Рентгенограммада тінаралығында түзілген газ анықталады. Жараның іші сұрғылт өліетке толы, шетінен басқанда жара ішінен газ көпіршіктері шығады. Газды гангренада қол аяқты жіңішке жіппен байлау арқылы тіндерінің прогрессивті ісінуіне көз жеткізуге болады. Байлаған жіп тез арада теріге ене бастайды, бұл сынама - лигатура сынамасы деп аталады. Анаэробтар токсиндерінің әсерінен қан анализінде гемоглобин, эритроциттер күрт төмендейді, анизоцитоз, гипохромия пайда болып, нормобласттар жоғалады. ЭТЖ 50 – 60 мм/сағ. дейін өседі, лейкоцитарлық формула солға жылжып, лейкоцитоз орын алады. Эозинофилдер жоғалып, лимфоциттер азаяды. Таяқша ядролы нейтрофилдер, миелоциттер көбейеді.
Анаэробты инфекцияның жіктелуі: 1) патолого-анатомиялық; 2) клиникалық; 3) анатомиялық. Осылардың ішінде клиникалық және бактериологиялық тұрғыдан патоло-анатомиялық классификация кеңінен қолданады. Жіктелудің осы түрінде анаэробты инфекция келесі түрлерге бөлінеді: эмфизематозды, токсикалық ісіну, аралас, некрозды (шірікті), флегмонозды, тіндердің ыдыраумен өтетін түрі.
Эмфизематозды газды гангренаға тіндердің ісінуінен газ түзілуі басым, қоздырғышы көбінесе Clotridium perfringens. Клиникалық көрінісі токсикалық және аралас түрлеріне қарағанда жеңілдеу келеді. Ұлы Отан соғысында анаэробты инфекцияның бұл түрі 19,7% құрап, аурулардың 36,2% көз жұмған. Микрофотограммада бұлшықет арасында түзілген газ көпіршіктері көрінеді (114-сурет). Рентгенограммада тінаралығында түзілген газ анықталады (115-сурет, 179-бет).