Шағын жинақталған мектептегі басқару принциптері
Басқару міндеттері төмендегідей төрт топқа бөлінеді: Бағытына қарай - әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық-педагогикалық, ұйымдастыру-педагогикалық; Мазмұнына қарай – оқу-тәрбиелік, әдістемелік; Басқару деңгейіне қарай – оқушылар, мұғалімдер ұжымы, орынбасарлар, мектеп басқарудағы коллегиялды органдар деңгейлері; Уақыт, кезеңге қарай – ұзақ, ағымды, жедел, жарты жылдық, тоқсандық, айлық, апталық, күндік міндеттер. Сондай-ақ, шағын комплектілі мектепті басқару мақсаты мен міндеттері білім берудің ұлттық үлгісінің әр деңгейінің мақсаты мен міндеттерімен ұштасуы қажет және деңгейлер арасындағы байланыс, бірізділік, жүйелілік, сабақтастық сақталуы тиіс. Шағын комплектілі мектепті басқару әрекетінде мақсат пен міндеттерді жүзеге асруда басқару принциптеріне сүйену керек. Басқару принциптері – бұл әлеуметтік-экономикалық дамудың белгілі салаларын басқаратын органдар ман адамдардың өз жұмысында басшылыққа алып қолданатын негізгі ережелер. Солардың ішінде жетекші принцип – ғылымилық принцип. Шағын комплектілі мектепті басқаруда басшыларға жеке бастың тәжірибесіне ғана сүйеніп басшылық етуге болмайды. Шағын комплектілі мектепте ғылыми басшылық ету, басшылардан саяси есеюді, кәсіби білгірлікті ғана емес, басқару теориясы мен практикасы саласынан жан-жақты терең білімі болуын, педагогикалық-психологиялық ғылым жетістіктерін өзінің күнделікті жұмысында пайдаланып отыруды талап етеді. Осы талаптардың орындалуы нарықтық қатынастар жағдайында мектептің әлеуметтік ортамен, өмірмен байланысын нығайтады. Шағын комплектілі мектепті – басқаруда демократиялық және коллегиалдық принциптерді қолданудың маңызы зор. Демократиялық принцип – шағын комплектілі мектеп жұмысына қалың бұқараны кеңінен тарту, ұжым мүшелеріне дербестік беру. Соның нәтижесінде жеке ерекшеліктердің дамуы жүзеге асып қоймай, жеке бастамалардың түпкілікті мақсатқа жетудің әр түрлі жолдары мен әдістерін дамыту жүзеге асады. Коллегиалдық принцип негізінде шағын комплектілі мектеп басшылары жеке басшылық жасау құқығымен қатар, өз жұмысын ұжымға, педагогикалық кеңеске, бірлестіктерге, қоғамдық ұйымдарға мектеп кеңесіне сүйене жүргізеді. Сондай жағдайда басшы барлық ұжым мүшелері арасында еңбекті дұрыс бөлуге қам жасайды, ұжымдық шешім жасауды ұйымдастыра біледі, алдағы жұмысты жан-жақты болжайды, талқылауды ұйымдастырады. Коллегиалдық пен жеке басшылықты ұштастыру өте тиімді, себебі мұндай жағдайда ұжымда еңбек тәртібін сақтауды қамтамасыз етіп қоймай, сонымен бірге кадрлардың ұжым ықпалымен қалыптасуына, тәрбиеленуіне, олардың белсенділігін арттыруға, біржақтылыққа соқтырмауға ықпал етеді. Жоғарыда аталған принциптермен қатар басқаруда мектептің дамуын жүзеге асыратын, оны бір деңгейден екінші деңгейге өткізетін, жеке тұлғаны дамытуға бағытталған – жоспарлау, мақсатқа жетуді қамтамасыз ететін, оның орындалуын анықтауға бағытталған – бақылау, оқу-тәрбие үрдісінің тиімділігіне бағытталған – оңтайлық;, нақты нәтижеге бағытталған - әділдік, кадрларды іскерлігіне, қабілетіне қарай қою принциптеріне сүйену шағын комплектілі мектепте білім беру сапасын арттырудың бірден-бір жолы. Шағын комплектілі мектепті басқаруда ең алдымен есекеретін жай, ол әлеуметтік құндылық – адамға бағыттау, яғни ұжымның әр мүшесінің жеке басын сыйлау, құрмет тұту, әрқайсысының жеке ерекшелігіне, тіптен мінез – құлқына сай басқару (бұған шағын комплектілі мектепте мүмкіндік бар, ол ұжым мүшелерінің аздығы). Бұл – басқарудың өте бір маңызды жағы. Қазақ тарихындағы дала кемеңгерлері Қорқыт ата, Ұлық-Түрік, Әл-Фараби, Ахмет Иассауи, Бұхар жырау, кешегі өткен Абай, Сұлтанмахмұт, Жамбыл – бәрінің арманы бір идеяға бағытталған, ол: “Адамнан құнды, адамгершіліктен асқан мәңгілік асыл жоқ” деген. Бүгінде білім берудің ұлттық үлгісін жүзеге асыруда басқару тәжірибесінің тиімді жақтарына сүйене отырып, осы армандарды жүзеге асыратын күн туып отыр.
|