Бап. Карантинге жататын өнiмдi әкелу, әкету, транзиттеу, iшкi мемлекеттiк тасымалдау, тексеру және залалсыздандыру тәртiбi
1. Карантинге жататын өнiмдi беруге немесе оның транзитiне шарт жасасқан кезде өнiм берушi уәкілетті органнан карантин шаралары туралы қажеттi ақпарат алуға және карантиндi объектiлердiң әкелiнуiнiң алдын алуды қамтамасыз ететiн жағдайларды қарастыруға мiндеттi. 2. Карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге фитосанитариялық бақылау бекеттері арқылы ғана рұқсат етіледі. Карантинге жататын өнiмге арналған кеден құжаттары фитосанитариялық бақылаудан өткiзiлген соң ресiмделедi. Жеке және заңды тұлғалар импорттық карантиндiк рұқсаттар алу үшiн карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасына әкелгенге дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей уәкiлеттi органға мынадай мәлiметтер: 1) карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасына әкелудiң мақсаты, оны өлшеп орау тәсiлi мен буып-түю түрiн көрсете отырып, жекелеген әрбiр түрi бойынша оның саны; 2) өнiмнiң пайдаланылу мақсаты мен орны (мекенжайы); 3) карантинге жатқызылған өнiмдер импорты болжанатын экспорттаушы елдердiң атауы, сондай-ақ карантинге жатқызылған өнiмдер шыққан елдiң атауы; 4) карантинге жатқызылған өнiмнiң болжамды жету мерзiмдерi; 5) карантинге жатқызылған өнiм сол арқылы Қазақстан Республикасына әкелiнетiн шекаралық пункттiң (постының) атауы көрсетiлген өтiнiм бередi. Импорттық карантиндік рұқсатты алуға өтінім берілген күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде рұқсат немесе оны беруден дәлелді бас тарту ресімделеді. Импорттық және транзиттік карантинге жатқызылған өнiм Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жабық немесе изотермиялық, ақаусыз және пломбаланған контейнерлерде, герметикалық орамаларда, вагондарда, автофургондарда, авторефрижераторларда және басқа да көлiк құралдарында тасымалданады. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан шетелдiк дипломатиялық өкiлдiктердiң, консульдық мекемелердiң, халықаралық ұйымдар өкiлдiктерiнiң, сондай-ақ артықшылықтар мен иммунитеттi пайдаланушы тұлғалардың карантинге жатқызылған өнiмдi әкелуi Қазақстан Республикасының заңдарына немесе Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес жүргiзiледi. 2-1. Қазақстан Республикасының аумағына: 1) уәкілетті органның импорттық карантиндік рұқсатынсыз және экспортқа шығаратын елдердің ұлттық карантиндік қызметтерінің фитосанитариялық сертификаттарынсыз карантинге жатқызылған өнімді; 2) карантиндік объектілер мен бөтен түрлер жұқтырған карантинге жатқызылған өнімді; 3) топырақты, тамыр жайған өсімдіктерді топырағымен қоса; 4) уәкілетті органмен келісім бойынша ғылыми-зерттеу мақсаттары үшін әкелінетін үлгілерді қоспағанда, өсімдік ауруларын қоздырушыларды - тірі саңырауқұлақ өскіндерін, бактерияларды, вирустарды, сондай-ақ өсімдіктерді бүлдіретін жәндіктерді, кенелерді, нематодтарды, карантиндік арамшөптер тұқымдарын әкелуге тыйым салынады. 3. Алып тасталды – 2009.07.17. №189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен. 4. Карантинге жатқызылған өнімді әкетуге уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері беретін фитосанитариялық немесе карантиндік сертификаттар болған жағдайда: 1) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге - фитосанитариялық сертификаттар болған жағдайда; 2) Қазақстан Республикасының ішінде - карантиндік сертификаттар болған жағдайда рұқсат етіледі. Жеке және заңды тұлғалар фитосанитариялық сертификат алу үшiн уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне карантинге жатқызылған өнімді тиеп-жөнелтудiң болжамды мерзiмiнен он бес тәулiк бұрын мынадай мәлiметтердi: 1) карантинге жатқызылған өнiмнiң атауы мен санын; 2) импортқа шығарушы елдiң атауын және карантинге жатқызылған өнiм баратын мекен-жайды; 3) импорттық карантиндiк рұқсатта немесе экспортталатын карантинге жатқызылған өнiмге арналған шартта көрсетiлген импортқа шығарушы елдiң өсiмдiктер карантинi бойынша ұлттық қызметiнiң өсiмдiктер карантинi саласындағы талабын; 4) карантинге жатқызылған өнiмдi тиеп-жөнелту мерзiмi мен орнын; 5) сол арқылы карантинге жатқызылған өнімді әкелу болжанатын импортқа шығарушы елдiң шекаралық пунктiнiң атауын көрсетiп өтiнiм бередi. 4-1. Карантинге жатқызылған өнiмдi облысаралық тасымалдау уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторы беретiн карантиндiк сертификаттар болған кезде жүзеге асырылады. Карантиндiк сертификатты алу үшiн жеке және заңды тұлғалар уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне өтiнiм бередi, сондай-ақ карантиндiк жай-күйдi айқындау үшiн өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторға карантинге жатқызылған өнімді оны жөнелтудiң болжамды мерзiмiнен бес күн бұрын бередi. Карантинге жатқызылған өнiмдi жүретiн жолында немесе баратын пунктiнде басқа мекенжайға жіберу уәкілетті органның өз аумағында осы операциялар жүзеге асырылатын аумақтық бөлімшесінің рұқсаты бойынша жүргiзiледi. Қазақстан Республикасының карантиндi аймағынан әкетiлетiн карантинге жатқызылған өнiмдi жүру жолында басқа мекен-жайға жiберуге тыйым салынады. Әкелiнетiн карантинге жатқызылған өнiм оның баратын пунктiнде қайтадан карантиндiк тексеруге жатады. 5. Карантинге жататын өнiмдi және көлiк құралдарын тексеру мен залалсыздандыру, зертханалық сараптама, карантин құжаттарын беру олардың иелерi қаражатының есебiнен, Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi саласындағы заңнамасына сәйкес және онда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн карантинге жатқызылған өнiм, карантинге жатқызылған өнiм тасымалданатын көлiк өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттік бақылауға және қажет болғанда фитосанитариялық бақылау бекеттерінде карантиндiк тексеруге, сондай-ақ тиiстi актiлер ресiмделе отырып, карантинге жатқызылған өнім баратын жерде карантиндiк тексеруге жатады. Егер тасымалдаушы карантинге жатқызылған өнiмдi өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылау жүргізу үшін көрсетуден бас тартса, онда өнім оның иесiнiң қаражаты есебiнен экспорттаушы елге қайтаруға жатады, ол туралы өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспектор уәкілетті органның аумақтық бөлімшесін, Қазақстан Республикасының шекара және кеден органдарын хабардар етедi. Ерекше ғылыми немесе өзге де құндылығы бар карантиндi объектiлер залалдаған тұқымдар мен отырғызылатын материал солардың иелерiнiң өтiнiштерi бойынша жерсiндiру-карантиндiк көшеттiктерге зерттеу үшiн берiлуi мүмкiн. Карантиндi объектiлерден залалдануы жойылғаннан кейiн тұқымдар мен отырғызылатын материал иесiне қайтарылады. Карантинге жатқызылған өнiмдi алып қоюды (оның iшiнде, почталық жөнелтiлiмдерден, қол жүгiнен және багаждан) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспектор жүзеге асырады, ол туралы алып қою актiсi жасалады. Карантинге жатқызылған өнiм карантиндiк тексеруден өткiзiлгеннен кейiн және өсімдіктер карантині жөніндегі қажетті іс-шаралар жүргiзiлген соң өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспектор баратын пунктiне әкелуге немесе транзиттеуге рұқсат бере отырып, iлеспе тауар-көлiк құжаттарына өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылаудан өткенi туралы белгіленген үлгiдегi мөртабан басады және оның иесiне карантиндiк тексеру актiсiн бередi. Карантинге жатқызылған өнімнің баратын пунктінде карантинге жатқызылған өнімдерді және көлік құралдарын тексеруді, талдау мен сараптама жасау үшiн үлгiлердi iрiктеп алуды кейiннен зиянкестердiң түрлiк құрамын, өсiмдiк аурулары мен арамшөптердi анықтау үшiн сараптама жүргiзе отырып, уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары жүзеге асырады, олардың нәтижелерi бойынша осы өнiмдердi пайдаланудың шарттары туралы жазбасы бар тексеру актiсi жасалады. 6. Карантиндi объектiлерден залалданған көлiк құралдары мен карантинге жатқызылған өнiмдер, импорттық карантиндiк рұқсат бойынша залалсыздандыру көзделген өнiмдер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторының ұйғарымы бойынша карантиндiк тұрғыдан ықтимал қаупi бар көлiк құралдары мен карантинге жатқызылған өнiмдер залалсыздандыруға жатады. Импорттық карантиндiк рұқсат бойынша, сондай-ақ өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың нұсқамалары бойынша, карантиндiк тексерудiң нәтижелерi бойынша көзделген карантинге жатқызылған өнiмдердi залалсыздандыруды карантинге жатқызылған өнімнің иелерi фумигациялық отрядтармен шарт жасасу негiзiнде жүргiзедi. Фитосанитариялық бақылау бекеттерінде карантинге жатқызылған өнiмдерде карантиндiк объектiлер анықталған кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiнде фумигациялық камераларда, штабельдерде, кемелер мен баржалардың трюмдерiнде, вагондарда, контейнерлерде және көлiктiң басқа да түрлерiнде залалсыздандыру жөнiндегi жұмыстар жүргiзiледi. Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді – Қазақстан Республикасының 2003.07.03. №463, 2006.01.31. №125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптанқараңыз), 2009.07.17. №188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17. №189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
|