Түркеш қағанаты (704-756 жж.): орналасуы, этникалық құрамы, Таң әулетімен, арабтармен күресі.
Батыс түрік қағанатындағы 16 жылға созылған (640-657 жж.) екі тайпаның (Дулу мен Нишаби) арасындағы соғыс қағандықтың саяси жағынан мүлде әлсіретеді. Батыс түрік қағанатының мұндай іштей әлсіреп жатқанын білген Қытай Тан империясы оның жеріне басып кіреді. Түрік тайпалары, әсіресе, түргештердің саяси белсенділігінің арқасында өздерінің ұзақ жылдарға созылған соғыстың нәтижесінде тәуелсіздігін жеңіп алады. Сөйтіп, VIII ғасырдың басында Батыс түрік қағандығы құлап, оның орнына түргеш қағандығы пайда болады (704 ж.). Олардың билеуші әулетінің атасы Үш-Елік қаған (699-706 жж.) болды. Ол Жетісудан Бөрішадты қуып шығып, Ташкенттен бастап, Бесбалыққа дейін төселіп жатқан жерде өз үкіметін орнатады. Ол ордасын Шу бойындағы Суябқа орналастырды. Оның екінші ордасы Іле өзені жағасындағы Күнгіт қаласында болатын. Саяси әкімшілік билік қағандықтың ең жоғарғы атағы Басқағанның қолында болды. Ол қағандықты 20 әкімшілік аймақтарға бөлген. Әрбір әкімшілік аймақты тархандар басқарған, аймақтар 7000 әскер жинаған. Түргеш қағанатында Үш-Еліктен кейін оның мұрагері болып, баласы Сақал-қаған (706-711 жж.) таққа отырды. Түргеш мемлекетінде ішкі бірлік болмады. Мемлекеттің сыртқы жағдайы да аса қиын еді. Сақал-қаған тұсында түргештер батыста соғдылармен бірге арабтарға қарсы табанды күрес жүргізіп жатты, оңтүстікте оларға тан әулетенің әскері зор қауіп төндіріп тұрды, ал шығыс жағынан орталық Азия түріктері айбат шегумен болды. Шығыс түріктер қағаны Қапаған 711 жылы Болучу түбінде (Жөңғария) өткен соғыста түргештерді күйрете жеңеді, ал түргештердің қағаны Сақал тұтқынға түседі. Екі тайпаның арасындағы тартыста қара түргештер жеңіске жетіп, оның ішінде шапыш тайпасының тарханы Сұлық (Сұлу) қаған болады (715-738 ж.ж). Ол астанасын Тараз қаласына көшіреді. Сұлудың қағандық құрып тұрған кезде түргеш қағандығының ішкі-сыртқы жағдайының шиеленісіп тұрған мезгілі еді. Сұлу қағанға өз қағандығының тәуелсіздігі үшін екі жақтан күрес жүргізуге (батысқа және шығыска) тура келді. Батыстан басты жау арабтар болса, шығыстан Қытай өкіметі қауіп төндіріп турды. Сұлық қаған Тохарстандаға арабтарды біржола талқандау үшін 737 ж. ондағы қарлұқтармен бірлесе отырып, ойдағыдый соққы берген. Ол соғыс майдандарында өзінің тікелей қатысуымен жеңістерге жетіп отырған. Сол үшін де арабтар Сұлу қағанға «Сүзеген» деген ат қойған. Сұлу қаған шығыстағы жағдайында бейтарап болу үшін әскери келісім шарт жасаумен қатар дипломатиялық әрекеттер жүргізген. Шығыс түрік қағанатының белгілі қағаны Білге мен Тибет патшасының қыздарына құда түсіп, оларды құдандалық байланысты ұстап, саяси жағдайының шиеленісіп кетпеуіне аз да болса мүнкіндік туғызған. Халықаралық жағдайлардың түргеш қағандығының пайдасы үшін шешілуіне саяси белсенділік көрсетіп жүрген Сұлу қаған Жетісуға оралған кезде 738 жылы өзінің бақталастарының қолынан құрбан болды. Оның қолбасшысы да 739 жылы Сырдарияның бойында арабтардың қолында мерт болды. Сұлудың орнына оның баласы Тұқарсын Құт-шар қаған болды. Алайда оның қағандық құрған мезгілі бар-жоғы екі жылға ғана созылған. Бұл кезде сары-қара түргештердің арасындағы талас-тартыс ұшығып кеткен еді. Екі тайпаның арасындағы күрес тура 20 жылға созылып қағандықтың саяси және экономикалық жағы мүлде әлсірейді. Түргеш қағандығының мұндай ауыр жағдайларын біліп отырған қытайлар өздерінің Куш қаласындағы әскерлерін Жетусуға аттандырып 748 жылы Суябты жаулап алады. Одан соң Шашты (Ташкент) алып, оның әмірін өлтіреді. Шаш әмірінің баласы арабтарды көмекке шақырады. 751 жылы Таразға (Талас) жақын жердегі Атлах қаласы түбінде аббаситердің әскербасы Зияд ибн Салих пен Қытай қолбасшысы Гао Саяньжи арасында орасан зор соғыс болады. Айқас бес күнге созылады. Қытай әскері толық күйретіледі. Тан әскері енді Жетісу шебін ғана емес, ұйғырлар мен тибеттердің қысымымен Шығыс Түркістанды да тастап кетуге мәжбүр болады. Талас алқабында арабтар да табан тіреп тұралмай, Шашқа қарай шегініп кетеді. Бірақ ішкі қарқыс, жікке бөлінушілік Түргеш мемлекетін әбден әлсіретіп, тұралатып тастаған еді, сол себепті де ол 756 жылы (766) түрік тілді қарлұқтар тайпаларының тегеурінді шабуылына шыдамай құлап бітеді. Сонымен 756 жылы түргеш қағандығы құлап, оның орнына қарлұқ қағандығы құрылады. Түргеш қағанаты Батыс түрік қағанатының мемлекеттік-әкімшілік, әскери және әлеуметтік-мәдени дәстүрлерін жалғастыра берді. Археологиялық зерттеу жұмытарының кезінде Тараз, Баласағұн қалаларынан Түргеш қағанатының Қытай жазуымен жазылған төрт бұрышты ортасында тесігі бар, теңгенің табылуы Қытаймен сауда қатынасының дамығандығын көрсетеді. Олай болса, сондай ауыр талас – тартысқа, соғыстарға қарамастан, Қазақстан жерінде түркі дәуірінде өмір сүрген бұл қағандықтардан тарихи із қалған.
|