Кассадағы алғашқы құжаттармен танысу
Ақша қаражаттарын сақтау, қабылдау мен беру үшін әрбір шаруашылық жүргізуші субъектінің кассасы болады. Кассир — материалдық жауапты адам. Ол касса операцияларын жүргізу тәртібімен таныс болуға тиіс. Осыдан кейін ғана оның материалдық толық жеке дара жауапкершілігі туралы онымен шарт жасалынады. Егер еңбек ақы мен басқа да төлемдерді беру үшін субъекті басшысының жазбаша бұйрығы бойынша басқа адамдар тартылатын болса, онда бұлардың материалдық толық жеке дара жауапкершілігі туралы олармен де шарттар жасалынады. Кассадағы операциялар есебі 1010 — «Кассадағы ақша қаражаттары» активті жинақтаушы шоттарында жүргізіледі. Кассадан акша беру кассалық шығыс ордерлерімен немесе басшы мен бас бухгалтер қол қойған тиісінше рәсімделген төлем тізімдемелерімен ақша беруге жазылған өтінішпен, шоттармен және басқа да құжаттармен рәсімделеді. Егер касса шығыс ордеріне қоса тіркелген құжаттарда субъект басшысының рұқсат берілген қолы болса, ордерге оның кол қоюы міндетті емес. Жекелеген адамға кассаның шығыс ордері бойынша ақша берген кезде кассир, ақша алушының телқұжатын немесе жеке басының куәлігін көрсетуді талап етеді. Оның атауы мен нөмірін, оны кімнің және қашан бергенін ордерде көрсетеді. Алушы касса ордеріне қол қояды және алған сомасын: теңгені — жазумен, тиынды — сандармен көрсетеді. Сенімхат бойынша берілген ақша жағдайында касса шығыс ордерінде ақшаны алуға сенім білдірілген адамның тегі, аты мен әкесінің аты керсетіледі. Егер ақша төлем тізімдемесі бойынша жүргізілетін болса, ол тізімдемеге: «Сенімхат бойынша» деген жазу жазылады. Бұл жазуды касса шығыс ордеріне немесе ведомостқа (телем тізімдемесіне) қоса тіркейді.
|