Азақ халқының материалдық мәдени дәстүрі
Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің түп тамыры өте тереңде жатыр. Қазақ мәдениетінің қалыптасып дамыған аймағы осы ұлттың бүгінгі мекені, соның төңірегі. Оның дәлеліархеологиялық, палеоэтнографиялық деректер. Біздің жерімізде мекендеген андронов тайпаларының қыш құмыраларындағы ою-өрнектер кейінгі қазақтың бау, басқұрларындағы нақыштарға ұқсайды. Андроновтықтардың тастан салған үйлері, шаруашылық құрылыстары, құдықтары кейінгі қазақтың осындай құрылыстарында көрініс тапқан. Одан бергі сақ, ғұн, үйсін, қаңлытайпаларының да мәдениеттерінің қазақ дәстүрлі мәдениетінің қалыптасуына әсері аз болмаған. Ерте ортағасырларда бүгінгі Қазақстан жерін және көрші аймақтарды мекендеген таза түркілік этностар және мемлекеттер тұсында бүгінгі қазақ халқы дәстүрлі мәдениетінің, тілінің негізі қалыптасты. Жалпы мәдениетті, әдетте, шартты түрде екіге бөлеміз. Ол материалдық (заттай) және рухани мәдениет. Материалдық мөдениетке ұстап көруге болатын заттық дүниелерді жатқызсақ, рухани мәдениетке көзбен көріп ұстауға келмейтін рухани құндылықтарды жатқызамыз. Ұлттық материалдық мәдениетте оның дәстүрлі ерекшеліктері анық көрініс табады. Қазақтың дәстүрлі материалдық мәдениетінің ең бір көрнектісі де көнесі — киіз үй. Киіз үй тарихы Дәстүрлі қазақ көшпелі қоғамының материалдық мәдениет саласындағы үлкен бір жетістігі — киіз үй. Бүгінгі таңда киіз үйдің 2 мың жылдан астам тарихы бар екенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Көшпелі сақтар бұдан екі жарым-үш мың жыл бұрын өмір сүргендігі белгілі. Көшпелі сақтарда үлкен арбаның үстіне тіккен (орнатқан) киіз жамылғылы баспанасы және жиналмалы шошақ үйлері болған. Б.з.д. I мыңжылдықтың соңында Қазақстан жерін жайлаған ғұндар мен үйсіндерде уықты, шаңырақты, киізбен жабылған үйдің болғандығы дәлелденіп отыр. Одан екі-үш ғасыр ертерек кезеңге жататын Алтайдың Пазырық қорғандарынан табылған киіздердің қазақ киіздеріне ұксастығы таңғалдырады. Жиналмалы керегесі бар, уық, шаңырағы бүгінгі қазақтың киіз үйіне ұқсас жылжымалы баспана түркі заманында толық қалыптасқан болуы керек. Орхон—Енисей көне сына жазбаларында киіз үй ұғымын білдіретін «керагу» деген сөз кездеседі. Көне түркілердегі киіз үйдің «керегу» атауы кейінгі қазақтарда да сақталған. Қазақ кейде киіз үй атауының баламасы ретінде «кереге» деген сөзді де қолданады. Бұл әдет көбіне шығыс өңірі қазақтарында жиі кездеседі. Монғолдар керегесі бар киіз үйді түркілерден шамамен XIII ғасырда қабылдаған. XV—XVI ғасырларда Еуразия даласында киіз үйдің екі түрі — түркілік және монғолдық; түрлері қалыптасады. Киіз үйдің түркілік түрі уығының иіні қайқылау болуына байланысты жатағандау болып келеді, ал монғол киіз үйінің уығы тіктеу, төбесі конусқа ұқсас шошақтау болады. Қазақтың күнделікті өмірде пайдаланған үйлері дәулетіне қарай төрт қанаттан сегіз қанатқа дейін болған. Әйгілі ғалым Әлкей Марғұланның айтуына қарағанда, салтанатты орда үйлері 12,18, тіпті 30 қанатқа дейін болған. XVIII—XIX ғасырларда қазақтың сұлтандары, атақты билері екі үйді қатар тігіп, арасынан керегеден дәліз жасап екі бөлме етіп те пайдаланған. Кереге желкөз және торкөз болып екі түрге бөлінеді. Киіз үйдің құрылысы Киіз үй ағаш, киіз бөліктерінен және бау-шудан тұрады. Үйдің ағаш саймандары төрт бөліктен: кереге, уық;, шаңырақ; және есіктен тұрады. Кереге — киіз үйдің дөңгелек қабырғасын құрайтын, бірнеше жиналмалы бөліктен тұратын зат. Әрбір жеке бөлігі қанат деп аталады. Уық — шаңырақ пен керегенің арасына дәнекер болып тұратын иінді шыбық ағаштар. Шаңырақ — киіз үйдің төбесі. Үйдің көлеміне қарай шаңырақтың диаметрі екі жарым метрден бес метрге дейін болады. Шаңырақ иінінің бүйірінің астына қарай уықтың ұшы кіріп тұратын көздері болады. Шаңырақтың дөңгелек иінінің ортасынан жартылай томпайып келген кергіш ағаштар салынады. Бұл ағаштарды күлдіреуіш дейді. Олардың екі түрлі қызметі бар. Бірі — шаңырақты керіп тұру, екіншісі - шаңырақтың үстінен жабылатын түндік (түңлік) киіздің астына дәнекер болу. Күлдіреуіштің бағыты есікке қарамай ауысып тігілсе, көргенсіздіктің белгісі деп есептелген. Сықырлауық — киіз үйдің ағаш есігі. Ашып-жапқанда одан шығатын дыбысқа қарай сықырлауық атанған. Бұл есік екі жармалы болады. Оны, әдетте, өрнектеп әшекейлеп жасайды. Киіз үйдің киіз жамылғысы үш бөліктен тұрады: туырлық, үзік, түндік. Туырлық; — үйдің кереге бөлігін айнала жауып тұратын төртбұрышты ұзын киіз. Әдетте, туырлық үйдің көлеміне қарай үшеу, төртеу болады. Уықтардың үстін жауып тұратын трапеция тәрізді киіз жамылғыны үзік деп атайды. Ол екеу болады. Шаңырақты жауып тұратын төртбұрышты шағын киізді түндік (түңлік) дейді. Сонымен қатар көбінесе киіз үйдің ағаш есігінің сыртынан киіз есік тұтады. Оны түнде түсіріп, күндіз шиыршықтап маңдайшаға жинап қояды. Киіз үйдің бау-шуына желбау, аяқ бау, аспа бау, әр турлі таңғыштap, бау-басқұрлар жатады. Олар, әдетте, тоқылып жасалады. Әдемі геометриялық өрнектермен безендіріледі. Қазақ дәстүрі бойынша киіз үйдің есігін шығысқа қаратып тіккен. Күншығыс бағытын ұстану сонау сақтардан, одан бергі қыпшақтардан келе жатқан дәстүр. Киіз үйдің іші оң жақ, сол жақ болып бөлінеді. Киіз үйдің оң-солы төрден есікке қарап отырған адамның оң-солымен есептеледі. Киім үйдің сол жақ жоғары бөлігінде үй иесінің төсек-орны болады, одан төмен ыдыс-аяқ, саба, ас-су тұратын орын, оны кейде шимен қоршап орналастырады. Үйдің оң жақ бөлігінде бойжеткен қыздың төсегі орналасады. Қазақ сондықтан бойжеткен қызды «оң жақта отырған қыз» деп атайды. Үйдің қақ төрінде жүкаяқ қойылып, үстіне жүк жиналады. Оң жақтың есікке жақын бөлігінде ер-тұрман қойылады, жүген ілінеді. Үйдің қақ ортасындаошақ болады. Қазақ жайлауға шықканда үйлерді көбіне шеңбер бойымен тігіп, ортасына түнге қарай қойды иіретін болған. Мұндай жағдайда үйлердің есіктері шеңбердің ішіне қарай бағытталып тігіледі. Кейде үйлерді жарты шеңбер қылып тігіп, алдыңғы жағына түнде мал иіретін. Осындай көшпелі тұрмысқа ыңғайланған киіз үйлерде қазақтар жазда ғана емес қыста да тұрған. Қыста киіз үйдің керегесіне жиілетіп тоқылған ши тұтып, туырлығын қос-қостан салып, іргесінкөміп, сары қи мен ағашты жағып тұра берген. Отырықшы баспаналары XV—XVIII ғасырларда отырықшы қоныс-үйлердің 4 түрі болды. Олар қыстау, қыстақ-қоныс, тастан, топырақтан салынған бекінісі бар уақытша қорған және қала (кент). XVIII—XIX ғасырларда Қазақстанның көпшілік аймақтарында қыста қыстайтын қыстаулар болған. Әсіресе оңтүстік аймақтарда мал шаруашылығы егіншілікпен ұштасып, оларда жартылай көшпелілік, жартылай отырықшылық салты қалыптасқан. Қазақстанның көпшілік өңірлерінде, өте ертеден келе жатқан там үйдің бір түрі — жартылай жеркепе қолданыста болған. Оларды салғанда жерді 1—1,5 м етіп тереңдетіп қазып, қабырғасын 50—60 см етіп шымнан, қам кірпіштен, тастан көтерген. Мұндай үйлерді қазба үй, жертөле немесе жер үй деп те атаған. XIX ғасырдағы там үйлер, негізінен, шымнан, тастан, қамыстан, тоқылған шарбақтан салынды. Шығыс, Орталық Қазақстан, Маңғыстау мен Жетісуда там үй мен мал қораларын көбіне тастан қалаған. Ал Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Семей, Жетісу секілді орманды аудандарда үйді қарағайдан да тұрғызған. Бұл ағаш үйлердің көпшілігі қималанып салынатын болған, Қазақстанның оңтүстік аймақтарында үйді қам кірпіштен, сабан кірпіштен көп көтерген. Осы аймақта дымқыл топырақты ұзын қалыпқа салып түю арқылы да үйлер тұрғызатын. Оны соқпа,ұрма әдісі дейді. Қам кірпіш пен күйдірілген кірпіштен құрылыс салу Оңтүстік Қазақстан өңірінде біздің заманымыздың бірінші ғасырларынан бастап XVIII ғасырға дейін жалғасқан. XIX ғасырдағы қазақ қыстауларының көпшілігінде үйлер мен шаруашылық қоралары жапсарласа салынып, біртұтас кешенді құраған. Үй жылытатын пештің үш түрі болды: тік мұржалы қазандық;, бірнеше құдықты қабырғасы бар қазандық; және темір пеш. Үйлердің төбесі: тегіс төбелі және екі жаққа көлбеу төбе болды. Бұл төбелер қазіргі екі сайлы шатырлар сияқты тік емес, жай ғана көлбеу болып келетін. Қазақ қыстаулары, әдетте, қыста желдің өтінен сақтайтын ықтасын жерлерде, өзен-бұлақтардың жағасында орналасты. Бір қызығы, кейінгі қазақ қыстаулары осыдан 3-4 мың жыл бұрын қола дәуірі заманындағы қоныстар орнында орналасқан. Қазақтың дәстүрлі киімдері мен әсемдік заттары Күнделікті тұрмыста киетін киімдермен қатар той-томалаққа, жиынға киетін киімдер болады. Сал-серілер, ел жақсылары, бой түзеген бойжеткендер, бозбалалар әдемі киініп жүретін болған. Жалпы, киімдер адам үшін тұрмыстық және әлеуметтік қызмет атқарған. Киген киіміне қарап адамның дәулетін, қоғамдағы орнын ажырататындықтан да «жат жерде тонсыйлы» деген ұғым қалыптасқан. Киім ерлер киімі, әйелдер киімі деп бөлінген. Жас ерекшелігіне қарай кішкене балалардың, бозбала-бойжеткендердің, орта жастағы адамдардың, қариялардың киімі болып тағы да бөлінеді. Киімдер, сонымен қатар бас киім, ұлы дене киімдері және аяқ киім болып бөлінеді. Ерлердің киімі — ішік, тон, шапан, шалбар (сым) жөне өте көне заманнан XIX ғасыр мен XX ғасырдың басына дейін келіп жеткен түрі — кебенек, күпі, жарғақ (тайжақы). Ішік — иленген теріден жүні ішіне қаратып тігілген қыстық киім. Ішік бағалы аң терілерінен тігілетіндіктен бұлғын ішік, жанат ішік, қасқыр ішік, түлкі ішік деп бөлінеді. Ішіктер кейде етек-жеңіне алтын, күміс зер ұсталған, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырмалы болып келеді. Ішікті жол жүргенде, той-жиынға көбірек пайдаланады. Toн — иленген теріден, көбінесе қой терісінен тігілетін киімнің бip түрі. Тон жіліншікке, одан төмен толарсаққа дейін түсетіндей етіп жасалады. Шапан — ішіне жүн, мақта тартып, қалың матадан тігілетін киім. Шапан қыстық, жаздық болып бөлінеді. Жұқалау етіп тігілген жаздық шапанды жадағай шапан дейді. Шапандар қайырма жағалы, кейде тік жағалы болады. Көпшілік жерлерде өңірі үшкілденіп ашық қалдырылатын шапандар тараған. Жиын-тойға киетін шапандар түрлі түсті жібек жіппен кестеленіп, зер салынған. Шапанда түйме болмайды, мата белбеумен, не сырылып жасалған белбеумен қусырылады. Күпі — қойдың, түйенің өлі жүнін тартып жасалады. XIX ғасырда күпіні қолдан тоқылған шидем матамен тыстаған. Шапаннан айырмашылығы — оның жағасы тұйық болады. Жарғақ (тайжақы) - тайдың, құлынның терісінен жүнін сыртына қаратып тіккен үзын қамзол сияқты жеңсіз киім. Кей жерлерде тайжақыға жең салады. Тайжақы, кейде құлын жарғақ деп аталатын киімді, әдетте, жылқышылар, ат үстінде көбірек жүретін адамдар киетін болған. Кебенек — киізден істелген шапан сияқты жалбағай киім. Кебенек ұзындығы аяқтың басына дейін түсетіндей кең етіп пішіледі. Жағасы тұйық болады. Оны малшылар қарлы-жаңбырлы күндері киеді. Ерте замандарда жауынгерлер алыс жорықтарға да сыртынан кебенек киетін болған. Сондықтан «кебенек киген келеді, кебін киген келмейді» дейтін сөз қалған. Шекпен түйе жүнінен жасалған матадан тігілетін сырт киім, ол астарсыз болады. Қазақтың сырт киімінің көпшілігінде түйме, ілгек болмаған, көбінесе қайыстан, матадан жасалған белдікпен қаусырылған. Қайыс, былғары белдікті кісе деп атаған. Кісе оқ-дәрі салатын оқшантай, пышақтың қыны, насыбай шақша салатын дорбасы бар, күміс, темір шытыралармен әшекейленіп жасалады. Ерлер бас киімі — тымақ, бөрік, тақия, қалпақ, жалбағай. Тымақ — қыстық бас киім. Ол пайдаланылған терінің түріне қарай түлкі тымақ, елтірі тымақ, сеңсең тымақ болып бөлінеді. Бөрік — қыста да, жазда да киілетін бас киім. Қыстық бөрік қалың жасалып, жиегіне елтірі не аң терісі жапсырылады. Қалпақты қазақ көбіне көктем, жаз, күз айларында киген. Әріден келе жатқан қазақтың бас киімі — жалбағай. Бұл кейде тымақ сияқты төрт сайлы, кейде екі сайлы шошақ болып келетін, етегі желкені жауып тұратын сулық, желдік жеңіл бас киім. Ерлер аяқ киімі — мәсі, етік, саптама, кебіс, шақай (шоқай, шәрке) болып бөлінеді. Етік — қонышы жіліншікті жабатын, басы өңделген сиыр, жылқы терісінен, қонышы қой, ешкі терісінен тігілетін, табаны қалың, жайпақ өкшелі аяқ киім. XIX ғасырдың орта шенінен бастап етікті фабрикада өңделген былғарыдан тігетін болған. XVIII—XIX ғасырларда кең қолданыста болған аяқ киім — саптама. Оның өкшесі биік, басы қайқылау болып, қонышы тізеден асатын бұл қыстық аяқ киімді киіз байпақпен киген. Мәсі — жұқа теріден не былғарыдан жасалатын жұмсақ табанды, өкшесіз аяқ киім. Оны көбіне үйде киіп, далаға шыққанда сыртынан галош сияқты затты табанды,өкшесі былғары аяқ киім - кебіс киген. Кедей адамдар, бақташылар қой терісінен тігілген, киіз байпақпен киілетін жеңіл аяқ киім киген. Әйелдер киіміне — көйлек, камзол, белдемше, шапан, кестелі тон жатады. Әйелдер көйлегінің жағасы тұйық. Әйелдер көйлегін екі түрлі пішкен. Бірі ұзынынан тұтастай пішу де, екіншісі мықынға дейін бөлек пішіп, кейін қосып тігу. Әйелдер көйлегінің жаға тұсы — алды бip қарыстай кесіліп, өңірі мен жағасы түймемен тұйықталып жабылады. Кейде қыз балалар көйлектің сыртынан өңірше киетін. Өңірше дегеніміз — үшбұрышты бұлдан істеліп, шетіне тоқыма бау сырылып, желкe жағынан түймеленетін киім. Кейде өңіршеге маржан, күміс тиындар да тағатын. Әйелдер көйлегінің жеңі ұзын болады, жасына қарай әйел көйлектерінің түр-түсі әр түрлі. Мысалы, қыздар мен жас келіншектер қызыл, жасыл түсті немесе түрлі түстінің ашық түсінен көйлек киеді. Қыз балалар жиын-тойға қос етек көйлек киген. Күнделікті өмірде мақта матасынан тігілген көйлек кисе, қызық-қуанышқа жібек, атлас, барқыт, парша, пүліш көйлектер киетін. Атқа мінгенде, сыртқа шыққанда әйелдер қалың мақта матасынан, мәуітіден тігілген шалбар киген. Көйлектің сыртынан әйелдер камзол киген. Қамзол жеңсіз, қысқа жеңді және жеңді болып үш түрге бөлінеді. Камзол бір түсті матадан, көбіне түкті пүліш, барқыт, шұғадан тігіледі. Жасына қарай да түсі таңдалады. Қыздар мен жас келіншіктер көбінесе алқызыл түсті камзолдар кисе, ал ортадан жоғары жастағы әйелдер көк, жасыл, сарғыш түсті камзол киген. Камзолдың өңіріне, етегінің екі жағына ою, өрнек жүргізіп сәндейтін болған. Камзолдар түймеленген, әшекей күміс ілгішектер, қапсырмалармен қаусырылатын. Әйелдердің күнделікті сырт киімі — шапан. Ол өрнектің шапанына ұқсас, бірақ көбінесе өңі ашықтау бұлдан тігілетін. Қазақ әйелдерінің қыстық сырт киіміне күпі мен ішік те жатады. Жас әйелдердің түлкі ішігінің сыртын ашық бұлмен тыстаса ересек әйелдердің ішігін, қоңырқай түсті бұлмен тыстаған. Әйелдердің күпісі ішігі бұл белбеумен, кейде күміс басты, шытыралы қайыс белбеумен буылған. Қазақ қыздары шаш өру дәстүріне айрықша мән берген. Кішкене кезінде ұсак-ұсақ бірнеше өрім жасап, одан соң оларды бір, не екі бұрымға жинап, түрлі әшекей таққан. Бойжетіп келе жатқан қыз баланың шашын міндетті түрде бір бұрым, ал ұзатылар алдында шашын екі бұрым етіп өрген. Бұл жалғыздықтан жұптық өмірге өтудің белгісі сияқты ғұрып. Ұзатылар қыздың сәукелесі — қазақ әйелдері киімінің ішіндегі ең бір салтанаттысы. Әдетте, сәукеле ұзынша болып келеді. Сәукелені түрлі асыл моншақтармен, теңгелермен, алтын, күміс зерлермен әшекейлеп, төбесіне үкі таққан. Ұзатылар қыз үстінен сәукеленің иығына түсіре жібек матадан шетін шашақтап тіккен желең; жамылған. Сәукелені қалыңдық бір балалы болғанша, әдетте, бір жылға дейін ойын-тойларда киетін болған. Қазақ әйелдерінің бас киіміне — жаулық, кимешек, күндік жатады. Жаулық;— шаршы матадан үшбұрыштап тігілген. Кимешектің қазақ жерінде бірнеше түрі бар. Кимешек — әйелдің маңдайын, самайын, иегін, жартылай жауып тұратын ақ бұлдан тігілген бас киімі. Оны көбіне жасы келген әйелдер киген. Күндік деген бас киімді ұзын бұлды енінен бірнеше қабаттап басқа орап жасаған. Мұндай орама бас киім, негізінен, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда және XVIII-XIX ғасырларда басқа да өңірлерде кеңінен тараған. Әйелдер күнделікті өмірде басына байлауыш, шылауыш, жаулық; байлайтын. Бұл бас киімдер шаршы бұлды қиғаштап бір бүктеп басқа жауып, екі ұшын желкеліктен не тамақтан байлау арқылы киілген. Қазақтардың бас киімі — тақия мен бөрік тақия көбіне қатырмалы, дөңгелек болып, жанына теңге, моншақ тағылып, төбесіне үкі қадалатын. Бөрік күздік, қыстық бас киім болып бөлінеді. Оны пүліштен, барқыттан дөңгеленте тігіліп, жиегін бағалы аң терісімен көмкереді. Қазақ әйелдерінің аяқ киіміне мәсі, етік, кебіс жатады. Мәсі жұқа теріден тігілетін өкшесіз жұмсақ аяқ киім. Оны көбіне үйде киеді. Ертеде қазақ әйелдері мәсінің сыртынан кебіс киетін. Кебісті кейде байпақпен де киген. Кебіс дегеніміз — былғарыдан жасалатын калош сияқты, бірақ өкшесі болатын, табаны қалың аяқ киім. Әйел етіктері де былғарыдан тігіледі. Етік сыртқа киетін аяқ киім, оның міндетті түрде өкшесі болады. Кейде әйелдер етігіне ою-өрнек бастырады. Ұлттық тағамдар, ыдыс-аяқ Қазақ халқының қай тағамы да оның шаруашылығымен, күнкөріс тіршілігімен тығыз байланысты. Негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы болғандықтан оның дәстүрлі тағамдары еттен, сүттен жасалады. Қазақ қысқа қарай соғым сояды. Соғымға ауқатты адамдар бірнеше жылқы, он шақты қой, бір-екі сиыр, кейде бір түйе соятын да, етін тұздап тошалаға іліп сақтайтын. Жылқы етінен ішекке салып қазы, шұжық, ішек майын ішекке тығып қарта жасайды. Жылқының жалындағы майынан жал деген сыйлы тағам жасалады. Сиыр етін мүшелеп бұзып тоңазытып іліп қояды да, қой етін көбіне сүрлейтін. Еттің әр мүшесінің қонаққа тартылуында өзіндік рәсім бар. Мысалы, ең сыйлы қонаққа бас және жамбас тартады. Мәні жағынан одан кейін мына мүшелер жүреді: асықты жілік, ортан жілік, жауырын, кәрі жілік және тоқпан жілік. Сүт тағамдары да өте бай. Олар әсіресе көктем, жаз кезінде көп пайдаланылады. Сүт тағамдарына құрт, ірімшік, сары май, қымыз, қатық, шұбат, айран, іркіт жатады. Қазақтың дәстүрлі тағамдарының ішінде дәннен жасалған тағамдар да бар. Қазақтар бидай, қара бидай, тарыны тамаққа көбірек пайдаланған. Қазанға қарма, қатырма нан пісірген. Кей өңірлерде оларды төңкерме, қазан жаппа нан деп атайды. Бидайды қуырып та жеген. Қазақ тарыдан тары көже, быламық, майсөк жасаған. Тарыны, бидайды келіге түйіп талқан да жасаған. Тары, талқан, май, қант, балды қосып — қоспа немесе жент деген тәтті тағам жасаған. Қазақтың ыдыс-аяғы, негізінен, теріден, ағаштан және сүйектен жасалатын. Теріден жасалатын ыдыстарға мал сауатын көнек, қымыз, шұбат жинайтын саба жатады. Көнек шәугімдей ғана және көбіне шүмекті болады, ал саба жылқының терісінен тігілген, мөлшермен 70—150 л сұйықтық сыятын түбі кең, мойыны ұзын ыдыс. Қымыз, басқа да сусын алып жүруге арналған ыдысторсық, жан торсық деп аталады. Оңтүстік өңірлерде сүт, сұйық заттарды сақтау үшін асқабақтан кептіріліп жасалған қауақ дейтін ыдысты да пайдаланған. Кең өңірлерде мал сауғанға ағаш кеснек те қолданылады. Қымыз, шұбат көбінесе ағаш тегенелер мен ағаш ожауларға құйылады. Ожаулар кейде екі басты болып, тегенлердің жиегіне күміс, сүйек жиек жүргізетін болған. Қазақ малдың қарнын да ыдыс ретінде тұтынып, оған сары май сақтаған. Қазақ май пісетін күбіні ағаштан жасаған. Ет тарту үшін табақ, тегене, шара, кейде ұзынша ет астаулар да болған. Қонақтықта, тойларда пайдаланатын бұл ыдыстардың жиегі, бүйірі күміспен көмкерілетін. Дәнді дақылдарды түю үшін ағаш келі, келсап пайдаланған. Металл заттардан, негізінен, қазан, мосы, ошақ жасалады. XIX ғасырда қазақ тұрмысына мыс, темір шәугім, шыны пиала, шәйнек, самаурын ене бастады. Әскери өнер Қазақ әскери өнері түгелдей көне түркілердің әскери өнеріне негізделген. Көне қазақ тайпалары әскери соғыста оң қанат, сол қанат, орта (қол) болып шеп құрған. Көшпелілердің әскери құрылымы мынадай: кезілуші — бұл алдыңғы шеп, әскердің алдында жүреді; тосқауылшы — орта буындағы шеп, бұл шеп ханды ортаға алып жүреді; әскердің енді бір бөлігі салықшы деп аталып, әскердің азық-түлік, шаруашылық бөлігін құрайды. Қазіргі тілмен айтқанда тыл әскері. Әскердің сан жағынан ең кіші бөлігі «ондық;» аталады да, ондықтардың тағы да оны қосылым «жүздік», он жүздіктен «мыңдық;», олардың оны «түмен» (он мың әскер) құрайды. Хандардың, әскербасыларының жеке байрақтары болған. Соғыста байрақты алып жүретін адамдарды «байрақшы» дейтін. Байрақшы, әдетте, қолбасшының маңайында жүретін. Қолбасшы не хан, бұл байрақтармен әскерге түрлі белгілер беріп басқарған. Белгілі қазақ батырларының байрақтары кейінгі ұрпақтарына дейін жеткен. Байрақ көне қазақ әскери түсінігі бойынша хандықтың, әскери лауазым, дәрежелік белгісі. Көне замандағы байрақтардан бізге сарматтардың айдаһар басты байрағы белгілі. Негізінде, байрақ аттың құйрық қылынан, мата баудан (лентадан) жасалады. Көне түркілерде, кейін қазақтарда ту да болған. Ту — жауынгерлік рухты, күшті білдіретін рәміз. Ту үлкен матадан түсті желек түрінде жасалып, найза сабының бас жағына тағылатын. Дегенмен кейінгі қазақтарда байрақ пен ту ұштасып, ұласып, бір ұғым болып кеткен. Үмбетей жыраудың «Бөрілі байрақ ұраным» деуі қазақта бөрілі байрақтың ту етіп көтерілгендігін көрсетеді. Қару түріне қарай әскер садақшылар, найзагерлер, айбалташылар, қылышкерлер болып бөлінген. Ал шоқпар, күрзімен айқасатындарды балуандар деп атаған. Осындай топтың болғанынАбылай хан әскерінің тарихынан көреміз. Мұндай бөлініс Кенесары әскерінде де болған. Көшпелілердің әскер бөліктерін құру әдістері осымен шектелмейді. Сонымен қатар ханның ордасын, жеке басын қорғауға арналған жақсы қаруланған, соғыс ісін жақсы меңгерген, құрамында атақты батырлары бар ханның жеке гвардиялық әскер бөліктері де болды. Айқас кезінде әскерді басқару үшін, оған дыбыстық белгілер беру үшін әскер құрамында керней, сырнай, дабыл, дауылпаз ойнайтыи музыканттар тобы да болған. Қару жарақтары Қазақта «ер қаруы — бес қару» деген сөз бар. Ол бес қаруға aтy қарулары ( садақ, жақ, жай), түйрегіш қарулар ( найза, сүңгі, жыда), кесу қаруы ( қылыш, семсер, сапы), шабу қаруы — айбалта, соғу қаруы ( шоқпар, гурзі) жатады. Қосымша қару-жарақтарға қанжар, кездік, арқан жатады. Қанжар (кездік) ертедегі сақ, түрік тайпаларында кездеседі. Олар көбіне семсер, сапылардың кішірейтілген түрі. Айқас кезінде жау әскеріне арқан тастап, аттан құлатып сүйретіп те әкететін әдіс болған. Қару атадан балаға мұра болып беріледі. Ер жетіп алғаш рет ел қорғауға шыққан жас батыр әкесінің, не атасының қаруын сандықтан алып беліне таққан. Қорғаныс құралдарына сауыт, дулыға, қалқан жатады. Сауыттың көбе сауыт, кіреуке сауыт, берен сауыт, қаттама сауыт, жалаңқат сауыт, торғауыт сауыт деген түрлері бар. Көбе сауыт тырнақтың көбесі сияқты металл тіліктерден бір-бірін бастыра бекіткен сауытты айтады. Кіреуке сауытқа темір торлы сауыт жатады. Ол темір шығыршықтардан тоқу, өру арқылы жасалады. Берен сауыт болат темірден жасалатын өте мықты сауыт. Қаттама сауыт матадан бірнеше қабатталып, сырылып тігілетін сауыт. Бұл әрі жылы киім. Торғауыт сауыт бірнеше қабат қалың теріден тігілетін сауыт. Ол бірнеше бөліктен тұрады. Бір бөлігі саннан мойынға дейін жапса, екінші бөлігі арқаны, үшінші, төртінші бөліктері екі қолдың үстіңгі жағын жабады. Әр бөлік денегеқайыс баулармен бекітіледі. Мысалы, жырда айтылатын «тоғыз қабат торғауыт» деген сөз бірнеше қабат теріден жасалған сауыт дегенді білдіреді. Сауыттармен қатар кеудеге, арқаға, иыққа дөңгелек болат тақталар байланатын. Осындай қорғаныс құралын шарайна деп атаған. Дулыға — басты қорғайтын бас киім. Олардың бөрік пішіндісі, қалпақ пішіндісі, телпек (тақия) тәріздес және күләпара пішіндес түрі болады. Қалқан да ертеден келе жатқан құрал. Ол сақтардан бері белгілі. Ат үстінде соғысуға арналған көшпелілер қалқаны кішкене, жеңіл болып келеді. Бұлардан басқа адамның ашық қол-аяғын қорғайтын сауыт, атты қорғайтын ат сауыты да аса жиі болмаса да ерте қазақтарда кездесіп тұрған. Сонымен қатар сонау сақтардан бастау алып, кейінгі қазақтарға дейін жеткен ат томағасы да бар. Бұл ат басының маңдай алдын, екі шекесін, төбесін жауып тұратын қалқан.[1] Рухани мәдениеті:Қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетінің маңызды бір саласы - қазақ шежіресі екені анық. Қазақтың байырғы салт-дәстүрі бойынша әрбір қазақ азаматы өзінің жеті атасын білуге тиісті еді. Мұны балаларына үйрету әрбір атаның, отбасы тәрбиесінің негізі болды. Тек ата-анасынан айырылған жетімдер ғана мұндай тәрбиеден қалған. Соның үшін қазақ қауымы “жеті атасын білмеген жетімдіктің салдары” дейді. Ру, тайпа және жүздің шежіресін таратып айта алатын адамдар халық ішінде құрметтеліп “шежірешілер” деп аталды. Ерте заманда шежіре ауызша түрде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілсе, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда бірсыпыра шежірелік жинақтар таспаға түсірілген. Олар: “Көшен-Қарауыл шежіресі” (ХVІІІ ғ.), “Жәңгір хан шежіресі” (1835), Ш.Уәлиханов жазып алған “Ұлы жүздің шежіресі” және т.б.
Сол сияқты ХVІІІ ғасыр “ақындар поэзиясы ғасыры” деп аталған. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің өте құнды мұралары – ақын-жыраулардың өлең-жырларында халықтың өмір тіршілігі, көңіл-күйі, салт-санасы, өндірісі мен тұрмысы, мінез-құлық өлшемі, сол дәуірдің рухы бейнеленді. Олар халық басына келген қайғыға да, жұрт кенелген мерейге де ортақ болды. Ел басына ауыр күн туғанда шапқыншы жауларға қарсы жан аямай күресіп, елін қорғаған ерлерді дастан етіп жырлап отырды. ХVІІІ ғасырда танымал болған Ақтамберді, Тәттіқара, Үмбетей, Бұқар, Шал, Көтеш секілді жыраулар өз өмірінде ұшан-теңіз жыр шығарды. Қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орын алатын ХVІІІ ғасырдағы атақты жырау Бұқар Қалқаманұлының (1668-1781) бірнеше шығармалары сақталған. Ол тәуелсіздікті сақтау және нығайту идеясын білдірген көрнекті дидактикалық өлең-толғаулар шығарған. Қазақ ханы Абылайды қолдап, әр түрлі даулар мен таластарды шешкен. Жырау қазақтың барлық үш жүзін біріктіріп, бір орталыққа қараған күшті мемлекет болуын армандады. Тәттіқара, Үмбетей, Шал, Көтеш сияқты жыраулардың жырлары халық жадында үзік-үзік сақталған. Үмбетейдің Бөгенбай батырдың қайтыс болуына арналған естірту жыры - жоқтауы белгілі. Үмбетей жоқтауында Бөгенбай - халық қорғаушысының мінсіз бейнесі. Ал Тәттіқара ақын қатардағы жауынгер ретінде көптеген шайқастарға қатысып, жорықта туған толғауларында жауынгерлерді бостандық жолындағы күресте қандай да болсын қиыншылықтың алдында бас имеуге шақырады.
Бұхар жырау XІX ғасырда қазақ әдебиеті ұлттық дарынды тұлғалардың көптігімен де, бір-біріне ұқсамайтын дара туындылардың сан қырлы сипатымен де ерекшеленді. Бұл дәуірде айтыс өнері дамып, даңқты ақындар Жанақ, Шөже, Орынбай, Түбек, Сүйінбай, Шернияз, Біржан, Бақтыбай, Жамбыл сияқты әйгілі ақындар қатары Сара, Ырысжан, Ұлбике, Тәрбие, Ақбала және басқалар сияқты ақын қыздардың есімдерімен толықты деуге болады. Түрі мен мазмұны жағынан айтыстар бір-біріне ұқсамайды. Олардың кейбіреулерінің негізгі мазмұнында халықтың өмірі, оның шаруашылық-тұрмыстық проблемалары, рулық қоғамдастықтың ерекшеліктері сөз болса, Біржан мен Сара айтысында қазақ әйелдеріне жеке бостандық беру мәселесі көтеріледі. Мұндай айтыстармен қатар бірін-бірі қалжыңмен қағыту, танысу, амандасу, көңіл көтеретін әзіл-оспаққа құрылған айтыс түрлері де аз кездеспейді. Осы кезеңнің музыкалық мәдениетінде Махамбет Өтемісұлы (1804-1846) өзіндік даралығымен көрінді. Ол 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы бастаған шаруалар көтерілісінің белсенді қатысушысы ғана емес, көтерілістің “жаны” мен “жылнамашысы” болды. Оның “Исатай көтерілісі”, “Исатайдың өлердегі сөзі” сияқты шығармалары көтерілісті жан-жақты сипаттады. Сол сияқты Шернияз Жарылғапұлы (1817-1881) Кіші жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресінің жыршысы және ту көтерушісі болды. Жалынды жырларымен халықты күреске үндеді. Шығармалары қайшылыққа толы, күрделі тұлға саналған зар-заман ақындары да қазақ әдебиетінде өзіндік орын алады. Зар-заман ақындарының көрнекті өкілдері - Дулат Бабатайұлы (1802-1874), Шортанбай Қанайұлы (1818-1881), Мұрат Мөңкеұлы (1843-1909). Олар қазақ халқының өмірін ақиқатпен жырлаған ақындар болды. Ахмет Байтұрсыновтың “Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуында” деп тұжырымдағаны сияқты, бұл ақындар да қара басын күйттеген ақын емес, халқының үнімен елдің мұңын жеткізуші болды. Зар-заман ақындары өмір сүрген кезең патшаның отаршылдық саясаты дәуірлеп, қазақ жерінің нағыз талауға түскен кезі еді. Мәселен, Мұрат Мөңкеұлы “Үш қиян”, “Сарыарқа”, “Әттең, бір қатты дүние-ай” сияқты толғау-дастандары арқылы қазақ жерін отарлаушыларды батыл әшкерелеп, озбыр саясатқа қарсы тұрса, Дулат Бабатайұлы “Бейшара мен
|