Студопедия — Сәбит Мұқанов
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Сәбит Мұқанов






(1900-1973)

Сәбит Мұқанов – Кеңес өкіметі кезіндегі дәуірдің аса көрнекті жазушысы. Оның шығармалары ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының отаршылдық езгідегі өмірі мен азаттық жолындағы күресі, төңкерістен кейінгі жаңа кезеңі жайлы шежіредей сыр шертеді. Ол жас әдебиеттің барлық жанрында жұмыс істеп, олардың есеюіне, қалыптасып дамуына үлкен үлес қосты.

Сәбит 1900 жылы 26-сәуірде бұрынғы Ақмола облысы, Ақмола губерниясы, Қызылжар уезіне қарасты Таузар болысының екінші ауылында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы) туған. Жеті жасында әкесі, сегіз жасында шешесі қайтыс болған Сәбит жоқшылық көріп өседі. Ауыл байларына жалданып жұмыс істейді. Өз талабымен ұмтылып, ауыл молдасынан хат таниды. Өлең-жырға әуес талапты жас сол кезде қазақ даласына көп тараған хисса-дастандарды оқып, жаттайды. Өзі де өлең шығарады. Ауыл ішінде «өлеңші бала» атанады. Ғ.Тоқай, Абай шығармаларын оқығаннан кейін Сәбит ақын болуды армандайды. Ол үшін оқуға талаптанады.

1918-1919 жылдары Омбы қаласында мұғалімдер курсында оқиды. Оның ақындыққа ұмтылуы осы кезден басталады. «Көңілім», «Зарығу», «Жоқшылыққа» сияқты алғашқы өлеңдерін Сәбит осы жылдары жазған.

Осы кезде Қазақстанда орнаған Кеңес өкметінің өмірден қағажу көргендерге қорғаушы болуы панасыз жетім Сәбитке де әсер етіп, ол өкімет қамқорлығымен қоғамдық істерге араласа бастайды.

Қазақстанда төңкеріс жеңістерін орнықтыру жылдарында Сәбит саяси-қоғамдық жұмыстар атқарады. 1922-1926 жылдары Орынбор жұмысшы факультетінде оқиды. Одан кейін «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясында, «Қазақ мемлекеттік баспасында» жауапты қызметте болады. 1928-1935 жылдары әуелі Ленинград университетінде, одан Мәскеуге ауысып, Қызыл профессура институтында білімін жетілдіреді. Сәбиттің қалған қызметі Қазақстан Жазушылар одағымен тікелей байланысты. Ол ұзақ жылдар одақ басқармасының төрағасы болып қызмет істейді.

Осындай саяси-қоғамдық қызметтерге араласа, білімін жетілдіре жүріп, Сәбит шығармашылық қызметпен үзбей шұғылданған жазушы. 20-30 жылдардың ішінде ол «Батырақ», «Октябрь өткелдері», «Сұлушаш», «Ақ аю» сияқты поэмалар мен «Адасқандар», «Теміртас», «Жұмбақ жалау» (кейін «Ботагөз» боп өзгертілген) атты романдар, көптеген өлеңдер, сын-зерттеу еңбектерін жазады. Одан кейінгі дәуірде «Сырдария», «Өмір мектебі», «Балуан Шолақ», «Аққан жұлдыз» романдары мен «Шоқан Уәлиханов», «Сәкен Сейфуллин» атты пьесалары жарық көреді. Осылардың арқасында Сәбит оқырман халқының зор ілтипатына бөленген даңқты жазушыға айналады.

Шығармашылық өмірін ақындықтан бастаған Сәбит 20-30-жылдары қазақ жалшы-батырағының құлдықтан босанып, қатарға қосылуын, қоғам мен адам өміріндегі өзгерістерді көркем бейнелеуге ұмтылған бірсыпыра лирикалық өлеңдер жазады. Оның Шоқпыт туралы топтама өлеңдері Бейімбеттің Мырқымбайы сияқты қазақ жалшысының өткен жолын суреттеуде едәуір маңызды. «Майға сәлем», «Гүл бағындай Отаным», «Сөз –советтік Армия» сияқты патриоттық жырларында ақын Отан мен халық деген ұғымдардың бірлігін, жеке адамның азаматтық есеюіне, оның қоғаммен үндестігін биік пафоспен бейнелейді. Жеке адам сезімін, жалпы халықтың көңіл күйімен ұштастыру заман рухымен астасып, картиналық суреттер жасайды. Көктемді жігіт бейнесінде алып, табиғаттың жаңару шағын сонымен байланыстырған «Майға сәлем» атты өлеңде лирикалық кейіпкердің ішкі сезімі Отансүйгіштік сезімге ұласып, тұтас көрінеді. Ол елі, заманы туралы толғанады.

Өлең өрнегінде оқырманмен тікелей тілдесу, ауызша сөйлеу тіліне жақын синтаксистік инверсияны қолдану, сөз мағынасын кеңейтіп, 11 буынды өлең тармағын бөлшектеу – Сәбиттің қазақ өлеңіне заман талабына ыңғайлап жасаған өзгерісі. Ол өлең тармақтарын сатылап, ой қазығын дауыс ырғағына лайықтап, пікірді философиялық тұрғыдан түюге негіздейді.

Сәбит поэмалары қазақтың эпикалық поэзиясының қаз тұруынан қалыптасуына дейінгі жолдағы елеуді ізденісті танытады. Ол сюжетті поэмада қазақтың қарапайым адамын жаңа кейіпкер дәрежесіне көтерді. Қазақ ауылының батырағы (“Батырақ”), қазақ жұмысшысы («Октябрь өткелдері»), қазақ әйелі («Балбөпе») ескі тіршіліктің шырмауынан босанып, қоғамдық іске араласып, оң-солын тани бастайды. Ақынның алғашқы ізденістерінде тәжірибесіздіктің салқыны байқалғанмен, бұл шығармалар заман тенденциясын түсінуде зор қадам болды. Осы жолмен ол “Сұлушаш” поэмасына келді.

Бұл поэманың негізіне Сәбит Сұлушаш пен Алтайдың махаббаты туралы халықтық аңызды пайдаланған. Сұлушашты бай қызы етіп, ал оның сүйген жігіті Алтайды кедей, құл баласы етіп суреттеу арқылы жазушы ескі қазақ ауылы өміріндегі әлеуметтік тартыстарды жаңғыртады. Байлар мен кедейлердің өмір сүру жағдайларын, ондағы қайшылықтарды ашады. Әділетсіздік, теңсіздік билеген заманда ғашық жастардың тілегіне жете алмай кеткенін, арманын, оларға жасаған қиянатты суреттейді. Алтай мен Сұлушаш бейнелері осындай екі таптың өкілдері етіп алынып, жастық сезім табыстырған, бірақ тілегіне жете алмаған ғашықтар тағдырын қайталайды.

Поэманың тілі көркем. Ақын сюжетті дамыту үстінде оқиғаны баяндап қана қоймай, ел тіршілігін, кейіпкерлер тағдырын бейнелейтін суреттер жасайды. Олардың толғанысын, қуанышы мен қайғысын терең бейнелейді. Адам сезімі табиғат көріністерімен байланыста көрінеді.

Сәбит – қазақ әдебиетінде роман жанрын бастаушы және оны жетілдірген жазушылардың бірі. Ол өз романдарында қазақ қоғамының даму жолы, ондағы негізгі бетбұрыс кезеңдерді үлкен шыншылдықпен суреттеді. Бірде дәуірдің тарихи оқиғаларына, бірде өмірде болған адамдардың деректі өмірі шындығына сүйеніп, жазушы қазақ халқы өмірінің ұзақ жолын шығармаларына арқау етті. «Адасқандар» болған оқиғаның ізімен, беймезгіл заманда адасқан ғашықтардың трагедиясына құрылса, «Теміртас» қазақ ауылының кеңестік жолға түсу кезінің шындығын бейнелейді. «Ботагөз» – халықтың азаттығы суреттерінің шежіресі. «Балуан Шолақ» пен «Аққан жұлдыз» – қазақтың ардагер ұлдары Балуан Шолақ пен Шоқан Уәлиханов өміріне арналған тарихи романдар. «Өмір мектебінде» жазушы мемуарлық үлгіде өзі куә болған тарихи дамудың шынайы суретін жасайды. «Сырдария» – қазақтардың табиғатты игеру жолында еткен еңбектегі қажырлы күресін бейнелейді. Әрқайсысы әр дәуірдің шындығын суреттеуге арналса да, осылардың бәрі жазушы шығармашылығында ХІХ ғасырдың орта тұсынан ХХ ғасырдың ортасына дейінгі қазақ халқы өмірінің шежіресін құрайды.

Сәбит романдарының биік үлгісі – «Ботагөз». Бұл роман алғашында «Жұмбақ жалау» деген атпен 1938 жылы басылған. Кейін жұртшылықтың талап-тілегін ескере отырып, жазушы оған өзгерістер енгізіп, толықтырып, 1948 жылы «Ботагөз» деген атпен қайта бастырды.

Роман материалының жиналып, сұрыпталуы мен жазылуының ұзақ тарихы бар. «Роман туралы» (1939) мақаласында автор: «1922-1923 жылдары мен Орынбор рабфагында оқыдым. Сол кезде бізбен бірге оқитын Сұлтанғазы Қыдыров деген жігітті оқудан шығару мәселесі қозғалды. Себебі, ол Сайым Қыдыров дейтін байдың баласы екен. Әкесін 1916 жылы көтерілген кедейлер өлтірген екен. Сайымды өлтірген төрт жігітті патша өкіметі дарға асып, оларға серік болған көп адамды жазаға тартқан екен», – деп жазады. Осы хабарды естіген жазушы тақырыпқа қызығушылық танытып, материалдар жинайды. 1916 жылғы көтеріліске қатысқандарға ашық хат жазып, деректер алады. Сот ісімен танысады. Көтеріліс болған жерлерді аралайды. Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісінің, 1917 жылғы төңкерістер мен Азамат соғысы оқиғаларын қосымша зерттейді. Сөйтіп, ұзақ дайындықтан кейін роман жазуға кіріседі. Оның алдында «Адасқандар», «Теміртас» романдарын жазып, тәжірибе жинақтайды.

«Ботагөз» – қазақ прозасының отызыншы жылдар ішінде кең шығармашылық арнада өсіп жетілгенінің куәсі тәріздес шығарма. Ол – Сәбиттің ғана емес, қазақ әдебиетінің жаңа тақырыпта ірі реалистік роман жасау жолындағы табысы. Онда жазушы ХХ ғасыр басында қазақ жерінде отаршылдық езгі мен үстем тап өкілдерінің қазақ еңбекші халқын екі жақты қанауының асқындауы, патша өкіметінің қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алып, жергілікті халықты ығыстыруы, осымен байланысты туған 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалысы, оның 1917 жылғы орыс төңкерістеріне ұласуы, Азамат соғысы дәуірінің шындығы тәрізді дәуірлік мәні бар үлкен оқиғалар легін кең көлемде суреттейді. Осы негізде қазақ халқының азаттық жолындағы күресі тарихын көркемдікпен ашады. Романда дәуірлік оқиғалардың тарихи шындығы мол қамтылады. Оның басты кейіпкерлері қазақ ортасынан шығып, олардың іс-әрекеті қазақ жерінде өткенмен, тарихи дамудың, азаттық жолындағы қозғалыстың Ресей көлемінде көрінуі де тарихи шындық шеңберінде берілген. Ұлт аймақтарындағы ұлт-азаттық қозғалыстарына ғасыр басындағы орыс төңкерістерінің дем бергені, көтерілісшілердің орталықтан қолдау тауып отырғаны да шындыққа қайшы келмейді. Осыған орай азаттық жолындағы күрестің жеңісін Сәбиттің коммунистік партиямен, қазақ төңкерісінің жеңісімен байланыстыра қарайтыны да бар. Бұл – кеңестік идеологияның әсерінен туған ұғым. Оған сын көзімен қарау қажет. Соған қарамастан, «Ботагөз» қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы азаттық, тәуелсіздік жолындағы күресін кең бейнелеген шығарма болып қала бермек.

Роман кейіпкерлері күрес майданында кездесіп, үлкен қақтығыстардан өтіп, толығады. Автор олардың арман-мұраты, іс-әрекеті арқылы қоғамдық дамудың беталысын, ішкі мазмұнын терең ашып көрсетеді. Оқиғалар шиеленісі мен оның дамуындағы жеделдік, өткірлік характерлердің де типтік дәрежеге көтеріліп, жетіле түсуіне көмектеседі. Олардың тағдыры қоғамдық зор мәселелермен сабақтасып беріледі. Алыс қазақ ауылындағы қарапайым істердің орталықтағы азаттық күресіне үндесіп, тамырласып жатқаны сезіледі.

Романда күрес пафосы айрықша көрінеді. Оған да негіз бар. Ол бір тұс қазақ халқының тағдыры таразыға іліккен кез болатын. Қазақ еңбекшілері жерден айырылды, қанау асқынды. Соның мысалы есебінде Тұяқ әулетінің тозып кеткені суреттеледі. Ботагөздің шешесі, жеңгесі көп азап шегіп өледі, ағалары қуғындалады. Көтеріліс жеңілген соң, көп адам тұтқындалып, жазаға тартылады. Бәрі де ауыр оқиғалар. Бұл азаптан саналы күрес арқылы ғана құтылуға болатынын роман кейіпкерлері жақсы түсінеді. Оларды кек, намыс билейді. Роман пафосының негізі осында жатыр.

Жазушы идеясы басты кейіпкерлер бейнесі арқылы дамып, ашылады. Олардың ішінде Ботагөз, Асқар, Амантай бейнелерінің маңызы үлкен.

Ботагөз – күрес дәуірінде туып, халықтың азаттығы жолындағы тартысқа өмірін арнаған, дәуірдің жаңа тұрпатты қызы. Оның күреске келуі өмір жолының белестерін суреттеу арқылы нанымды берілген. Кедей отбасынан шыққан ол жасынан өмірдің ащы-тұщысын татып өседі, әлділердің әлсіздерге жасаған қиянатын көреді. Ағасы Болатбектің қолында тұрып, ағасымен бірге істейтін еңбек адамдарының, өзі ет дайындайтын мекемеге жұмысқа тұрғанда, ондағы жұмысшылар тұрмысының жүдеулігін таниды. Орыс мектебінде оқитын зерек қыз өмір, қоғам, әділетсіздік туралы ойлана бастайды. Урядник Кошкиннің елге жасаған өктемдігі, Итбай болыстың ағасы Темірбекті соққыға жығуы, өзін тоқалдыққа алмақ ойы Ботагөздің озбырлыққа қарсы санасын оятады. Осыдан барып, 1916 жылғы көтеріліс басталғанда, ол көтерілісшілердің қатарына қосылады.

Ботагөздің осындай күрескерлік характерінің қалыптасуына сүйгені Асқардың да ықпалы болғаны даусыз. Жазушы екеуінің махаббатын жалаңаштамай, саяси күрестің атмосферасында бейнелейді. Ботагөз көз салып, байқап жүрген Асқар одан «әлеуметтік адам» шығатынына сенеді. Өзіне осы тұрғыдан да серік болатынын болжайды.

Асқарды жазушы өмір мектебінен өткізіп, қатардағы ауыл мұғалімінен халықтың азаттығы жолындағы күрескер дәрежесіне көтереді. Қала жатақтарының малын баққан Досан кедейдің баласы өз талабымен оқыса да, тұрмыстық қиыншылығын көріп өседі. Омбыда семинарияда оқи жүріп, қаражат табу үшін пристаньда жалданып жұмыс істейді. Ауыл мен қала кедейлерінің тұрмыс-тіршілігін жақсы білген ол қараңғы қазақ ортасын жайлаған надандық пен әділетсіздікке қарсы тұрады. Осы жолда біртіндеп саяси санасы оянады. Оның Итбайға еріп, Петербургке баруы, ондағы саяси партиялардың жұмысымен танысуы, саяси әдебиет оқуы заман шындығы шеңберінде суреттеледі. Саяси әдебиет оқығаны үшін жер аудару кезінде қоғамдық көзқарасын шыңдай түседі. Ол біртіндеп халықты отаршылдық езгіден босататын, қараңғылықтан, қанаудан құтқаратын жалғыз жол – күрес жолы екеніне көз жеткізеді. 1916 жылғы көтеріліс кезінде халық ішінде болып, көтерілісшілерге ақыл-кеңесімен көмектеседі. Азамат соғысы жылдарында ол майданның алғы шебінде жүреді, Армияда комиссарлық қызмет атқарады.

Романда еңбекші халықтың ішінен шыққан күрескер ретінде Амантай бейнеленген. Бұл образға жазушы ескі қазақ ауылында әділетсіздікті көп көрген, ойы жүйрік, тәжірибелі, халық адамының әрекет-тіршілігін жинақтаған. Заман Амантайдың қоғамға, ел билеушілерге деген наразылығын жаңа жолға салып, оған саяси сана дарытады. Бұл тұрғыда Амантайға көбінесе Асқар көмекке келеді. Қайтпайтын қарыспа мінезді Амантай әділетсіздікке, соны жасап отырған патша өкілдеріне, ел билеушілерге кекті, нысаналы күрес жүргізеді. Ол күрес жолын түсінбейтін, бірақ өмірден қағажу көріп жүрген Темірбек, Кенжетай, Бүркітбай сияқты ауыл адамдарына ақылшы болады. Ауыл жіктелді, таптық қайшылық күшейді, бұрын болыс-байға аузын аша алмайтындарға жал біте бастады. Бұрынғы жалшылар кәсіп іздеп, жол тауып кетіп жатыр (Темірбек Итбай үйінен өндіріске кетті, Бүркітбай көтерілісшілерге қосылды). Осы сияқты өзгеріс нышандарын Амантай дұрыс пайымдап, олардың ісіне ақыл қосады.

Романдағы азаттық жолындағы күреске қарсы тұратын типтердің ең көрнектісі – Итбай мен Кулаков. Итбай – ескі қазақ ауылының билеушісі, надан, дөкір, байлық пен күшке сенген, патша әкімшілігіне сүйенген адам. Ол халықпен есептеспейді, оларды шексіз қанайды, зорлық көрсетеді. Көтерілісті тудырған да осы Итбайлардың бұқара халыққа көрсеткен шексіз зорлығы, өктемдігі. Олар патша әкімдеріне жағымпазданып, солардан демеу алады. Оның бейнесінде қарадүрсіндікпен бірге айла да, біреуді біреуге айдап саларлық қулық та бар. Жазушы оның ұғымының тарлығын нақты эпизодтарда шеберлікпен ашады. Ботагөзді тоқалдыққа алу мәселесін ол Амантаймен сөйлеседі. Амантай келісім бермейді. «Сақалды басыңмен жас баланы алам деуің обал ғой», – дейді. Сонда Итбай: «Тапқан екенсің обалды. Қатын алу обал дегенді қай шариғат айтқан? Олай болса, пайғамбар неге төрт қатын алды», – дейді. «Қыз ағалары бермейді», – деп Амантай бетін қайтармақ болғанда: «Неге бермесін, малдың боғын жегелі отырған кедей көзіне көп мал көрсетсе, бермек түгілі, лақтырып жіберер», – дейді. Ақыры ол күш көрсетуге де дайын екендігін білдіреді. Ол губернатормен бастас болғанын, онымен арақ ішкенін мақтаныш көреді. Итбай портретін жасау мен мінездеуде де жазушы шеберлік танытады.

Романдағы оқиғалардың Ресей көлемінде суреттелуінің бір фактісі – онда ақ офицері бейнесінің жасалуы. Қазақстанда туып-өскенімен, орыс Армиясында қызмет етіп, кейін патшашыл Ресейдің сойылын соққан Алексей Кулаков – отаршылдық пиғылды терең ұстанған, қазақтарға менсінбей қарайтын, қанаушылық, талаушылық саясат жүргізген адам. Жазушы оны патшашылдыққа шын берілген, қайратты, өжет офицер етіп суреттейді. Сондықтан да ол – азаттық жолындағы көтерілістің қауіпті жауы. Қазақ ішінде өсіп, халықтың психологиясын жақсы білетін ол сырты жылтыр көрінгенімен, іштей зымиян боп суреттелген. Бірақ заманның беталысы оны қаймықтырады. Жеңісті Ботагөз тумен қарсы алғанда, үңгірде тығылып жан сауғалайды. Бұл – төңкеріс жауларының жойылып бітпегенінің, тасада тығылып қалғандығының белгісі сияқты.

Романда азаттық жаулары қатарында Базархан, Мадияр сияқты образдар бар. Жазушы оларды ұлтшыл оқығандар деп түсіндіреді. Оларды патша өкметімен ауыз жаластырып, төңкеріс идеясына қарсы адамдар етіп суреттейді. Бұлардың бейнесінде кешегі Алашорда қозғалысына қатысқан зиялы азаматтар өмірінің елесі көрінеді. Бұл тұста жазушы ұлтшыл оқығандар туралы кеңестік идеологияның көзқарасы шеңберінде қалған. Оларды бейнелеуді нақты адамдық тұлғадан гөрі, алдын ала жобаланған схема көбірек байқалады.

Дәуірлік көзқарастың тар шеңберінде туған осы сияқты қайшылықтар болғанмен, «Ботагөз» – заман шындығын аса байсалды мазмұнмен, шеңберлікпен суреттеген роман. Оның жарық көруі қазақ романының даму тенденциясын айқындайды және оған мұрындық болды. Өзінен кейінгі үлкен проза үшін үлгі, мектеп болған «Ботакөз» былайғы жерде қазақ романына жаңа талаптар қоюға, оларды көтеріңкі өлшеммен өлшеуге мүмкіндік берді.

Сәбиттің тағы бір үлкен туындысы – «Өмір мектебі» романы. Оның авторы халық өмірін терең білетін, өзі кедей, жалшылар ортасынан шыққан, жетімдік пен жоқшылықты көп көріп өскен жазушы еді. Бұл жағынан, оның балалық шағы Джек Лондонға, Максим Горькийге ұқсайтын. Бұл да солар сияқты еңбекші бұқара ішінен, оның қиын да азапты тіршілігінің шыңырау түбінен қайнап шықты. Халық мұның жүрегіне ұялатып, оның көз жасы мен шер-шерменін ойына түйді. Үлкен өмір мектебін өтті. Бұл мектеп – өмір тану, азаттық, теңдік, бақыт іздеу жолы еді. Осы бір халық өмірінің күрделі шындығын ол «Өмір мектебі» атты үш томдық тарихи мемуарлық романы арқылы арқау етті.

Бұл шығарма дүниежүзілік мемуарлық әдебиеттің дәстүрін жалғастырып, оны қазақ әдебиетінде орнықтырды. Сәбит өз өмірін негізге ала отырып, өзі көрген, куә болған, сезінген қазақ қоғамының шындығын тұтас суретке түсірді. Ондағы оқиғалар жүйесі бас кейіпкердің сезінуі арқылы дамиды. Дәуір сырын ашарлық ірі-ірі оқиғалар іріктеліп, жазушының толғанысынан өтеді.

Шығарманың үш кітабы осыған лайық жазушы өмірінің үш үлкен кезеңін қамтиды да, сол кезеңдердегі қоғамдық өзгерістерді, заман шындығын кең бейнелейді. Егер бірінші кітаптан («Азапты жолда») оның жетімдік жағдайында өткен балалық шағын, ол өскен феодалдық-патриархалдық мешеу ортаның сан қилы суреттерін көрсек, екінші кітапта («Азатты жолда») халықтың азаттығы жолындағы күресіне ілесіп, оның білім іздеуі, қоғамдық істерге араласуы, онымен бірге өзгеріп, жаңалыққа бет бұра бастаған ортаның шындығымен танысамыз. Үшінші кітапта («Есею жылдары») Сәбиттің ақындығы, жазушылық, қоғамдық қызметінің қалыптасуы, азамат есебінде есеюі, сол сияқты есейген елі, халқы жайлы мол деректерді қамтиды. Бүкіл шығарманың идеялық түйіні – халықтың отаршылдық пен ұлттық езгіге қарсы бой көтеріп, азаттықтың жолын қалауын, оның заңдылығын, рухани жаңарып, жалпы қоғам дамуының легіне ілескен халқы мен оның талантты ұлының азаматтық өсу жолын бейнелеуден аңғарылады. Сондықтан өмір мектебі – Сәбит өткен ғана емес, халық өткен жол болып танылады. Жазушы сол арқылы халық тарихының жартығасырлық өмірін кең қамтып суреттейді.

Жалпы алғанда, Сәбит шығармалары ХХ ғасыр сияқты күрделі кезеңде қазақ халқы бастан кешкен өмірдің кең көрінісін көркем бейнелеген туындылар қатарынан елеулі орын алады.

Жазушы әдебиет туралы ғылымға, әдеби сынға да көп араласып, маңызды еңбектер қалдырды. Ол «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихының очерктері», «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты зерттеулер жазды. Абай мен Шоқан өмірі туралы монографиялары «Жарқын жұлдыздар» деген атпен басылды. Сын мақалалар, мектепке арналған оқулықтар жазуға қатысты. Ұлттық Ғылым академиясының академигі болып сайланды.

Жазушы шығармалары көптеген шетел тілдеріне аударылды. Оның мұрасы 16 томдық шығармалар жинағы күйінде (1972-1980) жарық көрді.

Сәбит Мұқанов 1973 жылы қайтыс болды.

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 5536. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Кардиналистский и ординалистский подходы Кардиналистский (количественный подход) к анализу полезности основан на представлении о возможности измерения различных благ в условных единицах полезности...

Обзор компонентов Multisim Компоненты – это основа любой схемы, это все элементы, из которых она состоит. Multisim оперирует с двумя категориями...

Композиция из абстрактных геометрических фигур Данная композиция состоит из линий, штриховки, абстрактных геометрических форм...

Важнейшие способы обработки и анализа рядов динамики Не во всех случаях эмпирические данные рядов динамики позволяют определить тенденцию изменения явления во времени...

Реформы П.А.Столыпина Сегодня уже никто не сомневается в том, что экономическая политика П...

Виды нарушений опорно-двигательного аппарата у детей В общеупотребительном значении нарушение опорно-двигательного аппарата (ОДА) идентифицируется с нарушениями двигательных функций и определенными органическими поражениями (дефектами)...

Особенности массовой коммуникации Развитие средств связи и информации привело к возникновению явления массовой коммуникации...

Характерные черты немецкой классической философии 1. Особое понимание роли философии в истории человечества, в развитии мировой культуры. Классические немецкие философы полагали, что философия призвана быть критической совестью культуры, «душой» культуры. 2. Исследовались не только человеческая...

Обзор компонентов Multisim Компоненты – это основа любой схемы, это все элементы, из которых она состоит...

Кран машиниста усл. № 394 – назначение и устройство Кран машиниста условный номер 394 предназначен для управления тормозами поезда...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.011 сек.) русская версия | украинская версия