Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Асым Қайсенов




(1918-2007)

Қазақстанның Халық Қаһарманы прозашы, майдангер жазушы – Қасым Қайсенов 1918 жылы 23-сәуірде қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Асубұлақ ауылында туған. 1938 жылы Өскеменнің саяси-ағарту техникумын бітірген соң, 1939-1940 жылдары Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспектор болып қызмет істейді. 1940 жылы әскери диверсиялық-барлау мектебінде әр алуан жаттығулармен шыңдалған ол Ұлы Отан соғысы жылдарында жау тылында партизандық қозғалыстарды ұйымдастыруға белсене араласты. Майдандағы көрсеткен ерлігі үшін ол 3-дәрежелі Б.Хмельницкий, 2 рет 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен, «Чехословакия партизаны» орденімен, есімі жазылған қарумен марапатталды. атанды.

1945-1953 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президумында, Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандық кеңестерінің атқару комитеттерінде жауапты қызметтер атқарды. 1953-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында, «Жазушы», «Қайнар» баспаларында редактор, директордың орынбасары көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры қызметтерін атқарды.

Соғыс тақырыбын өзек еткен естелік, мемуарлық шығармаларды өндіре жазғандардың бірі – Қасым Қайсенов. Майдангер жазушы өзі басқарған отрядтағы қаруластарының көрсеткен ерлік істерін көркем шығармаларына арқау ету арқылы қазақ әдебиетін соғыс тақырыбымен байытты. Оның «Жас партизандар» (1954), «Илько Витряк» (1955), «Перяслав партизандары» (1956), «Ажал аузынан» (1959), «Жау тылындағы бала» (1960), «Днепрде» (1960), «Жау тылында» (1977), «Партизан соқпақтары» (1978) атты кітаптарынан өзімізге таныс партизан жазушының толық бейнесін көруге негіз бар.

Ержүрек партизанның әңгімелеріне оның ес білген кезінен бергі қызықты да тартымды сан алуан оқиғалар арқау болған. Оның «балдай тәтті балалық шағына» саяхат жасасақ, болашақ партизанның бала күнінен-ақ байқалатын қайсарлығын, бірбеткейлігін, батылдығы мен өжеттігін жазбай танимыз. Сол әңгімелердің бәріне тән ортақ қасиет – қазақ халқының ұлттығын көрсете білетіндігінде.

Қазақ халқы өз баласын тіл-көзден сақтау үшін неше түрлі ат қоюға шебер. Шағын әңгімеден осындай ұлттық ерекшеліктер айқын аңғарылады. Оны болашақ жазушының азан шақырып қойған атын атамай, «Қара» деп атаудан көруге болады. Өзімізге таныс, бейтаныс қара баланың күнделікті тұрмыс та мән бере бермейтін әрбір жайттарын жазушы штрих, детальдармен әдемі бейнелеген. Бұл әңгімелердің күнделікті өмір тіршілігінен алынған мейлінше шынайы. Бұл жанр жазушыдан аз сурет арқылы көп жайды аңғартуды талап етсе, жазушы әңгімелері осы талапқа сай көркемдік шеберлікпен жазылған. «Қыраулы қыс» әңгімесінде үйде жалғыз қалған баланың есіне «қызыл көз» деген пәле түсіп, одан қорғанудың қамына кіріскенін көреміз. «… Алдыңғы үйде «Қызыл көз» жүрген сияқты. Енді қорғаныс жасауға кірістім. Үйде аласа дөңгелек стол бар еді. Соны сүйретіп, төргі бөлменің бұрышына алып келдім. Столдың аяқтарын сырт қаратып бұрышқа сүйеп қойдым да, асықтарымды жинап алып әлгінің артына кіріп отырдым. «Қызыл көз» ауыз үйден мен отырған төргі бөлмеге кірген сияқты. «Қызыл көзді» де, ешкімді де көрмеймін деп, көзімді тас жұмып, бетімді алақаныммен басып, ұзақ отырдым». Міне, осы үзіндіден-ақ біз жазушының психологиялық талдауға барғанын аңғарамыз. Ол бала бойындағы алай-дүлей қорқынышты сол шынайы сезімін жеткізе білген. Қыстың көзі қырауда бойын қорқыныш билеген бала алды-артына қарауға шамасы келмей, жалаң аяқ, жалаң бас зыта жөнеледі. Оның мұндай ісіне бірде езу тартып күлсең, енді бірде оның жалаңаш денесін көріп сол суықтан денең тітіркенеді.

«Мәтіш шешей» әңгімесіндегі Мәтіш апасы жете алмайтынына көзі жеткен соң, пимасын сілтеп қалғанда, етпетінен түседі. Асықтарынан айрылып қалғанына ызаланып, пимасын тоғандағы суға лақтырып жіберетін қара баланың бойынан қайсарлықты, бірбеткейлікті аңғару оңай. Осы өжет кейіпкеріміздің «Тәтті іздеп» жүрмін әңгімесінде балаларға атаман болып жүріп (Никонарға) ұсталып қалған кезде ебіл-дебіл болып, кешірім сұрап жалынғанын көргенде, оның қылығына іштей риза болып, еріксіз езу тартасың. Күлетініміз – балалардың аңғал, аңқаулығы болса, бәрін жасырмай әкесіне айтып келген турашылдығына, өтірік айта алмайтындығына көңілің толады. «Көк ат көпірден құлады» әңгімесіндегі қара баланың әлсіз көпірді сабанмен кеңейтіп, оның үстіне қар төгіп, аттың тұяғының ізін қолмен салып, Рақымбай нағашысын алдап, атымен қоса құлатқанын көргенде, оның аңқау, аңғал нағашысын алдаған қулығына тәнті боласың. Бұл да нағашы мен жиен арасындағы қалжыңның – көркем шығармадағы кезекті бір көрінісі. Әсіресе, «Көш» әңгімесіндегі бүкіл ауылға «тентек» атанған оны әкесі: «– Әй, Қара, әне, Иіс келе жатыр», – деп қорқытатынын жазушы: «Бүкіл ауылдың балалары «Иіс келе жатыр» десе, жылағанын қоя қоятын. Онан жылқы екеш жылқы да қорқатын. Оның дауысын естісе, қорада жайына шөп жеп тұрған аттар біріне-бірі тығылатын», – деп суреттейді.

Жазушының осы әңгімелерінен қазақ тіліне басқа тілден келген сөздерді жазуы да қызықты. Оның «Тәтті іздеп жүрміндегі» Николайды – Никонар, «Қаңылтыр құпиясындағы» консервіні – кәнсәрп, «Велосипедтегі» велосипедті – белесепед деп қазақ тілінің дыбыс үндестігіне салып жазады.

Аталған әңгімелердегі бүкіл ауылға «тентек» атанып, өзінің өжеттігімен, қайсарлығымен, бірбеткейлігімен танылған Қара балаға Ұлы Отан соғысы жылдарында Вася деген атпен қайта жолығамыз. Оның шығармаларының негізі осы жау тылындағы партизандар өмірін көрсетеді. «Переяслав партизандарының» басты кейіпкері Вася небір азапты, қорқынышты сәттерде де Отан, халық, ел мүддесін жоғары қойып, халықтың адал азаматы екенін көрсете білді. Мұндағы партизандардың ерлігі, олардың тапқырлығы нақты іс-әрекет үстінде көрінген шынайылығымен, тартымдылығымен бағалы.

Жазушының өзімен бірге жорық жолында болған партизан жолдастарының ерлігін арқау ететін әңгімелерінің сюжеттері қызғылықты. «Ажал аузынан» немістердің тұтқынынан қашып құтылған Т.Алесенконың тапқырлығын, «Үйдегі оқиға» шал үйінде жасырынып жатып, фашистердің үй иелерін қорлағанына төзбеген екі партизанның олардың өзін тұтқынға алады.

«Жау тылындағы балада» да негізгі оқиға өзімізге таныс кейіпкердің төңірегінде өрбіп отырады. Жазушының бұл жинағынан да кешегі жау тылындағы партизандық хикаяттар, өмір мен өлім айқасын көруге болады. «Сәтсіздік» әңгімесіндегі жолдастарынан айрылып, орман ішінде қалған жалғыз партизанның аянышты хал-күйі оқырманға қатты әсер етеді. Оның неше күн аш жүріп, небір ауыр сәттерде де Отанды өз мүддесінен жоғары қойғандығын аңғару оңай. Партизан өмірінің әр күні, әр сағаты, тіпті әр минуты үлкен міндетті атқару жолында өз басын құрбандыққа шалуға әзір екендігін жазушы дәлелді түрде жеткізген. Өмір мен өлім қатар тұрған сәттерде олар неге болса да әзір. Бірде батылдық, бірде қулық, бірде тапқырлық танытып жүрген партизандардың жаны үшін емес, ел үшін бел шешкен ержүрек батылдықтары таңдай қақтырарлық.

«Жеңіс жолында» әңгімесіндегі бас кейіпкеріміз селода «соғыс тұтқыны» болып жүріп, талай тапсырмаларды орындаса, оны комендант шақырғанда, жалаң аяқ, жалаң бас есуас болып келуі күлкілі. Кейін сол есуас, жынды Македон селосының коменданты, тілмаш әйел, 12 полицайды тұтқынға алғанда, олар өздерін жер соқтырып кеткендігін бір-ақ біледі. Олардың: «Бұл жарымес емес, біз жарымес екенбіз» дегендей, бір-біріне қарауынан партизандардың тапқырлығын көреміз.

Майдангер жазушылардың шығармаларына тән ерекшелік – олардың мемуарлығында болса, Қасым шығармаларынан да осыны байқауға болады. Көбіне жазушының партизандар өмірінен жазылған шығармаларын сөз етеміз де, оның «Бақытты балалық шағы» жөніндегі әңгіме-очерктері тасада қалып қойып жатады. Ал, сол кезден хабар беретін бірсыпыра әңгімелер жазушының шығармашылығын толықтыра түсері даусыз. Қасым Қайсенов – партизандар өмірін қазақ әдебиетінде тұңғыш жазған жазушы. Бұл шығармалардың құндылығы олардың шынайылығында. Бүгінгі жас ұрпақты Отан сүйгіштікке тәрбиелеуде аталған туындылардың атқарар қызметі ересен зор. Сондықтан да оның туындылары орыс, украин, қырғыз тілдеріне аударылды. Жазушының жоғарыда аталған мемуарлық шығармалары оның өмірінің негізгі белестерін (кезеңдерін) көрсетеді. Бұл туындылардан кешегі сұрапыл соғыста біздің ержүрек батырларымыз елді жаудан қалай қорғанына қаныға түсеміз.

Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер жазушылардың ішінде Қасым Қайсеновтың қазақ әдебиетінде өз орны бар.

 


Поможем в написании учебной работы
Поможем с курсовой, контрольной, дипломной, рефератом, отчетом по практике, научно-исследовательской и любой другой работой





Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 1122. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2022 год . (0.022 сек.) русская версия | украинская версия
Поможем в написании
> Курсовые, контрольные, дипломные и другие работы со скидкой до 25%
3 569 лучших специалисов, готовы оказать помощь 24/7