Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Сара Тастанбекқызы




(1878-1916)

Сара Тастанбекқызы Талдықорған облысы (қазіргі Алматы облысы,), Ақсу ауданы, «Тастемір тоғайы» мекенінде дүниеге келген.

Әкеден 15 жасында қалған Сара – жетімдіктің салдарынан жоқшылықтың тауқіметін тартқан жан. Әкесі дүниеден өткен соң, ағасы Жайсаңбектің қамқорлығында болады. Жайсаңбек – күн көрісін тауып жесір жеңгесі мен жалғыз қарындасын асырай алмай отырған, жоқшылықтың қасіретін тарқан жан. Байдың малын рұқсатсыз сойып жегені үшін оған қарыздар болады. Туған шеше мен жалғыз ағадан айрылған Сара жетімдіктің бар тақсіретін тартып, күнкөріс үшін өмірмен күресіп өседі. Байдың отымен кіріп, күлімен шығып қызмет еткен шерлі қыз өмірдің әділетсіздігін көріп есейеді. Тұрысбек қажының Сараны 40 жастағы Жиенқұлға айтыруының да сыры осы жетімдік пен жоқшылықта жатыр.

Жас кезінен жетім-жесірлікті, қоғамның әділетсіздігін, бай мен кедей арасындағы екіұдай күйді көріп өскен сезімтал қыздың ішінде жиналған шер өлең болып ақтарылады. Сараның «Тұзақ» атты дастаны мен бірсыпыра өлеңдері бар. «Тұзақ» – Сараның өмір жолын көркем бейнелеген дастан.

Оның қай туындысына да өмірдің шынайы картинасы негіз болған. Өмірінің бәрі жоқшылықта, жетімдікте өткен қыздың әрбір сөзінің астында үлкен қайғы мен қасірет жатыр. «Тіл кеспек болса да бас кеспек» жоқ екендігін білген сезімтал қыз өмір жайлы толғанысын жырлаған үстіне жырлай берді. Оның әрбір туындысын күйзелмей оқу мүмкін емес.

 

Ашулы, арманы арта түскен Сара,

Ой – улы, қиял – қышқыл, жүрек – жара.

Аттандым ашындым да, белді байлап,

Болудың мағынасы жоқ енді бала,

 

– деп, ерте есейген Сара жүрек жарасын ашына отырып, жыр шумақтарына айналдырды. Жүрек күйін шертетін мұңын домбыраға қосып жырлады:

 

Аңырап ақ домбыра боз інгендей,

Наз-мұңым қос ішектен шығады еңірей.

Той, жиын, шілдехена болса қайда,

Сайрайтын болдым енді даусы сембей.

 

Сараның аянышты өмірі оның «Арсалаң аға алдында» деген толғауынан толық көрінеді.

Қызы едім Тастанбектің, атым – Сара,

Арман көп, көңіліме, халқым, қара.

Қорғалар көп ішінен бұта таппай,

Шырылдаған бозторғай – мен бір бала.

 

Еңіретті ерте бастан, туған елім,

Кір жуып, кіндігімді буған елім.

Кең жатқан Садыр, матай елдерінде

Бір теңім болмады ма ұлдан менің.

 

- деп зар илейтін Сараның өз теңіне бармай. Жиенқұлға малға сатылуы – оның өмірінің ең бір қайғылы шағы. Тұрысбек қажының істеген ісіне көңілі толмаған Сара ауылдың бетке тұтар билері мен батырларына шағынады. Арнай ағасы мен Телібай би, Мүсәпір батырлардың қажының сөзін сөйлеп, соған болысқанына, ауыл ішінде қол ұшын берерлік адамның табылмағанына жүрегі жаралы қыздың жаны күйзеледі. Әділдік күткен Телібай биден қайыр болмаған соң, Мүсәпір батырға шағынады. «Мүсәпір күнде алатын елден шауып, мен үшін бере алмай ма бір ат тауып». Жиенқұлға көңілі толмағанын жасырмай ашық айтады:

 

... Шырылдап шынжырлаған жас күшіктей,

Төрт болар кемге барсам екі көзім.

 

Өлшеу жоқ қиялымның өрісіне,

Шыдаймын үн шығармай көбісіне.

Айттырған күйеуіңіз, Арнай аға-ау,

Сыйғандай бір тоқтының терісіне...

 

Сара мұнда жеке басының ғана емес, сол тұстағы үлкен әлеуметтік мәселені, әйел теңдігін «қор болған теңдік алмай ел жүрегі» деп көтере білді. Ол да сүймеген адамына малға сатылып қор болғанша «етімді шал сипаған құрт жесін деп» суға ағып өлгісі келетінін жасырмайды. Бұл – тек Сара басындағы ғана емес, сол тұстағы қазақ қыздарына ортақ қасірет еді. Олай болса, Сара – жеке бастың қамын ойлаудан шығып, ел қамын ойлауға көшкен жан.

«Қош бол, елім!» – күйеуге кететін қыздың ағайын-жұртын аралап, елімен қоштасар сәтін баяндайтын шығарма. Бір кезде «қанды көз, қарақұстың тырнағынан» ажыратып алған елінің ендігі жерде қол ұшын бере алмағанына күйінген қыз елдің жақсылары мен жайсаңдарына жеке-жеке қоштасу сөзін арнайды. Елі мен халқына қояр кінәсі жоқ болғандықтан, оларға тек алғысын ғана жаудырады: «Бұтаға қорғалаған боз торғайдай, Халқымнан көмек тілеп қол жайып ем. Қайықтай дауыл қуған қалтылдасам, Сіздер ғой пана болған, қалың халық».

 

Бір кезде сайраушы едім, тілім бұлбұл,

Желіге желдей ескен, ойым дүлдүл.

Қанаты қиялымның қайрылса да,

Баяғы қалпында тұр көңіл құрғыр,

 

– дейтін ақын сайраған тілін бұлбұлға, ойын желдей ескен дүлдүл жүйрікке, қиялын құсқа теңеу арқылы әдемі образды сурет жасаған. Дерексіз затты деректі затқа теңеу арқылы олардың қыры мен сырын көз алдыңа көлбеңдете бейнелеу – ақын қаламына тән ерекшелік.

Балғалы, Андас еліне дертіне шипа іздеп келген мұңлық қыз елдің сый-сияпатына көңілі марқайып, оларға деген ризашылығын жыр шашумен жеткізуде табысқа жетті. Жалайыр елінің қарияларына, «ақылы мол дарияларына» алғысында сол елдің мәртебесін көтерген Балпық, Ескелді, Қарынбайдай кемеңгерлер мен Дарабоздай дарынды бәйбішенің, көмейінен сөз маржаны төгілген Бақтыбайдай ақынның өткендігін мақтан ете келіп, ендігі жерде Мәулімбайдай ақын мен Ақшабақтай батырына сәлем айтады. Жас ақын Қыдырәлінің қызуы басылмаған қыдырымпаздығын тілге тиек еткен ақын одан зор үміт күтетінін:

 

Сөздері салмақты екен қорғасындай,

Құр сөзде құн бола ма, үн қосылмай,

Серпінді, зор дауысты, әнге шебер

Жақсы ақын Қырыралы – міне, осындай

- деп, білдіреді.

«Сәлем де Керімқұлдай шешеніне, шежіре, әрі білгір көсеміне» деп олардың бойларындағы ерекшеліктерін баса көрсетеді. Осылайша биі мен батырына, ақыны мен шешеніне сөз арнаға Сара қоштасуын былай тәмамадайды:

Хикая – кітап жазып бере алмадым,

Әріптей болмаған соң хатқа жүйрік.

Кемді күн қызмет еттім дос-жаранға,

Өнерім аз болса да мақтанарға.

Мені де баламыз деп еске ал, жұртым,

Сараның айтары осы аттанарда.

 

Ақын шығармаларының дені әйел бала сының бас бостандығына арналған. «Ашындым», «Арсалаң аға алдында», «Торығу» атты толғауларында өмір шындығы мен үстем тап өкілдерінің әділетсіздігі мен озбырлығы, әлсізге тізе батыруы мен үстемдігі баяндала келіп, әйел баласының бас бостандығы жырланады. «Жүрек» – қазақ әдебиетіне қосылған тың шығарма. Мұнда махаббат бостандығын аңсаған лирикалық кейіпкер табиғат анамен сырласады. Өзінің туып-өскен жеріндегі Жүрек тауының ерекшелігін жырға қоса отыры, өз жүрегіндегі шерді табиғатпен бөліседі. «Жүрек» тауындағы «Кер», «Қора», «Баянжүрек», «Сайынбөлек», «Арасан» шоқыларына мұң шаққан лирикалық кейіпкер сол атаулардың тарихынан хабар береді. Бір-бірін құлай сүйген Баян мен Сайын-Бөлектің қосыла алмай, дүниеден арманда өткенін айта отырып, олардың «күйіктен қайна шыққан ыстық жасынан» Арасандағы ыстық бұлақтың шыққандығын ақын жеткізе жырлаған. Аталған дастанға сүйіскен жастардың қосыла алмайтын қасіртені арқау еткен ақын өз басындағы мұң мен шерді үстемей түскен.

Бірсыпыра туындыларымен танылған ақын Сара еліне танымал Ниязбек, Мәлімбай, Қыдыралы, Арслан сынды ақындармен сөз сайыстырып, олардан үлгі-өнеге алады. Айтыс өнеріне жаттығын алған ақын қыз Тасыбек, Ермек, Құдайберген сынды ақындармен де кездесіп, үлкен сыннан сүрінбей өтеді. Айтыс өнерінде Сараның атын алты алашқа жайған – әйгілі Біржан салмен айтысы. Ол суырыпсалмалығымен елге мәшһүр болған Біржанмен айтысында жаңа қырынан танылды. Өз образын жасаған портретінен ақын қыздың толық бейнесін тануға болады:

 

Қырмызы қызыл жібек маңдайым кең...

Тамағым жас баланың білегіндей

Иығым тік сандалдың тірегіндей.

Бет алдым қоңыр қаздың кеудесіндей,

Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей...

Ұшырған тәрбиелеп ақ тұйғынмын –

Даусыма аспандағы құс айналар,

Құбылып тоты құстай төңкерілген...

Даусым алтын таудай паң керілген...

Шәрбаттай ағып жатқан сөзім тұнық...

 

Осы үзіндіде келтірілген теңеулер – Сара қыздың қаламын айшықтай түсетін бейнелі образдар. Бұл айтыста да сол тұстағы әлеуметтік мәселелер көтерілген. Онда да Сараның бетіне шіркеу болатын – күйеуі Жиенқұл.

Сара Тастанбекқызы – ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне қомақты үлес қосқан үлкен ақын. Ол – өз басындағы ауыр халді қоғамдық-әлеуметтік мәселе деңгейіне көтеріп, биік өреде көрінген үлкен дарын иесі.

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 1872. Нарушение авторских прав


Рекомендуемые страницы:


Studopedia.info - Студопедия - 2014-2019 год . (0.005 сек.) русская версия | украинская версия