Студопедия — Алижан Бекхожин
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Алижан Бекхожин






(1913-1990)

 

Қалижан Бекхожин 1913 жылы 15-желтоқсанда Баянауыл өлкесінде әулиелі Қызыл тауда дүниеге келген. Әкесі Нұрғожа Павлодар облысындағы Троицк қаласындағы Зейнолла ишанның медресесін үздік бітірген сауатты жан болған. Ол өз тұсындағы би-болыстарды шенеп сын айтумен бірге, атақты Мәшһүр Жүсіп, Ақан сері, Исалармен айтысқа түсіп ақындығымен танылған адам.

Көзіқарақты, сауатты әкеден туған Қалижан да бала кезінен оқу-білімге зерек болады. Жастайынан арапша хат таныған ол қисса-жырларды үзбей оқудың арқасында әдебиетке әуес болады. 1924 жылы дін оқуынан Кеңес мектебіне ауысып, 1929 жылы комсомол қатарына алынады. Еңбек жолын 1930 жылы Ақсудағы мектеп мұғалімі болудан бастаған ол 1932 жылы әйелдер күніне арналған тырнақалды өлеңі шыққан соң, аудандық «Колхоз» газетіне жауапты хатшы қызметіне шақырылады. Сол бір шақты ақын: «Алғаш менің қаламымды ұштаған Павлодардың газеті – менің келешегіме кең жол ашты – аудандық газет беттерінде жарияланған төрт-бес өлеңімнің шарапатымен 1934 жылы мамыр айында Алматыға, Қазақстан жазушыларының І съезіне Павлодардан делегат болып аттандым», – деп еске алады. Осы съезде Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбиттердің ұлағатты сөздерінен қуаттанған болашақ ақын Сәкеннің кеңесімен сол жылы білім ордасының қара шаңырағы ҚазПИ-ге оқуға түседі. Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Құдайберген Жұбанов, Молдағали Жолдыбаев, Сәрсен Аманжолов, М.С.Сильченко, Мұхаметжан Қаратаев сынды ұстаздардан дәріс тыңдап, білім нәрімен сусындаған осы шаңырақ жөнінде жасы ұлғайған шағында «Ордасы кең білімнің ұям едің» өлеңінде:

 

Ошағым, бір шоғыңмын,

ұшқан сенен,

Сансыз от лаулар сенен – оған сенем.

Атынан бурыл басты ұлдарыңның

Иіліп құзырыңа сәлем берем! – деп жырлайды.

 

Осы өлең ақынның болдым-толдым деп шалқымай, өзіне дәріс берген қарт ұстаздары мен қара шаңырағына жасаған үлкен ілтипаты мен шексіз алғысының белгісіндей әсер береді.

Әдебиетке жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарында келген ақын тырнақалды өлеңінен бастап таныла түсті. «Жас алғысы», «Қуаныштың құйыны», «Өзіңе сен, жас ойшыл», т.б. өлеңдерінде «Қанатымен өлеңнің Көтерілем көкке мен» немесе «Еркінмін бұлтты жарып, көкке ұшамын, Бұзамын мұхиттың да мұз құрсауын», «Желді күні жармасқам Көкала толқын жалына» дейтін ақын жасқа тән өршіл рухымен танылды. Оның туған жерге деген сүйіспеншілігі ауылдан ұзап шыққаннан кейін, жырақта жүргенде арта түсті. «Келемін мен ауылға» өлеңінде қайтқан құстай туған ауылға асығып келе жатқан жастың сағыныш сезімі аңғарылады. Лирикалық кейіпкер үшін Ертістің әрбір толқыны ыстық: «Жатыр шалқып Ертісім, Көк толқынын алқалап».

Әдебиетке отызыншы жылдары келген Қалижан ақын Ұлы Отан соғысы жылдарында жаңа қырынан танылды. 1942-1946 жылдары Ұлы Отан соғысының әскери қызметін атқарған ақын Польша жерінде Сағынғали Сейітов пен Жұбан Молдағалиевті кездестіреді. Өз замандастары сынды басқыншы жауға қарумен де, қаламмен де тойтарыс берген ақынның «Шеру жырларына» енген өлеңдерінде патриоттық рух басым. «Кек дабылы», «Жауынгер маршы» өлеңдерінде «Кеудемізде кек қайнаған, Кекпен өзен отқа айналған» деп тыныштығын бұзған жауға деген кегін қайтаруға бел буған лирикалық кейіпкер «Көрсетеміз дүниеге айбат, Тазалансын жаудан жаһан» деп айбат шегеді. Бұл жылдардағы өлеңдердің бірсыпырасы елді басқыншы жаудан қорғауда ерлікпен көзге түскен батырларға арналған. Осы тұрғыда Абдолла Жұмағалиевке «Ақын кегі», Бауыржан Момышұлына «Қол бастаған батыр», Мәлік Ғабдуллинге «Батыр досыма», жиырма сегіз панфиловшыларға «Жиырма сегіз», т.б. өлеңдерін жазды. Жауынгер қазақ халқы ұландарының ерлігін Бауыржанға арнаған өлеңінде: «Білсін жау бір ел барын қазақ деген, Ашынса көрсетпейтін жауына күн!» деп жеткізді. Өрт оған майдан шебіндегі жырлардың қатарын «Партизан анасы» балладасы толықтыра түсті. Батыр анадан батыр ұл туатындығын ақын ананың: «– Ей залымдар, өлтір мені, Жыламаймын, мен қуанам» деген сөзімен жеткізе білген. Ал, «Кәдімгі біздің Қошқарбай» өлеңінде жауға қарсы күрескен замандастарымыздың типтік бейнесін жасады. Бұл жылдары Қ.Бекхожин да майдангер ақындар Д.Әбілев, Ж.Молдағалиевтер сынды патриоттық рухтағы жырдың жаңа үлгісін ұсынды.

Ақын өмірінің біраз уақытын көрші түрікмен елінде өткізгені белгілі. Оның қаламынан сол жылдары «Адасқан өзенмен әңгіме», «Тақия-тас», «Ташауз», «Түрікмен қызы», т.б. өлеңдер туды.

Қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихында қалыптасқан махаббат, табиғат, өнер-білім сынды тақырыптарды жырлауда ақын өз қолтаңбасын танытты. Негізін Абай қалаған табиғат лирикаларын С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов сынды Қ.Бекхожин ақын да өз шама-шарқынша толықтырды. Жылдың төрт мезгілі мен өзен, көл, тау туралы лирикалық өлеңдері қазақ поэзиясынан үлкен орын алары даусыз. Көктемді «Диқан-ата қырға шығып қуанып, Көк шуақпен бояп жатыр жер үстін. Дала беттен шымылдығын сыпырып, Жас келіндей жайды саған құшағын» деп суреттесе, жазға «Ақ қанат жаз, Мені аспанға сен көтер, Көкке апарып, күннің жырын сен әпер» дейді. Келтемасат бұлағын таудан аққан тас моншаққа, Ұлытауды дала сақшысына, Алатауды күміс мұнарасын күн сүйген ақ күмбезге, даланың суы мен тасын сүйген ерке желді қазақтың ерке ұлына теңеу арқылы қазақ поэзиясына жаңа образ альп келді.

Туған жер мен Отанға Қалижан Бекхожин де бар жақсы сөзін, әдемі теңеуін, бейнелі образын арнады.

 

Ертісімді жырлап келем мен өзім,

Ертіс менің

жыр бесігім, өзегім.

Тұңғыш жырым толқынында тіл қатты,

Шалқыр әлі өлеңімде өзенім

 

– деген ақын туған жерін ғұмыр бойы жырға қосты. Қара Ертіс пен Баян тау ақын үшін жер жаннаты десе де болады, себебі, ол Ертістің құмын басқа жердің мәрмәр тасына да айырбастамайды. «Ата тауым – Баян тау» деген өлеңінде ол Баянның тауы мен тасын, суы мен нуын, көлі мен құсын шабыттана жырлайды. Ақын жыраулар поэзиясындағы толғау үлгісімен туған жер туралы: «Күйеу боп әкем сызылып, Келін боп шешем иіліп, Баурыңа тіккен ақ отау…» деп толғап та алады. Баянның бауырын құт мекенге балаған ақын оның Бұқар жырау, Жаяу Мұса, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қаныш Сәтбаев, Дихан Әбілев, Зейін Шашкин сынды төл перзенттерінің өнері мен өмірін, елі үшін жасаған еңбегін мақтан ете отырып, мынадай түйін жасайды:

 

Көрсем сені,

күмбірлейді көмейім,

Сұлулыққа, мерекеге

толған тау.

Қыраныңдай әлі талай келейін,

Асқақтай бер,

әкем күйеу болған тау.

 

Алғашында кір жуып, кіндік қаны тамған Қара Ертіс пен Баянға деген үлкен сүйіспеншілік келе-келе, «Мен үшін туған жердің нұр сипаты Өзімнің Ертісімнен басталады» деп Отан деген ұғымға ұласты. Бұл тұста ақын Қазақстанның төрт бұрышын түгел жырға қоса отырып, Кеңестер Одағына қарайтын он бес республиканың табысы мен жетістігін, ынтымағы мен достығын «Еркіндік, бақыт, достық құшағында, Алуан совет жұрты жайраңдаған» деп шабыттана жырлады.

Қазақ поэзиясында қалыптасқан дәстүрдің бірі – өсиет және арнау өлең жазу. Қалижан ақын бұл тұрғыда да табысты еңбек етті. Ақындардың жасы ұлғайған шағында өмірден көргені мен жиғанын саралай отырып, болашақ ұрпақ үшін өсиет өлең жазатыны белгілі. Қазақ поэзиясындағы өсиет өлеңдердің қатарын оның «Тоқсан толғамы» толықтырары даусыз. «Басын имей борандарға қыстайғы, Бәйтеректер тұлғасын тік ұстайды», «Тау кәрілігін ағашымен жасырар, Тот басса да, жасымайды асылдар», «Жани білсе ойран ескі қанжарды, Жарып өтер әлі талай тасыңды», «Жасық жырды асыл депті бір дүмше, Соған бола кәрі жыным ұстады», «Саудагердей мадақтайтын сатарын, Ақындар бар бұлдайтын да сақалын», «Сақта, құдай, кәрілерден малта езіп, мылжыңдайтын дарынының төрінде» деген тіркестері – кейінгі ұрпақ үшін үлкен өсиет-өнеге. Қалижан ақын жансызға жан бітіріп кейіптеуде, образды сөйлеуде жаңа бейнелер мен тың теңеулер жасады: «Аспандаған қанатымды бұлт іліп, Құламада жүрмін қазір бұлқынып», «Қуарса да жапырағы бұтамның, Күдерімнің собықтарын үзбеймін», «Қылымсыған әйел-сынды уақыт-ай, Жымиясың сырқатыңды жасырып», «Жеткізе ме желдей есер дүние, Аңшыдаймын түлкі көрген сағымнан», «Арық аттай болдырған бір шалғайда, Кәрі көңіл кейде жасып қалмай ма?», «Жалбыр шашты бәйтеректі жапса қар, Еске түсер қойды баққан ақсақал», «Ақын жолы қия тастай тайғанақ, Қайсар ғана қарғып шығар биікке!».

Оның өзіне үлгі тұтар зиялы қауым өкілдері мен бірге туған-туыс, дос-бауырға арнап жазған арнау өлеңдері де жетерлік. Солардың ішінен қызы Мирасқа арнап жазған өлеңдерін ерекше атауға болады.

Шағын лирикалық өлеңдерінде өзіндік айтарымен көрінген ақын поэзиясының дені – эпикалық туындылар. Сондықтан да ол қазақ поэзиясында эпик ақын ретінде танылды. Қазақ поэзиясындағы эпикалық шығармалардың дамуы мен өркендеуі де осы есіммен тікелей байланысты. КЛКЖО Орталық Комитеті мен Қазақстан Жазушылар одағы Ленин комсомолының 20 жылдығына арнап жариялаған байқаудан «Орман қызы» (1938) поэмасы бәйге алды. Үлкен өнер жолына қанат қаққан Қарлығаштың талмай ізденуі мен жан тебіренісін ақын нанымды суреттеу арқылы замандас бейнесін қазақ поэзиясына альп келді. «Қамбар ағай» (1950) атты поэмасында Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі қазақ еліндегі өмір шындығын бір отбасы жағдайымен көрсете білді. Әрбір отбасының ат ұстар азаматы майданға аттанып, көпшілігінің майдан шебінде қаза болуының салдарынан от түтетер жанның табылмауы, елде қалған қариялардың соғыс өрті шарпыған жерлерден тірідей жетім қалған басқа ұлт балаларын бауырына басып жұбаныш табуы Қамбар ақсақал мен Қатша шешейдің қасіреті арқылы нанымды суреттелген. Бұл бір отбасы емес, сол тұстағы күллі Кеңестер Одағы елдеріне ортақ жай еді.

Бүгінгі замандас бейнесін жасауда ақын келесі шығармасына Жезқазған кеншілерінің өмірін арқау етті. «Ақан Ақтаев» (1957) атты поэмасы кеншілердің бейбіт өмірдегі жағдайы мен екінші дүние жүзілік соғыс жылдарын қамтиды. Поэманың орталық кейіпкері – Алматы Тау-кен институтының студенті Ақан. Әкесінің үкімет алдындағы қиянаты үшін жазаға тартылып оқудан босатылған Ақан – отызыншы жылдары халық жауы болып табылған қазақ зиялылары балаларының жиынтық бейнесі. Автор Ақан бейнесі арқылы отызыншы жылдардағы өмір шындығын бейнелеген. Сырттай оқып білім алған Ақанның өз бақыты үшін күресуі арқылы автор қашан да әділдіктің жеңетініне, жаланың жер жастанатынына сендіре білген. Сыншылар тарапынан көп сынға ұшыраған бұл поэмасын кейін автор «Тұрлаулы тағдыр» (1962) деген атпен қайта жариялады. Көркемдік қуаты ұштала түскен поэма әдеби қауымның оң пікіріне ие болды.

Ақынның келесі көлемді шығармасы – «Теңіз дастаны» (1971) атты поэмасы. Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі Шардара су қоймасын (Теңізін) салушы құрылысшылардың ерен еңбегін суреттеу арқылы бүгінгі замандастардың жасампаз бейнесін жасады. Ат тұяғы тимеген, адам баласы аттап баспаған қу мекиен далаға су жіберіп, қолдан жасанды су қоймасын жасаған Кеңестер Одағы еңбекшілерінің жасампаз ерлігін ақын шөліркеген жердің егіс алқабына айналуымен бейнелей білген. Қолдан жасалған су қоймасы арқылы құла түзге жан бітіру арқылы сомдалған замандас бейнесін ақын қазақ поэзиясына альп келді.

«Кек» (1940) атты поэмасында ақын Азамат соғысы жылдарындағы тарихи оқиғаларға қайта оралды. Азамат соғысы оқиғаларының Кереку, Баян өңіріндегі бір оқиғасын суреттей білген жазушы бұл тақырыпқа «Дала комиссары» (1958-1960) атты поэмасында қайта оралды. Қазақ халқының батыр ұлдарының бірі Әліби Жангелдин өміріне арналған шығармада Маңғыстау түбіндегі құмда адай жауынгерлерімен кездесуі арқылы өмір шындығын шынайы бейнелей білді. Әліби мен Атанияздың (Адай (Маңғыстау) уезінің тұңғыш ревком төрағасы Тобанияз Әлниязов (1875-1930) кездесуі шығарманың тарихилық сипатын арттыра түсті.

Ұлы Отан соғысы жылдарында ақын «Александр Невский», «Жиырма сегіз» (1942) атты поэмаларын жазды. Кеңес әскерлерінің кескілескен шайқаста көрсеткен ерлігін көркем бейнелеу арқылы ақын жауынгерлерге патриоттық рух берді. Жиырма сегіз панфиловшылардың аңызға айналған ерлігін ақын жеткізе жырлаумен қазақ поэзиясына өршіл рух қосты. Замандас бейнесін жасаудағы ақын жетістігінің бірі – «Сұңқар туралы аңыз» (1964) атты поэмасы. Алпысыншы жылдар әдебиетінде Сәкен бейнесін сомдауға арналған прозалық, поэзиялық шығармалардың қатарын аталған поэма толықтыра түсті.

Бейбіт өмірді, ел тыныштығын көздеген ақын шетел халықтарының өмірі туралы «Гималай сарыны» (1972), «Америка хикаяттары» (1972) атты поэмаларын жазды. Америка, Азия, Африка құрлықтардың империализмге қарсы күресін бейнелеу арқылы тақырып аясын кеңітті.

«Ақсақ құлан» (1939-1963), «Батыр Науан» (1940), «Мариям Жагор қызы» (1949-1954), «Соңғы сайран» (1969), «Аппақ нәма» (1974), «Сері күйші» (1989) сияқты поэмалары тарихи тақырыпқа құрылғандығымен, тарихи тұлғалар өмірін арқау еткендігімен ерекшеленеді. «Ақсақ құлан» аңызына құрылған поэма Ілияс Жансүгіровтың «Күй» поэмасындағы «Бозінген күйін» еріксіз еске салады. Бекхожин атадан-балаға мирас болып, ауыздан-ауызға жеткен аңызға жан бітіріп, оны қалың оқырманмен қайта қауыштырды. Аңызға жан бітіру сол тұстағы қазақ әдебиетінің көркемдік жетістіктерінің бірі болғаны белгілі. Ақынның «Сері күйші» поэмасы да Қорқыт туралы аңыз негізінде жазылған. «Қорқытпен тілдесу» атты прологта Қорқыт ақынның түсіне еніп: «Жұрт тағдырын көп ойлап, Көрге кірдім мен бейбақ. Енді сенің кезегің…» деп аян береді. Міне, осыдан кейін қолына қалам ұстаған ақын былай дейді:

 

Жасымнан күйшілермен сырлас жаным

Күй тербеп,

еміренді бұл дастаным.

Әйгілі Қорқыт ата – сері күйші,

Пірімдей билеп мені

жыр бастадым.

 

Ақын Қорқыттың Ябед хан тұсында қол бастаған батыр болғандығын нанымды суреттеген. Оның қарындасы Шерғұт ханға наразылық танытып, сарайдан кеткеннен кейін, жау хан ордасына от қойып, адамдарымен қоса өртеп жібергенін, төңіректің бәрі жалаңдаған ажал екендігін жорықта жүрген ағасына айтып келеді. Ақын жаудан аман қалған Ябид хан мен Қорқыт жарын жылан шағып өлтіруі арқылы тірі жанның бәрін ажалдың төңіректеп жүруін көрсеткен. Қарындасының сөзіне еріп жан сауғалаған Қорқытты қайда барса да, көр күтіп тұрады. Сыр бойына келіп сағалаған күйші мен әнші қарындасының өнерін ақын былай бейнелейді:

 

Ән мен күй

алшақтарға жетті гулеп,

Ән тербеп естігенді, күй әлдилеп,

Қорқыт пен Шерғұт қонған дарияға

Сексен қыз сары Арқадан

келді билеп.

Өнерлерімен елді баулаған ағалы-қарындасты жандарды ажалдан ешкім арашалай алмады. Ағасының артында жалғызсырап жетім қалғысы келмеген Шерғұт та қаза табады. Қыз аманаты бойынша олардың мүрдесін бір қабырға салады.

Кенесары Қасымов пен Наурызбай батырдың ерлігін арқау еткен «Батыр Науан», Мариям Жагорқызының (Рекина Мария Егоровна) өмірі мен өнеріне арналған «Мариям Жагорқызы», Ақан сері Қорамсаұлы туралы «Соңғы сайран», шығыстың ұлы ақыны Низами туралы «Әппақ-нәма» сынды поэмалар тарихи тұлғалардың көркем бейнесін жасауымен құнды. Өмірі мен өнері аңызға айналған жандардың өмірінің бір кезеңдеріне жан бітіру арқылы ақын оларды оқырманмен қайта қауыштырды. Ақын «Батыр Науан» поэмасында Кенесары мен Наурызбайды мадақтағаны үшін 50-жылдары біраз қуғын көріп, түрікмен елінде бой тасалады. Тарихи тұлғалар туралы эпикалық шығарма жазу үрдісі қазақ әдебиетінде оған дейін қалыптасқаны мәлім. Олай болса, осы қалыптасқан дәстүрді Ақан сері бейнесін жасауда М.Әуезов пен С.Мұқановтың «Ақан-Зайра» (1935) пьесасы, І.Жансүгіровтің «Құлагер» (1936) поэмасы, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» (1941) пьесаларының қатарын «Соңғы сайран» толықтырса, Низами мен қыпшақ қызы Аппақтың арасындағы тарихи шындықты Ғабит Мүсіреповтің «Қыпшақ қызы Аппақтан» кейін және бір қырынан сөз етті. Қалижан Бекхожин аталған поэмаларында өзіне дейін жазылған дүниелерді қайталамай, өмір шындығын көркем шындыққа айналдыруда табысты еңбек етті.

Қ.Бекхожин лирикалық, эпикалық туындылары арқылы ақындық шеберліктің шыңына шыға отырып, драматургия жанрына да үлес қосты. Оның қаламынан «Егер жүрек шын берілсе», «Нөсерден кейін», «Ұлан асу», «Гималай сарыны», «Жамбыл мен Айкүміс» атты әртүрлі тақырыптарды көтерген драмалық туындылар туды.

Қ.Бекхожиннің «Дәстүр және жаңашылдық» (1969), «Өлең өткелдері» (1986) атты әдеби-сын кітаптары оның әдеби процеске белсене араласып отырғандығына мысал. Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихы туралы жан-жақты сөз ете білген ақынның топшылаулары мен тың тұжырымдары оның көркем шығармаға жоғары талап қоя білгендігін танытады.

Ол Пушкин, Лермонтов, Гете, Байрон, Некрасов, Горький, Науаи, Маяковский, Симонов, Вургун, Ғұлам, т.б. еңбектерін қазақ тілінде сөйлету арқылы көркем аудармаға да үлес қосты.

Қалижан Бекхожин – лирикалық, эпикалық жырларымен қазақ поэзиясын бір саты биікке көтерген ақын. Эпикалық поэмаларына тарихи тақырыптарды арқау етуде, ел аузындағы аңызға жан бітіруде шеберлігімен танылды. Ақын қаламынан туған бейнелі тіркестер мен әдемі теңеулер оның қазақ әдебиетіне алып келген көркемдік ізденістері еді. Поэзиядағы лирикалық кейіпкерлерін қазақ сахнасына да альп келген қаламгер қаламынан туған драмалық шығармалар – қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар туындылар. Қазақ поэзиясының арғы бергі тарихына үңіліп, дәстүр мен жаңашылдық мәселесі жөнінде тұщымды тұжырымдар айта білген ол сыншылық, зерттеушілік қырымен танылды. Ақын қаламынан туған поэзиялық, драмалық шығармалары мен әдеби-сын еңбектер – ұлттық әдеби қорымызды байытқан дүниелер.

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 1642. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Шрифт зодчего Шрифт зодчего состоит из прописных (заглавных), строчных букв и цифр...

Картограммы и картодиаграммы Картограммы и картодиаграммы применяются для изображения географической характеристики изучаемых явлений...

Практические расчеты на срез и смятие При изучении темы обратите внимание на основные расчетные предпосылки и условности расчета...

Функция спроса населения на данный товар Функция спроса населения на данный товар: Qd=7-Р. Функция предложения: Qs= -5+2Р,где...

Механизм действия гормонов а) Цитозольный механизм действия гормонов. По цитозольному механизму действуют гормоны 1 группы...

Алгоритм выполнения манипуляции Приемы наружного акушерского исследования. Приемы Леопольда – Левицкого. Цель...

ИГРЫ НА ТАКТИЛЬНОЕ ВЗАИМОДЕЙСТВИЕ Методические рекомендации по проведению игр на тактильное взаимодействие...

Правила наложения мягкой бинтовой повязки 1. Во время наложения повязки больному (раненому) следует придать удобное положение: он должен удобно сидеть или лежать...

ТЕХНИКА ПОСЕВА, МЕТОДЫ ВЫДЕЛЕНИЯ ЧИСТЫХ КУЛЬТУР И КУЛЬТУРАЛЬНЫЕ СВОЙСТВА МИКРООРГАНИЗМОВ. ОПРЕДЕЛЕНИЕ КОЛИЧЕСТВА БАКТЕРИЙ Цель занятия. Освоить технику посева микроорганизмов на плотные и жидкие питательные среды и методы выделения чис­тых бактериальных культур. Ознакомить студентов с основными культуральными характеристиками микроорганизмов и методами определения...

САНИТАРНО-МИКРОБИОЛОГИЧЕСКОЕ ИССЛЕДОВАНИЕ ВОДЫ, ВОЗДУХА И ПОЧВЫ Цель занятия.Ознакомить студентов с основными методами и показателями...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.009 сек.) русская версия | украинская версия