Студопедия — Али Орманов
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Али Орманов






(1907-1978)

Қазақтың лирик ақыны Ғали Орманов 1907 жылы қазіргі Алматы облысының Ақсу ауданында Ешкіөлмес тауының бауырында туған. Онға толар-толмаста әке-шешесінен бірдей жетім қалған бала туысқандарының қолында өскен. Балалық шағында өлең-жырға әуестеніп, Біржан-Сара, Кемпірбай мен Шөже айтыстарын, «Алпамыс», «Мұңлық-Зарлық», т.б. хиссаларды жатқа айтқан. Домбыраға қосып ән айтып, өлең шығаруға да бейімі танылған.

20-жылдары Ғали балалар үйінде тәрбиеленіп, сауатын ашады, кейін Ілияс Жансүгіровтің көмегімен Алматыдағы халық ағарту институтына түсіп оқиды. Болашақ ақынның әдебиетте көрінуі де осы тұс. 1928 жылы «Тілші» газетінің бетінде тұңғыш өлеңдері басылады. Институттан кейін (1929-1930) аз уақыт оқу-ағарту саласында қызмет істеген Ғали 1930 жылдан бастап «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне ауысады. Онда ұзақ жылдар істеп, қаламын ұштайды, ақындық тәжірибесін жетілдіреді. 1939-1946 жылдары Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы қызметін атқарады. Содан кейінгі ақын өмірі мен еңбегі Қазақстан Жазушылар одағы мен әдеби-газет журналдар («Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті»), көркем әдебиет баспасы маңында өтеді, соларда басшы қызметтерде болады.

Ғали – алғашқы ақындық талабынан бастап бөлінбей, жарылмай, талантын әр жаққа шашыратпай, бір бағытта еңбек еткен лирик ақын. Өлең өнеріндегі өмірін ол байсалды, салмақты, ойлы қалпын бұзбай, үздіксіз ізденуімен өткізді. Абай мектебі мен Ілияс Жансүгіров ақындығын өнеге тұтқан ол қазақ өлеңін заманның рухына лайықтап, сыршылдыққа, сезімталдыққа, суреткерлікке қарай икемдеді. Өзін заманымен, замандастарымен тұтастықта сезінуге үйренді. Сондықтан ол алғашқы тәжірибесінен бастап, бұрқырап, айғайлап, дуылдап кетпей, майда қоңыр үнмен оқырманмен сырласуға ұмтылды. Дәуір шындығын бірден суретке түсіре алмай, қызығып, таңданып қараған кездерінің өзінде, жалаң ұран мен лепірмелікке ұрынбай, ақындық даусын ашық, анық естіртуге, сырын да, шынын да жасанды емес, қарапайым, адал бейнелеуге талаптанды. Өлең табиғатын халықтың рухынан, характерінен іздеген Ғали тіл безуге, сөзуарлыққа барған жоқ, ойлылыққа, қарапайымдылыққа, образдылыққа жол іздеді. Сөйте жүріп, өз үнін тапты, көргенін, түйгенін ешкімге еліктемей, өзінше айтты. Оның ақындық тағдыры осылай қалыптасты.

Ғалиды да, оның ақындығын да заманы тудырды. Ол бостандық идеясынан нәр алды. Алдыңғы ағалары Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит, Мұқтарларға ілесе ол алғашқы ақындық үнін қазақ даласындағы әлеуметтік өзгерістерді жырлауға арнады. Әдебиет – көпке ортақ болғанмен, көптің ойын, сөзін айтқанмен, ақындардың әрқайсысы әдебиетке барар жолды өзінше ізденді. Осылардың арасында Ғалидың да ешкімге ұқсамайтын ізі, ісі бар-ды.

Ақындық жолын Ғали өзі өмір сүрген дәуірдің шындығына негіздеп дамытты. Оның жиырмасыншы жылдар ішінде жазған лирикасында қазақ кедейлерінің бойындағы ояну сезімі, өзі туып-өскен ортаның жүдеу суреттері, жастық көңіл-күйлері, туған өлке табиғатының көз тартар көріністері кең бейне табады. Ең бастысы – ақын сол дәуірдегі қоғамдық жаңаруларға мұрындық болған жаңа адамды тануға ұмтылды. Олардың әлеуметтік өзгерістер легінде өсуін көрсетті. Соның бірі есебінде Ғалидың жас геройы ескілік езген ортадан қалаға аттанып, жаңа, жарық дүниеге ұмтылады.

 

Аттанып ауыл-анадан Жарбиған жаман тон, тымақ

Оқуға кеттім қалаға. Жабысып кетті үстімде.

Жабыла маған қараған Жанайын деген бір шырақ

Жалтаңдай кеттім далаға. Жалтылдап кетті ішімде.

 

Лирикалық геройдың ауылдан қалаға аттанған алғашқы күйін бейнелейтін осы екі шумақ өлең ескі ауылдан жаңа дүниеге қол созған жастың сезім күйін де, сыртқы кейпін де өткір танытады. Аулынан бұрын шығып көрмеген баланың жалтаңдап аттануына жабыла қараған дала, ескінің белгісіндей үстіндегі жарбиған тон, тымаққа қарсы қойылған іштегі «жанайын деген шырақ» – бәрі де суретке жаңа идея дарытып, заман рухын өткір сездіріп тұр. «Сараң басқан сары тайын шалдырып» жол бойында жатқан бала алдында да сахарада шалқайған жаңа жол жатқанын көреміз.

Ғали геройының осы жолы – тек Ешкіөлмес бауырынан Алматыға аттанған болашақ ақын баланың жолы емес, жаңа, жарық дүние іздеген бүкіл қазақ жасының, Ғали ақын ұрпағының жолы еді. Олардың бәрі оқу, өнер іздену, адам болу, жаңа заманның қайраткері болу жолына сапар шекті. Ғали осы ұрпақтың алғашқы жыршыларының бірі болды. Оның ақындық жолында өзі ілескен өмірдің, өзімен қатар жасаған ұрпақтың, заман өзгерістерінің ізі сайрап жатыр. Осы жолда оның ақындық өнерінің байлығы, ол жасаған поэтикалық образдың алуан түрлілігі, көп қырлылығы, нақтылығы көрінеді.

Ғалидың алғашқы жырларының ішінде махаббат тақырыбына арналған бірталай өлеңдер бар. Оларда жастықтың албырт, адал сезім сыры әдемі суреттеледі. Олар бізге тек сүйіскен жастардың ынтықтық сезімін емес, сол дәуірдің қызы мен ұлына тән бұйығы психологияны, пердесі ашылмаған ұяң сезімді, пәк тазалықты бейнелейді. Ой да, образ да жаңа.

 

Санаңа сырым жетер ме, Күйігің болып кетерде,

Сарқылып саған не дейін. Қуанышың болып келейін.

 

Жас адамның кеудесін билеген сезімде заманның жаңа толқыны байқалады. Ол қазақ жасы бойындағы сезім азаттығын жырлайды.

Отызыншы жылдарды Ғали «Шеңберді» жазумен бастады. Өлеңнің жазылуына негізгі себеп Түркстан-Сибирь жолының салынып бітуі мен Алматыға поезд келуі болғанмен, ақын жеке фактының ауқымында қалмай, онда қазақ жерінде басталған индустрияландыруды, өндірістің өркендеуін, табиғатты жаңартқан жаңа еңбектің тегеурінді күшін, жұмысшы табының қажымас қайратын бейнелей жырға қосты. Шеңбер – қазақ жеріне түскен құрсау. Құзды қашап, төбелерді төңкерген, белестерге белдеу салған шебер қолдар табиғатты жаңаша игеріп, еркіне бағындырып жатқаны өлеңде әдемі бейне табады. Сырт формасында ескі жыр үлгісінің сарыны байқалғанмен, өлең жаңа образдарымен өз дәуіріндегі қазақ поэзиясындағы тың сөздердің бірі болды. Ақын алғашқы өлеңдер жинағын да «Шеңбер» деп атады.

Алғашқы адымынан сезімтал сыршылдыққа, байсалды суреткерлікке ден қойған Ғалидың жырына отызыншы жылдар өз өзгерісін кіргізді. Ол – өмірдің өктем дамуы тудырған романтикалық сарынға, сезім мен сырдың көтеріңкі көңіл күйіне, лептілікке қарай бұрылуы. «Шеңберде» осы анық сезіледі. Одан арғы ақын ізденістерінде, әсіресе «Алынған Арыста», «Үлбеде», «Мысқалада», сол сияқты табиғаттың дүлей күшін адам еркіне бағындырып жатқан заманның өктемдігін танытар жырларда бұл сарын ұстанған образдылық суреткерлілікпен толысып, жаңа, өзгеше өрнек табады. Осы өлеңдердің негізінде жаңа қоғамдық құрылыстың тегеурінді күшін мадақтаған патриот ақынның ой-сезімі жатыр. Ол жалаң мадақталмай, өмір фактылары арқылы көркем бейнеге айналады.

Ұлы Отан соғысы дәуірінің қат-қабат ауыр шындығы ақынның осы отаншылдық сезімін әрі қарай ұштап, оны өз заманы және оның ержүрек адамдары жайлы жаңа сөз айтуға міндеттеді. Бұл тұс – ақын шеберлігінің айрықша өсіп, сөзге аса ұқыптылықпен қарауға, талғампаздыққа, үнемшілдікке қолы жеткен кезі. Оның осы кезде туған «Емен» кітабын қарап отырсаң, кешегі Абай айтқан «бас-аяғы жұп-жұмыр», қиналмай оқылатын, төгіліп тұрған өлең жолдарын көресің. Ақын жалпылыққа емес, жалқылыққа, нақтылыққа бет бұрды. Сол кезде Отан соғысы батырларын жалпылама мақтап, ескінің батырлары тәрізді суреттеген кей замандастарына қарама-қарсы ол Кеңес жауынгерлерінің бойындағы батырлық, отаншылдық сезімнің көрінісін жаңаша бейнеледі. Оның ұғымында, батырлық – бақ емес, оны халық намысы, кек тудырады. «Мәлік», «Полковник» тәрізді өлеңдерінде ол жаңа заман батырларының өзгеше сипатын жасады. Қыз мінезді, кішіпейіл, балғын дене Мәлікті батыр еткен оның бойындағы отаншылдық пен өзіне тапсырылған міндетті қасық қаны қалғанша атқаруға ұмтылған жауапкершілік сезімі, дұшпанға деген кек екенін түсінді. Бауыржан кескінінің өзінен ол кек пен намыстың, күрестің ізін көреді.

Ғали поэзиясындағы заман мен оның адамы туралы лирикалық-философиялық толғаныс осы кезден бастап айрықша көзге түседі. Ол туған Отанының беріктігін, құрыштығын танытар жаңа образдар іздеді. «Қарағай», «Емен» – ақынның осы саладағы үлкен табысы. Тамырын тереңге жіберген, бойы көкке өрлеген, ешбір дауыл мен желден қорықпайтын қарағай – жау зұлымдығын бойына дарытпаған берік Отанының бейнесі. «Еменді» де жау оғы жарып барып тоқтапты, бірақ құлата алмапты. Ол қайта көк тартып, гүлдеп тұр.

«Гүл» деген өлеңінде ақын жоғары идеяны жау өртінен аман қалған гүл тамырының қайта жанып кетпей, гүлдеуі арқылы жырлаған. Ол өрт артында өсіп тұрған гүлді жаңғырып, жаңарып жатқан жаңа өмірдің бейнесінде алады.

 

Жау жіберген өлімдей Жаңғыратын өмірдей

Жалын бәрін жалмапты. Гүл тамыры жанбапты.

 

Қиян-кесті соғыста жеңіп шыққан біздің қоғамдық құрылысымыздың өктем күші, содан дарыған ақын бойындағы романтика соғыстан кейінгі дәуірдің шындығы да Ғали шығармашылығынан орын тапты. Ол соғыс салған жараны жазуға, халық шаруашылығын қалпына келтіру кезіндегі халықтық энтузиазмді бейнелеуге осы жолмен барды. «Егін-толқын», «Аталмаған тау», «Бетпақдала дастаны», «Хан тауының құлауы», олардан кейінірек жазылған «Қапшағай», тың туралы өлеңдер – ақынның романтикалық көңіл күйін, заманы күйттеген өр сезімді лирикалық сыршылдыққа орап берген әсем дүниелер. Осының бәрінде жаңа адамның жасампаз еңбегі үлкен суреткерлікпен ашылады.

Соғыстан кейінгі дәуірде жасы да ұлғайып, ойы байсалды тартқан ақынның өмір жолында көрген, түйген дүниелері оның ойы, сезімі, ақылы, өсиеті, сырына айналып, тың ізденістерге барғанын көрсетеді. Ол ақындық байлықты өмірдің өз шындығынан жинады. Туған республикасын, тіпті шет елдердің біразын аралаған ақын от өзені ағызған жұмысшыны, кең алқапты ақтылы қой, алалы жылқыға толтырған малшыны, бауыр халықтардың туысқандық сезімін, туған табиғаттың жаңа бейнесін көрді. Осының бәрінен өлең тапты.

Осы тұстағы Ғали жырларындағы ерекше танылатын бір сала – оның табиғат туралы өлеңдері. Өзі Жоңғар Алатауының табиғаты әсем өлкесінде дүниеге келген ақынның бүкіл өмірі Жетісудың бай суретінің көлеңкесінде өтті. Ол аралап көрген, сүйсінген Баян, Қарқаралы, Көкшетау, Өскемен өлкесінің көркі де көзтартарлық еді. Сондықтан, Ғали жанымен, тәнімен, бар ақындық болмысымен табиғаттың бұлбұл жыршысы болып, оның суреттерін үлкен азаматтық әуенмен түйістіре білді. Ақын жырларын оқығанда табиғат суреттері бар қалпымен көз алдыңа тұра қалады. Оның байқағыштығына, ұсақ детальға дейін жіті көріп, суретке айналдыра білетініне таң қаласың. Жымдасып, таспаша өріліп, әдемі өлеңге айналып, сезіміңді қытықтайды.

 

Қарағай, қайың өрілген Шыңыңды шымқай ораған,

Сүйсіне көрем көркіңді. Шынарың шайы көрпең бе?

Шашағы самсай төгілген Бөлене, шіркін, мен оған

Құздарың кілем секілді. Өстім бе сенің өлкеңде? –

 

дейді «Қорада» өлеңінде.

«Кешкі тауда» Ғали кешке қарай мұз көңілі жұмсарып, бар жүйесі босаған тау бейнесін әдемі суретке салады. Абайдың қараңғы түнде балбырап, қалғыған тауының бейнесі көз алдыңа бірден оралады.

Ғали осы өлкені сүйді, осы өлкенің үлкен азамат жыршысы болды. Онымен біте қайнасып, елінің қуанышы мен қайғысына ортақтасты, табиғатын сүйіп, шалғынына аунады. Өлеңіне содан нәр алды.

Ақын мұраты халқына қызмет етуде. Ғали – осыны жақсы түсінген, бар өмір-тіршілігін соған арнаған адам. Ол:

 

Жаны қош, жарқын сол көптің Күлімдеп тұрған көздердің

Шын сыры болғым келеді. Ұшқыны болғым келеді.

Қуанып соққан жүректің Салтанат құрған кездердің

Дүрсілі болғым келеді. Күшті үні болғым келеді, –

 

деп жазды.

Ғалидың ақындық шеберлігі оның өлеңді кәсіп емес, өнер деп қарайтын биік талапшылдығының нәтижесі. Ол – өлең өрнегі, тіл кестесін мейлінше дамытқан өнерлі ақын. Өлең сөзден ол үнемі жымдасып, таспаша өріліп тұруды талап етті. Оқырман жүрегіне жол табар өлеңнің осындай болуын іздеді. «Оқырман жүрегіне бойлай білу», сөздің адамды жылытуы – оның ақындық арманы еді. Ақын бұл арманына жетті. Халқының сүйікті ақын ұлы болды.

Ақындық сыр, ақын психологиясы Ғали шығармаларында мейлінше анық көрініс тапқан.

 

Кезімде кейде сырқаған Кеудемде сонда тұтаған

Деуші едім тосын дерт екен. Өлеңнің өшпес өрті екен, –

 

дейді.

Ғалекең ұзақ ауырды. Аурумен алысып жатқанда да оның қолынан қаламы түскен жоқ.

Осының бәрі Ғалидың ақындық тағдыры бақытты қалыптасып, туған елінің тағдырымен тұтасып, біртұтас тағдыр құрағанын мойындатады. Оның қазақ әдебиетіндегі, әсіресе ұлттық поэзиядағы орны өзгеше.

Ғали ақындық өнерін аудармашылықпен қатар жүргізіп, шеберлікке жетілуге пайдалана білді. Ол Пушкиннің, Лермонтовтың, Маяковскийдің, Махтұм-Күлидің өлеңдерін, Л.Толстойдың «Анна Каренина» романын, Мопассанның, Гогольдің, Шолоховтың әңгіме-повестерін қазақ тіліне аударды. Өз шығармалары да орыс және басқа туыстас халықтар тілдеріне аударылды.

Бұлар ақындығына қоса Ғали даңқын көтеріп, оның есімін елге таныта түсті.

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 1044. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Вычисление основной дактилоскопической формулы Вычислением основной дактоформулы обычно занимается следователь. Для этого все десять пальцев разбиваются на пять пар...

Расчетные и графические задания Равновесный объем - это объем, определяемый равенством спроса и предложения...

Кардиналистский и ординалистский подходы Кардиналистский (количественный подход) к анализу полезности основан на представлении о возможности измерения различных благ в условных единицах полезности...

Обзор компонентов Multisim Компоненты – это основа любой схемы, это все элементы, из которых она состоит. Multisim оперирует с двумя категориями...

Этапы и алгоритм решения педагогической задачи Технология решения педагогической задачи, так же как и любая другая педагогическая технология должна соответствовать критериям концептуальности, системности, эффективности и воспроизводимости...

Понятие и структура педагогической техники Педагогическая техника представляет собой важнейший инструмент педагогической технологии, поскольку обеспечивает учителю и воспитателю возможность добиться гармонии между содержанием профессиональной деятельности и ее внешним проявлением...

Репродуктивное здоровье, как составляющая часть здоровья человека и общества   Репродуктивное здоровье – это состояние полного физического, умственного и социального благополучия при отсутствии заболеваний репродуктивной системы на всех этапах жизни человека...

Интуитивное мышление Мышление — это пси­хический процесс, обеспечивающий познание сущности предме­тов и явлений и самого субъекта...

Объект, субъект, предмет, цели и задачи управления персоналом Социальная система организации делится на две основные подсистемы: управляющую и управляемую...

Законы Генри, Дальтона, Сеченова. Применение этих законов при лечении кессонной болезни, лечении в барокамере и исследовании электролитного состава крови Закон Генри: Количество газа, растворенного при данной температуре в определенном объеме жидкости, при равновесии прямо пропорциональны давлению газа...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.009 сек.) русская версия | украинская версия