Студопедия — Тұманбай Молдағалиев
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Тұманбай Молдағалиев






(1935 жылы туған)

1968 жылы «Жаңа дәптер» жинағы үшін Республика Комсомолы сыйлығының, 1982 жылы «Жүректегі жазулар» кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. 1992 жылы Бүкіл Түркі дүниесі ақындарының Физули атындағы Халықаралық сыйлығын алды. Қазақстанның Халық жазушысы.

1957 жылы «Тың жерді игергені үшін», 1970 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған.

20-наурызда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Жарсу (Казатком) ауылында туған. 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған. Еңбек жолын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде әдеби қызметкер болудан бастаған. 1956-1959 жж. «Пионер» журналында әдеби қызметкер, 1959-1971 жж. «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор, редакция меңгерушісі болған. 1971-1973 жж. «Балдырған» журналында жауапты хатшы, 1973-1984 жж. «Жалын» альманахының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1984-1986 жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болды. Қазір республикамызда сәбилерге арналған тұңғыш журнал «Балдырғанның» бас редакторы.

Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы 1957 жылы «Студент дәптері» деген атпен жарық көрді. Содан бергі уақыт ішінде ақынның қырықтан астам кітабы басылды. Бірнеше жинақтары орыс тілінде Мәскеу, Алматы баспаларынан шықты. Орыс және батыс классиктерінің, сондай-ақ туысқан республикалар ақындарының өлеңдерін қазақшалаған.

Н. Тілендиевтің, Ш. Қалдаяқовтың, Ә.Бейсеуовтің көптеген әндеріне өлең жазған.

Алғашқы өлеңдерінен-ақ ақын соны леп, соны ізденіспен өзінің шығармашылық бетін, талантын таныта білді. Қазақ поэзиясына жаңа бояу әкелген жас ақын адам сезімін, махаббатты өзіндік бір нақышпен, нәзіктікпен, шынайы тебіреніспен жырлауға кірісті. Ол өмір құбылыстарын адамның жеке басына, тіршілігіне, асыл мұратына үйлестіре отырып, лирикалық кейіпкердің жан дүниесін шебер ашады.

Ақын өлеңдерінің негізгі тақырыбы – өзінен бұрын да айтылып келе жатқан адам баласының табиғатындағы түрлі сезім күйлері. Өзінің шығармашылық кредосы етіп гуманистік, адамгершілік мұраттарды жырлауды алады. Ол табиғи сезімдер, үміт, арман, күйіну, сүйіну, ризалық, өкініш, т.б. сезім күйлерін ерекше тебіреніспен өлеңге аналдыра біледі. Ақынның ой-сезімінің жылы қабылданып, үнемі оқырман жүрегіне жол табатыны – оның поэзияның қыр-сырын игерудегі шеберлігінен. Оның ақындық идеалы – әдемілік, жарасымдылық, адам жанының сұлулығы. Осынау асыл қасиеттерді ақын табиғат құбылыстарымен байланыстыра жеткізуге шебер. Ақын жырларының мазмұнында адамның көңіл күйі жыл мезгілдерімен астасып жатады.

Оның ақындық сыры шынайы адамдық қылықтарға, жас адамға лайық сезім шыншылдығына, ойға құрылған. Ақын сол бір шынайы ой мен сезімді суреткерлікпен таныта білу, бейнелеу қабілетін байқатты. “Студент дәптерінің” бірден оқырман жұрттың назарына ілігуі осының белгісі еді. Жас ақынның балаң жырлары бүгін де әлі өзінің ой, сезім тазалығымен көзге түседі.

 

Ай да бүгін аласарып, төбемізден төнеді,

Сәулешімді рұқсатсыз қайта-қайта көреді.

Көлегейлеп жабар едім албыраған жар жүзін,

Бірақ менің өзімнің де көре бергім келеді, –

 

дейді жас ақын.

Ақындық дүние танымда Тұманбай махаббат пен табиғатқа егіз құбылыс есебіне қарайды. Ой мен сезімді табиғаттың әсем көріністерінен алады. Өз сезімін соған балама етіп ұсынады.

 

Ай қарады көгілдір көл бетіне

Қыз қарады көлдегі келбетіне.

Қосылды да, қос сәуле құшақтасты,

Мөлдір толқын төсінде тербетіле.

 

Осы шумақтағы ақындық параллелизм – көгілдір көл бетіндегі ай сәулесі мен қыз келбеті, мөлдір толқын бетінде тербетілген ғашықтардың мөлдір сезімі адам өміріндегі тазалықты бейнелейді, оқырманым да оған іңкәр етеді.

Тұманбайдың сыршыл ақын екендігі оның табиғат туралы жырларынан да жақсы көрінеді. Ақын жырларында табиғат қуанып, күрсініп, күйзеліп, ойланып дегендей, адам секілді әралуан күйге бөленіп тұрады.

 

Алма ағаштар жырлады

Ақшыл көйлек киіп ап,

 

– дейді ақын. Көктемде гүлдеген алма ағаштарының ақ бүршіктерінің көйлекке теңестірлуі ұтымды.

Ұясына күн кіре алмай тұрады,

Жапыраққа ілініп қап шапағы,

 

– деген жолдардағы нәзік суреттің жанды сипаты көз алдыңнан кетпейді. Жапыраққа ілініп қалып, түсе алмай тұрған күн шапағы соншалықты әсерлі.

 

Келе жатам көше бойлап, аяңдап,

Күні бойғы қызметімді тамамдап.

Ойым бұлттың арасында жүреді,

Бір жаңбырдың жауатынын хабарлап,

 

– дейді ақын тағы бір жырында. Лирикалық кейіпкердің жан дүниесіндегі құбылыс табиғатпен астаса көрінеді де, адам табиғаттың бір бөлшегі екені сезіледі.

“Алматыда қар жауды түніменен”, “Көктемдей бейне айрылған ерте көріктен”, “Шақырды дала, шақырды кел деп Алатау”, т.б. өлеңдерінен де астарлы мағыналар аңдалып қалып отырады. Көктеммен бірге Тұманбай жырларында күзгі суреттер де көп кездеседі. Жан дүниесін мұң жаулаған кезде осы күзгі мезгілді жырлауға бейім екендігі де байқалады. Кейде жыл мезгілдерінің әрқайсысынан белгілі бір мағына тауып алып отыратыны бар.

Барлық жыл мезгілдеріне үмітпен, суреткерлікпен қарайтын ақынның қалай болғанда да көбірек жырлайтыны – көктем мезгілі.

Атап айтқанда, «Ертең көктем келеді Алматыға”, “Бізді көктем соңына тастамасын”, “Көктемнің соңғы күні – бүгінгі күн”, “Тағы да көктем келді”, “Көңілімде менің бір көктем”, т.б. өлеңдері оқырманға жақсы әсер ететін образдарға бай. Ақын ылғи да жылдың осы мезгілінен шабыт алып, тебірене жырлауға бейім.

Бір қызығы оның махаббат жырлары табиғатпен тығыз байланыста көрінеді, әсіресе көктем мезгілі оған махаббаттың символындай әсер етеді. Көктем күніндегі тамшылар қыз жанарынан түскен көз жасын елестетсе, жасыл жапырақтар желкілдеген сезім ұшқындары сияқты көрінеді.

Тұманбай өлеңдерін оқып отырып, ақын бойындағы ғашықтық сезімі туған табиғатты арқылы келгендей күй кешесің. Табиғатты таза да, нәзік көңілімен сүйген ақынның жырлары неге соншалықты мөлдір болып келетінін түсінесің.

Барлық жақсы ақындар сияқты оның пайым-парасаты туған ауылы, өскен ортасы, көрген өмірі, Отанды, адамды сүю сезімдерімен тығыз байланыста дамыиды. Оның лирикалық қаһарманы үнемі ой-толғаныс үстінде. Бұл кейіпкерге жұмсақ мұң, ойлы сезімталдық, болашаққа деген сенім тән болып келеді. Өлеңдерінде лирикалық кейіпкердің өзінен басқа жаны жайсаң адамдар, нәзік сезімді арулар, мейірімді аналар көбірек көрінеді. Ақынның тыным таппай, үздіксіз жырлайтыны - өмірдің қарапайым құбылыстары, адамның қилы-қилы тағдыры, жастық пен Алатау бауырындағы өзінің туған жері.

Бұрынғы ақындарда сан айтылған тақырыптар мен ситуацияларды Т.Молдағалиев әсерлі етіп, құлпырта жазады. Мәселен, ол «Ақ шашты атадан қорқам» өлеңінде «ақ шашты атадан», «мүрделі жотадан», «шимай-шимай әжімнен», «сықырлаған таяқтан», «тықылдаған сағаттан», күз келсе, гүлдердің солуынан, зулаған жүйрік күндердің қанаты бір күн талуынан, т.б. әрқайсысынан жеке-жеке қорқатынын әсерлі жеткізеді. Сөйтіп, әр детальдың астарынан өмір философиясын табады. Тіпті болашағынан, келер күндерінен қорқатынын да жасырмайтынын айтқан кезде оқырман еріксіз ойланады.

Ақын ылғи да оқырманын толғанысқа бөлеп отырады. Адамның шаттық кезін ғана емес, қапаланған сәтімен де кең түрде суреттеу, жан-жақты қарастыру, жан дүниесіне үңіле білу үлкен сезімталдықты қажет етеді. Бұның адамның сыр-сипатын жан-жақты ашу талабымен ұштасып жатқанын көреміз.

...Өмір деген – алысқа аттаныс,

Қайда ұшсаң да, қасиетіңді сақтап ұш.

Бүгін дырдай көрінгенмен, күні ертең

Мен сендерге бола алам ба мақтаныш?

– деп, өз болашағына күмәнмен қарағандай болады.

Бірақ ақынның еңбекқорлығы мен таланты бұндай күмәнға орын қалдырмайды. Өз замандастарының жан дүниесіне үңілген ақын оның рухани байлығын барлайды, өмір жайлы, жақсылық пен жамандық, махаббат пен құштарлық жайлы сыр шертуден жалықпайды. Оның лирикалық кейіпкері – қашанда игілікке құштар, сұлулыққа ғашық.

Махаббат тақырыбын көп жырлаған Тұманбай Молдағалиевтың бұл тақырыпты жырлауында өзіне тән көркемдік үрдіс айқын сезіледі. Алдыңғы буын ақындарды қайталап алмай, сезім күйін жаңаша жеткізуге ұмтылысы да сәтті шығып жатады.

Өлеңдеріндегі лирикалық тыныс мейлінше кең әрі жан-жақты. Ақынның махаббат туралы өлеңдерінде мұңаю, елжіреу, өкіну т.б сезімдері алдыңғы планда. Лирикалық кейіпкердің әсем кестеленген махаббат сезімі үнемі дерлік көркем де әсерлі болып келеді.

Махаббатты айта отырып, Тұманбай адам жанының қалтарыс-құпияларын өзінше жеткізеді:

 

Сұлу едің, көрікті едің, ұяң ең,

Көңілдегі қырды кезген қиял ең.

Сол бір үнсіз жанарыңа, жан сәулем,

Тірлігімді, нұр күнімді қияр ем,

 

– деп жырласа, енді бірде:

 

Сыр берместен, өлсем-дағы тегі мен,

Көзімдегі жасты сүртіп жеңіммен.

Ауылыңнан мен алыстап кеткенше,

Қимай қарап қалды деген сеніммен...

 

– деп шын көңілден тебіренеді.

Отаны, елі, жерінің тағдыры – ақын жырларының өзекті тақырыбы. Ол өзіне біткен бүкіл дарынымен, шығармашылық өмірімен, адамдық болмысымен туған еліне, жеріне қарыздар сезінеді.

 

Қайда жүрсем, ойлап сені жүремін,

Сүйікті елім, момын елім, ұлы елім.

Саған ғана арқамды мен сүйедім,

Саған ғана аяғымды тіредім,

 

– дейді ақын.

Тұманбай Отан деген асқақ ұғымды көктен алмайды, өзінің от басы, ошақ қасынан тарата отырып, елінің адамдарын, туған жерін, оның көркем табиғатын осы ұлы ұғыммен астастырып жібереді:

 

Мен тудым кең далада, еркін өстім,

Кеудемді желге тостым, күнге тостым.

Жаз бойы таң атқанша жұлдыз санап,

Ақ бұлтпен жел айдаған бірге көштім.

Көзімді жұмып, төсегіме жатып ап,

Ойлансам бір туған ауыл, атырап.

Алдыма кеп тұра-тұра қалады,

Бәрі соның жүрегіме жақын-ақ.

 

Міне, осы шумақтардан көрініп тұрғанындай, ақын тағдыры өзі өскен өңірмен, өмір сүріп отырған ортасымен тығыз байланысты. Тау мен дала перзенті Отан ұғымын жалаң қабылдай алмайды, айналасы арқылы ой түйіп, Отанды образбен көруге бейім. Ақын үшін туған анасы, ересек ағалары, үлкен аға, кіші іні, биік тауы, кең даласы, шалқыған өзені, теңізі, құмы – бәрі оның қимас Отаны.

Тұманбайдың ана туралы өлеңдері де оптимистік рухта болып келеді. Ана махаббатының баласына күш-қуат беретіні “Құлайын деп бара жатам құлдырап” деген өлеңінде қисынды көрінеді. “Қалдырған үйі сол болар”, “Соғыс бітті”, “Әкем әлі тірі жүрген сияқты”, “Туған жерге оралмаған солдаттың”, т.б. өлеңдерінен соғыстан қайтпай қалған әкесі мен ағаларын екі көзі төрт болып күткен, жол күзеткен бала сезімін айқын танимыз.

Балалық пен жастыққа кәрілікті қарама-қарсы қою үрдісі ақын поэзиясындағы философиялық пайымдаулардың бір парасы.

 

Біреулер кеп ат байлайды қораңа,

Құда түсіп келгендер-ау балама.

Қызым ерге шығам дейді кешікпей,

Той жасауға асықпасқа бола ма?

 

...Асығыстық маған басшы боп алды,

Тыныш өмір тағы қайта жоғалды.

Кеше үйленген араздасты екі жас,

Жарастырар тағы менмін оларды.

 

Бұлар – өмірдің өз қойнауынан ағып түскендей әсер ететін шыншыл жолдар. Бұрынғы жастық сезімі алыстап кетпесе де, жасы ұлғайған ақынның жан дүниесінде басалқалық, орнықтылық бар. Бірақ соған қарамастан, есейген адамды да өмір асықтырып, тыным тапқызар емес. Енді жастық нәзік сезімдердің орынын егде жастағы ойшылдық басып бара жатқаны байқалады.

Ақын өлеңдерінің бір тобы – арнау өлеңдері. Олардың әрқайсысы белгілі бір адамға, көрнекті тұлғаға арналып жазылғанымен, әр өлең философиялық түйіндеуге бейім. Көркемдік талаптарға сай жазылғандықтан ол өлеңдер де назар аударуға лайықты деңгейде.

Тұманбай – өз өмірінде ел аралайтын сапарларға, шетелдерге көп шыққан адам. Оның әр сапарынан өлең жазбай оралған емес. Ақынның “Қырғыз әуендері”, “Қырым дәптері”, “Саха дәптері”, “Швеция сапары”, “Италия жырлары ”, т.б. циклдік жырларында тек сапар әсерлері ғана бейнеленбей, позияға шығармаларға тән ортақ пайымдаулар, көркемдік түйіндер де жасалып отырады.

Өзінен бұрынғы қазақтың мықты ақындарымен ылғи да сырласып жүретіні де ақын ойшылдығының көрінісі. Атап айтқанда, ол үшін Абай, Мағжан, Қасым, Әбділдалар көркем ойдың келісті үлгісі сынды.

Т.Молдағалиев поэмаларының мазмұны, Ұлы Отан соғысының қиын жағдайында өткен өзінің балалық шағындағы оқиғаларға құрылады. Атап айтқанда, “Әкеммен әңгіме», “Менің анам”, “Жеңеше», “Өшпей қалған сәулелер» поэмалары қазақ халқының басындағы осынау қиын кезеңді қамтиды. Бұл туындылардың негізгі кейіпкерлері – соғыстан қайтпай қалған әкесі, жесір қалып, жастығын тұрмыс ауыртпалығы астында өткізген анасы, әпкесі мен жеңгесі. Бала көзімен берілген поэмалар оқиғалары естелік үлгісінде баяндалып, жырланады. Соғыс кезіндегі тыл өмірінің көріністері мен ахуалы бұл туындылардың реалистік сипатын күшейтіп тұр.

Өз замандастарына арнаған поэмалық шығармалары да лирикалық планда болып келеді. “Қамила”, “Алатау қызы”, “Мазасыз махаббат” поэмаларында әрқилы тағдырлар, кейіпкерлер өмірінің әрқилы кезеңдері суреттелген. Ел аузындағы аңызға құрылған «Атантай ата» поэмасы нақты адам образын танытар суретке бай. Поэмада қазақи рух басым, елдің тұтастығы үшін күрескен батырлардың бірін-бірі сыйлауы, сөзге тоқтай білуі, халқы үшін қам жеуі кестелі берілген.

Ақынның поэмалары да лиризмге толы. Мәселен, «Феруза туралы жыр» поэмасындағы тақырыбы да – албырт жастық, адал махаббат пен таза сезім. Поэма кейіпкері – жүрек тербер нәзік сырлардың иесі. Шығарманың көркемдік идеясы – махаббатты, қасиетті сезімді қастерлеу, осы арқылы адам бойындағы абзал қасиеттерді биіктету.

Қалың көпшілік сүйіп тыңдайтын ән өлеңдері де Тұманбайда баршылық. Атап айтқанда, ол – «Құстар әні», «Құстар қайтіп келеді», «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің», «Шақырады көктем», т.б. “Куә бол”, “Ғашық жүрек, қайда апарып соғасың”, “Бақыт құшағында”, “Екі жұлдыз”, “Қайран менің жүрегім” сияқты көптеген ән өлеңдерінің авторы. Ән өлеңдерінде нәзік сыршылдықпен бірге асау сезімнің де басымырақ көрінетінін айтып өткен орынды.

Тұманбай өлеңдері негізінен қазақтың қара өлеңінің үлгісінде жазылады.. Бірақ ішінара тың формамен жазылғандары да кездеседі. Кейде сөйлеу мәнеріне ыңғайлап, 12, 13 буынмен жазса, кейде дәстүрлі төрт тармақты бұзып, бес тармақпен де жазып жіберетіні бар. Бірақ ондай ізненістер өлеңдерінің көркемдік сынын бұзбайды.

Мысалы, мына шумақ бес тармақты:

 

Тұлпар ма деп ем қаны да таза, жаны да,

Тұғырдың бәрін кететін көміп шаңына.

Ауыл арасы мінуге ғана жарайтын

Мінезі таныс, пиғылы бәр-бәрі айқын.

Торшолақ менің елестеп кетті көзіме.

 

Алты тармақты өлең үлгісі:

Жауып өтті бір жаңбыр,

Шауып өтті бір жаңбыр.

Найзағайды қамшы ғып.

Тоғанда су толқыды,

Шұқырларда көл тұнды,

Жайқалды жас тал шыбық.

Бір сөзбен айтқанда, Тұманбай Молдағалиев – қазақ өлеңін лирикалық бағытта мейлінше дамытқан, қазақ поэзия әлемінде өз үні, өзіндік бет-пішіні бар ақын.

 

Ысқақ Қалихан

(1935 жылы туған)

 

Прозашы, драматург, кинодра­матург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халықаралық Жамбыл атындағы әдеби сыйлықтың және Ғ.Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты.

1935 жылы 14-наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданының Топқайың ауылында туған. ҚазМУ-дің журналистика факультетін, Мәскеудегі Мемлекеттік кино комитеті жанындағы режисерлер мен сценаристердің жоғары курсын бітірген. «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Халық конгресі» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Парасат» журналдарында бөлім меңгерушісі, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының үшінші шығармашылық бірлестігінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, М. Әуезов атындағы Академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болған.

«Дос хикаясы», «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны», «Күреңсе», «Қоңыр күз еді» повестер жинағы, «Березовая роща», «Кедры высокие» жинақтары, «Тұйық», «Қара орман», «Ақсу – жер жаннаты» романдары, «Жарық дүние» пьесалар жинағы жарық көрген. «Ақсу – Жер жаннаты» романы үшін 1992 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Оның жиырмаға жуық пьесасы республикалық, облыстық драма театрларының репертуарларына енді. Солардың басты-бастылары – «Қараша каздар қайтқанда», «Таңғы жаңғырық», «Есеней – Ұлпан», «Жан қимақ», «Сабатажж!», «Қылкөпір», «Мазар», «Рево­люция сарбазы», «Ерліктің екі сағаты», «Приказ остается в силе», «Двое в степи», «Алатай», «Жәке-жәкетай», «Сайқының тұқымдары», т.б.

Бүкілодақтық экранға шыққан бірнеше толық метражды фильмдердің («Ұшы-қиырсыз жол», «Саршатамыз», «Охрана бастығы», «Қараша қаздар қайтқанда») сценарийін жазған. Шығармалары өзбек, қырғыз, тәжік, татар, башқұрт, шешен, орыс, украин, словак, болгар тілдерінде жарық көрген. Екі томдық тандамалылары 1997 жылы оқырман қолына тиді.

Аударма саласында Л. Н. Толстойдың, А. П. Чеховтың, И. С. Тургеневтің, А. И. Куприннің, И. А. Буниннің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Нобель сыйлығының лауреаттары болған жеті драматургтің пьесаларын қазақшалаған.

Жазушының көрнекті туындыларының бірі «Қараорман» романы (1981) – ел ішіндегі түрлі типтік мінездерді әлеуметтік ойлармен астастыра суреттейтін шығарма. Өздерін «калымщиктер» деп атайтын кейіпкерлердің кәсібі – Алтайдың таулы ормандарынан ағаш кесу. Көпшілігі қалада тұрғандарымен, күнкөріс үшін үнемі түзде жүргендер. Жаз бойы жан аямай тер төгіп, ақша табудың өзге шаруалары жоқ. Қоғамнан бөлектеніп шет қалудың қиын екендігі кейіпкерлердің ел, жер тағдырына байланысты әңгімеге, әсіресе экологиялық мәселелерге араласуынан байқалады.

Романның бас кейіпкері Бекет – Алматыда сырттай оқып институт бітіріп келген бұрынғы балташы. Жасырын ағаш кесіп, заңсыз пайда тауып жүргендер – Жақып, әйелі Леся, суырыпсалма ақын Бескемпір, тырбық Мешел, осылардың тексеруге жіберілген сері жігіт Сиғат.

Бекет балташылармен тартыс үстінде өлім тұзағына іліне жаздайды. Иығын жарақаттап, әйтеуір аман қалады. Бірі бірінің жағасынан алып, аяғынан шалып жүрсе де, кейіпкерлер ажырасып және кете алмайды. Осындай ситуациялар арқылы жазушы адамдар қақтығысының кейбір психологиялық қатпарларын ашып көрсетеді.

Роман өзге ел өкілін бөтенсіп жатырқамайтын қазақы мінезді табиғи көрсете алған. Қазақ ішіне сіңіп кеткен кержақтар Сан Саныч, Осип қарт қазақша сөйлейді. «Біз қанмен емес, жанмен достасқан елміз», – дейді Жақыптың әкесінің тамыры Осип шал. Шығарманың адамгершілік қазығы халықтың қалың ортасында туған идея.

Сонау Алтай түпкіріндегі ағаш дайындау жұмыстарымен айналысып жатқан ұжым мүшелерінің тіршілік-тынысын суреттейтін бұл шығарма адамдар тағдырына жете үңілдіреді. Жазылу стилі жағынан сатиралық, комедиялық жанрларға тән машықты еске салып отырады.

“Жын қаққандай шарқылдап сатал-сатал “техничка” қуып жетті. Тоңқалаң асатындай лықсып барып кілт тоқтады да, қол көтерген Сан Санычқа дударбас шофер:

- Мерзавчик будет?! – деп бежірейе қалды.”[10]

Роман ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарындағы оқиғаларды қамтиды. Бұл – кеңістік заманның дәуірлеп тұрған кезеңі болатын. Роман кейіпкерлерінің тірлігі, былай қарағанда, тұйық тірлік. Олардың бар мақсаты – жаз бойы жан аямай тер төгіп, қойын-қонышты ақшамен сықау. Әйтсе де қоғамнан бөлек өмір сүріп, шет қалу тағы қиын. “Қараорман” романындағылар, қалай дегенмен, ел, жер тағдырына байланысты әңгімеге, әсіресе экологиялық мәселелерге еріксіз тартылады. Осы бағытта өз көзқарастарын сездіріп, ішінара қоғамдық мәні бар ойлар айтады.

Бекет - Алматыда сырттай оқып институт бітіріп келген бұрынғы балташы. Одан басқа кейіпкерлер Жақып, әйелі Леся, суырып салма ақын Бескемпір, тырбық Мешелдер жасырын ағаш кесіп, заңсыз пайда тауып жүрген жандар. Олардың сырын ашып тексеруші – өзі палуан, әрі әнші-сері, қарташы, жомарт, Сиғат деген бастық.

Кейіпкерлер әртүрлі жағдайда характерлеріне сай әрекет ете отыра, үнемі ой арпалысында жүреді, іс-әрекеттері күнделікті күйбеңнен артылмаса да, айнала дүниеге оқыс, тың көзбен қарауға ұмтылады. Жазушы оқушыны болған оқыс оқиғаның үстінен түсіріп, әңгімені жанды картиналарғаұластырып отырады. «Қараорман» романы 1989 жылы «Ақсу – жер жаннаты» деген атпен қайта өңделіп, басылды. Жаңа нұсқа роман көкжиегін кеңейтуі үстіне алпысыншы жылдары басталған әдеби кезеңнің қорытындысы іспетті әсер қалдырады. Еліне беріле қанша еңбектенгенімен, Сиғат тәрізді кейіпкердің бар әрекеті заяға шығады. Тоталитаризм жіберген ұлан-асыр қателіктерін талай рет мойындаған, өз табиғатын өзгертуге қауқарсыз. Ақсу шаруашылығын басқарып отырған Сиғат не түрлі пәле жабылса да, мойымайды. Аупартком бюросы түбіне жетіп тынады. Романда суреттелетін не олай, не бұлай емес бұлдыр тірліктің мәнін жете түсіну кейде оқырманға оңай соға қоймайды.

Бұл романның алдымен көзге түсетін ерекшелігі – Алтайдың қабат-қабат қатпарындай кейіпкерлер тағдырының да қым-қиғаш екендігі. Ірілі-уағын, негізгі және жанамасын қосып есептегенмен мұндағы кейіпкерлер саны отызға тартып жығылады. Өткен өміріне, өзектерінде жүрген өзіндік жан сырына үңіліп көрсек, олардың әрқайсысының тағдыр талайында әйтеуір кінәрат бары, кінәсіз дегенінің өзінде кәкір кездесетіні байқалып отырады. Алматыдай алыстағы астанадан келіп, Бұқтырманың екі жағын ен жайлаған ел ішіне бек сіңіп кеткен бойдақ жігіт Бекет, лесхоздың сарабдал да салиқалы бастығы Сиғат, сол жердегі орман-судың ортан қолдай иесі, егер Асхат (Асекең) құрдастығына сайып, онымен қанша қалжыңдасып, қанша ойнаса да, қыңқ демейтін, бір саусағы бүгулі, кісәпірлеу қортық Ситан, таяқтан жасқанып қалған жалшыдай қашанда мойнын ішіне алып, бүгіліп отыратын бухгалтер Әбдіжаппар, жалпақ жұртқа Тасқабақ атанып кеткен Жақып, ішуге келгенде іркілмейтін, өнері аузында, аузы сөзде жүретін Бескемпір, арақ көрсе де, ақша көрсе де, алдымен ұмтылатын, қортық Мешел, сергек ойлы, шаруақор, пысық, қазағуар Сан Саныч, қазақи характердің айқын көрінісі сынды жылқышы, бір кездегі Шурбай Сапанин, Шерубай ақсақал, еркекшоралығынан гөрі естілігі басым бойжеткен Сән, қырсықтығы да, қиқарлығы да жетерлік, қораштау кейпінен Кепкен шал атанып кеткен Масақбай, оның өр мінезді, нәзік жанды қызы Жәмила, аэропорт бастығы Қылаңхан, жесір кемпір Сарқыт, роман бетіндегі тағы басқа толып жатқан жандар – құр тобыр емес, бөлек-бөлек тағдыр иелері, белгілі бір әлеуметтік топтың өкілдері.

Қаладан келіп, ел-жұртпен етене қойындасып кеткен Бекет бейнесі оқырманды әр алуан ойға жетелейді. Оның жағымды я жағымсыз кейіпкерге жататынын талай жерге дейін тани алмай, дал боламыз. Өткен өмірінің күңгірт жақтары бар. Жасы біразға келген, сұрбойдақ. Байсалды, парасатты жан деп бағалап жіберуге де болар еді. Бірақ кей қылықтары, жасап жүрген тіршілігі көңілге қона салатындай ұғынықты емес. Орман түкпіріне жұмысқа келген жерінен аяқ астынан жоғалып кетеді. Көрікті қыз-келіншек көрсе, көңіл жарастыра кетуден де тайынбайды.

Табиғаттың ту-талақайға түсіп, жүдеп-жадап, өзгеріске ұшырауы осы Бекеттің көзі арқылы анығырақ көрінеді. Романға артылған көркемдік-идеялық жүк табиғат пен адамдардың, жеке адам мен қоғамның өзара қайшылығы арқылы бейнеленген.

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 2886. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Расчетные и графические задания Равновесный объем - это объем, определяемый равенством спроса и предложения...

Кардиналистский и ординалистский подходы Кардиналистский (количественный подход) к анализу полезности основан на представлении о возможности измерения различных благ в условных единицах полезности...

Обзор компонентов Multisim Компоненты – это основа любой схемы, это все элементы, из которых она состоит. Multisim оперирует с двумя категориями...

Композиция из абстрактных геометрических фигур Данная композиция состоит из линий, штриховки, абстрактных геометрических форм...

Лечебно-охранительный режим, его элементы и значение.   Терапевтическое воздействие на пациента подразумевает не только использование всех видов лечения, но и применение лечебно-охранительного режима – соблюдение условий поведения, способствующих выздоровлению...

Тема: Кинематика поступательного и вращательного движения. 1. Твердое тело начинает вращаться вокруг оси Z с угловой скоростью, проекция которой изменяется со временем 1. Твердое тело начинает вращаться вокруг оси Z с угловой скоростью...

Условия приобретения статуса индивидуального предпринимателя. В соответствии с п. 1 ст. 23 ГК РФ гражданин вправе заниматься предпринимательской деятельностью без образования юридического лица с момента государственной регистрации в качестве индивидуального предпринимателя. Каковы же условия такой регистрации и...

Случайной величины Плотностью распределения вероятностей непрерывной случайной величины Х называют функцию f(x) – первую производную от функции распределения F(x): Понятие плотность распределения вероятностей случайной величины Х для дискретной величины неприменима...

Схема рефлекторной дуги условного слюноотделительного рефлекса При неоднократном сочетании действия предупреждающего сигнала и безусловного пищевого раздражителя формируются...

Уравнение волны. Уравнение плоской гармонической волны. Волновое уравнение. Уравнение сферической волны Уравнением упругой волны называют функцию , которая определяет смещение любой частицы среды с координатами относительно своего положения равновесия в произвольный момент времени t...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.012 сек.) русская версия | украинская версия