Студопедия — Ілияс Есенберлин
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Ілияс Есенберлин






(1915-1983)

Қазақтың белгілі жазушыларының бірі ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1966) Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. Атбасар қаласындағы бір мектепке, Алматыда бір көшеге І.Есенберлин есімі берілген.

Қазіргі Ақмола облысының Атбасар қаласында 10-қаңтарда дүниеге келген. 1940 жылы Қазақ тау-кен және металлургия институтын бітіріп, Жезқазған кен өндірісінде инженер болып жұмыс істеген. Ұлы Отан соғысы басталған кезде қатарлас жігіттермен бірге қолына қару алып, жаумен айқасуға аттанады. Соғыста қатты жарақат алғаннан кейін болашақ жазушы туған елге оралады. Жарақатының салдарынан оң аяғы сол аяғынан шамалы қысқа болғандықтан, аздап сылтып басатын. 1942-1947 жж. Қазақстан КП Орталық комитетінде нұсқаушысы, 1947-1951 жж. Қазақ мемлекеттік филормониясының директоры, 1953-1954 жж. ҚР Геология министрлігінде аға инспектор, 1954-1955 жж. Берсүгір шахта басқармасының (Ақтөбе обл.) бастығы, 1955-1957 жж. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, 1958-1967 жж. «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы, сценарий редколлегиясының мүшесі, 1967-1971 жж. «Жазушы» баспасының директоры, 1971-1975 жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы қызметтерін атқарған.

Алғашқы шығармалары баспасөз бетінде 1940 жылдан бастап жарық көре бастады. Алғашында ақын ретінде танылған І.Есенберлиннің 1945 жылы «Сұлтан», «Айша» дастандары жарық көрді. Одан кейінгі кезеңдерде «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағы (1949), «Большевик туралы поэма» (1957), «Біржан сал трагедиясы» (1959) дастандары жарияланды. 60-жылдары проза жанрына қалам тарта бастады: «Өзен жағасында» (1960), «Толқиды Есіл» (1965), орыс тілінде жазылған «Адам туралы ән» (1957) атты повестері жарық көрді. «Айқас» (1966), «Қатерлі өткел» (1967), «Ғашықтар» (1968), «Қаһар» (1969), «Алмас қылыш» (1971), «Алтын құс» (1972), «Жанталас» (1973), «Көлеңкеңмен қорғай жүр» (1974) романдары, «Көшпенділер» трилогиясы (1970-1976), «Маңғыстау майданы», «Аманат» (1978) романдары, «Алтын орда» трилогиясы (1982,1983), «Махаббат мейрамы», «Алыстағы аралдар» (1983), «Аққу құстың қуанышы» (1984) романдары, шығармаларының онтомдық жинағы (1984-1990) жарық көрді.

«Таудағы тартыс» (1962) пьесасы республикалық балалар мен жастар театрында қойылды. М. Ерзинкянмен бірігіп жазған «Құйма» (1961) киносценарийі бойынша түсірілген фильм Кеңестер одағы республикаларында және венгр, поляк, болгар экрандарында көрсетілді. 1977 жылы «Жұлдыздар» атты поэмалар жинағы шықты. 40-тан астам ән мәтіндерінің авторы. Прозасы түгел дерлік орыс тіліне аударылған. Олар «Опасная переправа» (1970), «Влюбленные» (1970), «Схватка» (1957), «Хан Кене» (1971), «Заговореннный меч» (1973), «Отчаяние» (1974), «Прикрой своим щитком» (1976), «Золотые кони» (1981), «Мангистауский фронт» (1981), «Золотая орда» (1985) деген атпен Мәскеулік және республикалық баспалардан жарық көрді. Жекелеген шығармалары украин, латыш, литва, өзбек, алтай, башқұрт, қарақалпақ, венгр, поляк, ағылшын, француз, қытай, неміс, араб, испан тілдерінде жарияланды. Олардың ішінде «Көшпенділер» трилогиясы, «Адам туралы ән», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар», «Айқас» романдары бар.

Оның прозалық біраз шығармасы жұмысшы тақырыбына арналған. Болашақ кейіпкерлерінің арасында жүріп, еңбек етеді. Геологтар, ғалымдар жайынан жазатын романдарының кейіпкерлерімен осылайша шахта ішінде, кен барлау, археология ісінің басы-қасында жүріп жан-жақты танысады.

Басқа қазақ жазушылары сияқты Ілияс әдебиеттегі алғашқы қадамын өлеңмен бастаған. Оның «Сұлтан», «Айша» атты дастандары 1945 жылы жарық көрді. Тәуір деген өлең-жырларын іріктеп, «Адамгершілік жыры» атты жинағына (1949) енгізген.

Әдебиеттегі алғашқы қадамы осылайша ақын ретінде танылған І. Есенберлин біртіндеп прозаға бейімділігін де байқата бастады. Әуелде «Өзен жағасында» (1960), «Толқиды Есіл» (1965) повестерін жазды.

Жазушы талантын жаңа қырынан көрсеткен туындысы – «Айқас» атты романы 1966 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Аталған роман жазушының ғана емес, бүкіл қазақ кеңес әдебиетінің тарихындағы белесті шығармалар қатарынан саналады.

«Айқас» социалистік реализмнің қалыптасқан шеңберінде жазылған шығарма деуге болады. Романдағы оқиға тартысы Балташ көлі маңындағы Саят даласында мыс бар ма, жоқ па деген мәселенің төңірегінде өрбиді. Жазушының «Балташ» деп отырғаны «Балқаш», «Саяты» – Саяқ кен орны. Кейіпкерлер арасындағы тартыс осы өндірістік проблемарды шешуге байланысты. «Бар» деушілер, яки, жаңашылдар – жағымды, «жоқ» деушілер – кертартпа кейіпкерлер. Бұндай сипаттағы қақтығыстар өндірістік романдардың кейіпкерлеріне тән типтік тартыс деуге де болады. Бірақ біртіндеп келіп сол тартыстың астарында адамгершілік мәселелері көріне бастайды, сөйтіп адам факторы басты проблемаға айналады.

Дәурен өмірі тағылымға толы, ол – тағдыры қиын тұлға. Жау бомбасынан денесінде сау жері қалмай, жарақаттанып, Иркутск госпиталында екі жыл сарыжамбас боп қиын жағдайда жатады. Жазылып енді шыға бергенде елден қайғылы хабар жетеді. Сүйікті жары Күнсары бала жайынан қайтыс болған екен. Артынан ерген жалғыз інісі Хасен болса, соғыс мүгедегі. Бірақ мұндай ауыртпашылыққа Дәурен мойымайды. Кейіпкер характері шым-шымдап ашылып, ақыры Дәурен ел азаматына айналады.

Өндіріс мәселесіне қатысты таластың бірте-бірте моральдық сипат алуы роман тартысындағы ерекшелік. Кен орындарын ашу жолындағы өндірістік мәселе біртіндеп адамның адамдығын сақтап қалу күресіне ұласады. Күрестің бір жағында – Дәурен болса, екінші жағында – шәкірті Нүрке мен Еламан.

Еламанның азғыруымен Нүрке Жарқын кенін жалғыз өзі ашқан боп көрініп, кітабынан Дәурен есімін алып тастайды. Бар табысты өз атына икемдеп, атақ-даңққа ие болады. Кешірімді Дәурен бұл жөнінде жақ ашпайды. Тек Нүркенің жаңа еңбегімен танысқанда кейбір ұшқары ойларын өзгертуге кеңес берген. Саят мәселесіндегі айтыста да Шәкірті Нүрке Дәуреннің өзіне қарсы шығады. Бұған да Дәурен кеуде көрсетпейді, ұсынысының дұрыстығына нақтылы дәлелмен көз жеткізуге ұмтылады.

Бірақ мастануға еті үйреніп кеткен Нүрке бұл кезде басқа көзқарастағы адам, Дәуреннің ендігі уағызына құлақ аспақ тұрғай, ақыр соңында Дәуреннің өзін Саяттан аластамақ болады. Сөйтіп жаңа идеясын қолдамақ тұрсын, ұстазын ғайбаттаудан тартынбайды. Өндірістік мәселені бас араздық құралына айналдырған ол Дәуренге көрінеу жала жаба бастайды. Бұл –тартыстың нағыз кульминациясы. Шәкіртінен мұндай қаралықты күтпеген Дәурен ақыр соңында жүрегі қиянатты көтере алмай, жүрегі жарылып, көз жұмады.

Бас кейіпкер Дәурен – трагедиялық образ. Бірақ өзі өлсе де, ісі өлмейтін азамат ретінде оның бейнесі биік. Романда жүрегі пәк адамдарға осылайша басым көңіл бөлген. Шығармадағы қызу, драмалық тартыс күшеймесе, бәсеңсімейді.

Жазушы жас ұрпаққа үлкен үміт артады. Кіршіксіз таза жүректі жастардың адалдықты тілеуі – романның идеялық пафосы. Сонымен бірге «Айқас» романның кемшілігі де бар. Ол – трагедияның себеп-салдарын терең айтпай, бар кеселді қиянатшыл жандардың жымысқы харакетінен ғана іздеуінен деуге болады.

І.Есенберлиннің «Ғашықтар» романы 1967 жылы шықты. Бұл шығармада автор қоғамның ендігі тағдыры адамның рухани өсуіне тікелей байланысты екеніне бар көркемдік қуатымен көз жеткізуге тырысты. Романның бас кейіпкері Жантас – мүсінші. Роман мәнеріне тартымды реңк беріп тұрған лирикалық күй жас адамның көкірегіндегі қаяуы жоқ, жырға бергісіз сырлары.

Жантас оқып жүргенінде талай натурщицаның, сымбатты қыз бен жас әйелдің жалаңаш денесінің мүсінін құйған. Бірақ дәл осы Ұлбосын арудың мүсініндей сұлулықты көрмепті. Осы арада эстетикалық ләззат алдыңғы планға шығады. Шығармашылық адамына ұшқыр қанат байлайтын күш- сұлулыққа іңкәрлік идеясы.

Қолы шипалы хирург Шерубай бейнесі де романның табысы. Оның сезімі өтпелі, құбылмалы емес, тұрақты. Әйелі мен баласын қия алмай, кезінде үйлене алмаған жасамыс хирург бейнесі аянышты.

Романының кемшілігі – оның аяқталмағандай әсер етуі.

«Махаббат мейрамы» (1984), «Аққу құстар қуанышы» (1983) романдарын Ілияс Есенберлиннің өнер қайраткерлерінің образын жасау жолындағы келесі ізденістері еді. Дарын мен дарынсыздар арасында өрістеген тартыстар осы романдарда бірсыпыра моральдық, адамгершілік мәселелерін қоса көтереді.

«Махаббат мейрамының» бас кейіпкері Еркебұланда күрделі тағдыр иесі. Ақ жүрек азаматтың көзқарасы мектеп жасынан бірге өсіп келе жатқан досы әрі қызметтес әріптесі Қайназарға қарама-қарсы. Роман оқиғаларының дамуына әсер ететін фактор – арамдық пен адалдық текетіресі.

«Алтын құс» романы Кеңес дәуіріндегі еңбек пен махаббат жайында. Бас кейіпкері ересек интеллигент Социалистік Еңбек Ері Сабыр мен Ақбаян дейтін жеңіл жүрісті әйел арасындағы махаббат хикаялары.

“Аққу құстар қуанышы” творчестволық жұмыспен айналысатын адамдар жайында сыр шертеді. Бас кейіпкердің бірі – қазақ музыкасынан гөрі шетелдік поп-музыканы пір тұтқан эстрада жұлдызы Алмагүл. Оқырманды эстрада жұлдызы Алмагүлдің басынан кешкен оқиғалары ойландырады. Қазақ әнінің дүние жүзінде еш халықтың әніне ұқсамайтын даралығы, оны жұрттың дұрыс бағалай алмауы шығармаға тың бедер қосқан.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында өмірге келген тарихи романдардың арасында І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының өз кезеңінде ерекше құбылыс болып саналды.

Алғашқы кітаптың мазмұны он бесінші-он алтыншы, екінші кітаптікі он жеті-он сегізінші ғасырлардағы, ал үшіншісінің мазмұны он тоғызыншы ғасырдағы қазақ даласында тарихи тұрғыдан елеулі орын алған оқиғалардың соқталы дегендері жайында әңгімелеуге құрылған. Алғашқы кітап «Алмас қылышта» қазақ халқының халық ретінде ұйысуға қам жасап, бір замандарда Шыңғыс хан құрыған алып империяның сілемдері Ақ орда, Көк орда сияқты құрылымдардан тәуелсіздік алуға ұмтылуы, сөйтіп өз алдына ел болу жолындағы тағдыры сөз болады. Үш кітапта аттары аталатын тарихи адамдардың саны қыруар және олардың басым бөлігінің көркем туындыда көрінуге тиісті қырлары, яғни, мінез-құлқы, ой дүниесі, дүние танымы, сыртқы-ішкі портреттері, психологиялық ерекшеліктері бірсыдырғы жақсы ашылған.

Осы арада жазушының зерттеушілік, ғалымдық жұмыстарының өзі қыруар болғанын да ескерусіз қалдырмаған жөн.

Аталған трилогияның тарихи-көркемдік, композициялық тұрғыдан алып қарағандағы басқа шығармалардан алабөтен ерекшеленіп тұратын бірегейлігі – оның уақыт кеңістігінде бір-бірінен шалғай жатқан кезеңдер мен кейіпкерлерді алып, көркемдіктің бір алтын арқауының бойына шоғырландыра алуында. Уақыт кеңістігін осынша кең соза отырып (XIV-XIX ғасырлар), ортақ көркемдік идеяның тінінен ажырамау, бірінші кітаптағы ойдың түпқазығын соңғы кітапта да босаңсытпай алып шығу шеберлік нышандары екендігі сөзсіз. «Көшпенділердің» қызыға оқылуының тағы бір себебі – жазушының тарих қатпарларында көнеріп қалған түрлі оқиғаларды жалғанның жарығына шығара отырып, көркемдік ой жүйесін түзе білгендігінде. Ауқымды шығарманың өнбойында негізінен сөз болатын жайлар – қазақ халқының талайлы ауыр тағдыры, ұлт болып ұйысу жолындағы бастан өткізген түрлі аласапырандары, ынтымақтасу, бірігу барысындағы бастан асып жатқан қиыншылықтар, сырттан, іштен төнген қилы қауіптер, билік басындағы хандар мен олардың айналасындағылардың ірілі-уақты интригалары, жекелеген тұлғалардың басынан өткен оқиғалар.

Трилогияның бірінші кітабындағы Жәнібек, Керей, Қасым және Әбілқайыр хандардың бейнелері арқылы билік құрушы топ өкілдерінің қоғам мен саясат хақындағы өзі түсініктері, тұжырымды ой-пікірлері авторлық позициямен жарысып, үнемі дерлік алдыңғы планға атойлап шығып отырады. Оның нақты көрінісі Әбілқайыр ханның іс-әрекеттері арқылы көрінеді. Ал екінші кітапта айтылатын қазақ даласының Әбілқайыр аттас тағы бір ханы да елді айлакерлік саясатымен билеу жағынан өз адасынан сорлы емес. Ол да өз тағынан айырылып қалмай, қолындағы билігін одан әрман күшейту үшін неше түрлі айла-шарғыға барады, орда айналасындағы түрлі шиеленістер молая түседі.

Тарих алдында үлкен жауапкершілік арқалаған осындай қиын сәтте қазақ жұртының өз алдына ел болып ұйысуы, жан-жақтан анталаған түрлі тығырықтардан қалайда шығып кетуге тырысуы, осындай тәуелсіздік жолындағы күтпеген қиындықтардың орын алуы, соған қарамастан, қазақтың өз алдына етек-жеңін жинап, ынтымақтастығын күшейту жолындағы күресті бір сәт тоқтатпауы трилогияның екінші кітабында жан-жақты баяндалған.

Жалпы І.Есенберлин осы трилогияда көркем ойды жеткізудің негізгі тәсілі ретінде баяндау үрдісін көбірек қолданады, тарихи мәні үлкен бір оқиғадан екінші оқиғаға жету үшін тәптіштеп суреттеп тұрып алмай, айтар ойды баяндау арқылы жеткізуді қолайлы санайды.

Ал хронологиялық тұрғыдан үшінші кітап болып есептелетін «Қаһар» романының көркемдік-эстетикалық деңгейі алдыңғы екі кітап қарағанда едәуір жоғары. Мұнда нағыз көркем шығармаға тән белгілердің молырақ көрінуі, сомдалған кейіпкерлер қырларының айқындығы, бояуларының қанықтығы, баяндаулардан гөрі нақты адамдар арасындағы түрлі бағыттағы тартыстардың шиеленісе өрбуі, жанды оқиғалардың молдығы және тілдік қолданыстағы жатық, ұнасымды сөйлемдер және т.б. көркемдік компоненттер эстетикалық талапқа толығымен жауап бере аларлық деңгейде.

Романдарға классикалық тұрғыдан анықтама беру деңгейінен алып қарағанда, «Алмас қылыш» та, «Жанталас» та роман-хроника деген анықтамаға сай келер еді.

Өздерінің күші әлденеше басым жауға тайынбай қарсы шабуылға шығу, кейде жеңіліп қалса да, ұрысты көбінесе жеңіспен аяқтап отыруы, жердің шалғайлығы мен соғысқа қажетті жабдықтардың үнемі көңілден шыға бермеуі жергілікті сарбаздарды ешқандай да жасытпайды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, кір жуып, кіндік қандары тамған туған жерлерін қорғау жолындағы кескілескен ауыр ұрыстардағы қазақтардың қаһармандық портреті жасалады. Осынау баталдық көріністерде жазушының артық-кем соғып жатқан жерлері бар шығар, бірақ ең бастысы халықтың патриоттық, қаһармандық рухының бейнеленуі айқын.

Жазушы мұндай тарихи концепцияны көлденең тарту арқылы қазақ халқының Ресейге өз еркімен қосылуын тарихи қисындылық тұрғысынан негіздеп көрсеткен. Бұндай шешуші қадамды іске асырудың қилы қиыншылықтары болғанын жазушы шым-шымдап отырып, жасырмай жеткізеді. Абылай хан, Бұқар жырау, Әбілқайыр хан сияқты атақты тарихи тұлғалармен бірге халық арасынан шыққан Қияқ, Тұяқ сияқты батырлардың іс-әрекеттері кітапта біршама әсерлі бейнеленген деуге болады.

Үшінші кітапта әңгіме болатын орыс отаршылдығына қарсы Кенесары бастаған көтеріліс біршама нақты суреттелгенімен, авторлық позиция бұндай тарихи құбылыстың дұрыс емес екендігін дәлелдеу бағытында. Дегенімен, соның өзінде автордың туған халқын құлай сүйген патриоттық сезімінен, халқымен бірге азаттықты аңсаған көңіл күйінен хабардар беретін емеуірін кітаптың әр тұсынан-ақ аңғарылып отырады. Сондықтан да І.Есенберлиннің осы тақырыпқа именбей келуінің өзі-ақ үлкен шығармашылық ерлік деп бағалауға лайық.

Махаббат сазын және бір қырынан шертетін “Алтын құс” романы /1972/ жүрегі талмаурап ауырып, о дүние мен бұ дүниенің арасында жатқан адамның шытырман оқиғалы өмірін көз алдынан тізбектеп өткізеді. Негізгі сюжет – бас кейіпкер Социалистік Еңбек Ері отыз жылдай шахтада еңбек еткен Сабырдың басынан өткізген хикаясы төңірегінде. «Алтын құс» романының кемшілігі композициясының шашыраңқылығында. “Көлеңкеңмен қорғай жүр” /1974/, кейін аты өзгертілген “Аманат” /1978/, “Маңғыстау майданы” /1979/ романдарының негізгі кейіпкерлері өндірісте істейтін мамандар мен зиялы қауым өкілдері.

Жазушының назар аударатын кесек туындыларының бірі – “Алтын Орда” трилогиясы. Бірінші кітабы 1982, екі кітабы қосылып 1983 жарыққа шыққан. Өзінің көркемдік кредосы болып табылатын ұлт азаттығы, тәуелсіздігі сияқты көлемді тарихи-саяси мәселелер бұл романдардың да орталық идеялық желісі.

Бұл трилогияның бірінші кітабында Алтын Орданың дағдарысты кезеңдері баяндалса, екінші кітапта Ақ Орда, Алтын Орда төңірегіндегі оқиғалар әңгіме болады. Трилогияда тарихи концепция басым.

Монғол билеушілері қазақ руларын ұлыстарға бөледі де, соның негізінде Дәшті Қыпшақта қазақ елі деген жаңа ұғым қалыптасады. Ақ Орда мен Алтын Орданың қуатты мемлекетке айналуында экономикалық фактордың рөлін көрсетуге көңіл бөлінген. Екінші кітаптағы хандар да Шыңғыс хан салған жолды басшылыққа алады. Романдағы сегіз ханның бірі де Алланың ақ өлімімен өлмейді. Бәрі де өздерінң қандастарының қолынан ажал табады.

Жаңа трилогияның жанры да – роман-хроника. “Алтын Орданың” бірінші кітабының /1982/ кейіпкері Бату хан, екінші, үшінші кітаптағы басқа да билеушілер жер жүзін жаулап алу үшін талай елді шарлап, басып алады. Осы арада атақты Ақсақ Темірдің зұлымдығы да, Ардақ, Асығат сияқты қарапайым халық өкілдерінің парасаттылығы да көрініп қалады.

Трилогияның үшінші кітабы Алтын Орда билік еткен өңірдегі қазақ жерінде өткен басты-басты оқиғаларды баяндайды.

Трилогияда Тоқтамыстың Алтын Орда тағына отыруы, Қырымның Алтын Ордадан бөлініп жеке хандық құруы, оның тағына Абдолла ханның келуі, Мамайға тиюі, Куликов шайқасы, Тоқтамыстың Руське аттанысы, Мәскеу қаласын өртеуі, Тоқтамыс пен Ақсақ Темір әскерлерінің айқасы, ақыры Едіге қолынан қаза табуы, Едігенің жорықтары, Мәскеуді қоршауы, ақыры Ұлытауда өлтірілуі сияқты оқиағалар бірінен кейін бір әңгімеленіп отырады.

І.Есенберлин – артына мол мұра қалдырған үлкен жазушы.

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 4799. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Обзор компонентов Multisim Компоненты – это основа любой схемы, это все элементы, из которых она состоит. Multisim оперирует с двумя категориями...

Композиция из абстрактных геометрических фигур Данная композиция состоит из линий, штриховки, абстрактных геометрических форм...

Важнейшие способы обработки и анализа рядов динамики Не во всех случаях эмпирические данные рядов динамики позволяют определить тенденцию изменения явления во времени...

ТЕОРЕТИЧЕСКАЯ МЕХАНИКА Статика является частью теоретической механики, изучающей условия, при ко­торых тело находится под действием заданной системы сил...

Особенности массовой коммуникации Развитие средств связи и информации привело к возникновению явления массовой коммуникации...

Тема: Изучение приспособленности организмов к среде обитания Цель:выяснить механизм образования приспособлений к среде обитания и их относительный характер, сделать вывод о том, что приспособленность – результат действия естественного отбора...

Тема: Изучение фенотипов местных сортов растений Цель: расширить знания о задачах современной селекции. Оборудование:пакетики семян различных сортов томатов...

РЕВМАТИЧЕСКИЕ БОЛЕЗНИ Ревматические болезни(или диффузные болезни соединительно ткани(ДБСТ))— это группа заболеваний, характеризующихся первичным системным поражением соединительной ткани в связи с нарушением иммунного гомеостаза...

Решение Постоянные издержки (FC) не зависят от изменения объёма производства, существуют постоянно...

ТРАНСПОРТНАЯ ИММОБИЛИЗАЦИЯ   Под транспортной иммобилизацией понимают мероприятия, направленные на обеспечение покоя в поврежденном участке тела и близлежащих к нему суставах на период перевозки пострадавшего в лечебное учреждение...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.008 сек.) русская версия | украинская версия