Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Бернияз Күлеев




(1900-1923)

Бернияз Күлеев 1900 жылы қазіргі Орынбор облысы, Бөрте ауданында дүниеге келді. Кіші жүздің Әлім руынан шыққан.

1917-1918 жылдары Орынбор мұғалімдер семинариясында білім алған. 1920 жылдан өмірінің соңына дейін қазақ АССР Халық ағарту комиссариатының кітаптарды бастырушы өкілі ретінде Қазан қаласында қызмет істейді. Осы жылдары (1922 жылы) ол Мағжан Жұмабаевтың бір томдық жинағын шығарып, оған «Бастырушыдан» деп түсінік жазған. Мағжан мен Бернияздың өте жақын араласқандықтарына ақын қайтыс болғанда жазған «Берниязға» өлеңі мен «Бернияз Күлеев» деген қазанама мақаласы мысал бола алады. Онда ақын өмірі туралы толыққанды дерек бар: «Бернияз Ақтөбе уезіне қарайтын Кіші жүз Әлім руынан. 11 жасына шейін үйінде молдадан сабақ оқыған. 11-12-де Томаркөл облыстық школында оқыған. Туған әкесі Бекен ол школдан алып, Ақтөбе гимназиясына берсе де, шығынын ауырсынып, қайтып алып, Бөрте болысындағы екі класты школға кіргізген. Бұл школды бітірген соң Бернияз 16 жылы Орынборға барып, даярланып, 17 жылы учительский школға түскен. Апалаң-топалаң заман тәртіпті ғылым алуға ырық бермей, онда бір-ақ жыл оқып, жас бала жеке тұрмысқа, әлеумет ісіне кіріп кетеді. 18-жылы Торғайдың облыстық комитетіне мүше болады. 20-жылы «Ұшқын» газетінің бір жазушысы болады. 21 жылдан былай қарай Қазақстан елді ағарту комиссариаты қызметімен Орынбор жаққа анда-санда аз уақытқа келіп-кеткені болмаса, ылғи Қазанда болады. Сол Қазанда қайтыс болады».

Өлең жазумен жастайынан шұғылданған Бернияздың артында қыруар мұра қалған. Шағын лириканы терең меңгерген ақын «Іңкәр жүрек», «Қайда екен», «Жорық», «Гүл» атты кең құлашты поэмалар жазды. Сонымен бірге ол А.С.Пушкиннің «Қараңғы жазғы бір түні», «Ажал», «Сүю», «Мұң», «Бар ойым бастан кешті көзім көріп», Н.Г.Цыгановтың «Тұтқын», И.С.Никитиннің «Ай сәулесі қысқы кеште», «Жатыр ұйықтап барша халық» өлеңдерін тәржімалап, қазақша сөйлетті.

Ақынның алғашқы жинағы «Стихотворения Бернияза Кулеева, 1919 г. 1 часть», «Бер-Нияз Күлеевтің уақ өлең-жырлары, 1919 ж.» деген атпен жарық көрген болатын. Кейінгі жылдары ақын мұрасын зерттеуші Р.Батырбекованың дайындауымен «Бернияз Күлеев. Таңдамалы шығармалары». 2000 жылы («Ғылым») көпшілік оқырманға ұсынылды.

Өмірінің дені жырақта болған ақынның алғашқы өлеңдерінің бірі –«Апама хат» (1914-1916). Жас ақын анасына арнаған хатының өзінде сол тұстағы ел жағдайына қатты алаңдаушылық білдіреді. Ол жеке бастың ғана қамын қамдаудан асып, ел мұңын мұңдап, бұһара күйін күйттеуге ауысады. «Сорлы қазақ қандай күйге кез болдың?» деп ел басына түскен қиын күндерге күйзелген ақын «Жатқан қазақ тәтті ұйқыда малынып, Бетін ашпай, бөгежектеп жамылып» деп қамсыз ұйқыда жатқан қазақты оятуға ден қояды. Бұл – ХХ ғасыр басындағы қазақты маса болып ызыңдап оятуды көздеген Ахмет пен «Оян, қазақ!» деп жар салатын Міржақыппен үндес сарын. Оқыған, көзі ашық, ел қамын ойлаған қазақ жастарының дені ұйқыдағы қазақты оятуды, отаршылдықтың тас бұғауын бұзып бақытқа, теңдікке, бостандыққа жеткізуді көздесе, Бернияз шығармаларының да негізгі өзегі осыған саяды.

Ақынның бірсыпыра туындыларына отаршылдықтың зардаптары арқау болған. «Өзім» өлеңінде өршіл рух басым. «Өзім патша, өзім төре, өзім хан, өз ойымды сан сабазға бермеймін» дейтін ақын бойындағы асқақ сезім Мағжан поэзиясындағы өршілдікті еріксіз еске түсіреді. «Жас перімін білекті, Жолбарыспын жүректі» дейтін ақын «Кім бар» өлеңінде:

 

Арыстанбыз алыссақ алмай қоймайтын,

Аш бөріміз ағызсақ қанға тоймайтын.

Қолда қуат, бойда сымбат, жүректе от,

Жас періміз мыңға жалғыз болмайтын

 

- деп азаттық жолында қарсы келген жаудан аянбайтын ерлікті, батырлықты, күрескерлікті мақтан етсе, бірсыпыра туындыларына сол тұстағы өмір шындығын арқау еткен. «Ел ерлеріне» деген өлеңінде «алма мойын, аршын төс» аруларды күң еткен, ел ұланын құл еткен «Жанын жалмап, ұрттап ішкен қандарын, Ел обыры, жер жебірі мейірімсіз» патшаның жандайшаптары генерал мен жандарм, сұлтан мен төре, хан мен задаларға лағнет айтып, қалың бұқараның бостандыққа жеткенін мақтан етеді. «1917-жылға», «Бостандық күніне», «Бұлт» өлеңдерінде ел-жұртын бақыт күнімен құттықтап, оның мәңгілік болуын тілейді. «Қайтер едің?», «Неге?», «Кім үшін?» өлеңдерінде оқырманға өмір жайлы ой тастаса, «Не етер ем?» өлеңінде ақын егер Тәңірі болсам «Көкесіндей біз естіген жұмақтың Жер-дүниемді нағыз жұмақ етер ем» деп бұқара халықты жұмаққа жеткізуді арман етеді.

М.Жұмабаев оның «Ұшқын» газетінің жазушысы болғандығын айтқан болатын. Бір жылдай шыққан соң ол газеттің аты «Еңбек туы», одан «Еңбекші қазақ», кейін «Социалистік Қазақстан», қазір «Егемен Қазақстан» болып өзгерген. Осы газет алғаш жарық көрген кезінде ақын «Ұшқынға» деген өлеңін арнады. Газеттің алты алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтынына күмәнсіз болған ақын былай дейді:

 

...Алтын Алтай, Еділ, Жайық, Сарыарқа –

Сауыт киіп, садақ тартқан ер бар ма;

Ару азып, ер үркек боп, жер тозып,

Жауға жаға жырттырмаған ел бар ма.

 

Алты алаштың қызыл туын қолыңа ал,

Ертеде еркін өткен күнін ойыңа ал.

Елді жерден, ерді еріктен айырған,

Дұшпаныңды табан тіреп жолыңа ал...

 

ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік мәселелердің бірі – әйел бостандығы болса, қалың малға сатылып, өмірі қорлықта өткен қазақ қыздары туралы ғасыр басындағы ақын-жазушылардың бәрі де жазды. Бернияз да бұл мәселеге баса көңіл бөлді. Ол «Қыздың мінәжаты», «Қазақ қызы», «Әйелдер сөзі», «Әкеме», «Бостандық болғанда бір қыздың тілегі», «Солған гүл», «Жұбату», «Қыздың зары» атты шағын лирикаларына әйел теңдігін арқау етті. Ақын бірде зарлы қыздардың өзін сөйлетіп, олардың жай-күйінен хабар берсе:

Қор қылып күң орнына бақтың, әке,

Көнбес ем, ұрып-соғып қақтың әке.

Көрмедің көкірек отым, көз жасымды,

Жылатып жастай малға саттың, әке.

Немесе:

Жаралғаннан күң болып

Құлдық қылып келдік біз.

Хайуан көрмес азаптың

Талайларын көрдік біз,

 

– десе, енді бірде қызын малға сатқандарға қаратып өз атынан сөйлейді:

 

Бір есекке қосақтап таққан мінез,

Жас қыршынды мал үшін сатқан мінез.

Өз қолыңнан балаңды отқа тастап,

Көз жасы мен обалға батқан мінез.

 

Ақын шығармаларынан үлкен орын алатын тақырыптың бірі – махаббат. Оның «Оның», «Алалық», «Сүйгеніме», ««Сүйікті қайғылыға», «Жіптіктей қолыңмен», «Ғ... тоташтың альбомына», «Айныған аруға», «От жұтамын, ойланамын зарланып», «Ғашығыма», «Шын сұлуға», «Шер шыдатпай саған арнап», «Жылы жүзбен шырай берген», «От жалындай өртеп ішті», «Ұшпақтағы жарыма», «Гүләндамға» атты лирикалық өлеңдері сүйіскен жастардың бір-біріне деген сағыныш сезімін жеткізуге арналған. «Қолаң шашты, қиғаш қасты, бота көз, Алма мойын, аршын төсті жар сүюді» арман ететін ақын бірде сүйгеніне ойын жеткізе алмай, «Сүйсем де, сүйе алмадым еріксізден, Қайтейін, қазақшылық әдеттен көр» деп қиналса, енді бірде сұлуға былай сыр ашады:

 

...Құлқың кіл сыр,

Күлкің сиқыр –

Өлген жан да тірілер.

Күлме, күлме,

Күлсең тіріде

Жүрек жүзге тілінер...

 

Келші бері,

Сүйші мені,

Суырылсын көмейім.

Сүй, құшақта,

От құшақта

Есім ауып өлейін!

 

Осы жолдардан Абай салған мазмұн, түр жаңалығын аңғарсақ, ақынның махаббат лирикасынан Шәкәрім мен Мағжанның да әсері байқалады. Ол бірде Шәкәрім сынды сұлулықтың алдында бүкіл аспан денелерін табындырып «Жүрсең – жер, күлгенде – көк сүйінеді, Ағаш-шөп сәжде қылып иіледі. Аспанның ажарлысы Ай менен Күн, Көркіңді көріп таң боп күйінеді» десе, енді бірде Мағжан сынды «Ақ төсін ақ тамақпен бірдей иіскеп, Балқиды бар сүйегім, жүрек иіп» деп сезім күйлерін жеткізуге тырысады.

«Қызықты жаз», «Жаздың алды», «Жазғы дала», «Түн», «Әдемі түн», «Күз», «Шолпан», «Жас теректің жапырағы», т.б. өлеңдерінде жыл мезгілдері мен табиғат сұлулығын жыр етеді. Бернияз жыл мезгілдеріне тән ерекшеліктерді көркем образбен жансызға жан бітіре кейіптеуде, адам мен табиғатты біртұтас бірлікте бейнелеуде қазақ поэзиясына Абай алып келген мазмұн, түр жаңалығын әдемі жалғастырды:

 

Буланып балқып,

Жайылып шалқып,

Өзендер жатыр жосылып.

Күмістей бұлақ,

Сай-сала, құлақ

Құшақтасып қосылып.

Сылқ-сылқ күлген сыны бар,

Гүрілдеген үні бар.

 

Шағын лириканы терең меңгерген ақын бірсыпыра эпикалық туындылар жазды. Шағын лирикадағы махаббат жайында жазылған сыршыл лирикаларындағы ойды топтай келе, «Іңкәр жүрек» пен «қайда екен» атты поэмалар жазды. Ғашығына деген сезім күйін жеткізуді көздеген поэмалардың негізгі лейтмотиві – сүйген жарға деген іңкәр сезім. Сюжетке құрылмаған поэмалар бір адамның монологы ретінде өрілген.

«Қайда екен» – ертегі формасымен басталғанмен, өмір шындығын арқау еткен шығарма. Онда қазақ халқының кешегі жайма шуақ күні ертегіге бергісіз бейнеленген. Автордың жастық шағы ертегіге бергісіз күннен елес береді. Арада өткен көп жылдардың салған ізі басқаша. Бақытты балалық шақпен бірге елдің де жердің де бар қуанышы ізім қайым жоғалған. Ендігі жерде ел ішінде қан төгіліп, бұқара халық ұлардай шулап, аштықтан топ-топ болып қырылып жатыр. Осындай сәтте сүйген жарын жоғалтқан лирикалық кейіпкер оны айдан да, күннен де, судан да, желден де сұрайды. Бірақ оның бойында:

Айдалада

Ата-анаға,

Жұртқа ере алмай талды ма?

Жаурап үсіп,

Кеуіп ісіп,

Жалғыз мола қалды ма? – деген күмән басым.

 

Сырт қарағанда сүйген жарын іздеу тәрізді болып көрінетін шығарманың айтары арыда. Автор қазақтың кешегісі мен бүгінгісін салыстыра отырып түйін жасайды. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы ел ішінің бүлінуі, халықтың ауыр тұрмысы, патша жандайшаптарының бұхара халықты тонауы, жерінен айрылған елдің ұлардай шулап тозуы, ел ішін жайлаған ашаршылық сынды үлкен-үлкен мәселелерді автор аз сөзге сыйғыза білген. Өзі өмір сүрген кезеңнің жанды картинасын жасаған шығарманың көтерер жүгі ауыр, айтары мол.

«Жорық» – жеке кейіпкердің монологы ретінде берілген шығарма. Ақын бұл туындысында ақын-жыраулар поэзиясындағы туған жер туралы толғамдардағы кешегі қазақ жерінің «балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған», «балдырғаны білектей, баттауығы жүректей» бай табиғатын еске алады. Сондай мол ырыстан ендігі жерде не қалды, сол жерде тұратын халықтың жағдайы қандай деген сауалдарға жауап іздейді. Сондай бай табиғатты иемденген бейбіт жатқан елді «Ен даламның сыны жоқ, Өшкен-өлген, қураған» күйге душар еткен, не болмаса «Шаңырағымды жағып күл қылып, Ерлерді байлап, құл қылып, аруды зорлап, күң қылған» жауларына тісі қайраулы. Ел мен жердің жоғын жоқтап, атқа қонған жас ұлан бұрынғыдай мамыражай күн орнатқанша, елдің кегін қайтарғанша ерден түспек емес. Сондықтан да ол «Жас жолбарыс ер ұлан, Еріңді көр жау қуған, Ерік үшін жан қиған, Жүретін болсаң, келіңдер!» деп жар салады. Шығармада Махамбет жырларындағыдай дамыта жырлау екпіні байқалады. Алдынан су шықса да, от шықса да қарсыласқан жауын жеңбей тынбайтын жорықшы бірде «Құс болам, көкке ұшамын, Жел болам, жерді құшамын» десе, енді бірде «Баратын жерге барармын, жауыма ойран салармын, жер жүзін жалғыз алармын, Кімім бар менің қорқатын!» деп өршіл рухпен ұран салады. «Жорық» – ақынның шағын лирикаларындағы отаршылдық зардаптарын арқау еткен шығармалардың түйіні іспеттес. Елді аздырып, жерді тоздырған отаршылдарды бір жола жеңбей тынбайтын жорықшы бойында оптимистік үн басым.

«Гүл» – ақынның ең соңғы көлемді туындысы. Мұнда ол өмір, өлім жайында философиялық түйін жасайды. Өмірден көргені мен түйгенін ойша қорытудан туған бұл шығарманың құрылымы да қызық. Лирикалық кейіпкердің монологына құрылған шығармаға шағын сюжет арқау болған. Алғашында табиғат ананың байлығын тамашалап:

 

Түпсіз теңіз аспан беті түнерген.

Ұшы қайда, шеті қайда тірелген?

Қашан болған, енді қанша тұрмақшы

Іші толған не сыры бар, білер ме ең?

 

- деп оның құдіретін тануға құмартқан лирикалық кейіпкер ешкіммен бөлісе алмаған сырларын ай, күн, орман, тоғай, тау, тас, сумен бөліседі. Сөзін тыңдар жан таппаған лирикалық кейіпкер осы сәтте айналасынан сөз ұғар жан таппаған Абайды еске салады. Ішіне сыймаған қалың қайғысын табиғатқа айтып «Улы жүрек жаннан сырын жасырып, Отыр бүгін табиғатқа ашынып» деп мұңын шаққан кейіпкер ендігі жерде тосын жағдайға душар болады. Ертегі кейіпкеріндей бір ару келіп өзімен біржола болуды талап етеді. Автор табиғаттың құпия сырын ашатын ібіліс шайтанның азғыруын сұлу қыз кейпімен бере білген. Лирикалық кейіпкер тура жолдан тайдыратын қулық, сұмдықтың азғыруына ермей өз жолын ұстанады:

 

Жауынгер боп жердің жүзін қан қылып,

Бай, патша боп өзімдейді зар қылып,

Сырыңды айт деп табиғатты бүлдірсем,

Не ғылайын атақ алып ғалым боп?!

 

Ол табиғат сырын оқымысты ғалымдардың ашатынына күмән келтірмейді. Өмір бар жерде өлім бар екенін айта отырып, тіршілікте бақытқа жетудің екі жолы бар екендігі жөнінде түйін жасайды. Оның бірі – қулық, сұмдық, зымияндықпен жету, екіншісі – әділет, ар тазалығымен, білім, ғылыммен жету. Алғашқысына алып бармақ болып азғырған шайтан тіліне ермеген лирикалық кейіпкер екінші жолды әділет жолы деп ұғады. Шығармадағы аллегориялық сыпат ару қыз кейпіндегі жезтырнақ ісімен ашыла түскен.

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 3111. Нарушение авторских прав


Рекомендуемые страницы:


Studopedia.info - Студопедия - 2014-2019 год . (0.009 сек.) русская версия | украинская версия