Тақырып. Еркін және еріксіз денелер. Байланыстар және байланыстар реакциясы
Егер дене басқа денелермен байланыста болса еріксіз дене, ал егер байланыста болмаса еркін дене деп аталады. Дененің орын ауыстыруын шектейтін шаманы механикада байланыстар деп атайды. Осы байланыс тарапынан қарсы әсер ететін күш реакция күші деп аталады. Реакция күшін қарсы әсер күші деп түсіну керек. Сонымен, байланыс реакциясы байланысты ойша алып тастаған кездегі мүмкін болатын дене қозғалысының бағытына қарама-қарсы бағытталған. Реакция күштерін кейде пассив күштер деп атайды. Денеге байланыс реакциясынан басқа да күштер әсер етуі мүмкін, ондай күштер белсенді күштер немесе берілген күштер деп аталады. Байланыстар аксиомасы (байланыстан босату принципі) Кез-келген еріксіз денені ойша байланыстардан босатып және осы байланыстар әсерін сәйкес реакция күштерімен алмастырсақ онда еріксіз денені еркін дене деп қарастыруға болады. Денелердің тепе-теңдігін есептеген кезде байланыс реакцияларының бағытын дұрыс көрсету қажет. Статика есептерін шешу кезінде жиі кездесетін байланыстарды мынадай түрлерге бөлуге болады: 1. Денелердің өзара түйісуі. Үйкелісін ескермеуге болатын бетті жылтыр бет дейміз. Жылтыр беттің байланыс реакциясы жанасушы беттерге ортақ нормаль бойымен бағытталады. Егер жанасатын беттердің біреуі екіншісіне нүкте немесе қабырға арқылы тірелсе. Онда байланыс реакциясы жанасу нүктесінен екінші дене бетінен жүргізілген нормаль бойымен бағытталады. 4.1-сурет. Жылтыр беттің реакция күші. 2. Керілгіш байланыстар (жіп, арқан, шынжыр т.б) Созылмайтын керілгіш жіп, арқан түрінде берілген байланыстар дененің бір бағыттағы (созылу керілу бағыты) қозғалысын шектейді де, реакциясы сол байланыстың бойымен бағытталады. 4.2-сурет. Керілгіш байланыс.
|