Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Тәкен Әлімқұлов




(1918-1987)

 

Тәкен Әлімқұлов 1918 жылы 2-қыркүйекте қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында дүниеге келген. Ащысай кенінде жұмысшы жастардың кешкі мектебінен білім алған ол Шымкент қорғасын зауытындағы кеншілердің газетінде екі тілде хабар жазып, қаламын ұштайды. «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы болып көзге түскен журналист астанадан шығатын «Лениншіл жасқа» қызмет ауысады. Осында жүріп қаламын ұштаған ол 1949 жылы Мәскеудің М.Горький атындағы Әдебиет институтына оқуға түседі. Әдебиетке поэзиямен қадам басқан ол әдеби сынға белсене араласып, сындарлы сыншы ретінде танылады. Көркем аударма саласында елеулі еңбек еткен қаламгер проза жанрына да сүбелі үлес қосты.

Тәкен Әлімқұлов П.Павленконың «Бақытын», В.Поповтың «Құрыш пен қоқысын», Г.Николаеваның «Орақ үстіндесін», А.М.Горькийдің «Зеріктірген дүние» атты памфлетін қазақ тілінде сөйлетті. Сонымен бірге шығыс пен орыс классиктерінен Низами, Пушкин, Лермонтов, Маяковскийдің бірсыпыра өлеңдері мен поэмаларын қазақ тіліне тәржімалады.

Оның қаламынан туған «Сапар» (1950), «Жазғы жаңбырлар» (1962), «Бозжорға» (1969) атты жыр жинақтары мен «Ақбоз ат» (1962), «Сейтек сарыны» (1966), “Туған ауылда” (1968) “Күрең өзен” (1971), “Кертолғау” (1973), “Тұлпарлар тағдыры” (1975), “Шежірелі сахара” (1976), “Сырлы наз” (1977), “Көкек айы” (1982) атты прозалық туындылары, сондай-ақ «Жемісті жолда» (1958), «О прошлом и настоящем» атты әдеби-сын мақалалары мен «Жұмбақ жан» (1972) атты зерттеуі қазақ әдебиетіне қосылған мол үлес. Проза, поэзия жанрларын тең игерген қаламгер көркем аударма мен әдеби сынға да еркін араласты.

Қазақ әдебиетіндегі өнер, өнер адамдары туралы тақырыпты терең игеріп, көп жазған автордың бірі – Т.Әлімқұлов. Ол бұл тақырыптағы әңгімелерінде күй, музыка тілін сөйлетуде, кейіпкер жанына үңілуде жетістікке жетті. Сондықтан да бұл шығармалар оқырман назарын өзіне аударды. Әрбір кейіпкердің (өнер иелерінің) бейнесі оқырман жадында ұзақ сақталуының себебі де осында. Автор бұл тақырыпты негізінен өмірде болған тарихи тұлғалардың өмірі мен өнердегі орны арқылы көрсетуді мақсат тұтқан. Оның Тәттімбеті, Махамбеті, Ақаны, Сүгірі, Сейтегі, Әбікені, Ықыласы, Төлегені, Генералы – бірін-бірі қайталамайтын өз ерекшелігімен оқшауланған кейіпкерлер. Жазушы қай кезеңдегі оқиғаны әңгімесіне арқау етсе де, сол ортаның тарихи шындығын көркем бейнелеуде өзінің біліктілігін, тереңдігін, эстетикалық талғамының биіктігін көрсетіп отырады. Жазушының осы тақырыптағы әңгімелері сыншылар мен әдебиетшілердің назарынан түскен емес. Көптеген әңгімелерінің прототиптері болғандықтан, оларды тарихи тақырыптағы өнер жайлы туындылар деуге де болады. Оның әңгімелерінің құндылығы да оқиға мен кейіпкерлердің өмірден алынған шыншылдығында. Автор кез-келген тарихи шындықты көрген-білгендерімен сабақтастыруда шеберлік танытқан. Өмір шындығы мен тарихи тұлғалар бейнесін сомдауда автордың нақтылық, жинақылық, типтік принциптеріне сүйенгені айқын. Қобыз, сыбызғы, домбыра сынды ұлттық аспаптармен орындалатын күйлердің сол аспапта орындалу шеберлігіне аса ұқыптылық, биік талғам, терең зейінмен қарай білген. “Қара қобыз” әңгімесінде түрмедегі баласын іздеп келіп, ішке кіре алмай, әуре-сарсаңға түсіп тұрғанда баласының науқас екенін естіп, қатты күйзелген қобызшы іштегі шерін көз жасымен шығарады. Ықылас есін жиған соң бір үмітті Ерденнен күтіп оның қайтыс болған баласына көңіл айтуға бел буады. Есіктен кіре аңыраған қобыз теріс қарап жатқан Ерденді тұрғызып қана қойған жоқ, қара қобыз өзін бейне бір сиқырмен жұбатқанда Ықыласқа қосыла жылады. Бұл – бірі баласынан өлідей, екіншісі тірідей айырылған қос мұңлықтың шерін дөп басқан қобыздың құдіреті еді.

“Саржайлаудағы” Тәттімбеттің түн ұйқысын бөлген әсем күйінің тууынан өнер адамдарының табиғатына тән қасиет анық аңғарылады. Мұндағы жұбаныш пен өкініш, шаттық пен шеккен жапа бәр-бәріне ерекше көңіл бөлген жазушының “Беташарда шынтақты көбірек” пайдалану керек деген түйіні – өзінің де сол өнердің шебері екендігінің айғағы. Автордың бұл әңгімеде нақтылыққа, дәлдікке, жинақылыққа ден қойғандығының бір мысалы – сол уақытты нақты жылмен көрсетуінде. Бір “Саржайлаудың” құдіретін, табиғатын көрсету үшін “Көкейкесті”, “Қоңыр”, “Былқылдақ” күйлеріне тән ерекшеліктерді де нақты, дәл көрсету екінің бірінің еншісіне тие қоймас.

“Телқоңыр” әңгімесінен де осы күйдің туу тарихына қанығамыз. Бұл әңгімеде жылқы малының сезімталдығы түгел ашылса, “Телқоңырда” жылқы баласының сезімі, наласы, назы, мұңы, зары ертектегі “Бозінгенге” бергісіз екенін күйші шеберлігінен көреміз.

Ал, “Қос күйші” әңгімесіндегі Қаратау өңірінің күйшілері Төлеген Момбеков пен Генерал Асқаровтың жарыса тартқан күйінен М.Әуезовтің “Шаянға барсаң әншімін деме, Созаққа барсаң күйшімен деме” деген даналығы еске оралады. Бұл әңгімеде де автор “Шолаққорған”, “Қазақ – Созақ” туралы көне тарихтың қойнауына сүңгіп талай сырдан шер тартқан.

“Жиендік” әңгімесіндегі нағашысына қыдырып келген жиеннің одан ештеңе алмай, тек жаңа күй ғана алып қайтуы – өнердің өлмейтіндігі, мәңгілігі. Автордың айтпағы да осы. Ол қарт күйшінің өнеріне тәнті болған жас таланттан өнердің болашағын көргендей. “Күйтолғау”, “Көкейкесті” әңгімелерінен де осы идеяны көреміз. Автор “Шырмауық”, “Көкейкесті” әңгімелерінде Сәкен Сейфуллиннің бір қырын көрсетуге тырысқан. Бірінші әңгімеден Сәкенге тән қырағылықты, елдің қамын ойлаған үлкен жүректі оқыған азаматтығын танысақ, екінші әңгімеден Әбікен күйшінің домбырасынан төгілген күй құдіретіне тәнті болған нәзік сезімді жан екенін байқаймыз.

“Саржайлау” мен “Көк қаршыға” әңгімелерінің ұқсастығы бір тағдыр, бір тақырыптың суреттелуі. Бірінші әңгімеде күйдің туу шежіресі айтылса, екіншісінде “Көк жендет” әнінің туу тарихын көреміз. Осы екі кейіпкердің басындағы тағдырдан сол уақыттың шындығын көруге негіз бар. Өнер, өнер иелері жөніндегі жазушының бұл әңгімелері – шағын жанрдың талап-тілекке сай терең игерілгендігін көрсетер туындылар.

Өмірдегі мәңгілік тақырыптың бірі – әйел-ана болса, бұл тақырыпта Т.Әлімқұлов “Махаббат күйігі” (1976) атты әңгімесін жазды. Аталған әңгімеде автор екі түрлі махаббаты тілге тиек еткен. Оның бірі ферма меңгерушісі Қалшабектің әйелі мен есепші Қарсақтың арасындағы махаббат, екіншісі – ана махаббаты. Автор екі түрлі махаббаттың арасы жер мен көктей екендігін көрсете білген.

“Көкпар” әңгімесінде бәйгеге ат қосып, көкпар тартып, ат құлағында ойнаған қазақтың атқа, көкпар мен бәйгеге деген құштарлығына куә болсақ, «Қош бол, Абсент!» белгілі жүйрік, биші Абсенттің өмірінің соңындағы қайғылы сәтімен кездесеміз. Тоқырау жылдарындағы ауылдың трагедиялық хал-күйін көрсететін жазушының “Байырғы өңір” атты әңгімесінің қазақ әдебиетіндегі орны ерекше. Т.Әлімқұловтың “Текті қасқыры” – психологиялық талдауға құрылған әңгіме. Жазушы “Текті қасқырда” Бұғыбай бойындағы санасыздық әрекеттерге де психологиялық талдау жасаған. Әңгіменің құндылығы Бұғыбай мен қасқыр бойындағы күйзеліске терең үңіле білуде.

Жазушы шағын әңгімелеріндегі өнер, өнер қайраткерлері жөніндегі тақырыбын “Көк қаршыға”, “Сейтек сарыны” повестерінде жалғастыра түсті. “Көк қаршыға” повесінде өзімізге тарихтан белгілі Ақан сері өміріне қатысты оқиғаға қанығамыз. Жазушы қазақтың атақты ақыны, композиторы Ақан сері өмірінің соңғы сәттерін бейнелеу арқылы сол тұстағы өмір шындығын көрсетуді көздеген. Лирикалық шегініс арқылы ақынның өмір белестері толыға түседі. Жуандардың тізе батыруынан өмірден, қоршаған ортадан, адам баласынан жиренген Ақан өмірінің соңғы кезеңдерін елден жырақ өткізгені белгілі. Автор ақынның сол тұстағы жабырқау көңіліне үңілу арқылы философиялық түйін жасайды. Халық сыйлаған өнерпаз жанның өміріндегі қайғылы кезеңдерін көркем бейнелеу арқылы жазушы сол тұстағы үстем тап өкілдерінің көрсоқырлығын сынға алған. “Сейтек сарыны” повесіне де өмірде болған өнер қайраткерінің өмірі арқау болған. Сейтек те – күй өнерін жетік меңгерген өнер иесі. Оның да Сахалинде айдауда болуы – сол тұстағы өмір шындығының бір картинасы. Автор Сейтек өмірін өз заманымен бірлікте қарай отырып, сол тұстағы өмір шындығын нанымды бейнелей білген. Аталған повестерге ортақ қасиет екеуіне арқау болған оқиға желісі негізгі кейіпкердің лирикалық шегінісі, монологы арқылы ашылып отыруы. Бір қарағанда шиыршық атқан тартыс болмағанмен, автор оқырманын негізгі оқиғаға еліте біледі. Өнер иелерінің өнерге деген құштарлығы олардың шығармашылық шеберлігімен толығып отырады. Күй құдіретін терең меңгерген Сейтек пен ақындық, композиторлықты қатар игерген Ақан серілер – қазақ халқының дәстүрлі ұлттық өнерін атадан-балаға жеткізе білген үлкен өнер қайраткерлері. Жазушы тарихи кейіпкерлерді сол ортамен тұтас бірлікте ала отырып, бір дәуірдің жанды картинасын жасауға ұмтылған. Ақындық, композиторлық, күйшілік өнерлердің құдіретін терең меңгерген автор сол өнер иелерінің көркем бейнесін қазақ әдебиетіне алып келуде жетістікке жетті. Әрбір шығарманың шығу тарихын тәптіштеп отыру арқылы оқырманын қызықтыра білген ол шығарма желісін қызғылықты құра білген. Бірде аңыздың, енді бірде тарихи әңгімелердің негізгі оқиға желісімен әдемі үндесуі автордың шеберлігін ашуға қызмет етеді.

«Қараой» әңгімесіндегі Махамбет, «Ел мен жер» романындағы Сәкен бейнелеріне жазушының ерекше ықылас қоюының да өзіндік сыры бар. «Қараойда» Махамбетте жасалған соңғы қастандықтың бет пердесін көркем шындыққа айналдыра білді. “Шырмауық”, «Көкейтесті» әңгімелерінде Сәкеннің жекелеген қырларын көрсете білген жазушы кең тынысты романда Сәкенмен қайта кездесті. Жазушы Махамбет, Ақан сері, Сәкендердің көркем бейнелерін жасауда олардың өмірлерінің жарқын жақтарын емес, бірыңғай қайғы мен қасіретке толы шақтарын таңдаған. Осыған қарағанда автор өнер қайраткерлері мен тарихи тұлғалардың өмір-тарихындағы шындық арқылы сол тұстағы өмір шындығын, заман қасіретін көрсетуді мақсат еткен. Ол мақсатына жеткен де. Ұлтының азаттығын, бостандығын арман еткен арыстардың өмірі тәлкек болуы арқылы автор қазақ халқы тарихындағы ащы шындықты қазақ әдебиетіне алып келді.

«Көкпар», «Қош бол, Абсент!» әңгімелерінде қазақ халқының жеті қазынаның бірі деп санайтын жылқы малына деген құштарлығының бір қыры ашылса, «Ақбоз ат» романын жазушы жүйрік жануар Ақбоз атқа арнады. Негізгі оқиға желісін жүйрік жылқы төңірегіне жинақтай білген автор қазақ ауыз әдебиеті үлгілеріндегі батырлардың жан серігі болған жүйріктердің бейнесін қазақ әдебиетіне қайта алып келді. Негізгі оқиға жүйрік аттың төңірегінде болатындықтан, жазушы ауыл өмірінен жылқышылар тіршілігін таңдай білген. Жылқышылардың өмір-тіршілігі арқылы жүйрік аттың бейнесі сомдала түскен. Ақбоз аттың төңірегінде жүріп жатқан оқиғалар желісі сол тұстағы адамдардың өмір-тіршілігін, ниет-пиғылын, мақсат-мүддесін ашуға қызмет етеді. Жазушы Ақбоз ат арқылы жылқы малының жеті қазынаның бірі болып саналуындағы басты ерекше қасиеттерін ашуға тырысқан. Беркімбайдың іс-әрекеті кеңестік дәуір тұсындағы ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызға балта шабылып жатқан тұстағы оны сақтап қалу жолындағы жанталасты ашуға қызмет етеді. Оның Ақбоз үйірін сақтап қалу жолындағы әрекеті атадан-балаға мирас болып келе жатқан атбегілік, серілік сынды қасиеттерге деген құштарлығын ашуға қызмет етеді. Бәйгеге ат қоспаса, тұлпарға мініп көкпар тартпаса ішкен асы бойына дарымайтын әрбір қазақ шаңырағында Ақбоз сынды жүйріктің болуы үлкен арман болса, сол жүйріктің тұқымын сақтап қалу жолындағы Біркімбай әрекеті де ұлттық ерекшеліктерімізге деген үлкен құрмет.

Жазушы кейін жылқы малына ғана тән қасиеттерге бірсыпыра эсселері мен публицистикалық толғаныстарында көңіл аударғаны мәлім. Ол оқырманын Ақбоз атпен «Қара жаяу» повесінде және бір кезіктірді. Мұнда жүйрігін қызғыштай қорыған Біркімбай бай-құлақтарды конфискелеу кезінде Ақбозын үкімет адамынан алып қашамын деп оққа ұшқаны жөнінде баяндалады. Осылайша аты аңызға айналған жүйріктің өмірі де қайғылы халмен аяқталған. Тұлпарлар қатарын толықтыратын жазушы шығармасының бірі – «Күржік» повесі. Ыстық күнде бәйгеден өкпесі өшіп келген жүйрікті самал соғатын қуысы жоқ, төбесінен шаңқайған күн түсіп тұрған қораға қамап өлтіруі ат баптауды білмейтін Тілештің қара басының дақпыртын ғана ойлайтын көрсоқырлығын білдіреді. Атбегіліктен хабары жоқ Тілеш сынды даңғойлардың Торалаяқ тәрізді жүйріктің түбіне жетуі арқылы автор ат қадірін білмейтін жамандардың жүйрік арқылы өз атын шығаруды ғана көздейтіндігін әшкерелей білген. Осы тағдырды жазушы «Тұлпарлар тағдырына» да арқау ете білді. «Қаратау» повесінде 20-30 жылдар оқиғаларын тірілтті.

Тәкеннің әдеби сындағы еңбегін 1949 жылы М.Горький атындағы Әдебиет институтына оқуға түскеннен бастап сөз етуге болады. Ол 70-жылдарға дейін Мәскеуде КСРО Жазушылар Одағының аппаратында қызмет істегені белгілі. Бұл кезең Тәкеннің сын мен әдебиеттанудағы өнімді еңбек еткен жылдары екені даусыз. Себебі бұл тұста сыншыларға көп көңіл бөлініп, олардың сын мақалаларының жинағын шығару шаралары қолға алынған еді. Тәкен де екі тілде жазылған мақалаларын екі жинақ етіп көпшілік оқырманға ұсынды. «О прошлом и настоящем» деген жинағына оның орыс тілді мақалалары енсе, «Жемісті жолда», «Абай», «Жұмбақ жан», «Қ.Аманжолов» – әдеби сын мен зерттеу саласындағы еңбектерінің жиынтығы. Алғашында сын жазған қаламгердің танымдық шеберлігі, көркемдік-эстетикалық пайымы «Қ.Аманжолов», «Жұмбақ жан» атты үлкен зерттеулерімен ашыла түсті. Тәкеннің әдеби сын мен зерттеулерін ұштастыруда белгілі бір бағытты көздеген жүйелілік бар. Көркем шығармаға жоғары талап қоя білген талантты да талғампаз қаламгердің қаламынан туған дүниелердің бәрі дерлік сол жоғары талап деңгейінен көріне білді. Оның Қасым жөніндегі зерттеуі бірегейлігімен ерекшеленсе, «Жұмбақ жан» атты зерттеудің абайтануға қосылған құнды еңбек екендігі анық. Бұл зерттеу сыншының Абай мұрасы жөніндегі 60-70-жылдарда жазған үлкенді-кішілі мақалалардың нәтижесінде туғаны белгілі. Қазақтың ұлы ақыны Абай мұрасы жөнінде қанша зерттеулер жазылса да олар бірін-бірі қайталаған емес. Керісінше бірін-бірі толықтырып отырады. Осы саладағы Тәкен еңбегінің де қазақ әдебиеті тарихынан алар өз орны бар.

 

 


Поможем в написании учебной работы
Поможем с курсовой, контрольной, дипломной, рефератом, отчетом по практике, научно-исследовательской и любой другой работой





Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 3543. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2022 год . (0.03 сек.) русская версия | украинская версия
Поможем в написании
> Курсовые, контрольные, дипломные и другие работы со скидкой до 25%
3 569 лучших специалисов, готовы оказать помощь 24/7