ХIХ ғасыр философиясы
XIX ғасырдағы саяси, тарихи-әлеуметтік шындық экономикадағы күрделі өзгерістер және өнеркәсіп пен ғылымның өркендеп дамуы, жаңа философиялық ағымдардың қалыптасуына алып келді. Бұл философиялық ағымдардың бірқатары ақыл-ойға сүйене отырып, табиғат пен қоғам туралы өте келісімді идеяларды тудырса, енді біреулері керітартпа ойлармен тұжырымдарды алға қойды. Марксизм филрсофиясындағы принциптік жаңалық адам тек табиғатта өмір сүрмейді, оны өзгертеді, соның барысында өзі де өзгереді. Бірақ, марксизмде адам мәселесін, оның өмірінің мәнін, бостандығын, т.б. мемлекет, тап басқа да үлкен әлеуметтік бірлестіктер мүдесінің көлекесінде қалдырды. XIX ғасыр философиядағы екінші бір философиялық ағымдар, ақыл-ой және сананың дүниені танудағы мүмкіндігіне шек келтіретін идеялар мен тұжырымдар туғызады. Осының нәтижесінде классикалық философияда ақыл-ой күшіне, жеке сананың құдіретіне толық сенуін, ол ақыл-ойдың жетілуі ─ ғылымның дамуына алып келді деген тұжырымның орнына ырық, интуиция, инстинкті қойды. Неміс философтары Шопенгауэр мен Ницше ретсіз, түсініксіз, бұлдыр дүниені тануға болмайды деген тұжырымды айтты. Бұлардың көзқарасына сабақтас санасыздықты – психикалық ақиқат пен адамға тән, сонымен бірге өмір сүріп, оны билейді деген ілімді З. Фрейд ұсынды. Ал XIX ғасыр филисофиясында позитивизм, неотомизм және персонализм секілді ағымдар дүниеге келді. Маркстік философия 40-шы жылдардың ортасында қалыптасты (ХІХ ғ). Оның авторлары: Карл Маркс (1818-83) және Фридрих Энгельс (1820-95). Маркс Гегельді жоғары бағалай отырып, сынады. Энгельс болса, оның еңбектерін диалектикалық философияның поэмасы деп атады. Маркс пен Энгельс Гегель мен Фейербахты сынау нәтижесінде диалектиканы қайта, жаңадан, диалектикалық-материалистік ілім ретінде жасады. Бұл ілімді қолдану нәтижесінде ұлы шығарма ─ «Капитал» пайда болды. Марксизимнің пайда болуының тарихи алғышарттары мыналар: 1. Капитализмнің, ірі өнеркәсіптің өркендеуіне байланысты пролетариат табының пайда болуы. 2. Капитализмнің ары қарай дамуы, пролетариат үшін ауыр жағдай тудырды, соның салдарынан оларды стихикалық күреске шығуға мәжбүр етті. 3. Олардың күресін саналы дайындау, ұйымдастыру үшін нақты теориямен қаруландыру қажеттілігі туды. Бұл Маркс пен Энгельсті ойландырып, арнаулы ғылыми ілім жасауға ұмтылдырды. Бұған ХІХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы ғылым саласындағы аса маңызды жетістіктер де әсер етті. Оларға: 1) Энергияның сақталу және айналу заңының ашылуы; 2) Тірі организмдердің клеткалық құрылымның ашылуы (клетка теориясы); 3) Эволюциялық ілім - дарвинизм жатады. Майер - бірінші заңның авторы, Г. Гельмгольц пен М. Фарадей оны теория және тәжірибе арқылы негіздеді. Дж. Джоуль мен Э. Ленц жылудың механикалық эквивалентін тапты, яғни механикалық энергияның қаншасы жылу энергиясының бірлігіне сәйкес болатынын есептеп шығарды. Неміс биологтары М. Шлейден мен Т. Шванн 1838-39 жылдары клетка теориясын жасады. Олар жануарлар мен өсімдіктер клеткаларының құрылымы негізінен бірдей болатынын, екеуі де бір физиологиялық қызмет атқаратынын анықтады. Бұл теория барлық тірі организмнің ішкі бірлігін дәлелдеді, сөйтіп олардың шығу тегін жаңа түрде көрсетті. Дарвиннің эвоюциялық теориясы жануарлар мен өсімдік түрлерін ешнәрсемен байланыссыз, кездейсоқ, «Құдай жаратқан» және өзгермейтін деп қараушылықты жойды. Сөйтіп, алғашқы рет теориялық биологияны ғылыми негізге қойды. Ол жануарлар мен өсімдік түрлерінің өзгеріп отыратындығын, олардың бірлігін дәлелдеді. Дарвиннен бұрын Д. Дидро биология түрлерінің эволюциялық өзгеріп отыратыны жөнінде болжам айтқан еді. Марксизм ХІХ ғасырдағы қоғамдық ғылымдардың үш саласын жалғастырушы, олар: 1. Классикалық неміс философиясы (Гегель мен Фейербах философиясының үйлескен қосындысы). 2. Ағылшын саяси экономиясы (Адам Смит пен Давид Рикардо). 3. Сен-Симон, Фурье, Оуэннің социализм туралы теориялары (оларды утопиядан ғылымға айналдырды). Маркстің ғылымға алып келген екі жаңалығы: 1. Тарихты материалистік тұрғыдан ұғыну. 2. Қосымша құн құпиясын ашу. Маркс «Саяси экономияға сын жөнінде» деген еңбегінің алғы сөзінде: 1. Өндіргіш күштер мен өдірістік қатынастардың ара қатынасы. 2. Базис пен қондырма. 3. Қоғам дамуындағы негізгі күш ─ қоғамдық сана емес, қоғамдық болмыс. 4. Адамды қанауға әкелетін әлеуметтік теңсіздіктің негізі - меншік деп жекеменшікті мемлекеттік - қоғамдық меншікке алмастыру керек деген идеяларын айтты. Бұл мақсатқа жету, пролетариат революциясы, пролетариат диктатурасы арқылы іске асады деп санап, Маркс пен Энгельс белсенді түрде саяси істермен айналысады. Маркс пен Энгельстің кейбір тарихи болжамдары ХХ ғасырдың аяғында практикада іске аспады. Сондықтан қазіргі замандағы марксизмді сынаушылар - ХХ ғасырда оның идеяларын қолдану ауыр жағдайға алып келді, - дейді. Танымдағы практиканың рөлін философиялық негіздеудің көптеген салдары болды. Әлеуметтік философия саласында, қоғамның тарихи дамуында ол жаңа мызғымас принциптілік жолға алып келді. Гносеологияда танымның ұмтылуы мен мақсатын жаңаша қарауға мүмкіндік берді. Маркстік философияда практиканың рөлі үш жақты: 1. Практика - танымның негізгі және қозғаушы күші. Білуге ұмтылу, практикалық қажеттіліктен туады. Геометрия ─ жер өңдеу үшін, астрономия ─ теңізде жүзу үшін керек болды. 2. Практика - танымның мақсаты. Білімді болу, білім үшін емес, оны практикада пайдалану үшін керек. 3. Практика - ақиқаттың өлшемі. Марксизм философиясындағы ойлау тәсілі мен білім құрылымының кейбір ерекшеліктері: 1. Философиялық білімнің қарқынды идеологияға айналуы. Маркс пен Энгельс алғашқы рет ашық түрде барлық қоғамның мүддесін емес, бір таптың (пролетариаттың) мүддесін қорғауы, олардың идеясының дәреже - деңгейіне әсер етті. Негізгі идеялар догмаға айналды. Олардың дәлелсіз дұрыстығы, оны сынау немесе дискусия өткізу мүмкіндігін болмады. 2. Әлеуметтік топтың, ұлттың халықтық мәселелерді шешу революциялық күш қолдануды жоғары қойып, мақтан етуіне жол берді. 3. Жеке адамның мұқтажына қарағанда таптың, мемлекеттің және басқа да үлкен әлеуметтік бірлестіктердің мүддесін жоғары қою, соларды шешу арқылы адам мәселесі, оның өмірінің мәні, бостандығы, т. б. өздігінен шешіледі деп сендіру күшейді. 4. Еңбек нәтижесінде шығарылған азық-түліктің және басқа құндылықтардың қоғам мүшелерінің арасында әділ бөлінуін сылтау етіп, тұрпайы теңдікті орнату, елдің ынтасын жойды, социализм экономикада, басқа да салаларда артта қалды. Олар қоғамдық прогрестің ұзақ сипаты бар, ал қазіргі замандағы күрделі капиталистік жүйелердің дамуы қысқа болады деп санады. Марксизм теориясына қазіргі замандағы сыни пікірлер: 1. Езуші таптың жойылуы, социализмнің орнауы қанаудан қарапайым халықты толық құтқармады, енді қанауды мемлекет жүргізетін болды. 2. Қоғамдық меншіктің мәнін халық түсінбеді. Олардың меншікке немқұрайлы қарауын өкімет басындағылар пайдаланып, қоғамдық меншікті жасырын иемдену жолдарын меңгерді. 3. Тоталитарлық социализм өзінің негізінде өтірік ақпарат беруге, қоғамдық мешікті талан-таражға салуға мүмкіндік берді. 4. Әрбір басшы өз басының бүгінгі жайын ойлады, байып қалуға тырысты, себебі оның ертеңі белгісіз болды. Өмір философиясының өкілі ─ А.Шопенгауэр, «Үрей метафизикасын» пайымдаушылардың бірі. А.Шопенгауэр дәулетті саудагер семьясында дүниеге келді. Өзінің өмірінде коммерция, медицина, кейін философиямен шұғылданды. Ол Берлин университетінде приват-доцент болып орналасқан соң, әйгілі Гегельмен бақталастырды. Шопенгауэр Гегельдің сабақ кестесін қарай отырып, сол уақытқа өз сабағын қояды. Әрине, студенттер дәрісті Гегельден тыңдады. Осының салдарынан ол оқытушылықты тастап, философиямен өз бетінше шұғылданды. Тірі кезінде танылмай, атаусыз қалса да, өлген соң кенеттен аты әйгілі болды. Ол өзінің «Дүние ерік пен елес ретінде» атты еңбегінде Канттың көзқарасын жалғастырды. Шопенгауэрдің пікірінше: «Дүниеде негіз де, ақыл–ой да жоқ, тек қана «ерік» бар. «Еріктің» мәні кең, оны адамның жаны емес, табиғаттағы, қоғамдағы «ұмытылыс» деп санайды. Мысалы, жануарлар дүниесіндегі «ұмтылыс» өмірін сақтап қалу талабы, физикалық дүниеде «өзіне тарту - тартылыс» бар, ал қоғамда мемлекеттің, нәсілдің, халықтың және адамдардың «еркі» бар - ол өмір сүру. Бұл ерік көмескі болғандықтан, ақыл-ой да, мақсаты да жоқ, яғни иррационалды. «Ерік» ─ дүниедегі барлық процестер мен құбылыстарды негізсіз және себепсіз тудырады. Адам деңгейінде «ерік» шектен тыс сезім күйі – ашу-ызадан уақытша естен тану, мансапқорлық, кекшілдік, жыныстық ұмтылыс, сүйіспеншілік, делебесінің қозуы, қобалжу түрінде болады. Егер дүниенің негізі «ерік» ақылсыз болса, онда дүниеде де ақыл жоқ. Ғылым - дүние құбылыстарын ақыл-ой заңдарымен негіздеуге ұмтылып, әрдайым тұйыққа тірелді. Техниканың дамуы, адамға жақсылық емес, зиян келтіреді. Шопенгауэрдің адам тағдырына, бостандығына, қажеттілігіне, бақытына байланысты көзқарасы түңілушілік (пессимистік) сипатта болды. Өмірдің мәні - дүниенің қайғы екенін түсіну. Ол адамның қоғам заңын және дүниені танудағы әлсіздігі мен үмітсіздігін алға тартты. Моральдық прогресті, бақытты және ақылға сиятын мемлекет құру мүмкіндігін жоққа шығарды. Бұл идеялар ХІХ-ХХ ғасырларда экзистенциализм философиясының қалыптасуына алып келді. Фридрих Ницше (1844-1900 ж.) қазіргі батыс философиясындағы «Өмір философиясы» тұжырымдамасының негізін салушының бірі, оның әсерімен адам және оның өмірі мәселелері терең зерттеле басталды. Ф. Ницше философиясының мақсаты ─ адамға өмірінің мәнін іске асыруына, қоршаған ортаға бейімделеуіне көмектесу. Өмір - философияның өзегі, дүниетанушы субъектіге берілген фактілерді түсіндірудің бір қыры. Нақты адам үшін жалғыз ақиқат - «ерік». Ол өмірдің бастауы және қоршаған ортаға қатынасы болады. Алғашқы кезде Ницше Шопенгауэрдің тұжырымдамасын қолдап, оны философияның негізгі мәселесі етіп «ерікті» қойды, кейіннен Ницше классикалық философияның категориялары - материя мен рухтың орнына, «билікке жету еркін» қойып, Шопенгауэрден де алшақтайды. Ницше өмірдің мәнін анықтай отырып, оны «билікке жету еркі» - деп есептеді. «Билікке жету еркі» - бұл қоғамдағы өмірдің негізгі мотиві, ол адам табиғатының өмір сүру негізінде бар. Еркектің әйелге, ақсақалдардың жастарға билігі, т. б. Әдептілік мәселесінде Ницше ниглист (барлық тұрақталған құндылықтарды жоққа шығараып, жаңа позитивтілерді ұсынады). Ол өз заманының мәдениеті төмендеп, ыдырап бара жатыр, мораль оны іштей ірітуде деп есептеген. Христиандық діндегі әдептілік қағиданы, ол моральдың құлы ретінде көрсетті. Сондықтан құндылықты қайта бағалау мәселелерін көтерді. Біздің заманда «Құдай өлді» - деп Ницше жар салды, жаңа дәуірге жаңа құндылық жүйесін алып келді. Жаңа адам – «Асқан адам» (сверхчеловек), ол өзін қоғамнан, құқық және адамгершілік қағидаларынан жоғары қоятын адам. Ол – жылпос, сұмпайы, алаяқ. Тек «Асқан адам» өмір сүруге құқылы, әлсіз, кемтарлар өле берсін - бұл әділдік Адамды сүюдің алғашқы өсиеті осы және олардың өлуіне көмектесу де керек. Ницшенің «Асқан адамы» «жақсылық пен зұлымдықтан» жоғары тұрады, ол ешқандай моральдық, әдептілік қағидаларымен байланысты емес. Ницше моральдың екі түрін: мырза мен құлды көрсетті. Тек «Асқан адам» жаратылысынан аристократ, бәрінен мүлде бос. Ол батыр да немесе Бетховен, Наполеон, Шопенгауэр, Гете секілді Ұлы адам да емес. Бұл адамның жаңа тұқымы, ол бұдан бұрын дүниеде болмаған. «Асқан адам» бір ұлттан пайда болмайды. Ол адамзат дамуының жемісі, алдымен еуропалықтардан шығады. Бұл жаңа каста адамзаттың келешек мәдениеті мен моралін өзгертеді. Олар халық үшін ескінің орына, жаңа миф жасайды. Ницшенің пікірінше: адам моральдан, ең алдымен оның рационалдық бастамасынан туған ұжымдық элементтерден арылуы керек. Ницше не жақсы? деген сұраққа: - адамның билікке деген ұмтылысы, өз билігін нығайтуы, - деп жауап береді. Не жаман? деген сұраққа - адамның әлсіздігі, - дүниеде шындық бар ма? деген сұраққа - шындық та, әділдік те жоқ – дейді. Бізді бағындыратын қолында күші болса, онда ол адамның істегенінің бәрі шын. Ницше еркі жоғары, қолынан іс келетін адамға табынуды уағыздайды. Осы ілім кейін Гитлер өкіметінің мемлекеттік идеологиясымен, философиясына айналды: өкіметті басқару үшін дана болудың қажеті жоқ, тек ерік пен күш болса болды. Ницше ұраны - «қорқынышты өмір сүр». Ницше әдептілікті релятивтік түрде түсінді, әлсіздерге не жақын болса, күштілерге сол жаман болады деді. Позитивизм (Positivism - дұрыс пікір) – оның негізін қалаушы француз философы Огюст Конт (1798-1857 жж.). Позитивизм - ғылым негізіндегі білім, ғылыми ақиқат, позитивтік дүние көрінісіне сәйкес болу деп, философиялық зерттеудің танымдық маңызын теріске шығаратын бағыт. Оның тарихи кезеңдері мен өкілдері: Бірінші - классикалық кезең. 1830 ж - ХІХ ғ. аяғы. О. Конт, Дж. С.Милль. Екінші – эмпириокритицизм немесе махизм кезеңі ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ басы. Э. Мах, Р. Авенариус. Үшінші – неопозитивизм немесе логикалық позитивизм. 1920─1960 ж. Л. Витгенштейн, Б. Рассел, М. Шлик, Карнап. Постпозитивизм (лингвистикалық, аналитикалық философия) – 1960─1970 жж. – қазіргі кезеңге дейін. Конттың пікірінше, «Метафизика», яғни философия, тиянақсыз білім құратындықтан ғылымның даму барысында қойылған сұрақтарға жауап бере алмайды. Ол танымдық ілімді үш сатыда көрсетеді. 1. Теологиялық (діни) - діннің үстемдігі, дүниедегі құбылыстарды сырт күштер, қияли қимылдар арқылы түсіндіреді. 2. Метафизикалық - философиялық ілімнің үстемдігі, табиғатты абстрактылы (мәні мен себебін) түсіндіреді. 3. Позитивтік - ең жоғары сатысы. Бұл сатыда жоғарғы екеуі жоққа шығарылады. Позитивтік немесе дұрыс пікір барлық құбылысты ғылыми жолмен түсіндіреді. Конт эмпирикалық ғылымға, тәжірибеге сүйенеді. Сондықтан философиясының зерттеуге байланысты ақиқат өзіндік пәні жоқ. Оның мақсаты ─ арнаулы ғылымдардың нәтижесін қортындылау; әрбір ғылымның пайдалы әрі пайдасыз жағы бар, тек пайдалысын қабылдап, пайдасызынан арылу. Ол, француз революциясының теориясы болған француз материализмінен бас тартып, идеализм жолына түседі. Позитивизмнің келесі сатысы – эмпириокритицизм. Ол позитивизмге қарағанда шындықтан алшақ тұрады. Позитивизм нақты ғылымды зерттеуді ұсынса, эмпириокритицизм ─ біздің сезімнен тыс ешнәрсе жоқ, барлық дүние біздің сезіміміздің жиынтығы деп қорытындылайды. Сөйтіп, объективтік өмірді субъективтік өмірге айналдырды. Эрнст Мах (1836-1916 жж) физик, әрі физиолог, эмпириокритицизмнің өкілі. Субъективтік идеалист. Дүние менің санама байланысты - оны мен қайдан білемін? Махтың пікірінше: «құбылыстар маған әсер еткен жоқ, оны менің сезімдерім тудырды». Оны «түйсіктер кешені» деп атады, олар менің ғана емес, барлық «адамдардың сезіміне байланысты». «Ағаш, стол, үй» менің денемнен тыс өздігінен өмір сүреді, бірақ біз оны психологиялық қабілет арқылы қабылдаймыз дейді. Екінші өкілі Рихард Авенариус (1843-1896).Оның пікірінше, әртүрлі болмыс өзінің сапасы жағынан сезім ретінде, әртүрлігі жағынан қозғалыс ретінде ойға келеді. Авенариустың «ойды үнемдеу» деген қағидасы бойынша, ойлап түбіне жете алмайтын «материя» сияқты ұғымнан бас тарту керек. Оны біріншіден, сезім элементтеріне бөлшектеу қажет, сонда бәрі де өз орнына келеді. Екіншіден, біз заттың өзін емес, түйсіктер жиынтығын қабылдағандықтан, заттың бар-жоғына көңіл бөлмеуіміз және оған екінші рет ой энергиясын жұмсамауымыз керек дейді. Махтың танымды түйсікпен шектейтін идеалистік эмпиризмі сыннан өте алмағандықтан, ХХ ғасырда оның орнына неопозитивизм ағымы келді. Неотомизм – ХІХ ғасырдың 70 жылдары пайда болған, әсері үлкен діни – философиялық мектептердің бірі. Ф. Аквинский ілімінің негізінде сенім мен ақыл-ойдың үйлесімділігіне және сенім ақиқатының алғышартылығына жүгінеді. Ватикан шіркеуінің теориялық басты қаруы. Ол философияда христиан дінінің дәстүрін, догмалық идеялары мен теорияларын сипаттайды. Неотомизмнің көрнекті өкілдері: Жак Маритен, Этьен Жильсон т. б. Томизмнің негізгі мәселесі - құдайдың болмысын дәлелдеп, дүниедегі орнын анықтау болса, ал неотомистер оны адам болмысы мәселесімен толықтырды. Олар қазіргі заманның жаратылыстану теорияларын түсіндірумен шұғылданды, кейде өзіндік жемісті идеялар айтты. Соның бірі ─ Тейяр де Шарден әлемнің эволюциясы туралы ойлары. Неотомизмнің орталық мәселесі ─ Құдай. Діни ілімде құдай мәңгі және шексіз, діни философияның міндеті осы тұрақты ақиқатты ашу. Бірақ ХІХ-ХХ ғасырда адамдардың өмір сүру жағдайлары өзгеріп, олардың түсінігі ғылыми білімдерге сүйене бастады, осыған байланысты діни философияның міндеті күрделенеді. Діннің негізі болып келетін догматтарға сенуді сақтау мен оларды жаңаша түсіндірудің қажеттігі арасында қайшылықтар көбейіп, діни идеология тиянақсыз күйге түсті. Неотомизмнің басты мәселесі - адам, оның өзінің «Менін» іздеп, қайталанбайтын рухын өзгертуге, жаңартуға ұмтылуы. Олар адам мәселесін этикамен байланыстырады. Кейінгі кездерде діни философия адамдағы жақсылықтың мәнін түсіндіруге белсенді күресуде. Олар адамзаттық құндылықтарды қорғайды: ядролық қаруға қарсылық білдіреді, экологиялық мәселелерді шешу мәселесін көтереді. Неотомизм ғылымды жоққа шығармайды, бірақ ғылым өзінің даму барысында адамзатқа тигізіп отырған зияндығын сынайды. Осыған орай католицизмнің кейбір батыс Еуропа елдеріндегі және Латын Америкасындағы ықпалының күштілігі, Ватиканның материалдық қаражат мүмкіндігі, зор байлығының болуын сақтап отыр. Персонализм (лат. Perona - тұлға) ─ діни философиясындағы маңызды ағымының бірі. Адамды құдайдың жаратуынан пайда болған, жер бетіндегі рухани құндылықтың жоғарғы мәні деп санайды. Персонализм адамды «жеке дербес индивид» ретінде қарау тәжірбиесіне қарсылық барысында пайда болды. Олар адамды тұтастық құрамындағы құбылыс, жан - жақты жетілген жоғарғы құндылық деп санайды. Оның өмірінің мәні, құдаймен бірігуі болып есептелінеді. Персонализм бағытын Н. А. Бердяев, Л. Н. Шестов, Н. О. Лосский, Америкада Б. Боун және Дж. Мунье, Ж. Лакруа, П. Ландсберг, т. б. дамытып отырды.. Семинар сабағының жоспары: 1. Маркстік философия: негізгі идеялары мен қағидалары. Марксизм және қазіргі заман. 2. Позитивизм және оның тарихи түрлері. 3. Өмір философиясы. А. Шопенгауэр, Ф. Ницше. 4. Фрейдтің психоанализ теориясы. 5. Діни философия. Неотомизм. Персонализм.
Әдістемелік ұсыныстар: Марксизм философиясының негізгі идеялары мен қағидаларын және қазіргі замандағы сыни көзқарастарды талдау. Марксизмдегі материалистік диалектиканың дүние игерудегі мәнін түсіну. Марксизмдегі принциптік жаңалық – адам тек табиғатта өмір сүрмейді және оны өзгерту мақсатын талдау. «Өмір философиясы», Иррационализм. Санасыздық және психоанализ А. Шопенгауэр, Ф. Ницше және З. Фрейд ілімдерінің даму барысындағы ықпалын түсіну.. Позитивизм және оның тарихи түрлері мен міндетін түсіну: О. Конт, Э. Мах, Р. Авенариус. Діни философияның эволюциясы. Неотомизм. ХХ ғ діни философия: традиционализм және оның жаңартуға ұмтылуы. Осы күнгі неотомизмнің принциптері. Діни ой - өрістің түрлі бағыттарының өкілдері (Ж. Маритен, Тейар де Шарден, М. Нибур, Мұхамад Икбал, т. б.). Құдайдың барлығын дәлелдеу проблемасы. Персонализм.
Бақылау сұрақтары: 1. «Иррационализм» ұғымы нені білдіреді? 2. Ницшенің «билікке жету еркі» теориясы? 3. Позитивизм, оның мектептерінің пайда болуы? 4. Санасыздық пен иррационалдық мәселесі? 5. З. Фрейдтің психоанализ ілімінің ерекшелігі неде? 6. Рационализмнің жаңашылықтары мен дәстүрінің қалыптасуының мәні? 7. Марксизмдегі практика түсінігінің прагматизмнен айырмашылығы? 8. Ғылымға және ғылыми әдіске сүйенетін позитивизм неліктен субьективтік идеализмнің бір түрі ретінде қаралады?
Баяндамалар мен рефераттар тақырыбы: 1. Марксизмдегі диалектика теориясы және табиғат философиясы. 2. Марксизм философиясының негізгі ойлары. 3. Марксизмдегі қоғамдық экономикалық формация туралы ілімі. 4. О. Конт – позитивизм – прогресс идеясы. 5. Шопенгауэр ерік - болмыстың негізгі шегі. 6. Философиядағы иррационалистік тенденция және индивидуализм мәселесі (Шопенгауэр, Ницше). 7. Ницше философиясы: шығармашылығының негізгі үш кезеңі. 8. Фрейдтің санасыздық және психоанализ идеясы. 9. Неотомизм философиясы католиктік дінінің негізі. 10. Томизм және неотомизмдегі сенім мен ақыл-ойдың үйлесімдік принципі.
Философиялық мәтіндермен жұмыс істеу: 1. Антология мировой философии. Т. 3. М.: 1971. 2. Маркс К., Энгельс Ф. Немецкая идеология. Маркс К., Энгельс Ф. Соч. Т.3. 3. Маркс К. Экономическо-философские рукописи. 1844 г. Соч. Т.20. 4. Ницше Ф. Так говорил Заратустра М.: 1990. 5. Энгельс Ф. Анти-Дюринг Маркс К. и Энгельс Ф. соч. Т.20. 6. Фрейд З. Введение в психоанализ. Лекции.М.: 1989. 7. Шопенгауэр А.Свобода воли и нравственность. М.:1992. 8. Шопенгауэр А.Афоризмы и Максимы.Л.: из-во Ленинградского Университета. 1991. Әдебиеттер тізімі: 1. Антология мировой философии. Т.3.М.: 1971. 2. Алтай Ж., Касабек А, Мұхамбетәлі. Философия тарихы. Алматы, 2000. 3. Ақназаров Х.З. Философия тарихынан дәрістер курсы. Алматы, 1992. 4. Әбішев Қ. Философия. Алматы. Ақыл кітабы. 2001. 5. Бейсенов Қ. Философия тарихы. Алматы, 1992. 6. Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. Алматы, 2003. 7. Қасабек А. Тарихи-философиялық таным. Оқу құралы. Алматы, 2002. 8. Мир философии: Хрестоматия в 2-х частях М.: 1991. 9. Мырзалы С. Қ. Философия әлеміне саяхат. Қостанай, 2000. 10. Мәдени-философиялық энцеклопедиялық сөздік /Т. Ғабитов, А. Т. Құлсариева. – Алматы, Раритет, 2004. 11. Нысанбаев Ә., Әбжанов Т. Философия тарихы. Алматы, 1999. 12. Современная западная философия. Словарь. М.: 2000. 13. Фрейд З. Тотем и табу. М.: 1990. 14. Философия (под ред. Никитич Л. А.) М.: 2000. 15. Философия (Құр. Т. Ғабитов Аламты, Раритет, 2005). 16. Философиялық сөздік. Алматы, 1996. 17. Фрейд З. Я и Оно. М.: 1998.
|