Студопедия — Бу Сәрсенбаев
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Бу Сәрсенбаев






(1905-1995)

Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы 15-қазанда қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы (Теңіз) ауданы, Мақаш ауылдық округінің Алға ауылында дүниеге келген. Әбу (азан шақырып қойған аты Әбу-Ғали-Сина) жас кезінен-ақ әдебиетке жақын болған. Қыс айларының кіре тасудан бос уақыттарында балықшылар жиналып, сауаты барларға қисса, дастандарды оқытатын болған. Бір ауылдың ішінде мақамдап, таза, мүдірмей оқитын Сәрсенбай ақсақалдың баласы Әбу әкесіне еліктеп мектеп табалдырығын аттамай жатып, «Қобыланды», «Алпамыс», «Қамбар», «Шәкір-шәкірат», «Бозжігіт», «Балқия», «Алтын балық», «Қыз Жібек», «Мұңлық – Зарлық», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты қиссаларды жатқа айтатын болған. Намаз оқығанмен дүмше молдаларға қаны қас әке Астраханнан татар молдасын алдырып, балаларға хат танытуды көздейді. «Әке балаға сыншы» деген, баласынан үлкен үміт күткен әке «Мұрагерім, жұлдызым менің!» деп тегін айтпаса керек. Әке үмітін ақтаған Әбу бала әке аузынан шыққанның бәрін жатқа айтуда зеректігімен танылады.

Жалғыз аға (екеуінің арасында кілең қыз балалар туылған) мен асқар таудай әкеден бір жылда айрылған Әбу он жасынан бастап жесір шешемен бірге тағдыр тауқыметін тартады. Бұғанасы қатпай теңіз кәсібіне араласып, бір отбасын асыраған Әбу патша тақтан құлаған шақта қызыл гвардияшылардың қатарына қосылмақ ниет танытады. Бойы қылыштан аспаған жасөспірім командир жақында мектеп ашылатындығын, оқу керектігін ескертсе, ауыл гвардияшысы Нұрмаш: «Қарағым, әзірге тым ерте. Сүйретіліп жатқан мынау қылышқа сүрініп жығыласың ғой... Командир дұрыс айтады...» дейді.

Сол жылы Фазыл мұғалімнің көмегімен Астрахандағы Төленді селосындағы шаруа-жастар мектебіне оқуға түсіп, жазғы демалысында «Еңбек» деп аталатын бақша артелінде жұмыс істеп нәпақа табады. Осы мектепте татар мен қазақ әдебиетімен қатар сусындап, Абай мен Тоқай өлеңдерімен танысады. Мұнда Әбу әкесі секілді жиналған топқа кітап оқу мансабына ие болып, әуелі қисса-дастандар, кейін прозаға, одан пьесаға ауыса бастайды. Осылайша шәкірт бала күндердің күнінде «Тамұқта күйгің келмесе» пьесасы бойынша сахналық қойылымда әйелдің ролін ойнайды.

1926 жылы қазаға ұшыраған құрдасына арнап «Жетім зары» деген толғау шығарады. Бірақ Сәбиттің «Сұлушашын» оқыған соң өз ақындығынан ұялған бала ешкімге көрсетпей, жыртып тастайды. Оның шығармашылығы «Кедей тілі» газетінде шыққан «Одырбаевтың ордасы» атты фельетонынан басталады.

1927 жылы партия кандидаттығына алынған ол сол жылы партия мектебіне оқуға түседі. 1929 жылы Астрахан кеңес-партия мектебін бітіргеннен кейін 1932-1934 жылдары Алматыдағы Комвузда дәріс алды. Бірақ әдебиетке жақын ол Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына жиі барып, дәріс тыңдап, әдебиет төңірегіндегі мәселелерге арласады. 1934 жылдардан бастап баспа ісіне араласа бастаған Әбудің алғашқы туындылары осы жылдар жемісі.

Ұлы Отан соғысы басталған тұста әскерге жартылай жарамдылардың қатарында болғандықтан, 1941 жылдың желтоқсанында жүзінші атқыштар бригадасының жаңадан ұйымдастырылған редакциясына шақырылады да, 1942 жылы Ташкенттегі Жоғары дәрежелі Әскери Педагогикалық институтқа жіберіледі. 1943 жылдан 3-Украина майданындағы «Совет жауынгері» газетіне әскери тілші болып істейді. Осы жылдары Оңтүстік Украина, Молдавия, Румыня, Болгария, Югославия, Венгрия, Австрия майдандарына қатысып, 1946 жылдың соңына дейін Кеңес Армиясы қатарында қызмет етеді. Соғыстан кейінгі 1947-1953 жылдары Қазақтың Мемлекеттік педагогикалық оқу құралдары баспасының директоры қызметтерін атқарды.

Әдебиетке 30-жылдардың орта тұсында келген ақын қаламынан «Еділ толқыны» (1937), «Жүрек сыйы» (1938), «Ант» (1940), «Ақша бұлт» (1947) атты жыр жинақтарымен бірге «Толқында туғандар» (1953), «Теңіз әуендері» атты романдар туды. «Арбасу» (Қ.Жұмалиевпен бірге, 1948), «Теңіз махаббаты» (1975) атты пьесалары мен бірнеше оқулықтар жазып («Оқу кітабы» (1941), «Ана тілі» (1948, 1959), «Әдебиет хрестоматиясы» атты хрестоматия құрастырды (Е.Ысмайыловпен бірге).

Сонымен бірге ол А.Пушкин, М.Лермонтов, Ш.Петефи, Н.Некрасов, Фаиз сынды батыс пен шығыс классиктерінің шығармаларын қазақ тілінде сөйлету арқылы қазақ көркем аудармасына біршама үлес қосты.

«Еділдің толқынындай ағындаған Өлеңмен көтерілді, ақын, бағаң» – деп Қалижан ақын айтқандай, бірнеше жыр жинақтарымен танылған ақын Ұлы Отан соғысы жылдарында басқыншы жауға қарумен де, қаламмен де қарсы шықты. Майдан шебінде болған тілші қаламынан өмір шындығын шынайы бейнелеген лирикалық өлеңдер туды. «Жаралы алыптай теңселуде бүгін Бауырдай жыртылып Украина қыры» деп ақын бірде оқтан шұрқ тесік болған Жер – Ананы жырға қосса, енді бірде «Бүлдіршіндей арулар, балғын бөбек, Жазықсыз өр кеудесін оққа төсеп, Шомылып дариядай жатыр қанға, Туған жер топырағын етіп төсек» деп қынадай қырылған бейкүнә жандардың мезгілсіз қазасына күрсіне отырып қайғырды. Жалғызынан айрылған ананың «– Қарашығым, қаныңды арқалаған Фашистер ұрпағына жетсін өлім!» деген қарғысы арқылы ақын басқыншы жауға лағынетін жаудырды. Осындай өртке оранған селолар мен қанға бөккен топырақты жырға қосқан ақын жауынгерлерді қасық қаны қалғанша күресуге, Отанды жауға бермеуге шақырды. Газетке қан майдандағы соңғы шайқастарда жасалған ерлік істер туралы материалдарды дер шағында жеткізу міндетімен жүрген тілшінің керек жерінде қарумен де қарсы тұғанына «Журналистер соғыста» деген жинақтағы мына жолдар мысал: «Одессаны азаттау операциясында корреспондент Сәрсенбаев барлауға барып, батальонның жауынгерлік қатарында жауға қарсы ұрыс жүргізді... Содан соң осы айқас туралы майдандық газетте очерк жариялады...».

«Мазасыз Украина түні», «Балкан шежіресі», «Балатон жырлары», «Вена жырлары» атты шоғырлы топтамаларында Батыс майданының жанды картинасын жасаған ақын жауынгерлерге патриоттық рух берген өршіл өлеңдерін өндірте жазды. Басқыншы жаудың адам баласына жасаған қатігездігін «Жауынгер мен жеңісте» өлеңінде «Жиырмасыншы ғасырда адамды адам Итке, өртке тірілей тастағаны» деп жеткізе жырлады. «Терісі жетімектің Болмасын деп перчатка салдақыға» деп Гетенің халқына емес, жауыз солдатына оқ атқан лирикалық кейіпкер қаншама қорлықтан өтіп, Жеңіске жетеді. Өзіне етене жақын майдан тақырыбына кейінгі жылдары да қайта-қайта соғып отырды. Бүгінгі тәуелсіз елдің ұландары жатқа айтатын, Отан үшін қол-аяғын берген мүгедектерді құрметтеуге арналған «Сен құрметте оны!» өлеңі осы топтағы шағын лирикалардың шоқтығы биігі:

 

Сен құрметте оны!

Түсіндің бе, қарағым?

Ол ақшаға сатқан жоқ,

Тізеден кесіп аяғын.

Еріккеннен де ұстап жүрген жоқ.

Қолтықтағы ұзын таяғын...

Сен құрметте оны!

Түсіндің бе, қарағым?

Сенің келешегің үшін берді ол

азаттық жолында аяғын!

 

Ақын поэзиясынан үлкен орын алатын – туған жер туралы топтамалар. «Мен қатерге қарсы барсам сен үшін, Көкірегімнен қан төгілді жер үшін» дейтін лирикалық кейіпкер – туған жердің бір уыс топырағы үшін басын қандай қатерге болса да тіге білетін патриот азамат. «Тағдырыңды тапсыр маған, туған жер, Көркейтуге міндеттімін мен сені!» дейтін ол шаруашылықты қалпына келтіру, Тың жерді игеру, Қазақстанның Отан қоймасына миллиард пұт астық тапсыру, Одақтас Республикалардың шынайы достығы сынды кеңестік дәуірдің тарихи оқиғаларына белсене араласып, өзекті мәселелерді көтере білді. Амудария мен Сырды, Балтық пен Днепрді, Арал мен Жайықты шабыттана жырлаған ақынның лирикалық кейіпкерлері – Отан үшін қолы мен аяғын жауға беген мүгедектер. Ақын поэзиясындағы өртке оранып қан сасыған жерді азат етуде қасық қанын аямаған майдангерлердің бейбіт өмір тұсында халық шаруашылығына белсене араласып, еңбекте де алдыңғы шептен табылуы өмір шындығы.

Ол шағын лирикамен бірге қазақ поэзиясын «Ақмаралдың жүрегі», «Шие ағашы», «Намыс ұлы», «Ұлым туралы ой», «Жазылмаған дастан», «Таңғы сарын», «Жас коммунистер туралы жыр», «Отыз үшінші көктем», «Ақырғы граната», «Бәрі де бәрі есімде», «Фон Ширахтың түсі», «Қасиетті құпия», «Алмаш ару» сынды дастандармен, балладалармен байытты. «Ақмаралдың жүрегі» – халық аңызынан алынған лирикалық дастан. Аюдай жыртқыш тырнағынан қаза тапқан Дауылбай мен Ақмарал сынды арудың кіршіксіз махаббатын жырлау арқылы ескі аңызға жан бітіріп, қазақ поэзиясына алып келді. Сонымен бірге «Намыс ұлы», «Ақырғы граната», «Фон Ширахтың түсі», «Қасиетті құпия», «Алмаш ару» сынды туындылары майдан тақырыбына әр жылдары қайта оралып отырғанын байқатады. Мұнда да ақынның басты кейіпкерлері – ержүрек жауынгерлер. Қазақ қыздарының да ерлермен бірдей ерлік көрсеткенін ақын Алмаштың кесілген аяғы арқылы бейнелеген:

Қу соғыс сені бақытсыз еткен, Алмашым,

Адамдар енді сұмдыққа қайтып бармасын!

Білмесін тарих әкесіз өскен жетімді –

Сирақсыз қалған мәңгі тұл, мәңгі жесірді.

 

Алмаш арқылы қу соғыс бақытсыз еткен әйелдердің, Шынар мен Ақан арқылы қаралы хатқа сенбей, жақсы түсті медеу етіп жүрген жесірлер мен жетімдердің жиынтық бейнесін сомдады. Осылайша шағын лирикадағы бізге таныс кейіпкерлерін үлкен жанрларға алып келіп, олардың жиынтық бейнесін жасауда ақын табысқа жетті. Оның әрбір кейіпкері өмірден алынған шынайылығымен өзіне баурайды.

Алғашқы тырнақалдысын поэзия мен прозада қатар сынаған қаламгердің қаламынан прозалық туындылардың шығуы заңдылық. «Батырлардың ізімен», «Офицер күнделігі», «Жауынгер монологы» атты топтамаларына кірген деректі әңгімелері мен новеллаларында 3-Украина майданында Отанды басқыншы жаудан қорғауда болған майдангер өз көзімен көрген жайттардан сыр шертеді. Сондықтан да бұл шығармаларда көркемдік қиялдан гөрі деректілік басым. Қаламгердің жетістігі – поэзиядағы кейіпкерлерін проза жанрына да алып келуі. Бұл шығармалар батыс майдандағы соғыс шындығын қазақ әдебиетіне алып келуімен құнды.

Балықшылар әулетінде туған Әбу он жасынан бастап осы кәсіпке араласқандықтан, оның поэзиялық, прозалық шығармаларының дені балықшылар өміріне арналған. Балықшы қыз, балықшы бала, балықшы шал сынды лирикалық кейіпкерлерін 1953 жылы «Толқында туғандар» романына алып келді. Бұл қиялдан гөрі деректілігі молырақ шығарма екенін автор былайша еске алады: «...бұнда өз өмірімнің, тұстастар өмірінің ұсақ бөлшектері бар. Мысалы, табрашы Сережа мен Дауылдың кейбір тұстары өз басымнан алынды». Орталық кейіпкер Дауыл Жантасовтың төңірегінде өрбіп отыратын романға Атырау балықшыларының Қазан төңкерісіне дейінгі ауыр тағдыры мен одан кейінгі жылдардағы жай-күйлері арқау болған. Қазақ-орыс балықшылары арасындағы үлкен достық олардың азаттықты аңсаған ортақ мүдделерімен толыға түскен.

1960 жылы балықшылар өмірі туралы «Капитан ұлы» атты повесін жазған жазушы кейін оны кеңейтіп, 1969 жылы «Теңіз әуендері» атты романын жазды. Қазақ, орыс, болгар тілдерінде жарық көрген роман әдебиетшілердің оң пікіріне ие болды. Отан қоймасына қыруар шикізат тапсырып жатқан Атырау балықшыларының тіршілігін арқау еткен романда біз өзімізге таныс-бейтаныс кейіпкерлермен қайта табысамыз. «Баутин», «Нептун» сынды кеме капитандары Айса, Қанай, Әділхан бейнелері балықшылардың ерен еңбегін паш етеді. Болатхан, Тоғайәлі, Рахмет, Сартай, Айжан, Людмила сынды бір-біріне ұқсамайтын әралуан кейіпкерлер бейнесі арқылы жазушы теңіз толқынмен алысуда болаттай шыныққан жандардың типтік бейнесін жасады. Авторлық ұстанымды кейіпкер сөзімен бере білген жазушы қарт Каспийдің бүгіні мен болашағы туралы өзекті мәселелерді де көтере білді. Солардың бірі теңіз астынан қара алтын іздеу мәселесі болса, бүгінгі таңда сол өңір қара алтынның Отанына айналғаны да шындық. Табиғат алапатымен күресуде ауызбіршілік танытқан балықшылар өміріне арналған шығарма қазақ әдебиетін мазмұны жағынан байытты.

«Міндеттісің дәуірдің алдын орап, Барлаушысы болуға, ақын батыр!» – деп, өзі айтқандай, бір ғасырдың куәсі болған ақын өзі өмір сүрген уақыт шындығын шынайы бейнелеп, болашақ туралы болжамдарын ұсынды. Қазақ әдебиетіндегі поэзия, проза сынды қалыптасқан жанрларды жаңа мазмұнмен жалғастырған Әбу Сәрсенбаев қаламынан туған дүниелердің қазақ әдебиетіндегі орны ерекше. Жауынгер қаламынан туған дүниелер майдан шындығынан сыр шертті. Поэзия, проза жанрындағы балықшылар мен жауынгерлер, жесірлер мен жетімдер, жалғызынан айрылған қариялар, Отанға миллиард пұт астық тапсырған еңбекшілер сынды кейіпкерлер – оның қазақ әдебиетіне алып келген сом тұлғалары.

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 1508. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Шрифт зодчего Шрифт зодчего состоит из прописных (заглавных), строчных букв и цифр...

Картограммы и картодиаграммы Картограммы и картодиаграммы применяются для изображения географической характеристики изучаемых явлений...

Практические расчеты на срез и смятие При изучении темы обратите внимание на основные расчетные предпосылки и условности расчета...

Функция спроса населения на данный товар Функция спроса населения на данный товар: Qd=7-Р. Функция предложения: Qs= -5+2Р,где...

Именные части речи, их общие и отличительные признаки Именные части речи в русском языке — это имя существительное, имя прилагательное, имя числительное, местоимение...

Интуитивное мышление Мышление — это пси­хический процесс, обеспечивающий познание сущности предме­тов и явлений и самого субъекта...

Объект, субъект, предмет, цели и задачи управления персоналом Социальная система организации делится на две основные подсистемы: управляющую и управляемую...

Виды сухожильных швов После выделения культи сухожилия и эвакуации гематомы приступают к восстановлению целостности сухожилия...

КОНСТРУКЦИЯ КОЛЕСНОЙ ПАРЫ ВАГОНА Тип колёсной пары определяется типом оси и диаметром колес. Согласно ГОСТ 4835-2006* устанавливаются типы колесных пар для грузовых вагонов с осями РУ1Ш и РВ2Ш и колесами диаметром по кругу катания 957 мм. Номинальный диаметр колеса – 950 мм...

Философские школы эпохи эллинизма (неоплатонизм, эпикуреизм, стоицизм, скептицизм). Эпоха эллинизма со времени походов Александра Македонского, в результате которых была образована гигантская империя от Индии на востоке до Греции и Македонии на западе...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.008 сек.) русская версия | украинская версия