Туберкулездің өкпеден тыс түрлері (сүйек-буын, ішек, бүйрек, жатыр т.б. мүшелердің) перифериялық лимфа бездерінің туберкулезімен жиі асқынады, себебі инфекция көбінесе, лимфогенді жолмен тарайды. Туберкулезді лимфаденит үш түрге бөлінеді: инфильтративті, казеозды (жыланкөзді, жыланкөзсіз), индуративті.
Клиникалық көріністері: сырқаттың жедел басталуында науқастың дене қызуы көтеріледі, туберкулезді интоксикация орын алады, перифериялық лимфа бездерінің қабынуы айналасындағы тіндерге тарайды, периаденит дамиды. Туберкулезді лимфадениттің ерекшелігі - қабынған лимфа түйндері бір-бірімен жабысып конгломерат түзіледі. Қабыну ошақтарында казеозды некроз дамыса, жыланкөздер пайда болады. Перифериялық лимфа бездерінің ішінде мойын, жақасты, қолтықасты бездері туберкулезге жиі шалдығады. 136-суретте жақасты, мойын бездерінің жыланкөздермен асқынған казеозды түрі.