Жұбан Молдағалиев
(1920-1988) Жұбан Молдағалиев 1920 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы, Жыланды ауылында туған. Әкесі жастай қайтыс болған ол ана тәрбиесінде өсіп, өз ауылында орталау білім алады. Кейін Оралдың ауыл шаруашылығы техникумында оқиды. Болашақ ақынның әдебиетке әуестенуі мен өлең жазуға ұмтылған алғашқы талабы да Оралда басталады. Ол әдебиет үйірмелерінің жұмысына белсенді қатысады. 1939 жылы «Комсомол ұрпағы» атты облыстық жастар газетінде «Ленин тірі» деген тұңғыш өлеңі жарық көреді. 1940 жылы Жұбан міндетті әскери қызметке шақырылады да, сонда жүріп Ұлы Отан соғысын қарсы алады. Оның жас қаламы жауға қарсы ұрыстың ауыртпалық сезімін бастан кеше отырып, қаз тұра бастайды. Ақын «Отан үшін», «Майдан үшін», «Майдан ақиқаты», «Жеңіс туы» атты майдан газеттерінде қызмет істеп, өлеңдерін жариялайды. Армия қатарынан қайтқаннан кейін Жұбан «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Жұлдыз» журналының редакцияларында, Қазақстан Жазушылар одағында басшылық қызметтер атқарады. 1949 жылы «Жеңіс жырлары» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көреді. Одан бергі кезеңдерде ақын «Қызыл галстук» (1949), «Нұрлы жол» (1951), «Жыр туралы жыр» (1957), «Заман тынысы» (1960), «Жесір тағдыры» (1962), «Ғашық көзбен» (1964), «Мен – қазақпын» (1965), «Қыран дала» (1970), «Байқоңыр баспалдақтары» (1979), т.б. атты жыр жинақтарын бастырады. Жұбанның алғашқы жырлары соғыс жағдайында жазылғандықтан, негізінен, ерлікті Отансүйгіштікті, жеңіске деген сенімді жырлауға құрылады. Бірақ жас ақын жалаң ұраншылдыққа, науқаншылдыққа бой алдырмай, жауынгер солдаттың шынайы сезімін суреттеуге, шындықты сурет арқылы тануға ұмтылады. «Батыр туралы баллада», «Әлия», «Ер қабірі» сияқты балаң жырларының өзінде де ерлік пен сезімді қоршаған ортаның шындығымен астастыра суреттеу талабы байқалады.
Тұрды батпай әлденеге, Тауға сүйеп күн иегін. Қызыл қанға боялғандай, Қызғылт басты көк жиегін.
Осындағы тауға иегін сүйеп, батпай тұрған күн бейнесі мен соғыстың қызыл қанға боялған қырғынын батар күннің қызғылт нұрымен шендестіре суреттеу жас ақынның өмір танығыштығын көрсетеді. Оның өлеңдері елден алыс, ұрыс өтінде жүрген жас адамның жылы сезіміне толы келеді. Сарғайып жеткен хат сыры арқылы ақын оны әдемі жеткізеді. Соғыстан кейінгі жылдары ақын туған халқының жаңа өмірін жырға қоса отырып, халық тағдыры, тарихи дамудың заңдылықтары туралы толғаныстарға көбірек барды. «Өлкем жайлы ойласам», «Қанат туралы толғау» атты өлең-жырларында ол ел өміріндегі өзгерістерді ескі дәуір суреттерімен салыстыра отырып ашады. Сол арқылы ақын адам мен уақыттың, халық пен қоғамның арақатынасын, күресін бейнелейді. Ескіні өзгерткен, уақытты өз ырқына бағындырған, қоғамды жаңартқан адам еңбегін уақыт өлшемі ретінде алады. Асан боп туған қазақтың Асан қайғы боп өлетінін еске алып, бүгін Асан боп туып қазекең, жасайды Асан батыр боп» дейді. Сөйтіп, Асан қайғы мен Асан батырды ескі дәуір адамының нақты бейнесіне айналдырады. Жұбанның лириктік ізденістерінде ақын ойының байсалды тартып, өмір сабақтарының молайғаны, пікір байлығының артқаны байқалады. «Бәйге», «Егер сен от болсаң», «дарынсыз адам – даңққұмар» өлеңдерінде ақындық ойды жинақы жеткізген шеберлікпен қоса, тапқыр нақылдық та ұшырайды.
Егер сен от болсаң, лаулап жан, Бықсықта жылу жоқ, түтін көп. Күл-көбір, қоқсықтан аулақ жан, Жалының көрінсін бүтін боп. («Егер сен от болсаң») Жұбанның лирикалық жырлары адам сезімінің әр жағдайдағы көрінісін бейнелеуге құрылады. Ол адамды сүю, жар сүю, ана сүю, Отан сүю сезімдерін тоғыстыра, үлкен бір идеяға айналдырады. «Аққу», «Аққуым аспанда емес, жер бетінде», «Көзімде қалды суретің» сияқты өлеңдері бұған айғақ. Осы сүюлердің ар жағында өмірге құштарлық, өмірді сүйе білу жатады. «Махаббат ерлігі» атты өлеңде бірін-бірі сүйеп, демеп жүрген екі мүгедек музыканттар бойынан өмірдің өлмес күшін таниды. «Мен қазақ әйеліне қайран қалам» атты өлеңде тарихтың тәлкегіне көне жүріп, Аналық бейнесін сақтаған әйелді дүниенің бір салмағын көтеретін қара жермен ғана теңестіреді. Жұбанның лириктік таланты «Ғашық көзбен», «Айттым сәлем» сияқты жинақтарында ерекше шарықтап өсті. «Ғашық көзбен» кітабы үшін оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Жұбанның эпикалық талантының жаңа қыры «Жыр туралы жыр» поэмасынан басталады. Бұл – татар халқының батыр ұлы және ақыны Мұса Жәлелдің фашистер тұтқынында өткен өмірі мен ерлігі туралы поэма еді. Соғыс кезінде хабарсыз кеткен ақынның неміс лагерінде ерлікпен өлгені және патриоттық керемет туындылар қалдырғаны туралы дерек біздің елімізге елуінші жылдардың орта тұсында жеткен еді. Мұса өмірі негізінде Жұбан өткенге жаңаша қарап, адам бойындағы биік рухтың асқақтығын, адам өлгенмен, рухтың өлмейтінін асқақтата жырға қосты. Поэмадағы дәуір шындығының қайшылықты суреттері мен адам ерлігінің драматизмі, оны бейнелеудегі эпикалық кеңдік ақын – батырдың сезімтал сыршылдығына ұласып, лирико-драматикалық жанрлық үлгіге ауысады. Ең бастысы – Жұбан Мұса Жәлел жырының рухын оның өз басының азаматтық ерлігімен тұтастыра суреттеу биігіне көтеріледі. Осы эпикалық үлгі кейін «Жесір тағдыры» атты тартысты, сюжетті поэмада кең көрініс тапты. Мұнда ақын ХХ ғасырдың адам басына салған азабы мен қуанышын Айша атты қазақ әйелінің бейнесі арқылы ашты. Айша көрген өмір мен оның қайшылықты шындығы поэма сюжетін қою оқиғаларға негіздеп құруға мүмкіндік беріп, сол арқылы ақын дәуір мен онда өмір сүрген адамның арақатынасын дәл пайымдады. Өмірден ерте қағажу көріп жесір қалған Айшаның өмір үшін күресі мен тартысты тіршілігі поэмада шынайы бейне тапты. Жұбанның ақындық даңқын көтеріп, оның есімін әлемге мойындатқан шығармасы – «Мен қазақпын» поэмасы. Бұл туындысында ол лирико-публицистикалық стильде қазақ халқының өткен өмірі, тағдыры жайлы үлкен толғаныс жасады. Ол қазақтың ұлттық характерінің қалыптасу жолы – оның ерлік дәстүрі, рухының жоғарылығы, елі мен жері, байлығы, адамдары жайлы бейнелі, пафосты жыр төкті.
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген, Жөргегімде таныстым мұң тілімен. Жылағанда жүрегім – күн тұтылып, Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Поэма осылай басталады да, осы шумақ қазақ халқының өміріне қатысты тараулардың барлығында қайталанып отырады. Бұл – сол тараулардың бәріне ортақ идеялық түйін. Әр тараудың мазмұны осы ойдан өрбиді. Мұнда «мың өліп, мың тірілген» халықтың өлмес тарихы, жөргегінен мұңмен танысқан азапты жолы, жыласа «күн тұтылғандай, күлсе түн түрілгендей» шын сезімі көркем бейнеленеді. Поэма қаһарманы – қазақты осылай кейіптеу халық тарихының түрлі кезеңдерінде оның тұтас табиғатын таныту үшін әдейі қолданылады. Қазақ кейпін ақын әр күйде көреді. Бірде одан ажалсыз ананы таныса, бірде пәк сәбиді, бірде батыр жігітті, қаракөз сұлуды көреді. Беймезгіл заманда қараңғыға қамалып, ілгеріге жол таппай қиналған халық трагедиясын осы бейнелер арқылы ашады. Оның ұзақ жолын шола отырып, жазылмай қалған тарихтың іздерін көріп ойланады. Қазақ характерін таныта түсуде поэманың ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресті суреттейтін беттерінің едәуір маңызы бар. Ол хандық пен патшалыққа қарсы күресте Исатай найзасы боп жарқылдап, Махамбет боп тілінен жыр төгеді. Шоқан боп барып, патшаға мұңын шағады. Азаттық жолындағы күрестерге қатысады. Қазақтың рухани оянуы осы күрес арқылы ұлғайып, оның сана-сезімін жетілдіреді. Осы тұста ол Шоқан боп, Абай боп сөйлеп, халқының келешегіне ой жібереді. Халықтың азаттық жолындағы күрес суреттері – поэманың ең жарқын жазылған беттері. Осы тұстан қазақ характерінің жаңа сипаттары қалыптаса бастайды. Енді ол мың өліп, мың тірілген тарихын емес, мың бірінші рет тіріліп, енді өлмеске бел буғанын айтады.
Мен – қазақпын, белдімін, байтақ елмін, Қайта тудым, өмірге қайта келдім. Мен мың да тірілдім мәңгі өлмеске, Айта бергім келеді, айта бергім.
Ақын бұл тұста қазақ атынан өзгерген даланы, жаңа жасалған қаланы, Байқоңырдан космосқа ұшып жатқан кемелерді, ғылыми, мәдени өмірінің көріністерін (Күләш, Жамбыл, Сәкен, Қанышты еске ала) мақтан тұтады. Поэманың сюжеттік жинақылығы, образдық жүйесі мен ойлылығы, сезімталдығы, шұрайлы тілі Жұбанның үлкен ақындық табысына кіреді. Ол аз айтып, көп мағынаны аңғартуға, жарқын суреттер жасауға көтерілді. Тілінде шешендік, тапқырлық мол. Жұбанның заман мен адам жайындағы толғаныстары, негізінен, дәуірдің жасампаз сипаты мен адам еңбегіне риза көңілден туындайды. Сондықтан ол ақынша желпіне, лепті көңіл күйінің ырқына беріле жырлайды. Соған лайық образдар мен жарқын суреттер жасайды. Өмір шындығының әр саласын зерттей отырып, ақын өзінің осы етене тақырыбын кейін де тереңдете түсті. Мұны жетпісінші жылдары жазған «Қыран дала», «Сел», «Байқоңыр баспалдақтары» поэмаларынан көреміз. Одақ көлеміндегі үздік табыстары үшін Жұбанның алғашқы екі поэмасы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің құжаттарында бұл шығармалар «адам ерлігінің поэзиясы» деп аталған. «Қыран дала» – қанатты қазақ елінің бейнесі. Жұбан оны «Халықтарды қанатына мінгізіп бара жатқан» қыран бейнесінде таниды. Сол даланың кешегі, бүгінгі тарихын салыстырмалы суреттер арқылы елестетіп, ақын халық тарихының белгілі бір кезеңі шежіресін жасайды. Поэманың басты кейіпкері Тыңбай – бақытын осы далада тапқан еңбек адамы. Ал «Сел» поэмасында адам ерлігінің басқа бір қыры – табиғаттың дүлей күшімен күрескен адамдар еңбегі суреттеледі. Оның негізіне өмірде болған шын оқиға – 1973 жылы Алматыда Медеу шатқалында болған сел апаты оқиғасы алынған. Осы дүлей апатты бөгеп, тасқынға таумен бөгет тұрғызған адам күші – поэманың басты кейіпкері болып табылады. Салыстырмалы суреттер арқылы берілетін ескі Алматыдағы тасқын мен жаңа апаттың көріністері ақынның суреткерлік жолындағы ірі табысы деп санауға лайық. Үйдей тасты ырғытып, «сиқыршының шарындай қақпақыл қып келе жатқан» күштің қаһарын елестетеді. Осыны тоқтатқан адам күшін жырлайды. Табиғат селін адам еңбегінің селі, табиғат тасқынын адам күшінің тасқыны тоқтатады. Сол арқылы ақын бірі – қиратушы, бүлікші, екіншісі – оны тоқтатушы, жөндеуші, құрылысшы – екі күштің тартысын бейнелейді. «Байқоңыр баспалдақтары» да осы поэмалардың заңды жалғасы. Мұнда ақын еліміздегі ғылыми-техникалық прогрестің орнығуын, ондағы жаңа адамдардың еңбегін мадақтайды. Бұл поэмалар адам мен табиғатты, болмысты игеру проблемаларын нақты дәуірлік оқиғалар арқылы ашып көрсетуде ұлттық әдебиетімізде белгілі із қалдырды. Ол адамға, оның күшіне сендіреді, оның шексіздігін көрсетеді, дамудың мәңгілік сипатына жаңа сапалық белгілер қосады. Жұбанның эпикалық туындылары кең құлашты ақындық пафоспен, өмір шындығының терең суреттерімен, төкпе ақындық дәстүрімен туыстас. Ол халық өмірінің тарихи өзгерістер легінде суреттеп, тарихи ой-санадағы жаңалықтарды салыстыра бейнелеудегі, төкпе шабытты содан алды. Ақынды тынымсыз еңбек өсірді, жетілдірді. Еңбекшілдіктің, үздіксіз ізденістің арқасында биік ақындық мәдениетке көтерілді. Аз сөзге көп мағынаны сыйғызуға үйренді. Көркем сөздің қоғамдық мәнін көтерісіп, жаңа ұрпақты азаматтыққа, адамдық жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеуге мол үлес қосты.
|