем безендiру, нобайлар мен сызбалар құнының тиiстi бөлiгi;
5) сатып алушы бағаланатын тауарларды сатудың шарты ретiнде тiкелей немесе жанама түрде төлеуге тиiстi, бағаланатын тауарларға байланысты лицензия бергені үшін роялти және алымдар, егер мұндай роялти және алымдар нақты төленген немесе төленуге тиісті бағаға қосылмаған болса;
6) бағаланатын тауарларды кез келген кейiннен қайта сатудан, беруден немесе пайдаланудан сатушының тiкелей немесе жанама кiрiсі бөлiгiнiң шамасы енгізіледі.
Іс жүзiнде төленген немесе төленуге тиiс мәмiле бағасына осы тармақтың бiрінші бөлігінде аталмаған шығыстар енгізiлмейдi.
3. Атауы әр түрлi тауарларды бiр лекпен жеткiзген кезде, әрбiр әкелiнген тауардың кедендік құнына енгізілуге тиісті және тауарлардың барлық тобы үшiн айқындалған шығыстарды айқындау әрбір тауардың құнының тауарлар легінің құнына қатысымен айқындалатын шамаға барабар түрде жүзеге асырылады.
4. Тауардың кедендік құнын айқындау кезінде мына төлемдер және шығыстар:
1) жабдықтарды монтаждауға, жинауға, ретке келтіруге немесе мұндай жабдықтарды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелгеннен кейін техникалық көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды;
2) Қазақстан Республикасының кедендік аумағына тауарларды әкелгеннен кейін жеткізу бойынша шығыстарды;
3) импорт елінде төленетін кеден баждарын және салықтарды импортталатын тауарлар үшін нақты төленген және төленуге тиісті бағасынан бөліп алынған жағдайда кедендік құнға енгiзуге болмайды.
5. Егер:
1) сатып алушының бағаланатын тауарларға иелік ету немесе пайдалану құқығына қатысты:
Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген шектеулерді;
тауарлар қайта сатылуы мүмкiн географиялық аймақтың шектеулерін;
тауар құнына елеулi әсер етпейтiн шектеулерді қоспағанда, шектеулер болса;
2) Алынып тасталды - ҚР 2009.12.08 N 224-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
3) сату немесе мәміленің бағасы әсер етуін есептеп шығару мүмкін емес жағдайлардың сақталуымен байланысты болса;
4) кедендік құнды мәлiмдеген кезде декларант пайдаланған деректер құжатпен расталмаса не сан жағынан айқындалатын және дұрыс болып табылмаса;
5) мәмiлеге қатысушылар өзара байланысты тұлғалар болып табылса және мәмiле бойынша құн осы баптың талаптарына сәйкес кедендік құнды анықтау үшiн негiз ретiнде жарамды болып табылмаса, әкелiнетiн тауарлармен жасалатын мәмiленің бағасы бойынша әдiс тауардың кедендiк құнын анықтау үшiн пайдаланылмайды. Бұл ретте мынадай белгiлердiң бiрiне сай тұлғалар:
мәмілеге қатысушылардың бiрi немесе мәмiлеге қатысушылардың бiреуiнiң лауазымды адамы бір мезгілде мәмiлеге басқа бiр қатысушының лауазымды адамы болып табылатын;
мәмiлеге қатысушылар кәсiпорынды бiрлесiп иеленушiлер болып табылатын;
мәмiлеге қатысушылар еңбек қатынастарымен байланысты болатын;
қандайда бiр тұлға әрбір мәмiлеге қатысушының айналымында жүрген дауыс беруші акциялардың немесе әрбір мәмiлеге қатысушылардың жарғылық капиталындағы салымдардың (пайлардың) бес немесе одан да көп проценттерiн тiкелей немесе жанама иеленетін не олар бақылауында болатын;
мәмiлеге қатысушылар үшiншi адамның тiкелей немесе жанама бақылауында болатын;
мәмiлеге қатысушылар үшiншi адамды бiрлесiп тiкелей немесе жанама түрде бақылайтын;
мәмiлеге қатысушылардың бiрi мәмілеге басқа қатысушының тiкелей немесе жанама бақылауында болатын;
мәмілеге қатысушылар немесе олардың лауазымды адамдары жақын туыстар болып табылатын тұлғалар өзара байланысты тұлғалар деп түсініледі.
5-1. Әрқайсысында басқасының айрықша құқықтары бар агенттер, дилерлер, дистрибьютерлер болып табылатын сыртқы экономикалық қызметтiң қатысушылары, егер олар осы баптың 5-тармағының 5) тармақшасында айқындалған белгiлердiң бiрiне сай келсе, өзара байланысты болып есептеледі.
6. Мәмiлеге қатысушы тұлғалардың өзара байланыстылық фактiсi мәмiле бағасын жарамсыз деп есептеуге жеткiлiктi негiз болып табылмайды. Мұндай жағдайда, кеден органы мәмiлеге септiгiн тигiзетiн мән-жайды зерделеуi тиіс және егер өзара байланыстылық бағаға әсер етпеген болса, оның бағасы тауардың кедендiк құнын айқындау үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
7. Кеден органында мәмiлеге қатысушы тұлғалардың өзара байланыстылығы тауардың бағасына әсер еттi деген негiз туындаған жағдайда, декларантқа тұлғалардың өзара байланыстылығы тауардың бағасына әсер етпегенін растайтын қосымша қажеттi ақпарат беру мүмкiндiгі туралы ұсыным (декларанттың қалауы бойынша жазбаша нысанда) берiледi.
8. Егер декларант шамамен сол уақытта белгiленген:
1) Қазақстан Республикасына экспорттау кезiнде өзара байланысты болып табылмайтын қатысушылар арасындағы бірдей немесе біртектес тауарлармен мәмiле бойынша құнның;
2) бірдей немесе бiртектес тауарлардың құнды шегеру әдiсi бойынша айқындалған кедендік құнының;
3) бірдей немесе бiртектес тауарлардың құнды қосу әдiсi бойынша айқындалған кедендік құнының бiреуiне жақын екендiгiн дәлелдесе, декларанттың бастамасы бойынша тауардың кедендік құнын айқындау негiзiне мәмiле құны қабылдануы мүмкiн.
9. Салыстыру үшiн декларант ұсынған бағалар:
1) коммерциялық деңгейдегi (көтерме, бөлшек саудадағы);
2) санындағы;
3) осы баптың 2-тармағында тізіп көрсетілген элементтердегi (шығыстардағы);
4) егер сатушы өзара байланысты тұлғамен мәмiле жасаған кезде мұндай шығындарды шығармаса, өзара байланысты емес тұлғалар арасындағы мәмiле кезiнде туындайтын сатушының өзге де шығындарындағы айырмашылықтар ескерiле отырып түзетiледi.
10. Салыстыру үшін декларант берген бірдей немесе біртектес тауарлардың бағасы тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін мәміле бойынша бағаның орнына пайдаланылмайды.
11. Қазақстан Республикасының кедендік аумағына өзінде ақпарат жазылған ақпарат тасығыштарды (магнитті дискілер, магнитті таспалар, компакт-дискілер, флоппи-дискілер және басқалар) әкелген кезде кедендік құнға, мәміленің нысанасы көрсетілген тасығыштарда жазылған ақпарат болып табылатын жағдайларды қоспағанда, осы ақпаратты тасығыштың құны ғана қосылады.
Ескерту. 309-бапқа өзгертулер енгізілді - ҚР 2005.06.20 N 62 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.02.28 N 235 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.07.26 N 312(ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2009.12.08 N 224-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.
310-бап. Бірдей тауарлармен жасалатын мәміле бағасы
бойынша кедендік құнды айқындау әдiсi
1. Бірдей тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша бағалау әдiсiн пайдаланған кезде осы бапта көрсетiлген шарттар сақталған кездегі, тауардың кедендік құнын айқындау үшiн негiз ретiнде, бірдей тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы қолданылады.
2. Бағаланатын тауарлармен бiркелкі, соның iшiнде мынадай белгiлері:
1) физикалық сипаттамалары;
2) рыноктағы сапасы мен танымдылығы бойынша біркелкі тауарлар бірдей тауарлар деп түсініледі.
3. Осы баптың негізiнде кедендiк бағалау әдiсiн пайдаланған кезде:
1) егер тауарлар бағаланатын тауарлар өндірілген елде өндірілмеген болса, бағаланатын тауарлармен бірдей деп есептелмейдi;
2) бағаланатын тауарларды өндiрушi емес, басқа тұлға өндiрген тауарлар бағаланатын тауарларды өндiрушi тұлға өндiрген бірдей тауарлар болмаған жағдайда, назарға алынады;
3) егер тауарлардың жобалануын, оларға жасалатын тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды, олардың көркемдiк безендiрiлуiн, дизайнын, нобайларын немесе сызбаларын:
сатып алушы сатушыға оны өндiруге және Қазақстан Республикасына экспортқа сатуға байланысты пайдалану үшін тегін немесе төмендетілген құны бойынша берген болса;
олар Қазақстан Республикасында шығарылған, соған байланысты құны осы Кодекстің 309-бабы 2-тармағы 4) тармақшасы бесінші абзацының негізінде тауарлардың кедендік құнына енгiзілмеген болса, тауарлар бірдей деп саналмайды.
4. Егер тауарлар осы баптың талаптарына сай келсе, сыртқы түрiндегі болымсыз өзгешелiктер оларды бірдей тауарлар ретінде қараудан бас тарту үшiн негiз болып табылмайды.
5. Егер бұл тауарлар:
1) Қазақстан Республикасының аумағына әкелу үшiн сатылса;
2) әкету үшін сатылса және бағаланатын тауарлармен бір немесе соған сәйкес уақыт кезеңінде әкелінсе немесе бағаланатын тауарлар әкелінгенге дейін күнтізбелік тоқсан күннен ерте әкелінбесе;
3) шамамен сол мөлшерде және сол коммерциялық деңгейде (көтерме, бөлшек саудада) әкелiнсе, бірдей тауарлармен жасалатын мәміле бағасы кедендік құнды айқындау үшiн негiз ретінде алынады.
6. Егер тауарларды сол мөлшерде және сол коммерциялық деңгейде (көтерме, бөлшек саудада) әкелу жағдайлары болмаса, өзге мөлшерде және (немесе) өзге коммерциялық деңгейде (көтерме, бөлшек саудада) әкелiнген бірдей тауарлардың осы айырмашылықтары есепке алынып, бағасы түзетіле отырып, құны пайдаланылуы мүмкiн.
7. Егер бірдей тауарлар үшін осы Кодекстің 309-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген шығыстардың құны арақашықтық пен көлiк түрлерiнiң айырмашылығы себепті бағаланатын тауарлардың мұндай шығыстарының құнынан айтарлықтай ерекшеленетін болса, бірдей тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша айқындалатын кедендік құн тиісті түрде түзетілуге тиіс.
8. Осы баптың 6 және 7-тармақтарында көзделген түзетулер дұрыс және құжаттармен расталған мәлiметтер негiзiнде жүргізілуге тиіс.
9. Егер осы әдiстi қолданған кезде бірдей тауарлар бойынша мәмiленiң бiреуден көп бағасы анықталса, онда әкелінетiн тауарлардың кедендік құнын айқындау үшiн олардың ең төменi қолданылады.
Ескерту. 310-бапқа өзгертулер енгізілді - ҚР 2009.12.08 N 224-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
311-бап. Бiртектес тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы
бойынша кедендік құнды айқындау әдiсi
1. Бiртектес тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша бағалау әдiсiн пайдаланған кезде, осы бапта көрсетілген шарттар сақталған кезде, тауардың кедендік құнын айқындау үшiн негiз ретiнде, әкелiнетiн тауарлармен бiртектес тауарлар бойынша мәмiле бағасы қолданылады.
2. Бiрдей болмаса да, бағаланатын тауарлардың функциясын атқаруға және коммерциялық тұрғыда өзара алмастыруға мүмкіндік беретін ұқсас сипаттамасы бар және ұқсас компоненттерден тұратын тауарлар біртектес деп түсініледі.
3. Тауарлардың бiртектестiгiн айқындау кезінде олардың мынадай белгiлерi:
1) сапасы, тауар таңбасының болуы;
2) рыноктағы танымдылығы ескерiледi.
4. Алынып тасталды - ҚР 2005.06.20 N 62 Заңымен.
4-1. Егер тауарлар осы баптың талаптарына сәйкес келсе, сыртқы түрiндегі болмашы өзгешелiктер мұндай тауарларды бiртектес деп қараудан бас тарту үшін негіз болмайды.
4-2. Егер бұл тауарлар:
1) Қазақстан Республикасының аумағына әкелу үшін сатылса;
2) әкету үшін сатылса және бағаланатын тауарлармен бір немесе соған сәйкес уақыт кезеңінде әкелінсе немесе бағаланатын тауарлар әкелінгенге дейін тоқсан күнтізбелік күннен ерте әкелінбесе;
3) шамамен сол мөлшерде және сол коммерциялық деңгейде (көтерме, бөлшек саудада) әкелiнсе, бiртектес тауарлармен жасалатын мәміленің бағасы кедендік құнды айқындау үшін негіз ретінде алынады.
4-3. Егер тауарларды сол мөлшерде және сол коммерциялық деңгейде (көтерме, бөлшек саудада) әкелу жағдайлары болмаса, өзге мөлшерде және (немесе) өзге коммерциялық деңгейде (көтерме, бөлшек саудада) әкелінген біртектес тауарлардың құны осы айырмашылықтары есепке алынып, бағасы түзетіле отырып пайдаланылуы мүмкін.
4-4. Егер, біртектес тауарлар үшін осы Кодекстің 309-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген шығыстардың құны, арақашықтық пен көлік түрлерінің айырмашылығына байланысты, бағаланатын тауарлардың осындай шығыстарының құнынан айтарлықтай ерекшеленетін болса, біртектес тауарлармен жасалатын мәміле бағасы бойынша айқындалатын кедендiк құн тиiстi түрде түзетiлуге тиiс.
5. Кедендiк бағалаудың осы әдiсiн пайдаланған кезде:
1) егер тауарлар бағаланатын тауарлар өндiрiлетін елде өндірілмесе, бағаланатын тауарлармен бiртектес болып саналмайды;
2) бағаланатын тауарларды өндiрушi емес, басқа тұлға өндiрген тауарлар бағаланатын тауарларды өндіруші тұлға өндірген біртектес тауарлар болмаған жағдайда назарға алынады;
3) егер тауарлардың жобалануын, оларға жасалатын тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды, олардың көркемдiк безендiрiлуiн, дизайнын, нобайлары мен сызбаларын:
сатып алушы сатушыға оны өндiруге және Қазақстан Республикасына экспортқа сатуға байланысты пайдалану үшiн тегiн немесе төмендетiлген құны бойынша берген болса;
олар Қазақстан Республикасында орындалып, соған байланысты осы Кодекстің 309-бабы 2-тармағы 4) тармақшасының бесiншi абзацы негiзiнде тауарлардың кедендiк құнына енгізілмеген болса, тауарлар біртекті деп саналмайды.
6. Осы баптың 4-3 және 4-4-баптарында көзделген түзетулер дұрыс және құжаттармен расталған мәлiметтер негізiнде жүргізiлуге тиіс.
7. Егер осы әдiстi қолданған кезде біртектес тауарлар бойынша мәміленiң бiреуден көп бағасы анықталса, онда әкелiнетiн тауарлардың кедендiк құнын айқындау үшiн олардың ең төменгiсi қолданылады.
Ескерту. 311-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2005.06.20 N 62 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.12.08 N 224-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.
312-бап. Құнды шегеру негізінде кедендік құнды
айқындау әдісі
1. Егер бағаланатын (әкелінетін) немесе бірдей немесе біртектес тауарлар ең алдымен бастапқы қалпы өзгертілмей сатылатын болса, мұндай жағдайда құнды шегеру негізінде бағалау әдісі бойынша тауардың кедендік құнын айқындау жүргізіледі.
2. Тауардың кедендік құнын айқындау үшін негіз ретінде құнды шегеру әдісін пайдаланған кезде бағаланатын (әкелінетін) немесе бірдей немесе біртектес тауарлар сатушымен өзара байланысты болып табылмайтын тұлғаларға бағаланатын тауарлар импортымен бір уақытта ең көп жиынтық мөлшерінде сатылатын тауар бірлігінің бағасы қолданылады.
3. Бұл ретте, сату бағаланатын тауарларды әкелумен бір уақытта, ал мұндай мерзімдерде сату болмаған кезде - бағаланатын тауарлар әкелінгеннен кейін неғұрлым жақын күнде, бірақ бағаланатын тауарларды әкелген кезден бастап күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірмей жүзеге асырылуға тиіс.
4. Тауар бірлігінің бағасынан:
1) төленетін немесе төлеуге келісілген комиссиялық сыйақылар немесе әкелінетін тауарлардың сол класын немесе түрін Қазақстан Республикасында сатуға байланысты пайда табу және жалпы шығыстарды жабу мақсатында есептелетін үстеме;
2) Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды әкелуге және (немесе) сатуға байланысты Қазақстан Республикасында төленуге тиісті әкелу бажы, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомасы;
3) Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын тасымалдауға, сақтандыруға, тиеу және түсіру жұмыстарына Қазақстан Республикасында төленетін шығыстар шегеріледі.
5. Сол кластағы немесе сондай түрдегі тауарлар дегеніміз өнеркәсіптің белгілі бір саласында өндірілген тауарлардың тобына не разрядына жататын және бірдей немесе біртектес тауарлар кіретін, бірақ олармен шектелмейтін тауарларды білдіреді.
6. Бағаланатын бірдей немесе біртектес тауарларды әкелінген кездегідей қалпында сату жағдайлары болмаған кезде, декларанттың өтініші бойынша, қосылған құнды шегере отырып және осы баптың
2-4-тармақтарының ережелері сақталған кезде, қайта өңдеуден өткен тауар бірлігінің бағасы пайдаланылуы мүмкін.
7. Алынып тасталды - ҚР 2009.12.08 N 224-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
Ескерту. 312-бапқа өзгертулер енгізілді - ҚР 2005.06.20 N 62 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.02.28 N 235 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.08 N 224-IV(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.
313-бап. Құнды қосу негізінде кедендік құнды айқындау
әдісі
1. Құнды қосу негізінде бағалау әдісін пайдалану кезінде тауардың кедендік құнын айқындау үшін негіз ретінде мыналарды:
1) бағаланатын тауарды өндіруге байланысты дайындаушының жұмсаған материалдары мен шығындарының құнын;
2) Қазақстан Республикасына беру үшін экспорт елінде өндірілген, бағаланатын тауарлардың сол сыныбындағы немесе түріндегі тауарларды сату кезінде бағасына енгізілетін пайда мен жалпы шығыстар сомасын;
3) осы Кодекстің 309-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында санамаланған шығыстардың құнын қосу жолымен есептелген тауардың бағасы қабылданады.
2. Кеден органының шетелдік адамнан кедендік құнды растау туралы ақпаратты талап етуге құқығы жоқ. Бұл ретте кеден органдары тауарларды өндірушінің кедендік құнды анықтау мақсатында берген ақпаратын өндірушінің келісімімен және өндіруші елдің үкіметін алдын ала хабардар ету және оның келісімін алу шартымен тексере алады.
Ескерту. 313-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.08 N 224-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
314-бап. Кедендік құнды айқындаудың резервтік әдісі
1. Егер импортталатын тауарлардың кедендік құнын осы Кодекстің қоса алғандағы 309-313-баптарының ережелеріне сәйкес айқындау мүмкін болмаса, онда кедендік құн Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің VІІ бабын қолдану жөніндегі келісімнің және 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің VІІ бабының жалпы ережелерімен үйлесімді ақылға қонымды принциптерін пайдалану жолымен және импорт елінде бар деректердің негізінде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен айқындалады.
2. Осы баптың ережелеріне сәйкес айқындалған кедендік құн бұрын айқындалған кедендік құндарға негізделуі тиіс.
3. Кедендік құнды айқындаудың осы бапқа сәйкес пайдаланылатын әдістері осы Кодекстің 309-313-баптарында көзделгендер болып табылады. Осы бапқа сәйкес кедендік құнды айқындау кезінде осы әдістерді қолдану кезіндегі икемділікке жол беріледі. Атап айтқанда, мыналарға жол беріледі:
бағаланатын тауарлар өндірілген елден өзге елде өндірілген бірдей немесе біртектес тауарлардың құны әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін негіз ретінде қабылдануы мүмкін;
бірдей немесе біртектес тауарлармен жасалатын мәміле құнының негізінде бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде бірдей немесе біртектес тауарлар Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкету үшін сатылуға тиіс