Бейімбет Майлин
1894-1938
Бейімбет (шын аты Бимұғамет) Жармағамбетұлы Майлин 1894 жылы қазіргі Қостанай болысы, Таран ауданы, Бейімбет Майлин аулында (бұрынғы Торғай облысы, Қостанай уезі, Дабар болысы) өмірге келген. Әкесінен жастай жетім қалған Бейімбет анасының қолында тәрбиеленеді. Анасымен бірге ол да байдың қозысын бағып, жетімдік тақсіретін тартады. Өстіп малайлықта жүрген жас жеткіншек алғаш рет ауыл молдасынан сауатын ашады да, артынан көрші ауылдағы Әбдірахман Арғынбаев ашқан медреседе 1910-1912 жылдары оқиды. Б.Майлиннің одан кейінгі оқыған оқу орындары – Троицк қаласындағы «Уазифа» мектебі, Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесі. Осы соңғы оқу орынында оқып жүрген жылдары «Садақ» атты қолжазба журнал шығаруға қатысады. Оның алғашқы тырнақалды туындысы «Шұғаның белгісі» повесі 1914 жылы осы журналдың үш нөмірінде жарияланған. Сонымен бірге осы медереседе ұстаздық еткен атақты татар жазушылары Мәжит Ғафуримен, Ғалымжан Ибрагимовпен, башқұрттың болашақ ақыны Сәйфи Құдашпен танысып, шығармашылық қарым-қатынаста болады. Денсаулығына байланысты Уфадағы оқуын бітірместен, 1915 жылы Троицк қаласына келген жас талант осында қазақ тілінде шығатын «Айқап» журналында өлеңдерін жариялайды. 1916-1919 жылдары өзінің туған ауылында мұғалім болып, бала оқытқан. Кеңес өкіметі орнаған кезде 1919-1921 жылдары ауылдық кеңесте қызметте болады. Сәкен Сейфуллиннің шақыруымен Қазақстан Автономиялық Республикасының астанасы болып тұрған Орынбор қаласына келіп, баспасөз қызметіне араласады. 1923 жылы Қостанай қаласында «Ауыл» атты жаңа газет шығаруға атсалысқан. 1925 жылы республика астанасы Орынбордан Қызылорда қаласына ауысқан кезде Өлкелік комитет басшылығының арнайы шақыруымен Б.Майлин де осында келіп, мерзімді баспасөз редакциялары мен баспаларда түрлі шығармашылық қызметтер атқарған. 1934-1937 жылдары жаңадан ашылған «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болады. Осы жылдары кең етек алған «халық жауларын» жазалау науқанына ілігіп, қамауға алынады да, 1938 жазықсыздан жазықсыз атылып кетеді. Жас кезінен-ақ айналасына ақын ретінде танылған Бейімбеттің артында қалған поэзиялық мұрасы көркемдігімен, айтар ойының тереңдігімен назар аударады. Ол қоғамда болып жатқан түрлі тарихи оқиғаларға ақын ретінде ылғи да дер кезінде жіті үн қосып, жеке көзқарасын өлең шумақтары арқылы білдіріп отырған. Патшаның қазақтан майданның қара жұмысына қазақтан адам алуына байланысты 1916 жылы шығарған жарлығына орай қазақ даласында көтерілістер орын алғаны тарихтан белгілі. Осынау өзекті тақырыпқа Б.Майлин «Қанды тұман», «Кемпірдің ертегісі», ал 1917 жылы патшаның тақтан құлауына байланысты «Қазаққа» деген өлеңдерін жазып, бұқара халықтың көңіл күйін аңғартуға тырысқан. Кейінгі өлеңдерінде қазақ ауылының өмірін, осы ауылда өмір сүріп жатқан кедей-кепшіктің реалистік бейнесін шебер өрнектей білуімен әдебиетіміздің тарихында өзіндік орынға ие болды. Сол кедейдің типтік бейнесі Мырқымбай образы арқылы көрінген. Сол кездің оқырмандары үшін Бейімбеттің Мырқымбайы әдебиеттегі жаңа образ еді, сонымен бірге оның сыртқы пішіні, адами қалпы шын шеберге тән айшықты өрнекпен соғылған. Мырқымбай! Мырқымбай! Мырқымбай! Бай, бай, бай, бай! Жүрмейсің жай, Нең бар еді, Әй, құдай-ай!.. – деген жолдардан оның әлеуметтік бейнесі де көрініп қалады. Бейімбет поэзиясының үлкен бір бөлігі ауыл өміріне арналған. Өлең жазудың техникасын жақсы меңгергенінен, ақынды қазақ поэзия тарихында жетекші орындардың біріне ие болған еді деп айтуға бола қоймас. Қиыннан қиыстырған көркем образдар, жіті бейнелілік, тосын философиялық ойлар Майлин поэзиясында жиі кездесе қоймайтын құбылыс. Соған қарамастан, оның өлеңдері оқырмандар тарапынан жылы қабылданып отырды. Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз, Ауыл – дене, біз – қозғалтар жанымыз, - деген сияқты ойнақы да шыншыл шумақтар Бейімбет поэзиясының стильдік сипатын білдіреді. Оның шығармашылығының үлкен бір саласын құрайтын жанр ол проза. Бейімбет Майлинды жазушы ретінде қалыптастырған да осы проза еді. Оның әңгіме, повестері заман тынысына сай соны тақырыпты көтере білуімен ғана емес, көркемдік-эстетикалық деңгейінің жоғарылығымен де әдебиетіміздің тарихында айрықша орынға ие. Оның сол «Садақ» журналында жарияланған алғашқы прозалық туындысы «Шұғаның белгісі» повесінен бастау алған шығармалары жылдар өткен сайын жазушы қаламының ұштала түсуінің белгісіндей болып көрінеді. Атап айтқанда, «Айт күндерінде», «Күлпаш», «Сексен сом», «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры», «Қара шелек», «Арыстанбайдың Мұқышы», «Сары ала тон», «Құрымбайдың жігітшілігі» және басқа көптеген әңгімелері өздерінің көркемдік-эстетикалық бітімі жағынан жазушыны шағын жанрдың хас шебері деңгейінде таныта алды. Ол әр әңгімесінде белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік немесе моральдық проблеманы көтере отырып, сюжет пен тартысты шебер өреді, оқиға барысында қызықты характерлерді ашады. Сонымен бірге әр әңгіменің түйіні тосын да күрделі болып келеді. Шағын жанрда жазылған шығармаларының болымсыз бір нәрседен ғана басталып, мағынасы терең әлеуметтік мәселелерге ұласып жатуы жазушы қаламының шеберлігін танытатын нышандар екендігі сөзсіз. Дара бейнені типтік бейнеге ұластыруы жазушы қаламына тән ұшқыр сипаттардың бірі. Мәселен, ауыл белсендісі Арыстанбайдың Мұқышы тәрізді өзі кедей, өзі белсенді жандар сол замандағы қазақтың әр ауылынан-ақ кездесіп отыратын еді десек, оның өзі де – өмір шындығы. Сондай адамдардың тиіптік мінез-құлқы, дүниетанымы мен көзқарасы осы Арыстанбайдың Мұқышының бойына шоғырланған. Тек бір ғана әңгімелерінің өзінен-ақ ондаған типтік бейнені тауып алуға болады. Б.Майлин – қазақ повесінің дамуы мен қалыптасуына айырықша еңбек сіңірген суреткер. Оның «Шұғаның белгісі», «Қырманда», «Берен», «Раушан-коммунист» тәрізді повестерінің көркемдік құндылығы уақыт желіне әлі де мүжіле қойған жоқ. Олардың мазмұнындағы саяси-идеологиялық леп жылдар өтіп, қоғамымызда жаңа дәуір орнағаннан кейін, өзінің өзектілігін жоғалтқаны да жасырын емес. Бірақ аталған шығармалардың бойындағы көркемдік табыстар, соны образдар мен олардың арасындағы психологиялық-моральдық қақтығыстар белгілі дәрежеде өзінің көркемдік бояуын сақтап келе жатқаны да шындық. Жазушы әдеби туындыға қажетті көркемдік компоненттерді шашыратып алмай, ұтымды қолдана білуімен прозаның үлкен шебері екендігін жаңа ғасыр оқырмандарының алдында да дәлелдеуде. Аталған хикаяттарынң ішінде көркемдігі жоғарысы – қырдағы қазақ жастарының арасындағы таза махаббат туралы жырлайтын «Шұғаның белгісі». Ал кейінгілерін саясатқа бейімдеп жазғандарымен, жазушының өзіне тән шеберлігі айқын көрініп отырады. Колхоз шаруашылығына қастық жасағысы келіп жүрген тап жауларының әрекетін негіз еткен «Қырманда» повесінің өзінде уақыт шындығы елес беріп, отызыншы жылдардың ашаршылығы да шет жағалап көрініп қалады. Жазушы қаламынан туған романдардың саны үшеу. Атап айтқанда, олар – «Азамат Азаматыч», «Қоңсылар», «Қызыл жалау». Бұлардың ішінде «Қоңсылар» Азамат соғысы кезіндегі қым-қиғаш оқиғаларға арналса, «Қызыл жалауы» ұқжымдастыру науқаны жөнінде жазылған екен. Өкінішке орай, осы соңғы екі роман Б.Майлин «халық жауы» деген жалған жаламен ұсталған кезде жоғалып кеткен. Романдарының ішінен тек аман қалғаны – «Азамат Азамтыч» қана. Оның өзі де толық аяқталмаған, қайтадан өңделіп үлгірмеген. Соның өзінде де бұл көлемді туындыңың хас шебердің қолынан шыққаны айтқызбай-ақ көрініп тұр. Жаңа өкімет орнағанымен, оның әлі қалыптасып болмаған кезеңнің шындығын суреттеп, жаңа заманның өз кейіпкерін қалай туғызып, тәрбиелеуін көркем бейнелеген шығармалардың ішінде бұл романның орны үлкен. Туындыдағы оқиға ХХ ғасырдың 20-жылдарының аяқ шенінде өтеді. Жаңа экономикалық саясатқа қайтадан құрық тасталып, жерді бөліске салу мәселесі шұғыл қолға алынып жатқан кезең. Азамат соғысының дүбірі де едәуір алыста қалған. Қарасай қаласының азаматтары өз орталарына келген Азамат Азаматычты әртүрлі көңіл-күймен қарсы алады. Көбінің көкейінде күдік. “Бұл қалай болар екен, кім екен” деген ой комсомолдың белсенді мүшесі Таңатарды ғана емес, қоғам ісіне енжар қарай алмайтын басқа да көзі ашық азаматтарды ойландыруда. Басшылық орындардың біріне жаңа кадрдың келуі мен қай заманда да «Бұл кім өзі? Енді не істер екен?» деген ойдың қабаттаса жүруі заңды. Оқырман қиялын ары қарай жетектеп әкететін осындай тосын сауалдармен қызықтыру тәсілі тек Азамат Азаматычты таныстыру әрекетімен шектеліп қалмайды. Романның бас кейіпкерлері Азамат Азаматыч пен Әлішер Кәдірбаевтың қоғамдық көзқарасы, моральдық адамгершілік қалпы, қызметкер ретіндегі белсенділігі, таптық ұстанымы әртүрлі. Осы айтылған факторлардың тұрғысынан алып қарағанда, бұл екеуін антиподтар деуге болады. Шығармадағы салаланып дамитын үлкенді-кішілі оқиғалардың барысында Азамат Азаматыч пен Әлішер Кәдірбаевтың бейнелері бедерленіп, ашыла түседі. Бас кейіпкер – былай қарағанда, алып бара жатқан ештеңесі жоқ, ауылдан шыққан қарапайым да бұйығы, момақан қазақ балаларының бірі. Сөйтіп Қарасай қаласына, бүкіл губернияға Азамат Азаматыч ретінде танылған бас кейіпкер өз жұмысына ыждаһатпен кіріседі. Губерниялық жерді бөлу бөлімінің бастығы Алексеевтің орынбасары болып орналасқан Азаматтың мойнына міндеттелген шаруаға байланысты әр алуан тартыстардың ортасына түсуі заңды да еді. Байлардың жерін кедейлерге, батырақ-жалшыларға бөліп беру мәселесі көтерілген кезде бұл науқанның алдыңғы қатарында Азамат Азаматыч көрінеді. Шамалары келгенше әртүрлі айла-тәсілмен мал-мүлікті де, жер-суды да өздеріне алып қалуға тырысқандығы, осы мақсатта түрлі амал-тәсілдерге жүгініп отырғандығы «Азамат Азаматыч» романында әжептәуір әсерлі суреттелген. Бүкіл ауыл-аймаққа, ат жететін атырапқа бедел-биліктерін жүргізіп үйренген Хайдар, Жарбол, Ыбырайым, Жүндібай және тағы басқалары оңайшылықпен беріле қоятын, тез сына қоятын жаңғақ емес. Олардың жергілікті жердегі партия комитеттерінде, кеңес орындарында мықты тіректері, сүйеніштері бар. Жазушы өз қаһарманының болмыс бітімін психологиялық-моральдық тартыстар үстінде көрсете отырып, өз тарапынан оған қысқаша мінездеме беріп кетеді. Романда сол бір кезеңдегі қым-қиғаш таптық шиеленістермен бірге моральдық-психологиялық қарым-қатынас нышандары да бір тыныспен суреттеліп отырады. Қоғамдық өмірдің шынайы көріністері нақты адамдар бейнелері арқылы бедерлене түсетінін ескерсек, романда бірсыпыра сәтті жасалған образдар галереясы көрініс табады. Оқиғалардың салаланып өрбуі де, түрлі ашық және астыртын шиеленістердің орын алуы да осы адамдардың қарым-қатынастары барысында байқалып қалады. Сөйтіп автор өтпелі кезеңдегі қазақ қоғамының тұтас картинасын жасауды мақсат еткен. Губерниялық жер бөлімі бастығының орынбасарын өз жақтарына тартып, кәдеге жаратқысы келетіндер түрлі айла-шарғыға барады. Хозяйка-жеңгейді алдыға сала отырып, Рахым сияқты қой тонын жамылған бұрынғы қасқырлардың басты мақсаты – қалай болған күнде де Азаматты өз мүдделері үшін пайдалану. «Жер ашуы – жан ашуы» дейтін көшпелі қазақ тіршілігі үшін жердің кедейлерге қарай ығысып, солар құрған артельдердің билігіне көшуі – байлар мен олардың шашбауын көтерушілер үшін ең ауыр оқиғалардың бірі. Бұл арада Азамат Азаматыч өзін әділдікті жақтайтын нағыз белсенді ретінде көрсете біледі. Сөйтіп тап жауларының көңілінен шықпағанымен, жаңа өкіметтің саясатын жүзеге асырушы ретінде қалың жұртшылықтың мүддесін қорғай алатындығын, сөйтіп өзінің жаңа қоғамның жақтаушысы екенін танытады. Түрлі тартыстардан кейін ол өз жолынан айнымауға, ешқандай үгіт пен азығыруға көнбеуге бел байлайды. Тиісті міндетін адал атқару үшін әйелі Мәриямнан бой тасалауға мәжбүр. Ақыры ол осылайша өз дегеніне жетіп, саяси таптық жолын біржола айқындап алады. Романда бас кейіпкерден кейін көбірек көрінетін персонаждардың бірі – Жүндібайқызы Мәриям. Тұстастарына қарағанда рухани дамып, эстетикалық талғаммен өскен ол түрлі көркем шығармаларды да түсініп оқи алатын дәрежеде. Романда ол таптық тартыстың, саяси күрестің бір тетігі ретінде де көрінеді. Сөйтіп жазушы қазақ қызының осындай бір типіне елеулі әлеуметтік жүк арқалата білген. Бұлардан өзге романда айқынырақ көзге түсетін кейіпкерлерді саяси таптық тұрғыдан екі топқа бөлуге болады. Қазіргі қоғамдық, экономикалық өзгерістерге қарсы күштердің өкілдері, яғни, тап жаулары ретінде көрінгендердің ішінде Рахым Қауғабаев, Әлішер Кәдірбаев, Сағит Борсықбаев, Хайдар, Жүндібай қажы, Жарбол, Сүлеймен сияқты персонаждардың мінез-құлықтары айқынырақ таңбаланған. Бұларға қарсы пікірдегі, жаңа өкіметтің саясатын жүзеге асыру жолында жұмыс істеп жатқандар қатарында Шәймерден, Рахым комсомол, Медеу, Қайша Дәуітқызы, Жақып және т.б. кісілерді айтуға болады. Келесі бір есте қалатын образ – Қайша Дәуітқызы. Бұл – Мәриям Жүндібайқызына қарама-қарсы алынған бейне. Ол – Азамат Азаматычтың идеялас серігі ғана болып қоймай, оған деген әйелдік сезімі қалыптасып келе жатқан жан. Сонымен бірге романдағы ауыл адамдарының түрлі әлеуметтік қатпарын құрайтын кейіпкерлер қатарының өзі бір төбе. Б.Майлин – қазақтың алғашқы кәсіпқой драматургтерінің бірі. Оның «Майдан», «Жалбыр», «Амангелді» (Ғ.Мүсіреповпен бірігіп жазған) тәрізді драмалары, «Шаншар молда», «Көзілдірік», «Талтаңбайдың тәртібі», «Қос қақпан», «Жасырын жиылыс» және т.б. комедиялары мен скетчтері үлкен дарынның келесі қырын танытқан тамаша туындылар болды. Қаламгердің уытты әзілі, тіліп түсер сықағы оның сатирик екендігінен де хабардар етеі. Ол сатираны поэзия, проза және драма жанрларында жаза берген. Б.Майлин – қазақ әдебиеті тарихында ерекше орын алатын тұлғалы дарындардың бірі.
|