Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Жүсіпбек Аймауытов




(1889-1931)

ХХ ғасырдың басында алмасқан қоғамдық құбылыстар жіктеген екі дәуірдің шекарасында өмір сүріп, сол заманның шындығын әдебиет әлемінде үлкен суреткерлікпен бейнелеген қаламгердің бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Ол қазақ халқының отаршылдық езгіге қарсы және ұлт тәуелсіздігі үшін күресі идеясымен сусындап, әдеби шығармашылығын төңкеріс тұсында бастады да, оны Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары айрықша дамытып жетілдірді. Ақын, драматург, прозашы, публицист, сыншы, аудармашы Жүсіпбек бұл кезде әдебиеттің көптеген жанрларында өнімді қызмет істеп жүріп, осы жанрлардың ұлттық әдебиетімізде орнығуына еңбек сіңірді.

Жүсіпбек 1889 жылы Семей губерниясы, Павлодар уезі, Қызылту болысының бірінші ауылында дүниеге келген. Жасында ауыл молдаларынан сабақ алып, ескіше сауат ашқан. 15 жасқа келгенде Баянауылға барып, орыс мектебінде оқуға түседі. Одан кейін Павлодардағы ауыл шаруашылық мектебінде оқиды. Тұрмыс жағдайымен үзіп-жұлып оқып, ара-арасында ауылда мұғалімдік қызмет атқара жүріп, біраз білім алады. Соны жалғастыру мақсатымен 1914 жылы Семейге барып мұғалімдер семинариясына түсіп, оны 1919 жылы бітіреді.

Семинария Жүсіпбектің өмір тануына, шығармашылық қызметпен шұғылдануына едәуір жол ашқан. Болашақ жазушы онда Қ.Сәтпаевпен, М.Әуезовпен танысқан, бірге оқыған. Семейде құрылған Алашорда партиясы мен үкіметіне тілектес болған. 1918 жылы М.Әуезовпен бірігіп «Абай» атты журнал шығарысқан.

1919 жылдан (семинарияны бітірген соң) Жүсіпбек Кеңес жұмысына араласады. Семей губерниялық атқару комитетінде, «Кедей таңы» газетінде жұмыс істейді. 1920 жылы Орынборға ауысып, Қазақстан автономиясын жариялаған құрылтайға қатысады, Қазақ АССР оқу халық Комиссарының орынбасары болып тағайындалды. 1921 жылы Семейге қайтып, губерниялық оқу бөлімінде, «Қазақ тілі» газетінде басшы қызметтер атқарады. Бұдан кейінгі өмірі мұғалімдік қызметпен өткен, Қарқаралыда (1922-1923), Орынборда (1923-1924, 1925-1926), Ташкентте (1924-1925), Шымкентте (1926-1929) әр түрлі оқу орындарында сабақ берген. 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газеті редакциясына (Қызылорда) барып, баспасөзде қызмет істей бастаған Жүсіпбек жалаға ұшырап, тұтқынға алынған. «Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысты» деген жалған айыппен 1931 жылы түрмеде атылған.

Сол кездегі саяси жағдайдың ауырлығына қарамастан (бір жерде тұрақтап жұмыс істеудің мүмкіндігі жоқтығы, қудалау тәрізді), Жүсіпбек шығармашылық қызметке беріле еңбек еткен. Оның өлеңдері мен әңгімелері, мақалалары мен фельетондары газет-журналдар бетінде жиі жарияланған.

1918 жылы Семейде Алашорда өкіметі құрылғанда Жүсіпбек «Ұран» деген өлеңмен құттықтаған. Өлең патшаның тақтан құлап, қазақтың өз алдына ел болуы қуанышын суреттей отырып, елдікті, ерлікті мадақтауға, халықты күреске, іске, ынтымаққа шақыруға құрылған.

 

Қазағым, қақтықпа, қамалма!

Ел болар қамыңды амалда!

Кетті түн, атты таң, шықты күн,

Сал малды, сал жанды, аянба!

 

... Жатқа жем бай едің, кең едің,

Бағың жоқ биліктен кем едің,

Партия, сұрқия, қым-қиғаш,

«Басы аман» көп надан сен едің.

 

Зарыққан, тарыққан шағыңда

Тап болды бостандық бағыңа.

Ұйымдас, ұрандас, жағалас,

Сен де мін бабаңның тағына.

 

Осы тұста жазған «Әскер марсельезасы» атты өлеңде қазақ халқының жауынгерлік салтын, ел болу талабын мақтан тұтады.

 

Арғы атам – ер түрік, ... Ат мінсек, жел болып,

Біз – қазақ еліміз. Дауылдап шабамыз.

Самал тау, шалқар көл, Лап десек, ерленіп,

Сарыарқа жеріміз. Лауылдап жанамыз.

Сай-саймен мал айдап, ... Ержүрек ежелден,

Сайрандап ен жайлап, Оқ тескен етіміз.

Ерке өскен Арқаның Қаймығып еш жаудан

Еркесі – серіміз. Қайтпаған бетіміз.

 

Бұл екі өлеңде де азаматтық үшін күрес жылдарының көтеріңкі рухы мол беріледі. Жүсіпбектің «Еңбекшілер ұраны» («Интернационал»), «Жас әскер» («Молодая гвардия»), «Жас көсемдер маршы» сияқты орыстың төңкерісшіл марштарын аударуы да заманның күрескер рухынан туындайды.

Жүсіпбектің жазушылық еңбегі өз дәуірінің сұраныстарынан туған. Ол төңкеріс жылдарындағы қазақ халқы өміріндегі өзгерістерді кең суреттеп, ұлттың ояну процесін, қазақ ауылындағы әлеуметтік сілкіністі шындықпен көркем бейнеледі. Күрделі процесстің күнгей жағын да, қайшылықтарын да бүкпей жазды. Жаңаның орнығуы жолындағы қиыншылықтар мен қателіктерді ашып көрсетті. Оның шығармаларының бағалылығы да осында. Кейбір замандастары жаңалық атаулының бәрін мадақтап, екінші біреулер жаңаны танымай, одан ылғи терістікті көруге тырысқан кезде, Жүсіпбек ұлы суреткерге тән көргендікпен дәуір шындығын толық қамти жазды. Соның нәтижесінде Жүсіпбек біздің ұлттық әдебиетімізде төңкеріс дәуірі оятқан, заманның жаңа қаһарманын ашты. Айналасындағы күн сайын жаңарып жатқан шындықты толық тани отырып, ол жас ұрпақтың ұлттық мінез-құлқына оң әсерін тигізіп жатқан құбылыстарды көрді. Олардың көркемдік бейнеленуінде әлеуметтік стандартқа жүгіну байқалмайды, қайта жазушы кейіпкерін өз ортасында, қоғамдық тартыспен тығыз байланыста, біртіндеп оятып, жаңалық белгілерін бойына жинай суреттейді. Одан біз бұрын әлеуметтік істің басында тұрмаған қазақ жасына төңкеріс дәуірі жаңа міндет артып, сол арқылы адам бойындағы қуат-жігерге жол ашылғанын көреміз. Бұл шындықты қазақтың эпикалық үлгіде жазылған алғашқы романы «Қартқожаның» осы аттас қаһарманы бейнесінен тану қиын емес. Романда қазақ ауылының төңкеріс алдындағы және әлеуметтік қақтығыстардың ұлғаюы, азаттық үшін күрес кезіндегі жаңаша ұмтылыс шыншылдықпен бейнеленген. Осы тартыстар талқысында Қартқожа қоғамдық теңсіздіктің сырын түсініп, әділетсіздіктің себептеріне ой жібереді. Тарихи күрес шындығы жағдайында есейіп, есін жинап, ілгері басады, болашаққа қарайды.

Негізгі кейіпкер Қартқожаны суреттеуде де, оның өскен, өмір сүрген ортасы шындығын бейнелеуде де, адамдар қарым-қатынасының сырын ашуда да жазушы реалистік әдіске жүгінеді. Оқиғаларды баяндап отырып, кейіпкерлердің күйініш-сүйінішін, ішкі ой әлемінің психологиялық күйін ашуға көбірек жүгінеді. Жазушының кейіпкерлер портретін жасау, оларды мінездеу, даралау жолдары реалистік жүйеде іске асады.

Осы тақырыпты Жүсіпбек «Ақбілек» пен «Күнікейдің жазығы» атты шығармаларында жалғастырды.

«Ақбілек» романының идеясы Жүсіпбекке «Қартқожаны» жазу үстінде келгенге ұқсайды. Романда елімізде Азамат соғысының аяқталар тұсында қызылдардан жеңіліп, оңтүстік шекараға қарай шұбырған ақ әскерлерінің жолындағы қазақ ауылдарына жасаған зорлығы, елді тонауы, қыз-келіншектерді жәбірлеуі суреттелетін еді. Семейге оқуға бара жатқан Қартқожа жол үстінде осындай оқиғалардың талайына куә болады. «Иығында шені, сымбатты офицер солқылдақ арбада қазақтың сұлу қызын құшақтап, қос боз атпен Қартқожаның қасынан өте шықты. Қартқожаға түскен қыздың көзі жыпылықтап кетті» – деп жазады жазушы.

Мұндай оқиғалар Азамат соғысының аласапыраны тұсында момын қазақ елі бастан кешкен ауыртпалықтардың бірі болатын. Орталық Ресейдегі үлкен соғыстан сырт жатқан қазақ елін Оңтүстік шекараға қарай бет алған ақ әскерлері баса-көктеп таптап өтсе, оны қуған қызылдар екінші жағынан шошытқан еді. Орыс атаулыдан, әсіресе, қарулы әскер атаулыдан қорқатын қараңғы ел олардың қайсысы дос, қайсысы қас екенін айыра алмай шатасты. Ақ офицерлері кейде қызыл әскердің киімін киіп, тонап, елді шатастырды. Мұндай оқиғалардың қазақтардың орыстармен қарым-қатынасына белгілі дәрежеде әсер еткені, халықтың дос орыс пен жау орысты айыруға біртіндеп көз жеткізгені сол кезде жазылған біраз шығармаларға (Жүсіпбек, Сәкен, Бейімбет, Ғабит) арқау болғаны осыдан. Осылардың негізінде қазақ қаламгерлері онсыз да кең даладан пана таппай, сыртқы жаудың соққысына ұшырап келген қазақ халқының жаңа дүрбелең тұсында көрген қайғылы күйлерін суреттеді.

Ақбілектің басынан өткен жайлар – осы бүкіл халықтық трагедияның бір ұшқыны. Қызды ақ солдаттарының алып қашуы, оны қара мұрт офицердің әйел қып ұстауы – бір қыздың ғана емес, бүкіл елдің ұлттық намысына тиетін ауыртпалық. Қыздың бостандыққа ұмтылғанымен, кейін елдің бетін көре алмай, қиналуы, әкесінің Ақбілектен қашқақтауы, атастырған күйеуінің айнуы, ел-жұрттың, оған бір түрлі аяушылықпен (кейде таңсық құмарлықпен) қарауы – бәрі де қызын мәпелеп, аялап өсіретін қазаққа өлімнен де ауыр. Оның үстіне, орысты «кәпір» деп қарайтын ұғым бар. «Кәпірмен» шатасу – діннен безу, харам, былғанышты. Қазақ қызы осы ауыртпалықтан жаңа заман өзгерістері легінде ғана құтылады. Ел көзіне көріне алмай, күлкі боп ауылдан кеткен Ақбілек қалаға барып, оқып, адам болып, жаңа жар тауып, қатарға қосылады. Заман беті әділдікке қарай бұрылып келеді. Ізденгенге, оқимын дегендерге жол ашылды. «Ақбілектің» бүкіл тақырыбы мен идеясы осыған саяды.

Ақбілек – білім жолына ұмтылып, азаматтық құқыққа ие болған алғашқы қазақ әйелінің бейнесі. Ол өткен өмір мен бүгінгі кезін салыстыра қарайды. «Оқымаған әйел қор ғой, қапастағы құстай ғой» деп ойлайды. Жазушы Балташпен отасуын құптай қарайды, жарастықты отбасы санайды, оларды жастарға үлгі етеді. «Ақбілек көрген-білгенін Балташқа айтып келеді. Балташқа қызметтен келгенде, кімнің не сөйлегенін айтып отырады. Сөйлескен сайын бірінің білгені біріне ауысады. Кейде Балташ баяндама, отчет жазғанда Ақбілек көшіреді. Ақбілек бірдеңеге алданып жатса, Балташ барып тамақ әкеледі. Екеуі бірге күйінеді, бірге сүйсінеді. Дененің басқалығы болмаса, екеуі бір кісіміз деп ойлайды». Көркем прозаға көсемсөз құралдарын пайдаланып, жазушы оқырманға осылай тіл қатады, онымен сырласады. Кейіпкерді мінездеу, оның іс-әрекетін суреттеу, кейіпкер сөзі арқылы даралау әдістеріне қоса, Жүсіпбектің жазушылық ізденісінде мұндай үлгілер де кездеседі.

Бұл, әрине, бұрынғы қазақ әйелінің басында, әйел мен еркектің ара-қатынасында болған жай. Жаңа заман әйелді осыған жеткізеді, әйел мен еркекті тең қойды. Жүсіпбек осыны паш етеді.

Ақбілек – романның негізгі кейіпкері болғанмен, ол жалғыз емес. Жазушы оның өскен, әрқилы өмір кешкен ортасын суреттеу арқылы заман, дәуір шындығын жан-жақты шынайы бейнелейді. Романдағы адамдардың қарым-қатынасы, елдің тұрмыс-тіршілігі, әдет-салты, табиғат – бәрі тұтас келіп, шығарма идеясын толықтырады, әрі аша түседі. Жүсіпбек Ақбілектің шыққан ортасы – ауыл мен тәрбие алған ортасы – қала тіршілігін көп жағдайда салыстыра қарайды. Ел, ауыл, табиғат – қазақтың стихиясы, жазушы оны сыйлайды, жақсы көреді, елдің жақсы дәстүрлерін құрметтейді. Сонымен бірге елді жайлаған ескі дертті – жікшілікті, рушылдықты, еңбексіздікті, көргенсіздікті, қараңғылықты сынайды. Қаладан өнер-білім тапқанымен, оның да қазақтың ұлттық мінез-құлқынан алыстап бара жатқанын көреді, ішімдік құмарлықты, ұстамсыздықты, жүгенсіздікті шенейді.

«Күнікейдің жазығы» (1928) повесінің қаһарманын да Жүсіпбек қазақ кедейінің қызы қатарынан іздеген. Ол да заман әсерімен оянып, тұрмыс-тіршіліктің етек бастылығынан босап, ары үшін, намысы үшін күреседі. Сүйгеніне қосылады.

Жүсіпбектің сан салалы шығармашылық мұрасының салмақты жағының бірі – оның драматургиясы. Ол – қазақ әдебиетінде төңкеріс жылдары туған осы жанрдың көш бастаушыларының бірі. Сонымен бірге ол қазақтың театр өнерінің бастауында тұрды. Қазақстанда алғашқы кәсіпқойлық ойын-сауық үйірмелерін ұйымдастырып, оған өзі жазған пьесаларын өзі режиссерлік жасап, сахнаға шығарған.

Жүсіпбектің алғашқы пьесалары «Рабиға», «Жебір болыс» (кейін «Мансапқорлар» болып жөнделген), «Қанапия-Шәрбану» 1916-1917 жылдары жазылған. Олар қолжазба күйінде тарап, көркем өнер үйірмелерінің сахналарында қойылған. Кейін ол «Сылан қыз» (1922), «Ел қорғаны» (1925), «Шернияз» (1926) пьессаларын жазды. Бұрынғы пьесалары да осы жылдары жөнделіп, басылып шыққан.

Жүсіпбек пьесалары, негізінен, өз дәуірінің ең маңызды әлеуметтік мәселелерін көтеруге, сахна арқылы заман алға қойған идеяларды таратуға арналады. Ол феодалдық-патриархалдық салтты, мешеулікті сынай бейнелей отырып, елді оқуға, өнер-білім жолына үндейді. Әйелдердің бас бостандығын, халықтың азаттығын, теңдігін қорғайды.

«Шернияз» – Жүсіпбектің ең соңғы және үздік туындыларының бірі. Оны жазушы Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арнаған және пьесада «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды» армандаған ақынның орындалмай кеткен арманын, оның «шерлі өмірін», «шерлі қалған елі» жайлы толғаныстарын суреттейді. Шернияз бейнесінде Жүсіпбек өз дәуірінің оқыған, көзі ашық, саналы азаматының заманның ауыртпалығын бастан кешкен қиналысын бейнелейді. Ол қаланың беймаза тіршілігінен қырға, ауылға кетеді. Жан тыныштығын, даланың дарқандығын, ағайындық сыйлы қарым-қатынасты ел ортасынан іздейді. Бірақ ел ішінде кең жайылған алауыздықты, берекесіздікті, рулық тартыстарды, дау-дамайды көріп кейиді. Ол бәрінен түңіліп, жан азабын шегеді.

Шернияз басынан кешкен бұл трагедия – сол дәуірдің ең өзекті өткір проблемаларының бірі болатын. Қала мен даланың қарым-қатынасы, олардың қайшылықты шындығы Сұлтанмахмұттың «Айтыс» («Қала ақыны мен дала ақынының айтысқаны») поэмасында, Мағжанның «Айда атыңды, Сәрсенбай» өлеңінде кең суреттелген. Олардың бәрі де қаланың мәдениеті, білім ошақтары болмаса, қалған тіршілігіне үрке қарады. Саудагершілік, содан туған адамның мінез-құлқындағы өзгерістер (жеңілтек мінездер, есепке құрылған ұсақтық, эгоистік, пәлеқорлық, т.б.) оларға қазақтың дархан, кеңпейіл мінезін даладан іздетті. Бірақ ауылда да қайшылықты өмір көріністері аз емес-ті. Оны жайлаған рушылдық, ескі салт-сананың кертартпа жақтары өмірден әділет, шындық іздеген адамның жанына тиетін құбылыстар болатын. Шернияздың қала мен даладағы өмірін суреттей отырып, Жүсіпбек осы шындықты жан-жақты ашады. Шернияз дала ақыны, ал Базарбай қала ақыны болып айтысады. Бірі даланың сұлу табиғатын, қазақтың кеңпейіл бауырмал мінезін мадақтаса, екіншісі қаланың ойын-сауығын, жастықтың желікпе мінездерін қызық тұтады.

Пьеса ақ өлең үлгісімен дәстүрлі өлең араласа жазылған. Оның негізгі кейіпкерлерінің ақын болуы да пьеса тіліне әсер еткен. Жалпы қазақ драматургиясындағы ақ өлең үлгісі, шешендік, поэзияға тән биік пафос Жүсіпбектен басталады. Кейін оны М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев дамытты. Осы салада «Шернияз» пьесасының орны ерекше. Шернияз монологтары оның бойындағы отаншылдық сезімдерін биік рухта, шабытты жырмен ашуда үлкен рөл атқарады. Шернияз ақын ойын, мұратын қарабайыр айта алмайды, қуанса да, күйінсе де, тебірене, таусыла айтады.

Жүсіпбек пьесалары идеялық бағыт-бағдары, көркемдік ізденістері тұрғысынан да жиырмасыншы жылдар әдебиетіндегі жаңа құбылыс болып табылады. Ол жаңаның жеңісін, ескінің күйреуін ашық ұстанымда суреттей отырып, өз дәуірінің жаңа адамдарын ашты, қазақ ауылындағы әлеуметтік тартыстарды тап басып көрсетті. Драма жанрының жастығы, тәжірибесіздігінен туған кейбір шұбалаңқылық, оқиға алмасуының жүйесіздігі кездесе тұрса да, Жүсіпбек пьесалары өз дәуірінің сұранысына толық жауап берді, алғашқы қазақ театрының репертуарын құрады.

Жүсіпбек қазақ қоғамының ең бір мазасыз шағында, әлеуметтік талас-тартыстар дәуірінде өмір сүрді. Өзінің замандастары сияқты оның да қалам қызметіне қамқорлық болмады. Соның өзінде де ол бой тасалап қалмай, заманнан оңашаланбай, елі, халқы жайлы ойларын, заман сөзін айта біліп, қазақтың жаңа мазмұндағы реалистік әдебиетінде үлкен із қалдырды.

 

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 1429. Нарушение авторских прав


Рекомендуемые страницы:


Studopedia.info - Студопедия - 2014-2019 год . (0.005 сек.) русская версия | украинская версия