ЖАЛБЫЗ – МЯТА
Халық шаруашылығындағы маңызы. Жалбызды – 1,5-5,3% эфир майы болатын жапырағын алу үшін өсіреді. Сонымен қатар жалбыздың барлық жер үсті органдарында эфир майы болады: құрғақ жапырақтарында 2,40-2,75%, гүл шоғырында 4-6%, сабағында 0,3% дейін. Гүлдену кезеңінде өсімдік құрамындағы эфир майының үлесі артады. Жалбыз майының негізгі құрам бөлігі ментолдан тұрады және оның мөлшері сортына байланысты 54-57% аралығында ауытқиды. Гүлдену кезеңінен кейін жиналған жалбыз құрамында ментол үлесі артып, жалбыз майына сүйкімді хош иіс береді. Жалбыз майын медицинада, парфюмерия, кондитерлік және ликер-арақ өндірісінде қолданады. Жалбызды негізінен ТМД елдерінде – Украина, Молдавия және Ресейде өсіреді. Оның құрғақ жапырақ өнімі гектарына, бірінші жылы-8-10, ал екінші жылы – 20ц дейін. Морфологиялық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері, сорттары. Ерінгүлділер тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін, қоңыржай климаттың ылғал сүйгіш өсімдігі. Жалбыздың (Mentha) бірнеше мәдени түрлері бар: бұрышты (M. Pipera L.), жапондық (M. Japonica L.) және бұйра (M. Crispa) жалбыз. ТМД-да көбіне егілетіні бұрышты жалбыз. Бұрышты жалбыз – Тауқалақай тұқымдасына (Lamiaceae) жататын көпжылдық тамырсабақты өсімдік. Бұрышты жалбыздың екі негізгі формасы кездеседі-қара және ақ. Өндірісте қара формасы қолданылады. Жалбыз тамырсабағы топырақтың терең қабатында жатады. Сабақтары тік өседі, бұтақтанады, биіктігі 80 см жетеді. Жапырақтары – қарама-қарсы орналасқан, жиегі өткір ара тісті, сопақ қандауыр пішінді. Жапырақ жүйкелерін бойлай эфир майын түзетін көп мөлшерде бездер орналасқан. Гүлдерінің көп бөлігі аналық, ұсақ, қызғылттау бос масақ тәрізді гүл шоғырына топталып жиналған. Көптеп гүлденгенмен тұқым түзбейді. Жалбыз тамырсабағымен көбейеді. Жалбыз жылуды аз талап етеді. Азғана қар жамылғысында ол жабусыз-ақ жақсы қыстайды. Тамырсабақтарындағы бүршіктер 2-3°C ояна бастайды. Жас өркендер 6°C өне бастайды да 6°C дейінгі үсікті көтере алады. Жалбыз жарыққа қатаң талап қояды. Жапырақтары көлеңкеленсе, өнім мен ондағы эфир майының мөлшері төмендейді. Жалбыз ылғал сүйгіш өсімдік. Жер үсті массасы топырақтың 80% төменгі ылғал сиымдылығында өте жақсы жетіледі. Өсімдік құнарлығы төмен топырақтарда жақсы өседі. Бұрышты жалбыз өсіретін аймақтарда оның көптеген жергілікті сорттары өсіріледі. Селекциялық жұмыстардың арқасында Прилукская 6 және Краснодарская 2 сияқты құнды сорттары кеңінен пайдаланылуда Өсіру технологиясы. Бұрыштық жалбызды ауыспалы егісте күздік дақылдардан кейін немесе арнаулы телімдерде орналастырады. Оған гектарына 15-20 т көң және толық минералдық тыңайтқыштар (N – 90кг, P2O5 – 60кг, К2О – 90кг) енгізіледі. Көңді толық, минералдық тыңайтқыштардың бір бөлігін күзде топырақты жыртқанда, ал минералдық тыңайтқыштардың қалған бөлігін қопсытудың алдында, тамырсабақты отырғызғанға және үстеп қоректендіруде қолданады. Топырақты өңдеу 25-27 см тереңдікке сүдігер жырту (күздіктерден кейін алдын ала сыдыра жыртқыштармен өңдеу), ерте көктемдегі тырмалау және культивациялау жұмыстарын қарастырады. Жалбызды тамырсабақпен отырғызады. Оны күзде ескі плантацияда дайындайды. Плантацияны 12-15 см тереңдікке қайырмасыз соқамен өңдейді, сонан соң тамырсабақты тырмамен жинап алады. 1 гектардан 40-50 ц тамырсабақ алынады. Оларды қыста арнайы қазылған орда сақтайды. Жалбыз тамырсабағын ерте көктемде СКМ-3 арнайы көшет отырғызғыш машиналармен қатараралығы 70 см, қатардағы тамырсабақ ара қашықтығын 10-12 см етіп отырғызады. 1 гектарға отырғызылатын тамырсабақ материалының мөлшері 8-10 ц шамасында болады. Тамырсабақты отырғызу тереңдігі 7-8 см. Плантацияны күтіп-баптау-көктемгі тырмалау, 4-5 рет қатараралық өңдеулер мен бірінші және екінші қопсытуларда минералдық тыңайтқыштармен (N – 30кг, P2O5 – 30кг, К2О – кг) үстеп қоректендіруден тұрады. Жалбызды арнайы қарастырылған пішен шапқышпен гүлдену кезеңінде орады. Бұл кезеңде ол эфир майы көп мөлшерде болатын жапырақ өнімін береді. Өсімдік дестеде кептіріледі және оны толық кептіру үшін арнайы дайындалған жерге алып кетеді. Ұнтақтағыш машинамен жалбыздың эфир майы жоқ сабағынан жапырақтарды ажыратады. 11% аспайтын ылғалдылықтағы құрғақ жапырақтарды өңдеуге өткізеді.
|