1.ЗАТ ЕСІМ, ОНЫҢ ЖАСАЛУЫ. Зат есім - заттың, құбылыстың атын білдіріп, кім? не? деген сұраққа жауап беретін сөз табы. Зат есімнің жасалуы Зат есім негізгі және туынды зат есімдер, күрделі зат есімдер болады. Туынды зат есімдер жұрнақтар арқылы жасалады. Мысалы: қой-шы, жақсы-лық, айт-ыс, т.б. Күрделі зат есімдер бірігу, қосарлану, тіркесу арқылы да жасалады. Мысалы: өнеркәсіп, ауыл-аймақ, қант қызылшасы, т.б.
Зат есім тудыратын жұрнақтар
Қазақ тілінде зат есім болып саналатын сөздердің көпшілігі қосымша арқылы жасалатын туынды сөздер болып табылады. Ондай жұрнақтар үлкен 2 топқа бөлініп жүр:
1) Есімдерден зат есім тудыратын жұрнақтар:
-шы, -ші: ән-ші, аң-шы. Бұл жұрнақтар арқылы жасалған сөздер көбіне кәсіп, мамандық, бірдеңеге икемділікті білдіреді.
-лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік: жақсы-лық, шебер-лік, дос-тық, т.б. Ондай сөздер жалпылық, қалыптық, қатыстық мән білдіреді. –шылық, -шілік құранды жұрнақтар: егін-шілік, айырма-шылық.
-ша, -ше: бөлім-ше, маңдай-ша.
-шық, -шік: ойын-шық, үй-шік, т.б.
-ыл, -іл, -л: тарс-ыл, гүр-іл, т.б. Бұл жұрнақтар көбінесе еліктеу сөздерге жалғанып, сол құбылыстардың атын білдіреді.
-хана, -стан, -кеш сияқты араб-парсы тілдерінен енген қосымшалар: дәрі-хана, Қазақ-стан, арба-кеш, т.б.
2) Етістіктен зат есім тудыратын жұрнақтар:
-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе: бөл-ме, мін-бе, кес-пе, т.б.
-ым, -ім, -м: бөл-ім, тый-ым, тоқта-м, т.б.
-қы, -кі, -ғы, -гі: шап-қы, бұр-ғы, сүз-гі, т.б.
-ыс, -іс, -с: жең-іс, айт-ыс, тала-с, т.б.
-ық, -ік, -қ, -к: қаз-ық, көр-ік, сұра-қ, тіле-к, т.б.
-ақ, -ек, -қ, -к: қон-ақ, тіре-к, жат-ақ, т.б.
-ғыш, -гіш, қыш, -кіш: бас-қыш, сүз-гіш, қыр-ғыш, т.б.
-ын, -ін: жау-ын, түй-ін, т.б.
-ыш, -іш, -ш: сүйен-іш, қуан-ыш, т.б.
-уыш, -уіш: тырна-уыш, түйре-уіш, т.б.
-ман, -мен: оқыр-ман, көрер-мен, т.б.